Өлең оқып отырайық

100 шақырым
Ұлым-ау
Мына, әкеңнің тыңда өлеңін,
Жыламашы да ,күте тұр жазда келемін.
Жақсы көр, сүйші, қатал өмірде адамға ,
Сезінсең деймін бәріне әке керегін.
Ұлым-ау
Жыла, ата-анаң барда себепсіз,
Мазар екенін білдірші үйдің бөбексіз.
Былдырлап тұрып "әке"деп айтсаң жетеді
Бәзбіреулерге әкені еткен керексіз.
Ұлым-ау
Оян, жатысқа әлден үйренбе,
Танисың бәрін санаңа әлің тигенде.
Ойланып басты шайқарсың сосын айтарсың:
-Табиғатқа тал, жіберер бізге сый демде.
Ұлым-ау
Сенің, үйренерің көп үйіңнен,
Өрнегі бөлек, өмірдің өзі түйіннен.
Жақсы көр, сүйші, бірақ та ұлым ұмытпа,
Кеш сермеп қолды, бір шықпа менің күйімнен.
Ұлымау
Менің, күте тұр келем бір күні -ай,
Балқытып барад еріксіз сәби күлкің-ай.
Марқұм әкем де осылай етіп хат жазып,
Шыдай тұр,балам, келемін десе, шіркін - ай...
Жалған базар
Күтесің нені, өмірдің жалған базары,
Деймісің əлде ажары қайда ғажабы?!
Жалған базарда ақындар ұзақ сүрмейді,
Мазары құм боп, тарихта қалар жазары.
Бағытың қайда? Бақытқа қалай барамыз?!
Атақ пен мəнсап уланған оңай санамыз.
Əдебиет арлы жолама жарлы кейіппен,
Күйіктен олар кеудеңе салар жаралы із.
Өтермін бір күн, тарихқа оймен жүгірдім,
Өтерін білдім өмірді қой деп түңілдім.
Қаралар азған өсекке біраз іліндік,
Бабалар жазған өсиетке сосын үңілдім.
Біршама уақыт өзімді таппай сенделдім,
Ойменен шалқып келе ме жырмен емделгің.
Дəмінен ащы татып ап жалған базардың,
Тоздырып табан Арқа шаһары мен келдім!
Қабір басындағы ой…
Бұл қабірде жатыр қанша тасқамал,
Сол қамалда үлкен, кіші, жас та бар.
Дүниенің дүкенінде жүрсең де,
Бәрі жалған, бәрі өтірік, бос қалар.
Сен де байсың, мен де баймын – теңсіздік,
Е, Құдайым, жаратпасын көрсіз ғып.
Екі метр бұйырады түбінде,
Миллион гектар болса дағы жерсіздік.
Сен – кедейсің, мен де кедей дінімде,
Шүлдірлейміз әзер ана тілімде.
Құран қайда, ұран қайсы – білмейміз,
«Бәрі өтірік, өзім білем» бүгінде…
Сен оқыдың, мен оқыдым кітапты,
Сол кітаптар талай отты тұтатты.
Анау жаққа кімдер барып келді деп,
Жүрген жандар қалай ғана шыдапты?
Сен де көндің, мен де көндім халіне,
Ренжуліміз Жаратқанға әлі де…
«Бірақ» деген тосын сөз бар – түсінсең,
Арғы жақта емтиханның бәрі де…
Сен де биік, мен де биік көктедік,
Нәпсі қуып, тағдырды бос сөкпелік.
Иман жимай, ғибадатсыз ғұмырмен –
Әй, бауырым, босқа өртеніп кетпелік…
(Бұл өмірге келгендер жоқ көп келіп.)
Данияр ТӘҢІРБЕРГЕНОВ,
Қарашалаң ауылының тумасы