Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерді өрге сүйреген

Өнерді өрге сүйреген

Өнер – адам таңдамайтын құбылыс. Жаратылыстың  жарқын  тұстарын жүрекпен сездіріп, қиял әлеміне елден ерек танытып, адамның  бойына құдірет бітіретін дүние. Терме – тәрбие құралы, жыр – рух қайрағы, күй – дария, күй – ғұмыр, би – адамның  еркіндік  көрінісі десек, басқа да өнер салаларымен біріктірсек пендені ғаламмен, жаратылыспен, қоршаған  ортамен  табыстыратын  нәзік  сезім  деп  жазып та, айтып та жүрміз. Әйтсе де өнердің  өлшемі – талант. Талантты  адамға еркіндік керек. Құдай  тағала  болмысына  байлап  берген  осы  бір қасиетті сөзі мен ісіне, өмірлік ұстанымына әдемі әрі мен сіңіре алған көркем туындысын сәтті шығарған талант иесі даралана  беретіні  анық.
Адам қоғам деп  аталатын қабырғаның  бір  кірпіші  секілді. Сондықтан  Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» деп  айтқан. Бүгінгі мақаламда  ҚР-ның  Алтын  кітабына  есімі  енген, «ҚР-ның еңбек  озаты», «ҚР-ның мәдениет саласының  үздігі» төс  белгілерінің  иегері, 40 жылдай еңбек өтілі бар мәдениет саласының майталманы  Нұрмағамбетова  Маруся  Қуантқанқызы туралы  айтпақпын.
Маруся  Қуантқанқызы 1966 жылы 21 маусымда  Арал қаласында  дүниеге  келген. 1983 жылы қаладағы білім ордаларының бірі Т.Г.Шевченко атындағы №13 қазақ орта мектебін бітіріп, Жетісай мәдени-ағарту училищесіне түсіп, «Клуб қызметкері», «Көркемөнер Халық аспаптар оркестр жетекші дирижері» мамандығын алып шықты. 2005 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік гуманитарлық Университетінің «Режессура» факультетін  бітірді. Алғашқы еңбек  жолын аудандық мәдениет үйінде әдіскер  болып бастаған. 1987-1990 жылдар аралығында Қызылорда облыстық халық шығармашылығы орталығында әдіскер болып қызмет етті. 1990-1993 жылдарда Қызылорда қаласындағы №222 мектепте ән-музыка пәнінен сабақ беріп, Қызылорда облысында  алғаш рет «Елім-ай» бағдарламасымен жұмыс істеген. 1993 жылдан  2012 жылға дейін Арал аудандық мәдениет үйінде әдіскер болып қызмет атқарды. 2012-2022 жыл аралығында «Арал аудандық  мәдениет орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын директоры болып тағайындалды. 2022 жылдан бастап З.Шүкіров атындағы қалалық Мәдениет үйі коммуналдық-мемлекеттік қазыналық кәсіпорын директоры қызметін аброймен атқарып келеді.«Қазанғап» халық ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі. «Көңілашар» халықтық-мәдени үгіт бригадасының, халық театрының тұрақты мүшесі ретінде көптеген республикалық, облыстық фестиваль мен байқауларға қатысты. Дулат Исабековтың «Әпке» спектакелінде әпке рөлін сомдап, арнайы номинация мен Алғыс хатқа  ие болды. Аудандық, облыстық түрлі байқауларға  қатысқан жеңімпаз 2006 жылдың қорытындысымен «Жылдың үздік мәдениет қызметкері» атанды.
