Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ең соңғы куәгер /Соғыс және еңбек ардагері Шөменбай Құттыбаевпен сыр-сұхбат/

Ең соңғы куәгер /Соғыс және еңбек ардагері Шөменбай Құттыбаевпен сыр-сұхбат/

Иә-ә, бұл баяғы құт дарыған Қарақұм еді-ау. Осы аттас кеңшар болған. Орталығы «Абай» аталатын-ды. Қазір де солай. Осында түс ауа мезгілінде жеттік. Бағытымыз – Құттыбаев Шөменбай қарияның үйі. 95 жасқа толады. Даңқты, атағы көпке мәлім озат шопан болған. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыс алаңын миллиондаған минадан тазартқан сарбаздардың қақ ортасында жүрген жанкештілердің бірі де осы Шөменбай-тұғын.Шөкең қонақтардың келгеніне қуанып қалды. Көптен таныспыз. Қайрат баласы мен Дәрігүл келіні алақанына салып бағып отырғаны байқалады. Іркілмей сұхбатқа кірістік.– Осы Қарақұмда, кең жазықта ой-хой, төрт түлік малдың арасында, желмен жарысқан жүйріктің жалында өстік, – деп ақсақал бір желпініп алды.
 – Ата-анам да осы малды өсіріп кәсіп еткен. Ес біле келе біз де араластық, еңбекте шыңдалдық. Әке өсиетіне құлақ түрдік. Адал, таза жүр дейтін. Тілалғыш болдым. Кәмелетке толмай-ақ, жазғы каникул кезінде «Тәуіп» көлдерінен балық аулауға да қатысып, Арал қаласындағы балық қабылдау пункттеріне жөнелттік. «Аралбалықтресінің» бастығы Сатаев Иманғали деген кісі иманжүзді адам екен. Еңбегімізді бағалады.
– Шөке, еңбек кітапшаңызда 1943 жылдың 1 қаңтарында жұмысқа қабылданды делініпті. Сонда сіз небәрі он жеті жаста екенсіз?..
          – Ой-й, ол бер жағы ғой, түске дейін оқимыз, түстен кейін малды жайлауға кірісеміз. Мен өзі бастауыш сыныпты ғана бітіріп үлгердім.       1941 жылдың маусым айында Ұлы Отан соғысы басталды емес пе? Ер-азаматтарды сыпырып алды. Осы Қарақұм ауылының өзінен 600 боздақ соғысқа аттаныпты. Әні, көрдіңіз бе? Бала-шаға мен шал-шауқан қалмай ма? Он беске де толмаған бізге сенім білдірді. Ол кезде колхозбыз. Жұмыс дегеніңіз шаш етектен. Әйелдер ерлердің орнын басты. Күндіз мал жайласа, түн-түнімен сарбаздарға шұлық, қолғап, тағы-тағыларын дайындайды. Он бес дегеніңіз – зіңгіттей жігіт емес пе? Отау иесі демей ме? Тек мал бағу ма? Малға азық керек. Оны шабу керек, қысқы мал базына тасу керек.
–  1944 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылыпсыз?
 – Иә-ә, он сегіз жасқа толдық. Елді, жерді сұм жаудан қорғау керек. Менің алдымда, соғыс өрті бұрқ етуіне қанды шайқасқа араласқан туған ағам Бисембай мен немере ағам Сүндеттен «Қара қағаз» келді. Бисембай ағама қалың малына 41 қара беріп алған Назипа жеңгеміз жылай-жылай өзге біреудің шылауында кетті. Ендігі кезек – менікі. Кек алу керек. Мал-жанды қарт ата-анам мен інім Самұратқа тапсырдым. Өзім қатарлас Сауда Ташауов, Рсалы Бақшақбаев, Сәду Әбиевпен бірге қызыл вагонға отырдық. Пойыз күн-түні жүйткіп келеді. Қайда  апарады? О жағы белгісіз. Сөйтіп Ресейдің Воронеж облысының Борисоглевск қаласынан түстік. Мұнда да 1944 жылға дейін қырғын шайқастар болған, Воронеж облысының аумағына жау 100-400 шақырымға дейін кірген көрінеді. Бірақ қызыл әскер қаланы жаудан 1943-тің 25 қаңтар айында босатыпты. Соғыс іздері сайрап жатыр.
