Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қара шаңырақ

Қара шаңырақ

Дүние дөңгелеп, уақыт жүрісінен жаңылмай тұрғанымен, талай өзгерістер, қаншама оқиға орын алды. Олардың арасында атамекенін аңсаған қаншама жан жат топырақта көз жұмды. Атажұртқа қайтып келіп, туған топыраққа тағзым еткен талайды көріп, көңіл босады, көзге жас келді. Мемлекетімізде өзге елде жүрген миллиондаған қаны қазақтың елге оралуына мүмкіндік берген «Нұрлы көш» бағдарламасы бізді осының барлығына куә етті. Солардың қатарында біздің елімізге келіп, қоныстанып қалғандары қаншама?! Бірі тағдырдың тауқыметімен, бірі уақыттың ағымымен келіп, қазақтың қадір-қасиетін ұғынды. Қонақжайлығына тәнті болды. Расында «біз қонақжаймыз» деген тек ұран емес, шын мәнісінде өзгеше дүние екенін, қазақтың тәрбиесінің қаншалықты терең екені төмендегі әңгімемізден-ақ байқалар. Тіпті соңғы кездері өзіміз ұмытып бара жатқан «қара шаңырақтың» құндылығын да әңгіменің авторы Ерсін Ерғалиевтің осы жазбасынан жаңылмай танимыз. Бірлік пен ынтымақ ұлықталатын осы бір айтулы мереке қарсаңында Петр атты неміс баласының қазаққа шексіз құрметі баяндалатын осы туындыны назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағының басшысы И.Сталин күдіктенген ұлттарды қудалады. Соның нәтижесінде, Еділдің ен бойына қоныстанып, қос қапталын еміп жатқан ежелгі немістер мен қалмақ, ноғай, татарларды жылы ұясынан түп қопарып Қиыр Шығысқа және Қазақстанға көшірді.
1942 жылы қаңтар айында ауылға неміс ұлтының өкілдерін аш-жалаңаш көшеге әкеліп тастап кеткен еді. Сол бейбақтарды қазақтар үй- үйге бөліп алып паналатты. Суық пен аштықты өткерген көптеген неміс азаматтары бақилық болды. Соғыс аяқталған соң немістер елдеріне орала бастады. Сол кезде ерлі-зайыпты неміс отбасы ешқайда кетпей ауылда қалды. Бірақ соғыстың зардабын татқан олардың ғұмырлары қысқа болып, ауылдастар олардың мәйіттерін арулап жер қойнына берді. Артында қалған олардың жалғыз ұлын бір боқмұрын балаға зар Құсайын ақсақал кемпірі екеуі бауырына алды. Баланың құжаттағы аты – Петр болатын. Құсайын атамыз оның әкесіне обалдық жасамайын деп баланың аты-жөнін өзгертпеді.
Сонымен... Жылдар өтті. Мен ол кезде оқу жасына жетпеген баламын. Петр қазақ тілді ауыл мектебінің 8 сыныбында оқып жүрген. Оны ауылдың үлкен-кішісі Петя деп атайтын. Анам мұғалім, кейде онымен ілесіп мектепке барғанда осы Петямен тез тіл табысатынмын. Петя оқуын бітірген соң ары қарай оқымай шал мен кемпірді қарайлап жанында қалды. Әскерге барып келгеннен кейін ауылдың қара домалақ қызы Сараға үйленді.
Петя мен Сара әкесі мен анасының қолдарын жылы суға малды десе де болады. Ал ақсақал мен кемпірінің ермегі Петяның сап-сары балалары болатын. Құсайын мен кемпірі дүниеден өткен кезде Петр оны мұсылман дәстүрімен жер қойнына берді.
Мен де ол кезде оқуымды бітіріп шетке кеткен едім. Ұзынқұлақтан Германиядағы Петяның немере ағасы табылып, Петяны бала-шағасымен Германияға көшіріп әкетіпті деп естігем. Екі ортада Сара апамыз Еуропаның төрінен бірақ шықты...
Біраз жылдар өтті. Бірде жолым түсіп көлікпенен ауыл жаққа бет бұрып келе жатыр едім, жол үстінде ерлі-зайыпты адамдар тұр екен. Отырғызып алдым. Ер адам еуропа тектес, әйелі қазақтың қара қызы. Содан әңгімеден әңгіме туып, оны өзіміздің Петя екенін таныдым. Шұрқырасып амандастық. «Германияға көшіп кеткен сияқты едіңдер бұнда неғып жүрсіңдер» дедім... Менің таңданып тұрғанымды аңғарған Петя: «Германияны тастап баяғы да қайта көшіп келгенмін» деді. «Германия жақпады ма, неге қайтып келдіңіз?» деп сұрадым.
Петя терең тыныстап күрсініп қойды, ауыл шетінде көрінген қорымға қарап «Сенің анаңнан тәлім-тәрбие алдық, ол кісі әр балаға өз баласындай қамқорлық жасайтын, ал біз оны анамыздай жақсы көрдік, иманжүзді адам еді, иманы кәміл болсын»,– деп іштей күрсініп қойды. Менің де анам туралы айтқан лебізіне жүрегім босап кетті.
– Иә, Германияға көшіп бардым, тұрмысымыз жақсы болды, бірақ дүниеге келгелі бері қазақ арасында, қазақ отбасында тәрбиеленген менің бойыма қазақы қасиет әбден сіңгенін сонда түсіндім. Кейінгі кезде түсіме жиі-жиі Құсайын әкемнің ауылдағы үйде тұнжырап отырғанын көретінмін «неге мұңаясыз?» дегенімде, «мына қара шаңырағымды кімге тастаймын деп уайымдап отырмын» деп күмілжіп маған қарайтын. Осы кезде ғана тарихи отанымда жүрген менің «қара шаңырағымның оты өшпесе екен» деген әкемнің ертеректе айтқан тілегінің мағынасын түсінгендей болдым. Жарықтық мені туған ұлдарынан кем көрген жоқ, бағып-қағып жетілдірді. Содан «басқа елде сұлтан болғанша өз елімде ұлтан болайын» деп, отбасымды ертіп ана зиратта жатқан әкемнің басын іздеп елге қайтып келдім. Әке аманаттаған қара шаңырағының отын өшірмейін деп тегімді Абдрахман Құсайынұлы, ұлтымды «қазақпын» деп өзгерттім, мұсылман дінін қабылдадым. Елім Әбеке деп сыйлайды, одан артық маған не керек?! Қазір сап-сары, көк көз қазақ немерелерім үйде шауып жүр, –деп жымиып қойды. Мен де қазақ халқына бір қазақтың қосылғанына риза болдым, үйіне дейін жеткізіп, онымен қимай қоштастым.
Иә, жол бойы ойланып келдім, менің жүрегімде де туған ауылыма деген сағыныш бар, бірақ Абдрахман (Петр) сияқты ата-баба аманатына адалдығым, құрметім бар ма?! Егер Абдрахман сияқты әрбір қазақтың қара шаңырағына, бабалар аманатына құрметі болса бүгінгі күні тіл мәселесі, жер мәселесі туындамаған болар еді.

Фото: ernur.kz
30 сәуір 2024 ж. 829 0