Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Талай тарланды түлеткен "Толқын"

Талай тарланды түлеткен "Толқын"

Арал қаласы тамыры тереңде жатқан тарихи қала десе болады. Арал деп аталуының өзі ертеде Арал теңізі Тербенбес тауына дейін жетіп жатқанда болған екен. Аралдың орны құрғақ қырат сияқты болған дейді. Ондай жерді арал деп атайды. Теңіз тартылып, бұл жерді "Арал" атаған. Кейін ел қоныстанып, қалаға айналып, Арал қаласы болған көрінеді. Міне, сол бүгінде сүйікті де көрікті қалаға айналып, қала статусын алған.
Арал қаласынан іле-шала өмірге келген, бұрын "Екпінді балықшы", "Социалистік Арал" атанған қазіргі "Толқын" газеті 95-ке келіп отыр.
"Газет – халық айнасы" десек, осы газетте қаншама адам қызмет істеп, өмірге жолдама алып, бірі – ақын, бірі – жазушы, бірі – композитор болып, алыс сапарға аттанып, халықтың қалаулысы атанды. "Толқыннан" түлеп ұшқан азаматтарды санап тауыса алмаспын. Өзім білетін, өмірде араласқан тұлғаларды еске алғалы отырмын.
Сексеуілдегі №423 қазақ орта мектебінде(қазір №177 орта мектебі) менен бір сынып төмен оқыған марқұм Жақау Дәуренбековтің шығармалары мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ "Бала тілі – бал" айдарымен үнемі шығып тұратын. Оны "жазушы" деп атайтынбыз. Айтқан сөзіміз қабыл болып, жазушы атанды. Өмірден өткенше том-том кітап жазып, жарық көрді.
Сынып жетекшіміз Шыңғыс Айбосыновтың кенже баласы үйленгенде біздің сыныптағы шәкірттері жұп-жұбымызбен барып, тілегімізді жеткіздік. Сонда Жақау: "Түгел, біз сөз баққан адамбыз ғой. Бауырымның төбесін көкке жеткізіп тастадың. Бір кітабымды беремін" деген еді. Сол сөзі әлі құлағымда. Алайда тойдан кейін есімізден шығып кетіпті, кітапты ала алмадым.
Студенттік өмірдің куәгері болған, үш жыл бірге оқыған, өмірге бір-ақ рет келетін тұлға Серік Сейітмағанбетовпен бірге оқығанымды мақтан тұтамын. Серік аға менің ағам Марат Әділовпен Қазалы техникумында бірге оқыған. Содан әскерге барып келіп, пединститутқа түскен. Бір жыл демалыс алып, бізге 2 курста келді. 1967 жылы оқуды бірге бітірдік. Ол маған әркез қарындасым дейтін.
Серік ағаның аңқылдаған ақеден, адам жатырқамайтын ақжарқын мінезі, бір көрген адамды баурап алатын ақ жүрегі адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойына жинаған азамат екенін бағалайтынбыз.
Аралдан екі қыз болдық. Мен және Айсұлу Сыдықова. Айсұлу қазір Қазалыда тұрады. Оны – Аралгүл, мені – Теңізгүл дейтін.
Бірде қыстың күні квартирада сабақ оқып отырмыз. Қар жауып тұр. Үйдің егесін "ағай" дейтінбіз. Сол кісі келіп "Түгел, ағаң келіп тұр" деді. Сыртқа шықсам Серік аға келіп тұр. "Ағайларың қиын адам екен, сотша тергеді ғой" дегесін "Кел, кел, ішке кір" дедім. Сөйтсем, "Сыртта жеңешелерің тұр, кіргізіп алыңдар" деді. Қарасам өзіміздің староста Михаил Дүзелбаев. Ішке күліп кіріп "неге олйа дедіңіз?" десем, "Біріншіден сендер, екіншіден ағайларың кіргізбейді. Қарын ашты, енді қайтемін?" деп қыран-топан күлкіге қарық қылды. Барымызды дастарқанға қойып, ішіп-жеп болғасын "Рақмет, жаман қарын тойды. Келесіде қарын ашса осылай жеңешелеріңді біртіндеп ертіп келіп тұрамын" деп тағы көңілімізді көтеріп кетті.
Оқу бітірген соң Аралда кездесіп қалдық. "Қыздар, мен үйлендім" деді. "Ау, неге бізді тойға шақырмадыңыз?" деп өкпелей бастап едік, "Сендерді қай тойыма шақырайын?" деді. Аң-таң болып түсінбей қарап қалдық. Сөйтсек "Әуелі Күләйдің чемоданына үйлендім. Қызды жібермей чемоданын алып самолетке мініп кеттім. Сосын өзіне үйлендім" дейді. Ал, келіп күлейік. "Күліңдер, күліңдер, алдарыңа келсін" деп сол қарапайым қалпында қарап тұр.
