Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жүрегіме иман нұры төгілген күн

Жүрегіме иман нұры төгілген күн

Өмір – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, машақаты мол бұлыңғыр тіршілік. Ал сен осы машақаты мол тіршілікте өмір сүресің. Басыңа қиындық туындағанда тағдыр сізге қиындықты жіберіп, артынша сынақтан өтуге жол сілтеп, бағыт көрсетеді. Қандай да бір мәселелер туындағанда алдыңыздан көмек беретін адамдар кезікті ме? Жаныңызда жанашыр адамдар болды ма? Осы бір сан сұрақтың жауабын өмір баспалдағын енді ғана аттап, отбасылы болдым деп қуанған шағында қорғанынан ажырап, перзенттерін жалғыз жеткізуіне тура келген Баян есімді келіншектің әңгімесінен тапқандай болдым.

Таңертең тұрып көршіме ескертейін десем, ешкімді таба алмадым. Не болса да күтейін ұйықтап жатқан болар деп есігін әрлі-берлі қақтым. Айналып үйінің артына барып терезесін тарсылдаттым. Ондағы бар ойым– ертең бір сәтке балаларымды қарай тұруға өтініш жасау еді. Онсыз да түнімен көз ілмей, күні бойы мазам болмай тұрған. Өйткені жанымдағы қос бірдей балапанымды қалай асыраймын деген ой күннен-күнге жүйкемді жұқартып барады. Бар қорғанышым жолдасымнан айырылған күні-ақ екі жақ бүйірімнен салқын жел есіп, бойым қалтырап қоя берген еді. Жиырма жасымда-ақ ата-анамнан жырақтап, енді отбасылық өмірге қадам бастаған сәтте-ақ жолдасымнан айырылу оңайға соқпасы анық. Бірін бесікке бөлеп, енді бірін бауырыма қысып ұйықтатып, екі көзіме толған жасты сыға отырып көнелеу сандықтың ішін ақтаруға кірістім. Ондағы бар мақсатым – ертеңгі күнге балаларымның азығын алуға сатуға жарамды жаңа киім қарау еді. Сандықтың ішінен қолына босанған күні жолдасымның жаңа туған сәбиіне базардан қуана сатып әкелген күртеше тиді. Кеудеме сәл де болса қуаныш орнығып, көз ілімін алдым. Таңертең кеудешені көкірегіме басып, балаларым оянып кетер деген күдікпен өксігімді баса алмай, булығып біраз жылап алдым. Таң бозарғанда жер беті қалай жаңаша кейіпке енсе, тағдырдың жазуымен әкелерінен ажырап қалған перзенттерімнің ендігі болашағы да жарқырай түссе екен деп Алладан тілеп, таңның бозарып атқанын күттім.
Таң атысымен есік алдындағы ағаштан жасалған қоршауды жіппен байлап, базарға қарай бет алдым. Ертемен базарға келушілер аз болғанымен, сатушылар ағаш тақтай үстіне сатылымға әкелген заттарын қойып жатыр екен. Батыл қадам жасауға жүрексініп те қоямын. Бірақ сәбилерімді ойлағанда өзімді қоярға жер таппай, онан әрі қинала түсемін. Сөйттім де ірі денелі қараторы әйелдің жанына жақындап:
– Менің бір кішкене балаға күртешем бар еді, сатып аласыз ба? – дедім сатушыға жәутеңдей қарап.
– Оны қайтемін, өзім де сатып тұрғаным жоқ па, осы жұрт қызық-ей,– деп қысқа жауап қайырды.
Күздің күні, жаңбыр себелеп жауып тұр. Әлгі сатушының жауабы қысқа болғанымен, адамның көңіліне ауыр салмақ түсіреді екен. Жабырқау көңілмен көшенің қарсы бетіне өту үшін жаяу жүргіншілер өткеліне қарай аяңдап келемін. Ойымнан әлгі сатушының зілді сөзі кетер емес. Менің ішкі көңілімді түсінгендей, жаңбыр да күшейе түскендей, жүзімнен көз жасыммен бірге жаңбыр суы да қосыла сорғалап жатты. Жаным мұңға батып, жалғызсыраған күйде келе жатып, әкемнің әр намаздан соң айтатын "балаларымның панасы да жәрдемшісі өзің болғайсың" деген сөзі ойыма оралып, жәрдемді тек Алладан тілеп келемін. Осы сәтте жасқа толған жанарым алдымда тұрған келбеті көз сүйсіндірер Алланың үйі – мешітке түсті.
Бір сәт әлдебір күш мені қозғалтпастан сол жерге шегелеп қойғандай болды. Жүрегімде әлде өкініш, әлде қайғы, әлде өз-өзіме деген аяушылық па анық арасын өзім де білмейтін, әйтеуір бір іштей сезімдер арпалысып жатты. Әйел адам тек көз жасына ерік береді ғой. Сол жылаған күйі Алланың үйіне бас сұғуды ұйғардым. Өйткені әкем: "Бұл өмірде қалай болғанда сен де, мен де қаласақ та, қаламасақ та бұралаң жолдар болады. Сол сәтте қиналғанда тек панаң бір Алла. Бойыңды ашу-ыза, өкініш пен күйініш билемей тұрып, тағдырға бойұсына біл" деуші еді. Сол күні мен шын көңілмен әкемнің айтқан ақылымен мешітке қадам бастым. Қарсы алдымнан әлгі зіркілдеген сатушыдай емес, иманды жанашыр жандарды кезіктіргеніме қуандым. Мұндағы иманды жандарға жәутеңдей қарап, дұға бағыштауды өтіндім. Артынша осындай ізгі құлдарыңның қатарына қоса гөр деп іштей тілегімді айттым.
Бүгінде ойласам, әкемнің сондай ақылгөй, жүрегі жылуға толы жан болғанын мақтан тұтамын. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды деген сөз осы мағынада айтылғандай. Көз жастан кейін күлімсіреу, қорқыныштан кейін қуаныш, жайсыздықтан кейін жайлылық болатынын сезіндім, – дейді жүрегіне тыныштық іздеген Баянның өз әңгімесінде. Бүгінде перзенттері есейіп, Алланың берген ризығымен өмір сүріп келе жатқан Баян әрбір қиналған жанға ғибадаттың ең абзалы не екенін әлі күнге айта жүреді.
Иә, жаман немесе жақсы жағдай болсын, әркім өзінше өмірден сабақ алады. Небір күрделі жағдайлар болып жатады. Уайымдауыңыз, қорқуыңыз және күмәндануыңыз мүмкін. Бұл қалыпты. Сол сәтте тек бір Алланың ғана өзіңді қолдайтынын ұмытпағаның жөн. Ең маңыздысы, осы сәттен бастап жүйкесі тынышталып, көңілі жәй тапты. Сонан бері күнделікті балаларымен бірге Алланың үйіне бас сұғуды өзіне парыз санап келеді. Жүрегіне тыныштық орнады. Ұғынғаным, көз жастан кейін күлімсіреу, қорқыныштан кейін қуаныш болатынына көзім жетті. Сондықтан қиын сәтте басыңызға қиындық туғанда тура жолды ғана таңдап, жеген асың адалынан болғанда ғана еткен ғибадатың тиімді нәтиже бере алады. Тек ниетіңіз түзу болса болғаны. Әрбір жан рухы биік болып, қиындықтың артында жеңілдік барын сезінгені абзал.

К. ӨТЕПБЕРГЕН
26 шілде 2022 ж. 841 0