Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жамбыл және қазақ зиялылары

Жамбыл және қазақ зиялылары

Ұлы жырау, жыршы, ақын Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық қырларын елге танытуда, насихаттап бағалауда оның көзін көрген,  тұстас өмір сүрген белгілі қазақ зиялыларының атқарған еңбегі көп болған. Олардың поэзия алыбы туралы түрлі мақалалары мен естеліктерінде, түрлі ой-толғамдарында жас ұрпақ тәлім алып, үлгі етер ғибрат көп. Сондықтан біз де осы мақаламызда «Жамбыл – менің өз атым, халық менің шын атым» деп жырлаған жыр алыбының заңғар бейнесінің кейбір қырларының өскелең толқын санасында ұғынықты болуын мақсат еттік.
Көз көргендердің айтуынша, ел арасында ақын-жырау ретінде есімі кең таралған Жамбылды ресми орындарда көпке дейін мәлім болмаған  көрінеді. 1927 жылы онымен кездесіп жырларын тыңдаған С.Сейфуллин:
–«Жамбылдың жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» – деп әрі таңқалыс білдіріп, оның өлеңдерін қағаз бетіне түсіріп, баспа бетіне жариялап, кеңінен насихаттауаға тапсырма берген. Қазақтың белгілі сөз зергері Ғ.Мүсірепов бұрқырап көзі ашылған жыр дариясына айрықша зер салып, алғаш «феномен-фениге» деген мақала жазады. Онда:
–«Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашанда бір сықақ ұшқыны тұратын. Әлденені түсіндіре бастасаң «Мен бір әжуаға айналған шал деп отырсың-ау!» – дегісі келгендей, мұрт астынан миығы жымия бастағанын сезуші едің.  Айта бастағаныңды іліп әкетіп, өлеңмен өзіңе қайта айтқанда ақын жүрегінің ыстық жалынына, ой-сезімінің тереңдігіне таңғалатынсың» – деп алғашқы көргендегі әсерін жазған екен. Бұл мақаласында ол Жамбылдың ғұмырбаяндық қырына аз тоқталады да, ішкі жан дүниесіндегі ғаламат буырқанудың сырын ашуға ұмтылады.
Жамбылмен көп араласып, оның әдеби ортаға кеңінен белгілі болуына септігі тиген Сырдан шыққан ақиық ақын  Ә.Тәжібаев болған. Ол 1936 жылы Жамбылды  Ұзынағаштан үйіне алып келіп, бірнеше күн қонақ қылады. Сол жолы М.Әуезовты, С.Мұқановты шақырып, онымен жүздестіріп таныстырады. Осы отырыста М.Әуезов Жамбылдың суырып салма айтқыштық өнеріне тәнті болып, бірнеше сағатқа созылған жыр нөсеріндегі жылт еткен ой-образ маржандарын қағазға түсіріп отырса керек. М.Әуезов Жамбылға қаза халқының ғасырлар бойы інжу-маржандарын бойына жинаған фольклорлық әдебиетінің теңдессіз өкілі деп баға береді. Сол кездесуде өңкей зиялылар Жамбылдың Абай туралы пікірін білмекке:
–«Жәке! Абай жайлы пікіріңіз қалай?» деп сұрапты дейді. Сонда Жамбыл сәл ойланып қарап қалып көзін алысқа қадап:  – «Абай адам ба» деп сәл кідіріпті. Жиналғандар не айтар екен деп тосылыңқырап қалса керек. Сол кезде Жәкең сөзін жалғастырып:
–«Абай–пайғамбар емес пе?» деп айтқан екен. Іле:
–«Мынау тұрған Абайдың суреті ме, Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне. Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған. Қарсы келер Абайдың кім бетіне» – деп ұлықты танып, тағзым жасалғанына куә болған екен жиналғандар. Жамбылдың тоқтаусыз төккен жыр жаңбырын тыңдап ішкі сезімін ұстай алмаған Сәбең. Сәбит Мұқанов сонда:
–«Ойпырмай, Жәкең осындай екен-ау. Ақын емес, шопан ғой, шалың!» – деп қиқуға басып жіберсе керек. Сол кезде Мұқаң Сәбеңе қарап екі қолын жайып жіберіп:
–Импровизатордың шеберлігі деген осы емес пе! Эпостағы бұрын қолданып жүрген образдарды қалай пайдаланады. Мүдірмей ағытып, өзінің биік идеялы тамаша жырын табанды тудырып отырғанда халық байлығы, оған алтындай құйылып, жарқылдап жатқан жоқ па?  Бұрынғы ұлы ақындар осылай сөйлеген...
