Ақын мен теңіз: Достық дастаны
Шөмішбай Сариев — қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, қоғам қайраткері. Ол Арал топырағында дүниеге келген. Ақынның шығармашылығы туған жерге деген сүйіспеншілікке, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге негізделген.Еңбек жолын «Толқын» газетінде бастап, журналистика саласында тәжірибе жинақтаған. Бұл кезең оның қаламгерлік қабілетінің қалыптасуына үлкен әсер етті. Кейіннен ол поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, көптеген жыр жинақтарының авторы атанды.
Шөмішбай Сариев — Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері. Ол әдебиет пен мәдениетке сіңірген еңбегі үшін жоғары марапаттарға ие болып, ел құрметіне бөленген тұлға.
Тірі болғанда биыл 80 жасқа толатын Аралдың дақты перзентінің өмірі мен өнер жолынаарнайы тоқталғанды жөн көрдік.
Менің балалық шағым Қамыстыбас ауылымен тығыз байланысты. Сол бір алаңсыз күндерде біз бірге ойнап, бірге өскен достардың бірі – Шөмішбай еді. Ол Шөміш станциясында дүниеге келген. Әкесі теміржолшы болған соң, кейін қызметі Қамбашқа ауысып, Шөмішбай біздің ауылға, біздің мектепке келді. Ол менен бір сынып төмен оқыса да, арамызда ешқандай алшақтық болған жоқ – балалықтың шынайы достығы бізді бір-бірімізге жақын етті.
1962 жылы мектеп бітірген соң мен Қазалы қаласындағы теміржолшылар дайындайтын училищеге оқуға түстім. Ал Шөмішбай сегізінші сыныптан кейін Арал қаласындағы теңізшілер дайындайтын училищеге кетті. Солайша өмір жолымыз екі арнаға бөлінді. Бірақ балалық шақтың ізі, достықтың табы жүректе сақталып қала берді.
Жылдар өтіп, мен 1979 жылы әскерден оралған соң, ауылдың бір топ жігіттерімен бірге Алматыға оқуға аттандым. Арманым – журналист болу. ҚазГУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсыруға барғанымда, аяқ астынан Шөмішбаймен кездесіп қалдым. Сөйтсем, ол соңғы курста оқып жүр екен. Бізді көргенде құшақ жая қарсы алып, балаша қуанып қалды. Сол сәттен бастап үзілген байланыс қайта жалғанып, достығымыз жаңа бір белеске көтерілді.
Мен сырттай бөлімде оқыдым. Жыл сайын Алматыға барған сайын Шөмішбайдың шаңырағына соғып, қонақ болатынмын. Ол мені ерекше ықыласпен қарсы алып, жаңадан жазған өлеңдерін оқып беретін. Бір жолы мені бір қызбен таныстырып:
– Жұмабай, танысып қой, бұл менің жұбайым Жұмагүл. Ал, Жұмагүл, бұл менің досым – Жұмабай, – деді.
Атымыздың ұқсастығына күлісіп, сол күннен бастап Жұмагүлмен де жақын араласып кеттік.
Алматыдағы аралдықтардың басқосуларында жиі жүздесіп тұрдық. Сондай сәттердің бірінде Шөмішбай маған:
– Жұмабай, сен неге Алматыға келмейсің? Өнерің бар, өлеңің бар. Мұнда келсең, саған бал сұрасаң бал, балқаймақ сұрасаң балқаймақ табылады, – деп қолқа салды.
Алайда мен жалғыз бала болғандықтан, туған үйім мен отбасыма байлаулы едім. Ауылдан ұзап кете алмадым.
Бірде Алматыға ұшақпен бара жатқанымда, тағдыр тағы да бізді тоғыстырды. Сол ұшақта Шөмішбай да бар екен. Емен-жарқын амандасып, жол бойы сыр шертістік. Алматыға жеткен соң, әдеттегідей мені үйіне қонақ етті. Сол жолы ол менің өнеріме ерекше назар аударды.
– Жұмабай, сен күй шығарады деп естіп едім. Бір күй тартып берші, — деді.
Мен өзім білетін күйлерді орындап, сол кезде зерттеп жүрген Мырзаның күйлерінен де тарттым. Ол таңырқап тыңдап отырды да:
– Сен неге телевизияға шықпайсың? Бұл – дайын өнер ғой, — деді.
Мен оған:
– Мен барып, «мені көрсетіңдер» деп айта алмаймын ғой, — дедім.
Сонда ол:
– Сен айтпайсың, мен айтам, — деп бірден телефонға жармасып, хабарласты.
Осылайша мен «Үкілі домбыра» бағдарламасының редакторы Жоламан Тұрсынбаевпен кездесіп, өнерімді көрсеттім. Кейін сол бағдарламаға шығып, көпшілікке танылуымда Шөмішбайдың еңбегі ерекше екенін әрдайым ризашылықпен еске аламын.
Ол менің шығармашылық жолыма да үлкен қолдау көрсетті. Алғашқы кітаптарымның жарық көруіне ықпал етіп, тұңғыш жыр жинағыма пікір жазып берді. Соның нәтижесінде «Шешілген түйін» атты прозалық кітабым мен «Жастық шақтан бір белгі» атты жыр жинағым оқырманға жол тартты.
Мен де досыма деген ықыласымды шығармашылықпен жеткізгім келді. Сөйтіп, оған арнап «Ақын мен теңіз» деген күй шығардым. Көзі тірісінде өзіне орындап бердім. Ол риза болып, көңілі толғанын жасырмады. Бұл мен үшін үлкен мәртебе еді.
Біздің достығымыз – тек естелік емес, өмірдің өзімен өрілген шынайы байланыс еді. Мен Алматыға барғанда оның үйінен табылатынмын, ал ол ауылға келгенде менің шаңырағыма соқпай кетпейтін. Өнер мен өмір тоғыстырған осы достық бізді ажырамас етті.
Өткен жылы біз ақын досымызды еске алу мақсатында облыстық жыр мүшайрасын өткіздік. Бұл – Арал топырағынан шыққан ардақты азаматқа деген құрметіміз, рухына тағзымымыз.
Шөмішбай арамызда жоқ. Бірақ оның артында өлмейтін өлеңі, өшпейтін ізі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар рухани мұрасы қалды. Ал мен үшін ол – балалықтың белгісі, достықтың символы, өнердегі серігім болып қала береді.
Жұмабай ЖАҚЫП









