Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Топырақтың астында тарих жатыр

Топырақтың астында тарих жатыр

Ерте заманнан бері келе жатқан ғылымның бір саласы археология. Адамзаттың өткен тарихынан мысқалдай болсада мәлiмет беретiн кез келген жазба мен затты осы ғылым саласы зерттейді.
Сонау біздің дәуірімізге дейінгі 4 ғасырда көне грек ғалымы Платон өз деректерінде қазба мәліметтерін қолданған болса, жалпы Еуропа, Азия елдерінде ғылымның осы саласының қарқынды дамуы бертін келе 15-16 ғасырлардан бастау алады. Ал, Қазақстан жерінде бұл ғылым 19 ғасырдың 70 жылдары өз жұмысын бастады. Алғаш археологиялық қазба жұмыстары барысында ел аумағында өмір сүрген сақ-скиф мәдениеті кеңінен зерттелгені бізге мәлім.
Ел аумағында қолданылғанына 2 ғасыр ғана болғанымен бірнеше ғасырлық тарихтың том-том бетін ашып, талдауға мүмкіндік берген археологияның бүгінгі күйі қалай? Соның ішінде облыс көлемінде қаншалықты қолдауға ие, жұмыс нәтижесі көңіл қуантама деген сұрақтарға кеңінен жауап іздеген болатынбыз. Көкейіміздегі сауалдарға жан жақты жауап беруге келіскен аталған ғылым саласының маманы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD докторы Әзілхан Әуезханұлы Тәжекеев ағамыз болды.
Өз сөзін әп дегеннен «Сыр бойы, Арал маңы археологиясы кеше пайда болған жоқ. Бұл ғалымдардың үнемі қызығушылығын тудырып келе жатқан аймақ болып табылады. Себебі, Арал маңында көнеден халық мекендегінін, Еуразия даласында ежелден адам баласының тұрақтауына негіз болған жер екенін археолог ғалым Сергей Павлович Толстов өз еңбегінде Аралдың этногенездік түйіні деп атағанын байқауға болады» деп бастағанын-ақ көптеген деректерге қанық болатымызды ұғындық. Дегендей-ақ, маманнан мардымды әңгіме тыңдаймыз деген үмітіміз ақталып, Әзілхан Тәжекеевтің әңгімесімен ежелгі археологиялық мәдениетке барып қайттық.
– Аралдың маңы, Сырдың төменгі ағысының бойы халықтың миграциясының, көшіп-қонуының жолы болғандығын, көшпенді малшылық пен бақташылық өркениетінің нағыз тоғысқан жері деуге де болады. Сонымен қатар, ықлым заманнан бері, тіпті Ұлы Жібек жолынан бұрын да ірі керуендердің өтетін тұсы, сауда жолы болған. Ал, орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бір бағыты Сырдың бойымен өткен емес пе?!
Бірақ, Қазақстанда археология кенже дамыған ғылым саласының бірі болды. 1991 жылы Ә.Марғұлан атындағы «Археология» институты жеке бөлінгеннен кейін аталған салаға жаңа серпін алып келді. Соның нәтижесінде қазірде Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Түркістан және Қызылорда облыстарында «археология және этнография ғылыми-зерттеу орталықтары» жұмыс жасап тұр. Біздің облыста 2011 жылы құрылған бұл орталық тек маман дайындап қана қоймай, зерттеу жұмыстарын да жүргізіп келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Журналисттік қызығушылығым қияға жетелеп, Әзілхан ағамызды одан әрі Сыр өңірінің маңындағы археологиялық мәдениеттің дамуы жайында айтып беруді сұрадым. «Тілегенге сұраған» дегендей археология ғылымының майталманы да әңгімеге шорқақ жан болмай шықты. Өз саласына деген махаббаты аз уақыттық қана сұхбатта анық байқалған жан археологиялық мәдениет жайында тек тарихтан ғана еститін ескі дәуірден сөз қозғап, төмендегіше тұшымды деректерді мәлім етті.
