Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ойын қайда, оқушы?

Ойын қайда, оқушы?

Кеше
Жаз келді жадыраған кезін алып,
Әлем күлді ажары нұрға ғашық.
Бір балақай барады қозы бағып,
Ұйқысынан көздерін тырнап ашып.

Күн сүйгенде даланың төңірегін,
Шаттығың мен көңілің ортаймайды.
Бір балақай бұзауын мөңіреген,
Ауылдың сыртына әкеп арқандайды.

Жүздері шат тұрғандай басында бақ,
Бірі жүр қамшылаумен құлыншағын.
Анау жерде екі қыз шашын тарап,
Еркелетіп ойнайды қуыршағын.

Бірі оқушы, біреуі мұғалім боп,
Ойнайды топ балалар сабақ көріп.
Әжей отыр ұршықпен "Шырағым" деп,
Немересін отқан жүн тарап беріп.

Енді бірі таяқты ат қып мініп,
"Шу, шу" дейді, қиялмен жарысады.
Анау қырдың басында ытқып тұрып,
Бір топ бала балуанша алысады.

Неткен ғажап даланың бүгін нұры,
Ойын үшін күткендей сәтті бәрі.
Асық атып, арқалап бірін-бірі,
Тағы бірі домалап доп қуады.

Көкке ұшып етеді талабын құс,
Арманын бір сәт іште сақтамайды.
Анасы дегенімен "тамағыңды іш",
Қызық ойын ешқашан тоқтамайды.

Қозыдай кең далада өрген егіз,
Осылайша арманға жүргенде еріп.
Үйге кіре қоймайтын сол кезде біз,
Үйден шықпас ұрпақты білген бе едік?

Бүгін
Ұмытып тіпті кетесің,
Білмеймін, біз не сұраушы ек?
Бір бала көрдім, "– Әкешім,
алайын" – деді "планшет".

Арманы осы, не етесің,
Қиялдап кеттім мен алыс.
– Қайтесің? – деді, әкесі,
– Келді ғой үш ай демалыс.

Арқадан қағып баласын,
Басынан сипап сүйініп,
– Жүре ғой, қазір аласың,
Үйге бар, тез шық киініп.

Киімін алып жүгірді,
Жаулады киімі жанарды.
Сол сәтте көзге бұрынғы,
Жалаң аяқ кезім оралды.

Жаз келді деген себеппен,
Жарға құларын біліп пе?!
Балаға қарап кенеттен,
Көз түсті көзілдірікке.

Өзінің ұлын сүйікті,
Көреді дейді биікті.
Әй, қайдам, көру құралын,
Жасынан ерте киіпті.

Сырымды қайтем ақтармай,
Барамын ұзақ ойланып.
Болашағымыз жатқандай,
Бір құрылғыға байланып.

Осы жай ойды өртеді,
Анығы мұны кім ұққан?
Егемен елдің ертеңі,
Ұрпақ емес пе шыныққан?!

О. ЖОЛДАСОВ
Сурет: tolqyn.kz
25 маусым 2024 ж. 565 0