2013 жылы Маруся Нұрмағанбетованың ұйымдастыруымен З.Шүкіров қалалық мәдениет үйінің  жанынан «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі құрылды. Содан бері аудан, аймақ жұртшылығының көңілінен шығып, жас ұрпақтармен кездесу кештерінде өз өнерлерінен сыр шертіп, халықтық өнердің алтын қазынасын ақтарып мирас етіп келеді. Сұлу саздың саңлақтары 2014 жылы облыстық «Қайран ерлер, каһарман ардагерлер» атты фестивалінде «Аспаптар ансамблі» аталымы бойынша үздік деп танылып өздерінің нағыз кәсіби даралықтарын танытып, республикалық өнер фестиваліне ЭКСПО-ға жолдама алды. «Ұлағат» ансамблі 2017 жылы «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында концерт кешін өткізіп, жұртшылықтың ризашылығына бөленген. 2020 жылы Домбыра ұлттық телеарнасы «Ұлы дала әуендері» аясында ансамбль мүшелерінің өнерлерінен телетүсірілім жасап, ансамбльдің орындаушылық деңгейі жоғары екенін көпшілікке паш етті. Шілде айында облыста өткен «Ардагерлер әуендері» атты байқауда ансамбль әншілер К.Омарова, М.Бәйімбетов, Б.Тәжімбет қатысып, Б.Тәжімбет ІІ орын, Марал Өтегенова Сыр елінің саңлағы С.Бермағамбетовты еске алуға арналған «Аққан жұлдыз» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасына қатысып Алғыс хатқа ие болды. Маруся Қуантқанқызы түрлі байқауларға ансамбль мүшелерін дайындады. Ансамбль әншісі П.Өткелбаева Шиелі ауданында өткен «Бибі ана» байқауында жүлделі орынды еншілеп, «Бибі ана» атанды. Өз өнерлерімен елді тамсандырып жүрген Жұмабай Жақып, М.Төлеуова, Б.Сәдуақасовтар күйшілер байқауына қатысып, алғыс хат пен арнайы сыйлықтарға ие болды. Ансамбль мүшесі П.Өткелбаева облыста өткен «Ұршық үстіндегі ұлағат» атты әжелер байқауында немересі Айшамен бірге  қатысып, арнайы Алғыс хат пен  сыйлықтарға ие болды.
         Маруся Нұрмағанбетованың ұйымдастыруымен 2017 жылы З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестігі құрылды. 2022 жылы мүмкіндігі шектеулі балалар арналған «Қуыршақ» театры үйірмесі жұмысын бастады. Осы жылы  күйші М.Сыдықов атындағы домбыра үйірмесін ашты.Үйірмеде 10 оқушы дәріс алады. Мәдениет үйінің жанындағы домбыра, драма, ән, кино, үгіт бригада үйірмелеріне қатысатын оқушылар республикалық, облыстық, аудандық, аймақтық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Маруся  Нұрмағанбетова  мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге деген құлшынысымен  ерекшеленді. Мектепте өткізілетін мерекелік концерттерде екі ішекті домбырамен құйқылжыта ән салғанда жанымызды  жадырататын. Маруся 1982 жылы қаладағы Өнер мектебінің домбыра класын  бітірген соң өнердің үлкен  дара  жолына жол ашылды.
Марусяның әкесі Қуантқан Нұрмағанбетұлы да өнерімен елге танылған, еңбегімен көпті сүйсіндірген, өмір жолын өнерімен өрнектеген ақын, жыр-термелерді  нақышына келтіріп төгіп айтатын өнерпаз болған. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дейді дана халық. Сол  алтаудың  біріншісі–адамның жеке басы, екіншісі–отбасы, үшіншісі–туыстары, төртіншісі–жекжат-жұрағаты, бесіншісі–ауылы, алтыншысы–отаны, міне осы алты  қасиетті біріктіре білген, ауызы дуалы, айтары бар  ақсақал болған.
Анасы  Қарлығаш Иманбайқызы қолөнер шебері, Нұртуған жырларын  жатқа айтатын, алаша, кілем, жүннен түрлі киімдер, шекпен, тоқыма  тоқитын, кесте тігетін. Айран пісіп, құрт жасап, келі түйіп, талқан жасап, ұлттық тағам түрлерін керемет дайындайтын болған. Ауданда  алғаш  рет өткізілген «Өнерлі әжелер» байқауының жеңімпазы атанған. Кезінде «Приарал» совхозында сауыншы болып еңбек еткен. Басындағы өзі  тіккен кимешек қазір аудандық мұражайда сақтаулы. Қарлығаш ана туралы аудандық «Толқын» газетіне «Кестелі кимешек киген ана жайлы сыр» тақырыбында мақала  шыққан. Қарлығаш ананы Шымкент облыстық салт-дәстүр орталығы қызметкерлері келіп сұхбаттасып, телевидениеден  көрсетті. Қарлығаш анамыздың ошағы оттан түспеген, босағасы қонақтан  арылмаған ана болған деседі.