–Бұл – жүз жылда бір-ақ көрінетін құбылыс. Гомер деумізіге осы Жәкең ғана сиятын болу керек» – деп қорытындылаған екен.
Жамбылдың ақындық, адамгершілік қыр-сырларын көбірек жазып танытқан С.Мұқанов онымен тығыз қарым-қатынаста болған. Ол жайында:
«Жәкең әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі. Бірақ оқушы көпшілікке ескере кетер нәрсе, Жәкең де сөзді өлеңмен сөйлейтін өзге ақындар да ешуақытта өлеңдер жинау немесе сақтау мақсатымен айтпайды, олар кезегі келген жерде өлеңмен сөйлеп қалады да сол өлең сөзді тыңдаушылардан ұғып тарататындар болмаса, ақынның өзі  айтқан сөзін есте сақтауға тырыспайды, қайталап айтпайды. Сондықтан да қазақты я болмаса басқа елдердің халық ақындарының бір зор тарихи оқиғаға арналған ұзақ желілі жырлары иа ұзақ көлемді айтыстары болмаса қысқа тақырыпқа арналған жүзден тоқсан тоғызы ұмытылып отырады. Арғы ғасырлардың ұмытылған қазақ ақындарын айтпағанда, ХІХ ғасырда аттары мәлім қазақ ақындарының көбін айтыс жанры арқылы ғана осыдан» деп тұжырым айтқан, дей келе, өзінің мақалаларында «аңыз әдебиетінің биігі», «халық ақыны», «сөзді өлеңмен сөйлейтін адам» деп жоғары баға беріп отырған. Сәбең басқа да қазақтың зиялы қауымын ертіп апарып Жәкеңе таныстырып отырады екен. Сол тұстағы Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр Жараков, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов, Қаман Сатыбалдин сияқты ақын-жазушыларды Жамбылдың үйіне кезек-кезек жіберіп, қызметке жеккен. Жаз, жазып алыңдар деп отырады екен. 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс жылдарында қысқа мерзімді сапармен туған елге келіп қайтқан қазақтың қос батыры Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлын да «Жәкеңнің батасын алыңдар» деп ертіп апарғанын жазады. Сәбеңнің Жамбылмен қарым-қатынасындағы мынадай оқиғаны қалай азаматтық адамгершілік ерліктің үлгісі деп айтпасқа?!  «Әбден қартайған Жамбыл бір күні қатты ауырып қалады. Шалды өйтіп-бүйтіп емтиханға жеткізеді. Есі кіресілі-шығасылы. Көңілін сұрап Сәбит барады. Барса шалдың жағдайы өте нашар, әзер сөйлейді.
–«Сәбит дейді шал, Кетіп барамын. Демім таусылды. Сен менің жаназамды шығар».
Не істеу керек. Кеңес заманы, Сәбит болса қызылдың қызылы.  Бірақ шал кетіп бара жатыр. Жүзге келген шал Кеңес өкіметін қайтсын. Сәбең дереу дәрігер мен медбикені шығарып жіберіп, есікті жауып, Жәкеңнің қасына отыра қалып аят оқи бастайды ғой-Жәкең тыңдап жатып жүріп кетіпті.
Жамбыл ұлы жырау ретінде тұстас замандастарына, әдеби қауымға, халқына қаншалықты ұғынықты болды десек те, болмыс-бітімі тұлғалана беретін, зерттеле беретін, жаңа қырларымен таныла беретін ұлы тұлға.
Үргенішбай ҚУАТОВ,
ардагер ұстаз, өлкетанушы        
30 қазан 2021 ж. 1 294 0