Текке тартып туған Тілеуқұл ишан

Тілеуқұл ишан осы Жақау тайпалық бөлімшесінен таралады. Реті келгенде айта кетелік, ел аузындағы тарихи аңыз-әңгімелерде Жақауды батыр, Қарақыпшақ Қобыланды батырдың туған жиені деп айтады. Тілеуқұл ишан 1854 жылы Қазалы ауданы, Кәукей ауылында дүниеге келген. Оның нағашысы атақты Қожаназар ишан, Жанназар ишан екен. Қожаназар ишанның есімі Арал, Шалқар, Қазалы, Тереңөзек жақтағы тұрғындарға жақсы мәлім. Енді Тілеуқұл ишанға қайта оралалық. Оның әкесі Жүрсін де, нағашысы Қожаназар ишан да әрі текті, әрі білімді, әрі иманды адамдар болғандықтан Тілеуқұл ишан да жас кезінен тектілік, имандылық жолын таңдайды. Ишанның дін жолына түсуі мен діни білімдер алуына Қожаназар ишан көп ықпал жасаған секілді. Қай жылдары екені белгісіз, ишан діни білімді Бұқара қаласындағы медреселердің бірінде алады.
Терең біліміне сай ишан атанып, туған өлкесіне 1880 жылдарға таман оралады да, жергілікті халық арасында имандылықты, әділдік пен турашылдықты уағыздап, тәлім-тәрбие жүргізе бастайды. Бұған дейін айтып өткеніміздей, ХІХ ғ. соңғы ширегі және одан кейінгі ХХ ғасырдың басы Ресейдің қазақ жерінде рухани отарлауды әбден күшейткен кезі болатын. Оған қарсы қарулы көтерілістердің неге алып келгені белгілі. Рухани отарлауға қарсы қоятын, оған тосқауыл бола алатын бірден-бір әрекетке Тілеуқұл ишан халықтың бірлігі пен ынтымағын, руханилығы пен имандылығын, тіпті отырықшылық өмірге көшуді жатқызады. Туып-өскен ағайындарының басқа дінге еніп кетпеуі үшін, мұсылманшылық пен қазақшылықтан айырылмауы үшін ол бар күш-жігері мен алған білімін жұмсайды. Ишанның ел арасында жүргізген қоғамдық қызметін бір-бірімен тығыз байланысты үш салаға, үш бағытқа бөліп қарауға болады. Бірінші бағыт – діни тәрбие, білім беру және оны ұйымдастыру; екінші бағыт – отырықшы өмірге елді машықтау; үшінші бағыт – ғылыммен айналысып, халықты әр түрлі ауру-сырқаулардан емдеу әдістері мен тәсілдеріне сипаттама беру, оларды қолдану және әртүрлі өсімдік түрлерінен дәрі-дәрмек жасау болған. Тілеуқұл ишан оқуын бітіріп келген соң, елдегі жағдайды көре келе, әуелі Сырдың төменгі ағысы бойындағы тұрғындар арасында мешіт ашып, елді имандылыққа, руханилыққа тәрбиелей бастайды. Сондай-ақ «Жиделісай» деген сайды бөгеп, «Домалақ көлге» су толтырады да, егін егуді ұйымдастырады. Соның арқасында жергілікті халық қауын-қарбызға және астық өнімдеріне қарық болып қалады. Бұрын саудагерлерге жәутеңдеп қарайтын ишанның ағайын-туыстары егіншіліктің пайдасын көріп, өздері де онымен айналыса бастайды. Кезінде ишан жасатқан бөгеттің орны әлі күнге дейін бар, сақтаулы.
Теңіздің солтүстік-батыс жағында қоныстанған Қаракесек рулары бірте-бірте отырықшылыққа бет бұра бастайды. Ишанның қоғамдық жұмыстарының келесі бір бағытына – оның ғылыми ағартушылық қызметі жатады. Ишанның бүкіл жинаған кітаптары мен қолжазба еңбектері 1937-1939 жылы ол ұсталып кеткенде мешіт ішіндегі саханаға салынады.
