«Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?..»
Ардагерлер үйінде етжеңді, орта бойлыдан жоғары, қараторы келген жасы 83-84-ттер шамасындағы қарияны көпшілік «Алғыс хатыңызбен» деп құттықтап жатыр екен. Хатта былай делінген: "Құрметті Наурызбаев Ермек! «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесі Сіздің қариялардың әлеуметтік жағдайын қорғаудағы жастарға терең білім, патриоттық және адамгершілік тәрбие берудегі зор еңбегіңіз үшін шынайы алғысын білдіреді. Сіздің белсенді өмірлік ұстанымыңызға, туған жерге деген сүйіспеншілігіңізге, егемен еліміздің дамуына қосып жүрген үлесіңізге ризамыз. Сізге және отбасыңызға мықты денсаулық, есендік, бақыт пен береке тілейміз. Орталық кеңестің төрағасы Б.Ізмұханбетов. Нұр-Сұлтан қаласы. 2020 жыл".
- ***
- Ә-әп, бәрекелді-ай дедім де, оның «Қарақұм» ауылдық округіндегі 139 мүшесі бар «Ардагерлер ұйымының» 2007 жылдан бергі төрағасы екенін сұрастырып біліп алған соң сұбхаттасуға ұйғардым.
- – Ермек Наурызбайұлы, өмірдерегіңізге шолу жасап едім, онжылдық білімді бірінен-бірі шалғайда жатқан үш мектептен алыпсыз. Бұл қалай?
- – Ой-й, ағасы-ай! Өмір дегеніңіз соқпақты, адыр-бұдырлы, асу бермес қиыр-шиыр қиян емес пе? «20 жылдық Қазақстан» колхозының орталығы «Ақбай» қыстағында 1938 жылы жарық дүние есігін ашыппын. Әкем Наурызбай ауру-сырқаулы болып, 1942 жылы небәрі қырық бірінде дүниеден озады. Күлпаршын анамыз алты құрсақ көтерген екен. 36-сында жесір қалады. 18-ге толған үлкен ұлы Әбдімәлік 1942 жылы соғысқа аттанады. Одан 1944 жылы аты өшкір «қара қағаз» келеді. Кәмелетке толмаған Әбдімәжит ағаны аулдық кеңес 1943-те Атыраудағы ФЗУ-ға жібереді. Сонда мен 5 жаста, кенже інім Қолқанат екі жаста екен. Тиыштық есімді әжеміз де бар-ды. Соғыс кезі. Тұрмыстық жағдайымыз ауыр. Әжем мен анам туыстарын жағалап «Қызылжардағы» («Райым» колхозы) Қаршығаға, әжемнің сіңлісі тұратын «Ақшатауға» барып паналайды. ФЗО-дан оралған Әбдімәжит аға да балық аулауға кіріседі. Табыс аз. Жас қой. Алатыны жарты сыбаға. Одан Құлсейітов Нәбидің шақыруымен «Қарашалаң» колхозының орталығы «Кіші түбекке» қоныс аудардық. Осылай көшіп-қонып жүргенде 1947 жылдың күзіне де жетіппіз. Бірінші сыныпқа осы «Кіші түбектегі» мектепке тоғыз жасымда бардым. Хо-ш, деңіз. Әбдімәжит аға да жұмысқа төселіп, балық қабылдаушы қызметіне тұрды. Осылай-осылай тірлік жасап жатқанда тағы бір оқиғаға кезіктік.
- – Е-е, қандай?!
- –Әбдімәжит ағаны аудандық прокуратура әлсін-әлсін шақырып, тыным бермеді. Сондағы тағатын айыбы: – Күлпаршын анаңыз «20 жылдық Қазақстан» колхозының мүшесі. «Ақбайға» қайту керек. Әйтпесе үстінен қылмыстық іс қозғаймыз,– деп қорқытады.
- – Ой, заман-ай, ә! Сонымен қайттіңіздер?
- – Амал қайсы? Әжем мен анам жылап-сықтап жиналған болды. Бізде не дүние болсын. Ақпан айы. Қыстың көзі қырау. Құлсейітов Нәби көке түйе шанамен Ақбайға жеткізіп салды. 2-сыныпты осында оқыдым. Бес колхоз бірігіп, «30 жылдық Қазақстан» атанып, орталығы Ақбай болды. Қам кесектен жетіжылдық мектеп тұрғызылды. Колхоз басқармасы Жәмеш Нұрымбетов еді. Оның Марат, Лена, Дина, Нина есімді ұл-қыздары бар-ды. Ленасымен бір сыныпта оқыдым. Ұстаздардан Әбдікер Құрманбаев, оның жұбайы Қарлығаш Айнашова сабақ берді. Мен жетіжылдық мектепті бітірерде Әбдімәжит аға әскери борышын өтеп келіп, 1954 жылы Сексеуіл стансасында жүк пойызына кондуктор болып орналасты.
