Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Толқынысқа толы күн

Толқынысқа толы күн

Бүгін менің әкем Нұрбай Жүсіп Олжайұлы 70 жасқа толып отыр. Бұл күн – біздің отбасымыз үшін ерекше толқынысқа толы күн.
Осы мерейтойға орай, мен өмірдегі ең асыл адамым – әкем жайлы жүрекжарды ойларымды, перзенттік ризашылығымды білдіргім келеді.
Әкем 1955 жылы 19 шілдеде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын тәмамдап, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, жүздеген шәкіртке сапалы білім, саналы тәрбие берген.
Ол – тек ұстаз ғана емес, журналист, қаламы жүйрік қаламгер, өткір тілді публицист, елдің мәселелеріне бей-жай қарамайтын күрескер азамат. Әрбір мақаласы – шындықтың үні, әділдіктің дауысы.
1987 жылы Қамыстыбас ауылында «Саяси клуб» ұйымын құрып, ұлттық мәселелерді талқылауға ұйытқы болса, 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті бөлімшесіне жетекшілік етіп, тіл тағдырына алаңдап, күрескерлігін көрсетті.
Әкем өмір бойы елге, халыққа қызмет етіп келе жатқан адам. Ол екі мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Одан бөлек, «Арал ақиқаты», кейін «Үмітті Арал» газеттерінің редакторы ретінде қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ашық жазып, қоғамда әділдік орнауына өз үлесін қосты. Әкемді шындықты бетке айтатын, ешкімнен қаймықпайтын, ұлт үшін жаны ауыратын қайраткер ретінде көпшілік таниды.
2011 жылы жарық көрген «Асылдан туар асылдар немесе ұлттық рухты ояту» атты кітабы – ұлт мүддесі жолындағы өлшеусіз еңбегінің нәтижесі. Бұл кітап  жас ұрпақты оятуға, рухани серпіліс жасауға бағытталған терең толғамдарға  толы жинақ.
Айта кететіні, маған жазу өнерін үйреткен – әкем. Қазір мен әкемнің маған көрсеткен жазу шеберлігімен, сауатты ойлауға баулыған тәлімімен, грамматикалық дәлдікке үйреткен жолымен келе жатырмын. Әлі есімде, шамның әлсіз жарығында отырып, әкем маған әңгіме жазуды, өлең шығаруды үйрететін. Сол кезде мен алғаш рет сөздің құдіретін, ойдың салмағын түсіндім.
Әкемнің балалық шағы да оңай болмаған. Әкесі майданнан ауыр жараланып келген соң, ерте қайтыс болып, анасы да ауыр дерттен көз жұмған. Жетімдік, жоқшылық, аштық, суық – барлығын бастан өткерген. Бірақ, өмірдің қандай сынағы болса да, қайтпай, сынбай, мойымай, тік тұрып, намысшылдығымен әрқашан алға ұмтылды. Әкеміздің осындай қайсар мінезі бізге әрдайым үлгі.
Бала күнімнен әкемнің қайтпас қайсарлығын көріп өстім. Мотоциклін мініп алып, балық аулап келеді, түнімен оны жуып, ыстап, сатуға дайындайды. Таңертең мектепке сабақ беруге кетеді. Анам сол балықты алып, пойызбен басқа ауылдарға сатуға шығады. Кешке әкем жұмыстан үйге келіп, от жағып, бізге тамақ пісіріп, одан қалса, бөшкелеп су тасып, жатарда ертегі айтып ұйықтатады. Сабағымызды да қадағалап, киімдерімізді дайындап, жуындырып та алатын. Ол кезде судың өзі сағатпен ғана ағатын. Иығына 1 бөшке суды арқалап, арғы беттен келетін әкемнің қайратына әлі күнге дейін таң қаламын. Ол аздай, үйде жарық жоқ болатын. Оған да қарамай, шамды жағып жіберіп, шәй ыдыстарын бір шетке жинастырып қойып, қағаз-қаламын алып, ерінбей жазуын жазып отыратын. Қазір ойласам, осының барлығын көтере білген, тұрмыстың ауыртпалығына сынбаған әкем не деген қайратты болған деймін?! Осының бәріне шыдауға темірдей төзімді, қайтпас қажырлықты қайдан алған? Шаршамайтын, ешқашан берілмейтін не деген қайсар мінез, ерік-жігер?!
Өмірдің қиындықтарымен арпалысып жүрсе де, әкем шығармашылықты бір сәтке де тастаған емес. Қоғамдық мәселелер, ұлттық сана, тарихи тақырыптар туралы  үнемі жазып отырды. Арасында өткір мақалалары үшін қудалауға түскен кезеңдері де болды. Бірақ, әкеміз сынатын адам емес. Ешқашан  айтқанынан қайтпайтын. Сол кезде әкемнің биік рухына тәнті болатынмын.   
Қазіргі таңда ауыр дертпен күресіп жатса да, жазу өнерінен қол үзген емес. Әлеуметтік желілерге жастарға бағыт-бағдар беретін ойлы, өткір жазбаларын тұрақты түрде жариялап отырады.
Әкем маған үнемі: «Ақылды бол, сабырлы бол, мақсатыңа жету үшін төзімді бол» деп айтып отырады. Бүгінгі күні тура жолдан таймай, адалдықтан айнымай қызмет етіп келе жатқанымыз – әкеміздің даналылығының, тәлім-тәрбиесінің арқасы.
Мен әкемді шын жүрегіммен мақтан тұтамын. Оның өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі, қайсар рухтың көрінісі. 70 жасқа келіп, балалары мен немерелерінің қызығына бөленіп отырған әкеміздің өмір жолы біз үшін үлкен мақтаныш.
Қымбатты Әкешім! Сізді мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеймін. Қаламыңыз мұқалмасын, рухыңыз биік болсын! Балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығына бөленіп, арамызда аман-есен жүре беріңіз!
Н.НҰРБАЙҚЫЗЫ
19 шілде 2025 ж. 51 0