– Сәл демалсаңшы!
 – Жо-қ, несіне демалайын. Бәрі көз алдымда тұр. Біз №16-шы запастағы атқыштар бригадасына түсіппіз. Бұл соғыс алаңын, яғни қан төгілген аймақты, қайсыбір себептермен жарылмай қалған миналардан залалсыздандыру ісімен айналысады екен. Соның №101-ші полкіне қабылдандым. Осыны есіткенде «Қап!..» деп өкінгенім бар. Өйткені, ағалардың кегін алуға, жаумен көзбе-көз найзаласуға «не өмір, не өлім» деп қатуланып-ақ келген едім. Амал қайсы, бұйрықтың аты – бұйрық. Уақытпен санаспай іске кірістік. Халық егін егу керек, мал өсіру керек. Ал ол жердің бәрі миналанған. Аяқ бассақ – қауіп. Қызыл армия да, фашистер де миллиондаған  мина көмген ғой.
 – Расында да жанкештілік жұмыс қой!
– Иә, солай. Әр сапердің ізінде екі солдаттан жүреміз. Қолымызда носилка. Әр минаның салмағы 5-6 кило тартады. Носилка толғасын, машинаға тиейміз. Машина артта, кейде бір-екі шақырымдай қашықтықта қалады. Өйткені алдының бәрі – миналанған. Жағдайымыз да онша емес. Жатар орын, ішер ас та кеміс. Бірақ оған қарап жатқан біз жоқ. Абайсызда минаға ұрынып, талай боздақ шейіт кетті.
 – Курск шайқасын естуің бар шығар? – деп Шөкең сөзін кілт үзіп маған қарады.
– Иә, тарихтан оқығаным бар, – дедім ардагердің сауалына орай, —Курск  шайқасы екінші дүниежүзілік соғыстағы ірі оқиғалардың бірі болды. Бұған екі жақтап 4 миллионнан аса адам, 69 мыңдай соғыс қаруы мен миномет, 13 мыңнан аса танк, 12 мың жауынгерлік ұшақ қатысқан. Курскідегі жеңістен кейін Қызыл армия Днепрге шыға алды. Сөйтіп жаудың беті қайтып, шабуылдан күдер үзіп, қорғануға мәжбүр болды.
 – Дұрыс, дұрыс. Хабардар екенсің. Ал сол соғыс лаңында жарылмай қалған миналардың мөлшерін білсең, тіпті де таңғалар едің. Біз жақтан екі миллионға жуық десті. Германия жақтан ше? Мұнан көп болмаса, аз емес дегенді құлағым шалды. Әні, осының бәрін залалсыздандырудың басы-қасында болдым. Арнайы топты басқардым. Тірі қаламын деген ой болмады. Әйтсе де, осындай жанкештілік айқаста алты жылдай жүріп, елге 1950 жылы  аман-сау оралдым.
– Хо-ш деңіз. Елге келдіңіз?
– Е-е, не тұрыс болсын. Ел жүдеген, шаруа шайқалған. Самұрат інім отарын шашау шығармай ие болыпты. Соған көңілім толды. Мен де байырғы кәсібіме кірістім. Шөменбай, Шөменбай атандым...
– Жөн, жөн. Сіздің алғысқа, құрметке, мақтанға ие болмаған жылыңыз жоқ дерлік. Міне, міне... Бірсыпырасын айтайын... «Еңбек Қызыл Ту» мен «Құрмет белгісі» ордендерімен және «Х-ХІ бесжылдықтардың екпіндісі», «Социалистік жарыс жеңімпазы», халық шаруашылығы көрмесінің қола, тың игерудің 30 жылдығы, облыстың таңдаулы шопаны, «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталыпсыз. Ал 1983 жылы әр жүз аналықтан 183-тен қозы өргізгеніңіз үшін ауданның партия, кеңес орындарының арнайы құттықтауы баспасөзде жарияланыпты. Осындай хатты республиканың партия, кеңес органдарынан да алыпсыз. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Сондай-ақ 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 50, 55, 60, 65, 70, 75 жылдық мерекелік және «Германияны жеңгені үшін» де медалін омырауыңызға тағыпсыз.
– Жә-ә, жетер-жетер,– деді Шөкең, марапат тізімінің тым ұзап бара жатқанын қолай көрмегендей...
