«ТӘЙ-ТӘЙ» ҚАЙЫН АҒА

Арал мұражай құжаттарында ол туралы жиі ұшырасатын «1948 жылдан 1958 жылға дейін аурухана меңгерушісі болып қызмет атқарған Надежда Андреевна Оцун мен Жалғас Мәмбетәлиев екеуі аурухананың ауласын бұрын-соңды Қамбаш тарихында болмаған күйде мықтап көгалдандырды» деген тарихи жолдарды оқисыз.
Шын мәнінде, ауыл ауруханасын ғана емес, бүкіл ауылдың гүлденуіне, тұрғындарының тұрмысы оңалып, денсаулықтарының нығаюына да айтарлықтай ықпалы болған бұл қос тұлғаны ауылдықтардың көз көргендері күні бүгінге дейін мақтан тұтады.
Петербордан (ол кездегі Ленинградтан) жер аударылып келген, мамандығы дәрігерлік фельдшер, аяғы ауыратын, жасы келген, еврей ұлтының өкілі әжеміз Надежда Андреевнаны есегіне мінгізіп, ауылды аралатып, жұқпалы ауруларға қарсы екпе ектіріп, науқастардың жағдайын тексертіп, күйі нашарларын ауруханаға жатқызып, жақсылап тамақтандырып (ол кезде, соғыстан кейінгі жылдары халықта жөнді тамақ та бола бермейтін ауыр кезең-ді), тұрғындарды үнемі қамқорлыққа алып, қадағалап жүретін екеуі халықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөленген жандар еді.
Осы бір қарапайым да ұлы адамдарды асқан адалдығы, тұрғындарға ерекше қамқорлығы үшін халықпен бірге менің шешем Зиба да аса құрметтейтін.
Надежда әжейді «доғдыр» апа десе, Жалғас әкемізді «тәй-тәй» қайын аға деп атайтын шешеммен арадағы қарым-қатынастары, сыйластықтары елден ерек болды.
Әсіресе сол кездің жазылмаған заңы бойынша жұмыс арасында «жүз грамдатып қою» қалыпты жағдай болғандықтан, яғни Жалғас әкеміз дүкенші болып істейтін шешеміздің үйде тұратын арақ-шарабынан үнемі «ауыз тиіп кетуді» әдетке айналдырып алған-ды.
Соғыс ардагері, оқ тиген аяғын сүйретіңкіреп жүретін Жалғас әкеміз еш асықпайтын, өте сыпайы әрі сабырлы болатын. Осындай ұстамды мінезіне қарап, шешем оны «тәй-тәй» қайын аға деп қатты құрметтейтін. Жалғас әкеміздің өмірлік жары болған Ольга Петрқызы да тағдыры талайлы жан еді. Екеуі 1913 туған түйдей құрдас болатын.
Тағдыры талайлы демекші, Жалғас әкеміз «байдың баласы» деп қудаланса, асыл жары Ольга «украиндық кулактың қызы» деп қудаланды. Екі мұңлық қазақ даласында табысып, бас қосып, өркен жайды, балалы-шағалы болды. Бақыт құшағына енді.
Текті де қарапайым адамдардың ерекше мінезі болады ғой. Ольга шешеміздің қарапайымдылығы сол, ешкімді алаламайтын еңбекқор жан болатын. Көрші тұрдық. Өмірі ашу шақырғанын көрмеппін. Тіпті бүгінде қит етсе дәріптеліп жататын өзге ұлт өкілдері сияқты емес, украинның қызы екенін де білмеппіз. Қазақтың өнегелі қыздарының бірі шығар деп келдік.
Ал Жалғас әкеміздің жайы тіпті бөлек. Жұмыс арасында үйге келіп, «жүз грамын» тастап жіберді де, әңгімесін бастайды. Әсіресе, мектепте мұғалім болып қызмет атқарып жүрген шақтағы оқушылардың қызықтарын айтудан бір жалықпайды. Құдды бала секілді. Біз үй ішімізбен жадырап сала береміз. Жартылай ішілген арағын біреулер ішіп кетпесін деп бөтелкесін жасырып қоямыз. Біреулеріміз алдына «закускасын» тоса қоямыз. Нанды құмарлана иіскеп, аузына тастап жібергені, тіпті ғажап! Қысқасы, Жалғас әкемізге қызмет етуді бала болсақ та, мәртебе санайтынбыз.
Кейін, есейе келе қалтасынан босқа ақша шығармасын деп, Бозғұл әкеміз екеуіне жұрттың іше алмай кеткен арақ-шараптарын жинап қоятынды шығардық.
Үйге арақ-шарап ішуге келгендер неше түрлі тақырыпта сөз қозғайды. Соның ішінде, Жалғас әкеміз туралы да анекдотқа бергісіз әрекеттерін сөз етіп отыратын.
Сондай бір басқосуда соғыс ардагері, балық саласының ірі маманы, әкеміз Махамбетәли Еламанұлы Жалғас әкеміздің бір «қожанасырлық» мінезін айтып қалды.
«Біз «заңсыз балық аулап жүргендерді бақылау» рейдіне шыққанбыз. Күн ұзақ көлдің бетінде қайықпен жүзу де оңай емес. Жігіттер әбден шаршады. Жігіттердің бірі:
– Мәке, шаршадық! Шаршауды басатын «бірдеңе» болса!... – деді. «Бірдеңесі» белгілі нәрсе ғой!