Арал ауданы Ақеспе ауылы тұрғындарының әңгімелерінде ишанның саханасындағы кітаптар туралы жартылай шындық, жартылай мифтік сипатта көптеген әңгімелер бар. Соның бірі мынадай: Арал теңізінің қайтуына байланысты «Возрождение» аралындағы құпия полигонға қажетті материалдарды теңіз жолымен жеткізу мүмкін болмай қалғандықтан, әскерилер құрғақтағы жолмен жеткізуді ойластырады. 30-40 әскери машиналарға тиелген жүктер, жанар май және т.б. заттар Арал-Ақеспе бағытымен жүріп, Тілеуқұл ишанның мешітінің жанынан өтеді екен. Командирлерінің қатаң ескертулеріне қарамастан, Мәскеулік бір орыс солдаты мешіттің ішінде көне кітаптар бар деген әңгімені біреулерден естіп, ары-бері қатынап жүргенде ретін тауып, әлде бір қызығушылықпен немесе теріс оймен сахананың шетін бұзады да, екі кітапты ұрлап кетеді. Кейіннен еліне оралған соң диагнозы белгісіз бір ауруға шалдығыпты. Шешесінің апармаған жері, көрсетпеген дәрігері, қолданбаған емі қалмапты. Орыс жігітінің түсіне мешіт кіре беріпті. Шешесіне болған жайды айтып бергеннен кейін, ол екі кітапты Арал қаласына алып келеді де, сұрастырып жүріп, Тілеуқұл ишанның шөбересі Қыдырбайдың қолына кешірім сұрай отыра тапсырған екен. Содан кейін ғана барып, мәскеулік орыс жігіті белгісіз ауруынан айығып кетіпті. Тілеуқұл ишанның мұралары мен еңбектерін зерттеуді қазірден бастап қолға алу керек. Әсіресе, оның халықтық немесе дәстүрлі ем және өсімдіктерден дәрі-дәрмек жасау туралы жазған қолжазба жұмыстарының дәл қазіргі күнде маңызы өте жоғары.
Ал енді ишанның өмір жолына келсек, ол Сыр бойы мен Арал өңірінде кеңестік билік орнағанға дейін теңіздің солтүстік-батыс бөлігінде діни-ағартушылық, бала оқыту, жұртты руханилыққа, ынтымаққа, бірлікке тәрбиелеу, екіншілікке елді тарту секілді жұмыстармен айналысады. Кеңестік билік орнығып, күшейе бастаған кезде «Кіші Қазан» саясатының Қазақстанда жүргізілгені белгілі. Бұл саясаттың бір саласына кеңес өкіметінің ықпалын ауылдық жерлерде күшейту жатты. Ол үшін кеңестік билік ауылдық жерлердегі ірі байлар мен орташа шаруаларды жоюды, дін басылары мен молдаларды құртуды көздейді. Міне, осы саясатты жүзеге асыру барысында Тілеуқұл ишанның өміріндегі қуғынға ұшырау жылдары басталады. Тек ишанның өзі ғана емес, оның ұрпақтары да үкіметтің қуғынына ұшырайды. Ишан ұрпақтарының әңгімелеріне қарағанда, ол ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдары ішінде екі рет сотталады. Алғаш рет 1928-1929 жылдары қамауға алынады. Бірақ қалай екені белгісіз, 1930-шы жылдардың ортасында түрмеден босанып шығып, Ақеспе, Сарбасат, Үшкөл елді-мекендеріндегі ағайындар арасында жасырынуға мәжбүр болады.
Тілеуқұл ишанның бес ұлымен бірге Бибарша атты қызы болған. Көрген адамдардың айтуы бойынша, Тілеуқұл ишанға қызы өте ұқсаған екен. Кейіннен осы Бибарша атты қызының бірнеше суреттеріне қарап отырып, суретшілер Тілеуқұл ишанның портретін салған. Қазіргі кезеңде Арал ауданы Сексеуіл поселкесінде үлкен мешіт салынып, оған Тілеуқұл ишан есімі берілді. Мешіттің жанында жас балаларды діни сауаттылыққа, имандылыққа тәрбиелейтін сабақтар жүргізіледі. Осылайша, ХІХ ғасырдың соңында Тілеуқұл ишан салған жол қайта жанданады.
Тілеуқұл ишанның бес ұлы да жан-жаққа тарап кетсе де, жергілікті тұрғындар оларды «мақсым» атаған. Оның мағынасы әкелері ишанның жолын ұстап, дінбасы болу дегенді білдірсе керек. Кешегі кеңестік билік тұсында Тілеуқұл ишанның үлкен ұлы Үмбетәлі – Мақсым ата атанып Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақеспе ауылында тұрған. Ол әкесінің жолын жалғастырып, жергілікті тұрғындарды мейлінше имандылыққа, рухани тазалыққа тәрбиелейді. Қазіргі күнде Мақсым атаның үйін ақеспеліктер мешітке айналдырған. Бұрынғы көшіп кеткендер әр жылдарда мешітке келіп, қонып, аруақтарға, о дүниелік болған ата-бабаларына, туыстарына дұға оқып, құран бағыштап жатады.
Қ. Қабылғазиев,
аудандық орталық мешіттің бас имамы