- – Тағы көштіңдер ме?
- – Иә, көштік. №423 Орынборға қарайтын темір жол мектебінде 8-сыныпта оқыдым. Ол кезде мектеп директоры Бұлқайыр Айқынов-тұғын. Кейін Күнқожаев келді. Сынып жетекшіміз Амандық Исаев болды. Оның жолдасы Қоңырша апай физик еді. Сабақтың көбі орыс тілінде жүрді. Себебі мұғалімдердің бірсыпырасы өзге ұлттардан-тұғын.
- – 1957 жылы, яғни он тоғыз жасыңызда онжылдықты тәп-тәуір тәмамдап тұрып, өзгелері жоғарғы оқу орнына түсіп жатқанда, Сіздің мына тұрған Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру училищеге документ тапсыруыңыздың мәнісін айтыңызшы?
- – Сыныптастардан Кішкене, Қожағали, Өмірзақ Жолымбетов және басқалары да Ташкент, Алматыға кетті. Мен де 4-5-ке оқығанмын. Бірақ ұзап кетуға семьялық жағдай болмады. Тіпті темір жолға жұмысқа тұруға талаптанғанмын. Десе де үй-іші қалайда бір мамандық алғанымды қалады. Сонымен Сариев Орынбасар екеуміз Қазалыдағы №34-ші училищеге бардық. Оқу басталып кеткен екен. Директордың орынбасары Әбдіхалықов мектепті жақсы бағамен бітірген екенсіңдер, қуып жетесіңдер ғой деп, бізді іркіліксіз қабылдады. Мұндай оқу орны сол кезде облыс бойынша тек осы қалада болатын-ды.
- –Айтқандай-ақ, кең профильді тракторист-машинист мамандығын беретін училищені «өте жақсы» деген бағамен бітіріпсіз. Аттестатыңда он бір пәннің бәрінде «өте жақсы» (отлично) деген баға бадырайып тұр. Және оған қоса 3-санаттағы слесарьлықты да игеріпсіз. Ал жолдаманы қайда берді?
- – Жолдаманы Қармақшы ауданындағы МТС-қа алдық. Оған үш аралдық болып бардық. Сариев Орынбасар екеумізге Сақалов Жалғасбай қосылды. МТС-тың директоры жатақханаға орналастырып, слесарьлық қызмет ұсынды. Бірақ көп ұзамай Министрлер кеңесінің қаулысымен МТС-тар тарап РТС-қа айналды. Енді кеңшарлар мен колхоздар техникаларын өз кадрларымен реттеуге тиіс болды. Директор бәрімізді жинап, қай шаруашылыққа барасыңдар дегенде, аралдық үшеуміз де «3-интернационал» колхозын таңдадық. Жаспыз ғой, мәдениеті жақсы, клубы, концерт залы, би алаңы, тағы-тағылары бар дегенді есітетінбіз. Сол рас болды. Трактор руліне отырдық. Үй берді. Семьямды көшіріп алдым. Әбдімәжит аға осында келіп, дүкен ұстады. 1,5 жыл тракторшылықты атқарып, аты-жөніміз әжептәуір атала бастаған кезде, 1959 жылдың қазан айында әскери борышымды өтеуге шақырылдым.
- – Сол тұста жасыңыз 21-де екен. Кәріс ағайынның қыздарымен танысып үлгірдің бе?
- – Жо-жоқ, ағасы. Пойызға мінерде орамалын бұлғап «Есен-сау орал» деген бойжеткендер болды. Бірақ ол кәріс емес, өзіміздің қара көздері-тұғын... Пойыз жүйтки зулайды. Көңіл де солай. Азамат болдым. Не бітірдім деймін? Ой құшағында қалғып кетіппін. Мурманск облысының «Североморск-3» деген қаласына келіппіз. Осында теңіз авиациясында қызмет еттім. Аптасына екі рет әскери ұшақтар ұшады. Солардың ұшып-қонуына қызмет етеміз. Мамандығыма сәйкес трактор бөлімін басқардым. Қыстың қарлы, жаздың жаңбырлы құбылмалы ауа райымен алысып, ұшу-қону алаңын жылан жалағандай етіп тазартамыз. Толассыз құйған жаңбырдан алаңды кептірудің өзі бір қиямет. Әйтсе де күн-түн демей қимылдап, командирдің «Молодцы!» деген разылығын есітіп жүрдік.