– Сыр өңірі, Арал маңы археологиялық мәдениетін бірнеше кезеңдерге бөліп топтастырамыз. Мұның алғашқысы адамдардың қоныстану дәуірі десек болады. Бұл жаңа тас дәуірі, яғни неолит дәуірінен бастау алады. Неолит пен қола дәуірін біріктіре отырып ең ұзақ тарихи кезең ретінде қарастырамыз. Бұл кезеңнің ескерткіштері ашық тұрақтар мен жерлеу ескерткіштері түрінде бізге дейін сақталып келді. Олар әсересе, Арал маңы Қарақұм, Қосаман, Ақеспе, Сексеуіл, Ерімбетжаға, Қазалыдағы Тапа аймағы және сол кезеңнің ең ірі ескерткіші Жалағаштағы Түгіскен қорымымен ерекшеленеді. Одан кейінгі көшпелі кезең ерте темірі дәуіріне сәйкес келеді. Келесі кезең, археологиялық мәдениетті, Оңтүстік және Солтүстік Түгіскен, Ұйғарақ қорымдарындағы жерленген сақ дәуірінің өкілдері арқылы білеміз. Осыған қарап ерте темір дәуірінің кезінде Сыр бойының халқында көшпелі мәдениеттің басым болғанын деген тұжырымға келе аламыз. Сондай-ақ, ең үлкен археологиялық мәдениет деп Шірік-Рабат мәдениетін ақын айтамыз. Б.з.д IV-II ғасырлардағы Шірік-Рабат мәдениетінің қалалары, құрылыстары тек Сыр өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі алғашқы қалалық мәдениеттің қалыптасуына дәлел бола алады. Біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығымен мерзімделетін «Жетіасар» ескерткіштері  де қала мәдениетінің мыңжылдыққа созылғанын алға тартып отыр. «Жетіасар» ескерткіштерінің аумағы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының көлемін қамтыған. Кейінірек Оғыз-Қыпшақ дәуірі кезінде де Сыр аймағында халықтар қоныс тепкен. Бұл кезеңге Жанкент қаласымен замандас отызға жуық қаланың салынған уақытымен тұспа-тұс келеді. Осы тұста Сыр бойы қалаларының нағыз гүлденген уақыты.
Міне, осынау тарихы бай ескерткіштерді зерттеу мақсатында республикалық және облыстық қаржыландыру есебінен Шірік-Рабат пен Бәбіш мола, Жанкент пен Сортөбе ескерткіштерінде және Сығанақ қалашығында кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жұмыстар 2004-2005 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында басталған еді. Кейіннен бағдарлама аяқталғаннан соң 2013 жылдан бастап негізінен облыстық бюджеттің қаржыландыруымен және өзге де халықаралық, республикалық жобаның негізінде жалғасын тапты. Мұнан өзге де әлі көптеген ерте заманның ескерткіштері бар деп сеніммен айта аламыз. Себебі, барлау жұмысына қанша рет шықсаңыз, сонша жаңа нысандар табылып жатады. Бірақ, қазба жұмысы жүргізілген жерлер бұзылған ескерткіштер болып саналғандықтан, оларды қайта қалпына келтіру көп жағдайда мүмкін емес. Десек те мүмкіндіктер бола қалған жағдайда алдағы уақытта барлығына зерттеу жұмыстары жүргізіледі деп сенеміз. Сонымен қатар, алға қойған басты мақсатымыздың бірі Қызылорда облысы бойынша барлық аудандағы ескерткіштерді түгендеп, олардың тізімін шығару болып отыр. Өйткені, әлі күнге дейін облыста қанша ескерткіш барын толық біле бермейміз, – деді.
Иә, тарихтың таңба болып басылмай қалған деректерінің өзін айна қатесіз көз алдымызға алып келетін осынау археология ғылымына деген қызығушылығымның оянғандығын жасырмаймын. Тіпті, археологтармен  бірге жүріп, ескерткіштерді көзбен көріп, қолмен ұстауға іштей ғашық болдым. Ал, жастардың қызығушылығы қандай? Елімізде онсыз да кенжелеп қалған ғылымның болашағына қаншалықты сеніммен қараймыз деген сұрақтар тек бізді емес, мамандарды да алаңдатпай қоймайды екен. Оны Әзілхан Әуезханұлының:
– Өкініштісі бүгінде аталған саланы меңгеру жолында білім алып жатқан жастар мен студенттер өте аз. Оны жасырып қала алмаймыз. Республика бойынша санаулы ғана оқу орынында археология мамандығын оқытса, оған бөлінетін грант мөлшері де жылына 20 мен 30-дан аспайды. Ал, ақылы негізде білім алатындардың археологияны таңдамайтыны анық. Заңгер, мұнай-газ, басқа да мамандықтарға деген жастардың қызығушылығы өте басым болуы осындай күйге алып келді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының 3  оқу тобында студенттер жинақталған. Соның бірінде жалғыз студент оқыса, екінші  тобында 2 ғана білім алушымыз бар. Дегенмен, біздің облыс әкімі Қ.Көшербаевқа жасаған ұсынысымыз қолдау тауып, биыл 2 курста 8 бала облыс әкімінің грантымен оқып жатыр. Осылайша, жабылып қалудың сәл ғана алдында тұрған саланы жандандырып отырмыз. Алдағы уақытта да осындай қолдау жасалса археология мамандығы бойынша білім алатын жастарымыздың қатары көбейер еді дейміз. Мамандардың тапшылығы жойылып, өз жыртығымызды өзіміз жамайтын дәрежеге жетеріміз анық. Себебі, бүгінгі таңда біздің өлкемізде 2000-нан астам археологиялық ескерткіш бар десек, жергілікті мамандар саны тіпті онға да толмайды. Осы қиындықтың нәтижесінде көршілес елдерден, тіпті Германиядан мамандар шақыртып, зерттеу жүргізіп жатырмыз, – деген сөзінен анық байқадық.
