Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазыналы қарттар еді

Қазыналы қарттар еді

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына таман елімізде "жылымық" деген жаңа леп пайда болды. Қатып қалған қатаң тәртіп жеңілдеп, еркіндік сезіле бастады. Мұртты көсемнің қысымымен түрмеге қамалғандар от басына оралып, қуаныш көбейді. Ел еңсесін тіктеп, сөйлер сөзін, айтар ойын бұқпай, ықпай жария етіп жатты. Әрине, ұзақ жылдар бойы басылып, жаншылып қалған, құрсауға түскен жүрек бірден бұлқынып кете алмауы табиғи жағдай. Дегенмен халықтың шырайынан шаттық атты шын сезімді байқау қиын емес еді.
Балықшы қауымның мол олжасы колхоздардың тарап, мемлекеттік аулау мекемесіне ауысуы болатын. Бұрын колхозшыға төлқұжат берілмеді. Содан да олар қалаған жеріне кете алмады. Енді еркін адам ретінде балаларын ірі қалаларға жіберіп, оқыта бастады. Өздері қартайғанда зейнетақы алатын болды. Бұл аз қуаныш па?!
Көптің бірі болып біз де аудан орталығына көшіп келдік. Жұмысқа жегілдік. Қатарымызға қарап тұрғын үй тұрғызуға кірістік. Құжаттарын реттеп, іргетасын құйып жүргенімде әкем жаныма келді. Әрбір ісімді сынақтан өткізгендей қарап шығып, бағасын беретін. Бұл жолы да солай болды.
– Балам, ісің берекелі болсын. Іргетасын кең етіп құйыпсың. Дұрыс! Енді ішкі бөлмелері қалай бөлінеді, соны айтшы? – деді.
Мен сызып қойған қағазымды қалтамнан шығарып, алдына тостым.
– Мынау сіздердің, анау балалардың бөлмелері. Мына үлкен бөлме қонақжай, – деп түсіндіре бастадым.
– Қонақжайыңды үйдің күн түсетін жағына шығар және терезесі маңдайына емес, қапталында болсын, – деп. бетіме қарады. Мен келісетінімді білдіріп, басымды изедім. Ішімнен "не үшін өзгертілді?"деп ойлағаным рас.
Заманның өзгерісі дінімізге де жеңілдік әкелді. Енді өлікті жерлеу, марқұмға құран оқу ашық түрде өтетін. Қалтасына партияның қызыл билетін салғандар ғана жасырынып барып, жаназаға қатысуға бірінен-бірі қорқып, ұрлық жасағандай кепкісін көзіне түсіре киіп, күлкілі кейіпке түссе, кезінде молданың алдын көріп, медіреседе оқып білім алған көптеген қариялар намазын уақтылы оқып, оразасын ұстап, Жаратушының алдындағы парыздарын өтей бастаған. Біздің әкей ауылдағы медіреседен білім алып, білікті ұстазының батасымен Бұқараға барып, одан әрі жетіліп келгенінде "бөрік ал дегенде бас алған" асыра сілтеуге тап болды да бар білгенін жарыққа шығара алмай ішіне бүкті. Енді мына жеңілдікті пайдаланып, ораза, намазын қайта бастаған. Алдындағы ағалары басынан кешкен сұмдықтарды көзімен көргендіктен ашық кете алмай үй ішінде ғана құлшылығын жасайтын.
"Ертең ауыз бекітіп, ораза ұстаймыз" деген күні менің қолыма бірнеше адамның адресі жазылған қағаз беріп, "осы кісілерді кешкі шәйға шақырып кел" деп тапсырды. Тізімдегі адамдардың бәрі таныс болатын. Олар әкейге жиі келіп, әңгімелесіп, кейде тіпті дауыстары қатты шығып, таласып жатқандай әсер беретін. Бірақ олардың сөзіне құлақ салып, араласқан емеспін. Менің өз шаруам өзіме жеткілікті еді.
Сол күні жұмыстан кеш келдім. Тамақ ішіп отырғанғанда қонақ бөлмеден әкемнің қоңыр дауыспен Құран сүрелерін оқып жатқанын естідім. Бұрын да талай оқып жүргенін білемін ғой. Алайда мынадай ұзақ әрі қаттырақ оқығанын байқаған емеспін. Біраз уақыттан соң қобырлаған адамдар бөлмеден шыға бастады. Күндізгі өзім үйлеріне барып шақырған қарттарым. Бәрі көңілді. Қос қолымды созып сәлем бердім. Кейбіреуі құшағына басып, мені көптен көрмегендей ықылас танытып жатыр.
Сәлден кейін әкем жаныма келді. Өзімді шақырып алмай жаныма келгеннен-ақ әңгіменің маңызды екенін ұқтым. Өзі де біраз шаршаған сияқты. Содан келгеннен сөзін ширақ бастады. Көзіме тура қарап тұрып:
– Балам, ертең қасиетті ай – Рамазан басталады. Ай бойы Құптан намазынан кейін жамағатпен тарауық намазын оқимыз. Оның алғашқы намазы бүгін оқылды. Өткенде қонақ бөлмеңді күн жаққа көшір дегенім, осы жамағатқа ыңғайлы болсын дегеннен еді ғой. Білем, сенің де қонақтарың бар келетін. Оларды күндізге шақыр. Осыны есіңе салып қойғым келді, – деді
Күнде ауыз ашып бола үйге қарттардың келуіне үйрене бастадық. Балаларым бірінің кәлешім алып, бірінің таяғын ұстап және бірінің қолына су құйып қызмет көрсетеді. Кейде таласып қалады. Жыл сайын ораза кезіндегі бұл жайға үйренгеніміз сондай, кейде олардың бір-жары әлдебір себеппен келмей қалса кәдімгідей іздейтін болдық. Қарттарды балалар өздеріне меншіктеп ат қойып та алып еді. Шалғынбайды "батагөй ата" деп, Сабырбайды "күлдіргіш ата" деп, Қазыбайды "ұмытшақ ата" деп айтады. Аттарын өздеріне айтқанда тарқылдап күлгенін айтсайшы. Шалғынбай қолына су құйғанда "бақытты бол, балам" десе, Қазыбай бірде көзілдірігін, бірде таяғын ұмыта береді екен. Сабырбай баланың тілін қызықтап, түрлі сұрақ қойып, өзі күлкілі сөздер айтса керек.
Сол қарттар кезегімен "келместің кемесіне мініп", мәңгілік мекеніне жол тартқаны қашан. Біздің балалар да ержетті. Үйлі-баранды болды. Аталарынан естіген сөздерін айтып, кейде еске түсіретіндері бар. Қазір мен де солардың жасына жеттім. Бірақ сол қарттардай қадірлі емеспін. Мақтанғаным емес, бір адамдай әңгіме білемін, айта да аламын. Бірақ тыңдаушысы жоқ әңгіменің қандай қыйсыны бар? Сен сөйлей бастағанда басқа жаққа құлағын тосып отырса, не телефонын шұқылап кетсе айдалаға айтқандай болып шықпайсын ба?
"Осы күнгі жастар олай да былай" деп жазғыруға жақсымыз. Сол жастар аспаннан түскен жоқ қой, өзіміздің балаларымыз, немерелеріміз. Оларға үлкенді сыйлаңдар, құрметтеңдер деп айтып та жүрміз. Бірақ өзіміз қарттардың қазыналы сөзін ұғып, санамызға сіңіріп өстік пе? Қайдам...
Оңдасын БЕКТҰРҒАНОВ

Сурет: Нұрболат Нұржаубай
04 наурыз 2025 ж. 71 0