– Ай, жігіттер-ай! Көлдің бетінде қайдағы «бірдеңе»?! – дедім таңдана. Жігіттер де «бірдеңеден» дәмелі боп қозғалақтап қалды.
– Мәке, саспа! – деді әлгі «бірдеңенің» ұштығын шығарған жігіт қулана. – Жүр, Жәкеңнің «кафесіне» соғайық! Мен ештеңе түсінер емеспін.
– Көлдің үстінде қайдағы «Жәкеңнің кафесі»?! – дедім. Әлгі жігіт қайықты жеделдете есіп, көлдің бір жеріне алып келді де, көрінер-көрінбес боп тұрған бояқты (ауға іліп қойған қалтқы) суырып кеп қалды. Бояқпен бірге бір бөтелке арақ та сумаң етіп шыға келді.
Біз қуанғаннан қайықтың бір қуысында қыстырылып тұрған стақан мен «закусканы» суырып алыстық. «Бас жазып» алғаннан кейін жігіттердің жүзіне қараймын. Шамасы, әлгі «бірдеңе» аз боп қалғандай, жан-жақтарына қарағыштай береді. Сөйтсем, жігіттердің бәрі де бұрыннан біледі екен ғой! Жәкеңнің ауының екі жағында да әлгі «бірдеңенің» ілініп тұратынын. Ай, қулар-ай! Бастықтары болған соң, маған айта алмай, қаймығып тұрған екен ғой!
Екінші «бірдеңені» «жұқалап» жатқанда, бір қуақылау біреуі:
– «Жәкеңнің кафесі» деген осы! Әлгі «бірдеңелер» Жәкеңнің «паролі» ғой! – деді. Бұл пікірді бәрі мақұлдап, бас изесті» деп сөзін сабақтаған.
Мұны естігенде, арақ ішіп отырғандар түгілі, бала болсақ та, біздер де мәз болыстық. «Ай, Қожанасырымыз-ай!» дестік.
Тағы бір жайтты шешемнің «Наубай» қайын ағасы Бозғұл әкеміздің баласы Елдос былайша сабақтады.
«Бауырларыммен есіктің алдында ойнап отырғанмын. Иығында қабы бар Жалғас ата ауыл шетіндегі ауруханаға аяңдап кетіп бара жатқан. Кенет қабынан бір сүт консерві суырылып түсіп қалды. Біз әрі-бері айқайлап Жалғас атаны тоқтатпақшы болған едік. Ол құдды саңырау адамдарша селт етпестен ілгері аяңдай берді. Біз сүт консервіні құшақтап қала бердік.
Сәлден соң, «қарт адамның жыртық қабынан барлық азық-түліктері түсіп қалып, аурулар азықсыз қалар» деп ойлап, ауруханаға дейін ізінен еріп баратын болдық. Бір қызығы, біз есік алдында ойнап жатсақ, бір сүт консерві міндетті түрде түсіп қалады. Артық түспейді.
Кейіннен білдік қой, сол кездегі өріп жүрген кеңестік жансыздардан қорқып, бізге, балаларға тікелей бере алмай, білдіртпей бір-бірлеп тастап отырады екен-ау! Біз, балалар, оны қайдан білейік!»
Осы пікіріне және бір пікір қосқан Елдос жүрек тебірентерлік тағы бір жайтты айтты.
«Ұмытпасам, – деді ол – 1978 жылдар-ау! Таң енді атып келе жатқан шақ. Кенет шырт ұйқыда жатқан біздерді біреудің есікті қатты қаққаны селт еткізіп оятты.
– Бозғұл-ай, Бозғұл! Жалғас қайтыс болды ғой! – деп есіктің арғы жағынан бір ересек адамның аңырап жылап тұрған даусы естілді. Сол, сол-ақ! Әкемнің: «А-а, не дейсің!» деп шошына шыққан даусы естілді. Біздер бұл хабарға үрпиісіп қалдық. Бір-бірімізге тығыла түсеміз.
Әкем қалбалақтап жүріп, есікті әрең дегенде ашты-ау! Ашты да, үйге аңырап кіріп келе жатқан әкемнің досы Сағижанды құшақтай алды. Екеуі көрісіп, солқылдарын баса алмай ұзақ жылады.
Біз бала болсақ та, қатты елжіредік. Олардың достығындай достықты, шын жанашырлықты әлі күнге кездестіргенім жоқ!» деп әңгімесін аяқтаған. Ольга жеңешеміз де 1989 жылы қайтыс болғанға дейін достарынан бір ажыраған емес.
Иә, «достық» деген, әсіресе, «шынайы достық» деген ұғымдар соңғы кезде ұмытылып, орнына ұлтымыздың «жан жарасына» айналған «дүниеқоңыздық», «ашкөздік» ұғымдардың орын басуы үлкен қасіретке айналып келеді. Ұлтымыздың «рухани қасіреті» дегеніміз осы ма екен?! Шынайы достық деген ұғымдар қайта оралар ма екен?!
Нұрбай ЖҮСІП
Фото: автордан