Десе де, Әзілхан ағамыздың шәкірті, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінің тумасы Жетесби Сұлтанжанов:
– Мектептен кейін Сыр өңірінің іргелі білім ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне «Тарих» мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. 2016 – 2018 жылдары Ресей федерациясы Кемерово мемлекеттік университетіне білімімді магистратура дәрежесі бойынша жетілдіріп келдім. Қазіргі уақытта Германия мемлекетінде Эберхард-Карл атындағы Тюбинген университетінің PhD докторантымын. Бүгінде елімізде археология ғылымы қарқынды дамуда. Мысалы, бүгінде, тек Қызылорда облысында 5 археологиялық нысанда ғылыми зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Олар сақ кезеңінің ескерткіші – Бәбіш мола қалашығы және ортағасырлық Жанкент, Сортөбе, Қыш қала, Сығанақ қалашықтары. Бұл ескерткіштерде тұрақты қазба жұмыстарымен қатар, тұмшалау және қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды, – дейді. Ал,  жастардың қызығушылығын оятып, оларды аталған салаға тарту, ел тарихын сүюді үйрету үшін біз қоғамда тарихи сананы қалыптастыруымыз қажет. Бұл ұзақ уақытты талап ететін процесс және оны қалыптастыруда ғылыми зерттеу мекемелері, музейлер, мектептер негізгі рөл атқарады. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының да алар орны бөлек. Неғұрлым кеңінен ақпарат жариялап жүрсек, жастардың да соғұрлым қызығушылығы оянады дейді.
Сәтті сұхбат соңында Әзілхан Тәжекеев Аралдың төл басылымы арқылы Арал аумағындағы археологиялық мәдениеттің ерекшелігін халық назарына ұсынуды жөн санады.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ботай мәдениеті, атқа міну салтын ерекше атап өтті. Міне, сол Ботай мәдениетімен замандас, терезесі тең деңгейде дамыған мәдениет осы Арал өңірінде «Келтеминар» деп аталған. Келтеминар мәдениеті б.з.б 3-4 мың жыл бұрын Арал өңірін ежелгі балықшылар мен бақташылар мекендегенін көрсетіп отыр. Олардың ескерткіштері мен жерлеу мәдениеттері сақталмаса да, ауылдарының орындарында керамика, қыш ыдыстарының сынықтары табылды. Сол себепті Сыр өңірінде тарихы бай жер Арал өңірі деп танылады. Өкініштісі, бұл өңірлердегі зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 40-50 жылдары ғана жүргізілген. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың соңында аз ғана барлау жұмыстары жүргізіліп, тоқтатылды. Келтеминар мәдениетін кеңінен зерттеу үшін кешенді экспидиция жұмыстары жасалу керек деп есептеймін. Сол кезде ғана ең ежелгі халықтар жайында деректерге қол жеткіземіз. Тағы бір ерекше ескерткіш Арал теңізінің кепкен табанынан табылған «Арал асар» ауылы мен Кердері мовзолейі. Бұл жайында біраз зерттеу жүргізілді. Алтын орда дәуірімен мерзімделетін бұл ескерткіштің мәліметіне қарап Арал теңізі ХІV ғасырда тартылып, орынында егістік алқаптары болғандығын көрсетіп отыр. Тағы бір ерекшелігі Бегім ана сияқты әлі күнге дейін құпиясын жасырып тұрған мұнаралар, мовзолейлер мен ескерткіштер өте көп. Міне, осы ескерткіштерді кеңінен зерттейтін жастар көбейсе, – дейді.
Сан ғасырдың сырын ашуға арқау болған археологпен арадағы әңгімеден түйетін ой көп. Ел болашағы сәулелі болу үшін тарихты терең ұғыну борышымыз. Тарихымыздың тамырына қан жүгіртетін ынталы жастар көп болғай!
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
26 ақпан 2019 ж. 1 496 0