Қуантқан  аға мен Қарлығаш анадан өрген ұрпақтары да өнерлі, өнегелі жандар. Қуатбай Шымкент қаласындағы жастар театрының белді  қызметкері. Мұратбай – Шымкент облыстық салт-дәстүр орталығы басшысының  орынбасары қызметін  абыроймен  атқарса, Амантай – №2 кәсіптік лицейде  спорт пәнінің мұғалімі.
«Бірде бал, бірде  у беріп өтеді өмір, бақты да, қайғыны да көтере  біл» демекші, Марусяның құдай қосқан қосағы Тәжекеев Мұрат облыстық ішкі істер басқармасында  жауапты  қызмет атқарған. Отасқанына 6 жыл болғанда  дүниеден  өтті. Маруся қос  құлыншағын қанаттыға  қақтырмай, тұмсықтыға  шоқытпай, балапандай баптап, жұмыртқадай шайқап ер жеткізді. Қызы Жанар  – №292 мектепте ұстаз болса, күйеу баласы Сержан – кәсіпкер. Ұлы Мұханбет те жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Келіні Ақерке аудандық орталық ауруханада медбике қызметінде. Екі перзентінен ұрпақтары жалғасып жатыр.
Бақытты отбасы – қоғамның негізгі тірегі, береке мен мейірімнің бастауы. Отбасы  – тәрбие ошағы, ұрпақ тәрбиесінің  негізгі мекені. Қуантқан аға мен Қарлығаш ана өз ұрпақтарына өнегелі өмір жолдарынан дәріс беріп, оларды имандылыққа, әдептілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, киелі  шаңырақтарын өнегелі-өнерлі ұрпақтар әзірлейтін шеберханасына  айналдырған, өмір  жолдары баршаға үлгі  болатын жайсаң  жандар десе жарасады. «Ұлықпан ұрпағымен  мың  жасайды» дейді  дана  халқымыз.
Қарақұмдық абыз ақсақалы атанған Азат Бижанұлы Маруся туралы: «Адамның  мықты болса, ақыл-ой, алтын басы,
Ол адамды  құрметтейді  кәрі-жасы.
Және де кішіпейіл, сөзі майда,
Майдан  қыл  тартқандай, сондай-ақ, түр-тұлғасы.
Барма екен тағы сендей Марусясы.
Үлкенге  сәлемдесіп, таза-көңіл  ықыласы,
Қарттардан алғыс алып, кішіден сәлем  алсаң,
Ол- дағы Алланың  берген  қазынасы.
Әр адам – тұтас  бір әлем, әрқилы  қазына аралы  десек, Маруся Қуантқанқызының жоғарыда айтылған өмір жолдары тұтас бір әлем. Осындай өнегелі дүлділдердің өмір белестерінен дәріс алып, әке  қаны, ана  сүтімен дарыған  жайсаң  мінез, иманын  жүрегіне  ұялатқан, әдеппен  көрініс  тапқан  ұрпақтарына өнері  мен өнегелі қасиеттерін  еге  білген, кең пейілді ана Маруся  Қуантқанқызы  осал  болсын ба?!
Нұртуған бабамыз  «Өнер – халықтікі. Сөз бен өнер сатылмайды, олар халықтың алтын қазынасы халықтың батасын аласың, төріне төрлетесің, қошемет-құрметке  бөленесің, өнер  адамы  үшін  бұдан артық бақыт  жоқ» деп  өсиет қалдырған  екен.  Сол бабамыз айтқандай, Маруся қарағым, өнер  майданының биігінде қалықтап, халықтың батасын алып, төрге шығып, қошемет-құрметіне бөлене бер. «Өзінен  шәкірті  озған  ұстаз бақытты» демекші, шын мәнінде осындай шәкірті бар біздер ұстаздар бақытты жандармыз.
Аманжол  Жолмағамбетов
КСРО және  ҚР-ның халық ағарту ісінің  озық  қызметкері
07 қазан 2025 ж. 63 0