Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қолбасшы қамқорлығы

Қолбасшы қамқорлығы

Адам өмірі кітап сияқты. Сол кітапты парақтай отырып есте қалған күндер ойға еріксіз оралады. Қайталанбас жастық дәурен, ұмытылмас студенттік күндер жадыңда жаңғырады. Ал азаматтың басты борышы саналған қара нанды бөле жеген әскердегі кездер ұзақ уақыт санада сақталады. Ол кездегі армия екі жыл-тұғын. Қазақстан тәуелсіздігінің іргесі енді қаланып жатқан тұс. Бас-аяғы 730 күннің ішінде жауынгерлер әскердің қыр-сырына әбден машықтанып, командирлердің нұсқауымен көп нәрсені меңгеріп, бұғанасы енді қатайған бозбаладан тепсе темір үзетін азамат болып шығады.

Иә, жаңалық ашқандай әскери тірлік туралы кеңінен қаузаудың қажеті де жоқ шығар. Ер мектебіне баланған армияның жайы бесенеден белгілі. Тәптіштеп, патша көңілді оқырманды жалықтырудың қажеті де жоқ. Олай болса, бас тақырыпқа арқау еткен ел жанды Ертаев хақында сөз сабақтайын. Сабақтап қана қоймай, осынау тұлғаның қамқорлығы төңірегінде айтайын.
Ғасырлар тоғысы. Замандастарыммен бірге үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген Семей қаласын бетке алдық. Бізді таңдап, екшеген әскери бөлімнің өкілдері асқан қырағылықпен арнайы вагонге мінгізді. Ешнәрсенің байыбына бара бермейтін есерсоқтау біздер, «көресіні көрмей көрге кірмейміз» деп айтқанға көніп тәуекел қайығына міндік те кеттік.
Қазіргі таңда алаш жұрты 180 жылдығын атап өтіп, ғибратты ғұмырын кеңінен ұлықтауды қолға алған Абай Құнанбаевтың ізі қалған Абай облысына табан тіредік. Үлкен әскери гарнизон. Соғысқа қажетті техникалардың жеті атасы жиналған әскери қалашықтың қақпасына үркесоқтап ендік. Атамыз қазақтың «адам тілдескенше, жылқы кісінескенше» деген тәмсілдің шындыққа жанасатынын осы жерде аңғардық. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жалындай жастар бір үйдің баласындай бір-біріне бауыр басты. Мақсат айқын, бағыт бір. Таңертең таңмен таласа тұрып, қиындығы мен қызығы мол солдаттық күндерге көндіге бастағанбыз. Тәртіп те, талап та қатты. Соғыс – тәңірі деген атқа ие артиллериялық әскер шебінде бір-біріне ұқсамайтын күндер өтіп жатты.
Командирлердің нұсқауымен жүріп-тұруға етіміз үйренген. Әскери шенділер түрлі жаттығулардан бөлек, тыс уақытта футбол ойынының көрігін қыздыруды да ұмыт қалдырмайтын. Ала допты ортаға салған кезекті сайыс барысында бір күні  күтпеген жағдай орын алды. Қақпаға тұратын әдетім бар болатын. Бұл енді қиын іс. Күллі команда мүшелерінің жеңісі мен жеңілісі сенің мойныңда тұрады. Қысқасы, қарғыс та, мадақ та саған бағышталады. Сол себепті қарсыластардың шабуылына қайткенде де тойтарыс беру қажет. Сондай бір қарбалас сәтте өзім қатарлас бір жауынгермен соқтығысып қалдым. Әрине, әдейі емес, допқа талас барысында. Әлгі қаруласым орыс ұлтының өкілі еді. Не керек, сол жерде бәрі күрт өзгерді. Лезде ойынның басы-қасында жүрген жауапты офицерлер де жетті. Қатты зақымданып, аһ ұрған сары баланы әскери бөлім жанындағы санитарлық бөлімше қызметкерлері зембілге салып, алып кетіп бара жатқанда, мен қарапайым ауылдың қара баласы үрей құшағында абдыраған күйі қала бердім...
 Енді не болады деген сан сұраққа мазасызданып, жаным қиналды, көңіл құлазыды. Қасақана жасалған нәрсе емес деп, өзімді-өзім іштей жұбатып қоямын.
Бір мезетте:
–Қатардағы жауынгер Елешов, менімен бірге жүресің, – деген әскери бөлім командирінің дауысына бұрыла қарадым. Болатын нәрсе тездетіп болса екен деп отырған мен де сабырлы мінезінен танбайтын офицердің ізіне жайлап ілестім.
– Шығыс әскери округінің қолбасшысы генерал-лейтенант Ертаевқа бірге барамыз, – деді қызметтік «Волга» көлігіне қарай аяңдап. «Жазған құлда шаршау жоқ»  атынан ат үркетін генералдың есімін жауынгер ретінде сырттай білгеніммен, кабинетіне кіремін деп мүлдем ойламаппын. Тағдыр жолы Халық қаһарманы, Ауғанстан соғысының ардагері, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуына сүбелі үлес қосқан тұлғаның алдына апаруға жазса қайтпек керек, еріксіз көнесің.
    –Генерал, лейтенант мырза, артиллериялық дивизионның қатардағы жауынгері Абай Елешов қабылдауыңызға келіп тұр, – деді бөлім командирі, полковник Алшекенов сымдай тартылған күйі.
    -Кірсін. Командирімнің алдында ғана айтқан сөзін қайталап, кең залға имене басып ендім. Төрдегі алып адамның талайды көргені жүзінен де, жанарынан байқалады. Генералға тән дауыс үлкен бөлмені жаңғыртып тұр.
      – Баянда, – деді қатқылдау үнмен. Қалай болды, солай жеткіздім. Сағат тілі тоқтап қалған сияқты. Маңдайдан шып-шып тер шығады. Мына жағдай тез тәмамдалса екен деп тіледім. Сөйлеп жатырмын. Маған тесіле қарады да, ертіп келген командиріме бұрыла:
–Таза қазақтың баласы, сөзінен жалғандықтың табы сезілмейді. Оқыс қимылдың кесірі. Әдейі жасалмаған нәрсе. Мұндай кіршіксіз таза жүректі әскери трибунаға тарту опық жегізетін күнә. Орыс солдаттың жақын туыстарына хабарласып, мәселеге нүкте қоюдың жолдарын тез арада қарастырыңдар, – деп тапсырма берді.
       Өң бе, түс пе білмеймін. Әйтеуір, командирім де көңілді, менің де екі езуім екі құлағымда. Күндер керуені алға озды. Жылдар жылжыды. Алайда, Қолбасшы қабылдауында болған сол бір кезеңде қатты тоқыған сәтімді әлі күнге ұмыта алар емеспін.
       Туған жерін түлеткен тұлға Бақытжан Ертаевтың Парламент Мәжілісінің V және VI шақырылымдарының депутаты атанып, өзі өсіп-өнген өлкеде мешіт, мектеп ашқанынан құлағдар едік. Бұдан өзге бұқара үшін баянды бастамалардың басынан табылып, нәтижесінде «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Даңқ» және «Үздік жауынгерлік қызметі үшін» медальдарымен марапатталғанын ақпарат құралдарынан естігенбіз. Жақсының жарығы алысқа түседі емес пе? Сонау құм қойнауындағы ауылдың баласын қолпаштап қызғыштай қорғағаны нағыз азаматтың жақсылығының бір ғана көрінісі екенін ұдайы мақтан етемін.
А. ЕЛЕШ

Фото: автордан
23 тамыз 2025 ж. 335 0