Серік аға сабақта отырғысы келмесе "Мені Зейнолла шақырып жатыр" деп айтарсыңдар ағайға деп кетіп қалатын. Соны айтып Серік ағаны арашалап қалатынбыз. Кейін "Толқында" қызмет жасаған жылдары талай ақынның талабына қанат бітіріп, жолын ашты. Елдің сүйікті перзенті, аяулы ақыны атанды.
Жалпы біздің топта 5-6 ақын жігіт болды. Базарбай Исаев, Нұрмахан Назаров, Зерден Салықбаев, Мырзахан Қойлыбаев, сондай-ақ атақты жырау Көшенайдың әйелі Жұпармен бірге оқыдық. Серік ағаны еске алғанда осы марқұмдардың барлығы еске оралады.
Мен "Толқын" газетінің бір санын да жібермей оқитын жанмын. Қолыма кешке тисе жатқанша, күндік келсе кеш батқанша оқып шығамын. Өйткені газет жан-жақты тақырыпқа бай. Тартымдылығы өз алдына бөлек әңгіме. Елдегі барлық жағдайды қалдырмай, экономикалық, әлеуметтік тақырыптарды, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін, тарихын, жеке үлгі боларлық кәсіпкерлік саласындағы жаңалықтар, дін, тәрбие мәселесі, бәрі қаузалады. Осының барлығы өте сауатты, білімді, жан-жақты тілшілердің еңбегі екенін айта отырып, ризашылығымды жеткізгім келеді.
"Толқын" десе бірінші 4 жыл бойы ауыз әдебиетінен дәріс оқып, біліммен сусындатқан ұстаз, профессор, ерекше жан Әуелбек Қоңыратбаев ағайым еске түседі. Өте қарапайым адам болатын. Есіктен кіріп келе жатып Айсұлу екеумізге "Қыз Жібектің сіңілілері, Сансызбай қашан келеді?" дейтін. Студенттер "Ағай, келе жатыр, ертең келеді" деп шуласады. "Бәсе, келу керек қой" деп бәрімізді бір күлдіріп алатын. "Толқын" газетінің алғашқы редакторы болып, Аралда еңбек еткенін әркез айтып отыратын.
1967 жылы №57 Шижаға мектебі 10 жылдық болып құрылды. Оқу бітіріп, өз ауылыма, өз мектебіме мұғалім болып бардым. 6 қыз, 2 жігіт жаңадан жұмысқа орналастық.
Осы жылдары мынадай бір оқиға орын алды. "Толқын" газетінің редакторы Мәлік Сәрсенов ағамен қалай кездескенім, оның кішіпейілдігі, қарапайымдылығын сол кезде анық байқадым.
Мектептегі тарих пәнінің мұғалімі Лайық Ибрашева Қызылордаға тұрмыс құратын болды. Маған қыз жолдас болуымды өтінді. Өте жақын араласатын құрбылар едік. Мектеп директоры Изатулла Сұлтамұратов ағайдан сұранып барғанымда: "Бір қыз кетіп барады, екінші қыз жұмысын тастап еріп барады. Айналайын-ау, сонда қалай болады?" деді. Мен ренжіп ештеңе деместен шығып кеттім. Ертесіне Мәлік Сәрсенов келеді екен деген хабарды естідім. Мәлік ағаны Сейілхан ағамның үйінде бірнеше рет көргенмін. Мектепте "түсте директор ағайдың үйінде болады екен" деген хабарды естіп, жастық па, әлде батылдық па, тойды да, құрбымды да қимастық сезіммен сол үйге тарттым. Барсам сыртта екеуі әңгімелесіп тұр екен. Бара сәлем беріп "Аға, мен Сейілхан Қалиевтың қарындасымын ғой" дедім. "Бақытты бол, жәй жүрсің бе?" деді маған. Мен жағдайдың бәрін айтып, директор ағайдың босатпағанын да қосып жібердім. Сонда Мәлік аға:
– Әй, жолдас директор, менің қарындасым қандай ұстаз? – деді.
– Алдыңғы қатарлы, ең жақсы, беделді мұғалім, – деді директор.
– Ендеше жастарды бір рет сұранғанда жіберіп тұруға болатын шығар. Сұрап тұрған редактор Сәрсенов, – деді күліп.
– Ой, Мәке-ай, Редактордың айтқанын істемей өле алмай жүр деймісің, – деп Изатулла ағай да қосыла күліп, – Үш күнге босатамын, – деді. Осының барлығы еске түскенде "қайран, ағалар-ай" деп құлазыңқырап қаласың.
Түгел ӘДІЛОВА,
зейнеткер ұстаз
30 қыркүйек 2025 ж. 80 0