– Шөке,– дедім қарияға, – елу жылға таяу еңбек өтіліңіз бар екен, сонша уақыт жазы-қысы қоғамдық мал қамында болыпсыз. Осы кездері аса қиналған кездеріңіз болды ма?
– Е-е, неге болмасын, болды әрине. Бірақ пәлендей шағым айтып көрмеппін. Мен өзі шарап ішіп, темекі тартпаған адаммын. Сосын да ферма мамандарымен әмпәй болмадым. Осыдан да біраз «ақым» кетті. Оған өкінбедім. Әнебір ақ қоян атанған 1963-1964 жылдардың қысы бар ғой. Ақ түтек бораннан арылмады ғой, үш отар «Айтжан» базасын қыстағанбыз. Жем де, шөп те таусылуға таянды. Екі-үш күндік қана қоры қалды. Мал өріске шықпайды. Жалғыз жарым техниканың жүруі де қиын. Ферма бастықтары біледі. Әйтсе де хабар болмады. Әкем айтты: «Күрең жорғаға мін де, тура кеңшар директоры Байжан Бижановтың өзіне кір, онсыз шаруа бітпейді» деді.
Қар қалың, белуардан. Жол жоқ. Жапалақ ақ қар бетке ұрады. Көз аштырмайды. Қырық жасқа да жетпеген кезім ғой. Жер жағдайын бес саусақтай білгендіктен ғана жүріп келем. Түс мезгілінде кеңшарға жеттім. Директор түскі асқа кетіпті. Үйіне келдім.
– Әй, Шөменбай, адаспай қалай жеттің? – деді менің суыт келісіме таңғалып. Мен осылай да осылай, үш отар мал қауіпті жағдайда деп, бәрін баян еттім.
– Отыр, ауқаттан, мәселені қазір шешемін, – деді.
 – Жо-қ, рақмет, аға. Келген ізімді қар үріп кетпей тұрғанда базға жетейін. О жақта да қыруар жұмыс күтіп тұр, – дедім.
 – Жарайды онда, бара бер, жем де, шөп те жетеді,– деді құлағын телефонға тосып тұрып. Айтқандай-ақ, бәрі келді. Есімде айрықша сақталғаны осы. Өзгесі ұмытылды. Себеп қайсы десең, малшы өмірінде күнбе-күн кездесетін қиындық аз ба? Оған да көз үйренеді екен...
– Тағы бір сауал айт-айт деп тұрғаны, Шөке!
– Е-е, тосылма, айта бер, көңіл кірі айтса кетеді...
– Осы «Қарақұм» кеңшарында ауданда алғашқы болып, ірілендірілген шопандар бригадасы жасақталды. Оны кезінде «Шопандар қалашығы» деп дәріптедік. Арнайы плакат та шығардық. Сол бригадаға алғаш Шөменбай Құттыбаев, Қыпшақ Тілеуов, Алдажар Шамов және Лайық Қойшыбаев мүшелікке таңдалыпты. Демек, сенім артылған ғой. Қалашықта электр жарығы, құдықтан су тартатын насос, кино, тіпті моншаға дейін болды. Қауымдасып еңбек етті. Өндірістік көрсеткіш те тәуір болды. Ал сіз...
– Түсіндім, түсіндім,– деді Шөкең күліп...Ендігісін өзім айтайын. Сол бригададан неге кеттің дейсің-ау! Ол рас. Мен де бір мінез бар. Ол – уәдеге тұрмауға, олпы-солпы іске төзбеу. Ата-анам соған баулыған. Жастайымнан ата-ана не тапсырса да «құп!» дейтінмін. Ал мұнда ше?... Қоғамдасып, бір-біріңе қолғабыс бересің деген... мен бәріне көмектестім. Мен әйеліммен, іні-келініммен оларға көмекке барам. Олар маған келгенде қолдары «босамайды». Мәрт мінездімін. Шорт кеттім. Әрине қателестім.
– Қайта оралыпсыз ғой!
– Е-е, жалғыз үй отырдық. Бригаданың даңқы шықты, 1975 жылдың қорытындысында-ақ кеңшарға миллион сом таза пайда түсірген. Демек миллионер! Мұнда біздің отбасымыздың да үлесі бар-ды. Біз болсақ сақманшылықта, жүн қырқымда, әлей-пәлейде жүрдік. Бірде... жұмыстан келіп үйге тақала бергенде, жұбайым Гүлбарамның ыңылдаған даусын естіп тыңдай қалайын...