- – Осындайда білінбей үш жыл да өте шыққан болар?
- – Иә, солай болды. Үш жылымыз бітсе де бізді елге қайтармады. Ұстап қалды.
- – Онысы несі?!
- – Біздің орнымызды 1942-1943 жылдардың тумалары алмастыруы керек-ті. Ал олар жоқ. Ер азаматтар соғысқа алынды. Сосын да сол жылдың тумалары мүлдем аз болған. Командирлеріме оқуым қажет дейтінмін. Содан 1962 жылдың тамызында бір айға демалыс берді: «Оқуға түссең, жергілікті әскери комиссариатқа хабарла, оқуға түспесең қайтып келесің» деді. Бұл бір үлкен сынақ еді. Ата-баба әруағына сыйынып, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының механикалық факультетіне онжылдықтың және Қазалыдағы механикалық училищенің де аттестатын қоса тапсырғанмын. Сірә, қабылдау комиссияның жауапты хатшысы болу керек, қағаздарымды оқып алып, маған ұзақ қарады да: – Жігітім-ау, осы жасқа дейін қайда жүргенсің, – деді таңырқап.
- – Әскери борышымды өтеудемін...
- – А-а!.. Оқуға түстің ғой?
- –Абырой болып оқуға қабылдандым. Бес жыл оқып, инженер-механик мамандығын алдым.
- – Ау-у, баяғы пойыға шығарып салатын қаракөздер қайда? Олар да пісіп кетсе, үзіліп түсер алма емес пе?
- – Соны ойлап, – деді Ермек кейіпкерім күліп, –1965 жылы институттың 3-ші курсын бітіріп демалысқа келгенде, сол Қармақшының «Чапаев» атындағы колхоздың тұрғыны болған Жарқын келініңізді Аралға алып келдім. Ол да оқуын тәмамдап, қызметке кіріскен екен. Мен – 27-де, ол 22-де. Күткен ғой, байғұс. Аралда да сол мамандығын жалғастырды. Пенсиядағы анашыма қолғанат болды. Мен көңілімді бірлеп, оқуыма кеттім. Институттан диплом алғасын Павлодардың трактор зауытына жолдады. Осыны есіткен ауылдағылар қарт анасы, әйелі бар, "ауылға жіберіңіздер" деп хат жолдайды. Әрі жұмыс дайын дейді. Сонымен инженер-механиктік емес, бәрі-бір сол сала ғой деп, «Сульфаттағы» №169-селолық механикалық училищеге мұғалімдікке бұйрық болды. Екі жыл өткесін, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына тағайындалдым. Сөйтіп мұнда он төрт жыл табан аудармастан ұстаздық еттім. Ту-у Чувашиядан. Татарстаннан курсанттар келетін. Жаз айларында ел-елді аралап, училищеге бала жинайтынбыз.
- – Ә-ә, тұра қалыңыз, осы ұстаздық еткен он төрт жылда (1967-1981 жылдар аралығында) мемлекеттік кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің басшыларынан әлденеше рет алған мақтау громоталарыңызбен және төсбелгісімен марапатталғаныңызды өмірбаяныңыздан оқып білдім. Осы училищидегі қызмет кезіңізде, яғни 1969 және 1977 жылдары Алматы мен Ленинградтағы білім көтеру университеттерінде екі айлық білім жетілдіру курсынан өтіпсіз. Мәселен, Алматыда емтихан тапсырған куәлігіңізде 6 пәннен «Зачет», бесеуінен «5», ал Ленинградтағы «Еңбек Қызыл Ту» орденді ауыл шаруашылығы университетіне 1977 жылдың 15 сәуірінде тапсырған куәлігіңізде үш пәннен де (өндірісті механикаландыру, оқу-әдістемелік жұмыс, педагогика және психология) «отличномен» бағаланыпсыз. Сұрайын дегенім, мұндай оқулар тек орыс тілінде жүреді. Сіз қазақ тілді мектептерде оқығансыз. Ал орыс тілін қай кезде үйреніп алдыңыз?
- – Таңданысыңыз дұрыс. Кіші түбекте де, Ақбайда да, Сексеуілде де қазақ мектебінде оқыдым. Десе де Сексеуілдегі №423 мектепте бірсыпыра пәнді өзге ұлттың өкілдері береді. Әрине олар орыс тілінде сөйледі. Қазалының техникалық училищесінің кейін Қармақшы ауданының "3-интернационал" колхозына тракторшы болдым ғой. Мұнда негізінен кәріс ұлты тұрады. Көбісі орыс тілінде жауаптасады. Отан қорғау міндетін атқаруда да орыс тілді ұлтпен араластым. Ауыл шарашылығы университетіндегі бес жылдық оқуым да техника-механика пәндері кілең орыс тілінде өтетін-ді. Осының бәрі өзімнің де ықыласым болған шығар. Орыс тілін жақсы меңгеруіме әсер етті.
- – Түсіндім, бек түсіндім, Ермек мырза. Кәсіптік училищеде абыройлы еңбек етсеңіз де, 1981-дің мамырында аудандық «Сельхозтехника» бірлестігінің бас инженерлігіне тағайындалыпсыз. Жыл орыннан ауысуға не себеп?
- –1980 жылдың қыркүйек айында училищеде оқу басталған тұста кенет сырқаттанып, ауруханаға түстім. Өкпе дертіне ұшыраппын. Дәрігерлік ұйғарыммен 1980 жылдың қарашасынан 1981-дің сәуір аралығында Қырымның Ялта қаласына таяу «Симашко» саниториясында алты ай емделдім. Жақсы деген қорытынды алдым. Енді оқу орнына оралуға болмайтынын басшылар сезсе керек, өндіріске жіберді. Мұндағы негізгі міндетім – бірлестікке әр шарашылықтан келген техникаларды сапалы жөндеу еді. Бұл – менің тікелей мамандығым. Төрт жыл сыйластықпен жұмыс істедім. 1985 жылдың ақпан айында ауыл шаруашылық басқармасы шұғыл қабылда,п «Қарақұм» кеңшарының бас инженерлігіне бұйрық шығарды. Менің алдымдағы бас инженер ауырып қалған. Қыс айы. Мал қыстатудың сыналар тұсы. Әр минут қымбат. Техника үзіліссіз жүруі тиіс. Онсыз еш іс бітпейді. Әні, қарбалас сол ортаға 47 жасымда түстім. Артық-кемі жоқ. 10 жыл істеп, зейнетке осы қызметтен шықтым.
- –Сіздер Көкшетау мен Орал облыстарына да барып, мал азығын дайындадыңыздар. Мендегі мәліметте «Қарақұм» кеңшары 1985 пен 1986 жылдардың қысында Көкшетау облысынан шөп дайындады деп жазылған. Қыс айында шөп шабыла ма?!
- – Е-е, «Біз не көрмеген бейбақпыз» депті ғой бір жеңгеміз. Сол айтпақшы, 1986 жылдың наурыз айы орталанған шақта мал азығының жетпей қалу қаупі білінді. Қыстың беті қайтар емес, содан техникамызды алып, Көкшетауға аттандық. Шабындығын кім орғызады? Біздің дайындайтынымыз далада, қар астында қалған бидайдың сабаны ғой. Соларды тайлап вагондарға тиеп, күн-түн демей елге жөнелтеміз. 1987-нің қысында да осы көрініс қайталанды. Өзге жұмысшылар ауысса да, мен ауыспадым. Төрт айға дейін жүрген кезім болды. 1991 жылы Орал облысынан мал азығын дайындауда екі ай болдым.
- – Өзіміздің Қызылорда облысының Сырдария ауданынан да шөп шауыпсыздар. Олар бидай екпейді. Демек сабан жоқ. Дайындағандарыңыз не шөп? Шабындық берді ме?
- – Қайдағы шабындық? Қорығына кім жолатады? Шапқанымыз – Жезқазған беттегі жел жусан ғой. Онда да жерін арендаға алып барып, шөп дайындауға рұқсат алдық. Қазақ «Өзіңде жоқтың кілті аспанда» деп бекерге айтты дейсіз бе?!
***
- Сұхбаттасым аса тұйық, әлде құлпын ашар кілтін таппадым ба, «Тыл ардагері» атағы бар қариядан суыртпақтап алған дерегім осы ғана.
- Сақалыңнан айналдым қарт бабалар,
- Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
- О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
- Қанекей, нелерің бар салтқа жарар? –деп ақиық ақын
Мұқағали жырлағандай, солардың басынан өткенін толық «сығып» алмағанымыз өкінішті-ақ. Өйткені, иә, өйткені, бүгінгі күнді бағалау үшін жас ұрпақтың өткенді білгені жөн-ау!
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеркер,
Арал ауданы