«...Шөменбай-ау, Шөменбай!.. Өрістен құлап жатқан отарың қайда?! Алдыңнан шығып күтіп тұрушы едім-ау! Дереу самаурынға су құйып, шоқ салатынмын. Қатар отырып, тізе қосып қызыл күрең қою шайды көңілдене  ішетінбіз. Ал қазір ше? Біреудің отары қашан төлдейді, жүні қашан қырқылады деп мөлиеміз. Шөменбай-ау, бұл өмір ме? Озат, жүлдегер, абыройың жоғалып барады ғой, осыны түсінсең етті! Араласқан, сыйласқан абысын-ажын қайда қалды? Жұмыстан соң қауқылдасып, кино көріп, арқа-жарқа болатынбыз-ай! Сол көптен неге айырдың бізді?!».
Сірә, көз жасына ерік берді білем, даусы естілмеді. Үйге кірмедім. Ферма орталығына жөнелдім. Бригаданың бір мүшесі Алдажар Шамов басқа бригадаға іс-тәжірибесін тарату үшін ауысады дегенді есіткенмін. Соның отарын сұрадым. Өтінішімді қуана қабылдады. Мен де райланып үйге жеттім де, Гүлбарамға:
– Бәйбіше, жинала бер, бригадаға ораламыз,– деп саңқ еттім,– Самұрат пен келінге де ескерт!..
– Не дейді, құдай-ау, рас па?!
***
Шөкең үнсіз отырды. Әлден уақытта басын көтеріп: – Гүлбараммен 1950 жылы бас қостым,– деді баяу ғана, – жиырма төртімде. Соғыстан оралуына. Супер әйел еді. Пай-пай! Қыз кезіндегі келіншек дерсің. 36 жыл отастым. 1986 жылы дүниеден озды. Содан бері де 34 жыл зымырап өтіпті-ай! Осынша уақыт бойдақпын.
 – Ау-у, сонда сіз алпысты алқымдапсыз, былай ойланбадыңыз ба?
 – Ойландым, балалар да құп көрген. Бірақ көңілге ұнамады. Гүлбарамның қолына су құя алмайтындарға кезігіппін... Әлде маған солай көрінді ме? Гүлбарамның «Тек бір, тек бір...» десе де балалымыз ғой. Ол баланы әлдилеуден тіпті де жалыққан емес-ті.
Әңгіме тәмам дегендей, Шөкең төсегіне жантайды. Одан әрі қарияны мазаламадым. Бірақ «Тек бір, тек бір...» деп жұмбақтауы қалай? Әйтсе де бала-шағалымыз деді-ау! Мұның мәнісін сұрай алмадым. Алайда сол ауылдың бір ардагерінен сыр тартқан болдым.
– Ә-ә,– деді ол даусын созып, –е-е, е-е... жасырын ештеңесі жоқ. Ауыл тегіс біледі. Інісі Самұрат пен келіні Гүлдайдың балалары ғой. Он ұл-қыздың бәрі де Гүлбарамның бауырында өскен. Шөменбайдың атына жазылған.
– Ау-у, сонда Гүлдайың көп балалы «Батыр ана» болды-ау! Сол атаққа  ие болған ба? Омырауына «Алтын алқа» таққан ба?
– Ым-м, о жағын нақты айта алмаймын... Әй, мен білсем, сондай көтермеге қызықпаған да-ау! Қазір ұл-қыздарының бәрі әр қалада. Әртүрлі қызметте. Бұл Шөменбай жапырағын жайған бәйтерек десең болар.
***
Екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысындағы қан майданның куәгері болған, осы ауылдағы ең соңғы тұяқ  – ардагер ағамен сау-саламат бол деп қоштасып, қайтар жолға түстік. «Апыр-ай, ә» деймін күбірлеп, – ағайын-туыстың бірлігін сақтаған абысын-келіннің аса сирек кездесетін мұндай татулығын қалай бағаласақ екен, а? Сірә, «Сыйластық шыңы» десек, жобаға соғар-ды...»
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер, Қарақұм ауылы, Арал ауданы.
12 желтоқсан 2020 ж. 844 0