Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "СЕРПІН" БАҒДАРЛАМАСЫ: Солтүстік көші көрікті ме?

"СЕРПІН" БАҒДАРЛАМАСЫ: Солтүстік көші көрікті ме?

Смайл Насихат Бекарысқызы – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, "Serpin Qoldau" кеңсесінің жетекшісі:

– "Серпін" бағдарламасының басты мақсаты мен міндеті қандай? Қолға алынған уақыттан бастап көздеген мақсатты орындап келе жатыр ма?
– Бағдарлама мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.
«Серпін» бағдарламасы 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бағдарлама еліміздің халқы тығыз орналасқан және оқуға түсуші талапкерлері көп 5 өңірді қамтиды, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары.
Бағдарламаның түпкі идеологиясы өте жақсы негізі. Солтүстік және шығыс өңірлердегі кадр тапшылығын, жастар үлесінің аздығын, қазақыландыруды оңтайландыру мақсатында мемлекет «Серпін» бағдарламасы бойынша кәсіптік және жоғары оқуға10 жыл бойы арнайы грант бөліп келеді. Бұл дегеніміз аталған 5 өңірден шыққан талапкер ҰБТ төмен балл жинаса да, мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, стипендия алып, арнайы жатақханамен қамтамасыз етіледі деген сөз. Алайда, мақсатты толықтай іске асырып, күткен нәтижеге жету үшін оқуға келіп жатқан жастарымыздың патриоттық сезімдері мен жанашырлықтары әлде де жеткіліксіз болуда. Себебі, оқуға келген жастар тек ҰБТ-дан аз балл жинап, тегін оқу керек болғаны үшін ғана емес, еліміздің дамуына үлес қоссам деген айқын мақсатпен келсе екен дейміз.
«Серпін» бағдарламасын Қазақстан Республикасы бойынша 8 өңір іске жүргізілсе, соның бірі Солтүстік Қазақстан облысы яғни, Петропавл қаласы. Бағдарламаны іске асырудың бірінші қадамы білім беруден бастау алады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 2014 жылдан бері бағдарлама аясында студенттерге білім беріп, маман даярлап келеді.
Соның нәтижесінде 8 өңір арасында алғаш рет 2024 жылдың қазан айында арнайы өңірлік кеңсе құрылды. СҚО әкімдігінің бастамасымен университет жанынан «Serpin Qoldau»кеңсесі өз жұмысын бастады.
Кеңсе әрине, бағдарламаны толыққанды жүзеге асыруға күш салады және бағдарлама бойынша оқып жатқан студенттерге барлық жағынан қолдау көрсетеді. Кәсіби бағдар беру жұмысынан бастап, адаптация, психологиялық көңіл-күй, қоғамдық өмірге бейімдеу, жұмыс берушілермен шарттар жасасу, бос жұмыс орындарына мамандықтары бойынша орналастыру және жұмысқа орналасқан түлектерді университет жатақханасына қамтамасыз етуге дейін.
– 2020 жылы сол уақыттағы министр Асхат Аймағамбетов "заңнамаға сәйкес, оңтүстіктегі талапкерлер жалпы конкурсқа өтініш беріп, жалпы грантқа да, ауыл квотасына да таласа алады. Сондықтан сол жылы "Серпінмен" білім алған 6 мың түлектің 4 мыңы ауыл квотасын жеңіп алды. Ол дегеніміз – түлектер өз өңірлерінде де оқуға мүмкіндік алып отыр" дегенеді. Тек ауыл квотасын жеңіп ала алмағандар "Серпін" бағдарламасы бойынша солтүстіктегі өңірлерге бет алды" дегенеді. Сол уақыттағы шарттар қайта қаралып, жастарды ынталандырудың қандай тетіктері әзірленді?
– Жоғары оқу орындарына берілетін Мемлекеттік грант тапсырысын үйлестіру кезінде «Серпін» бағдарламасына түрлі салада арнайы 5 мыңға жуық гранттар бөлінеді. Мысалы, педагог болғысы келетін талапкер ҰБТ нәтижесінде 75 балл, ауыл шаруашылығы, өндірістік және техникалық мамандықтар 50 балл жинаса жеткілікті. Бұл нәтиже жалпы конкурста грант бермесе де, «Серпін» бағдарламасы тегін оқуға мүмкіндік сыйлайды.
Шарттарына келер болсақ: Бағдарлама унивеситет және облыстағы жауапты мекемелер арқылы білім алушыға тегін оқу, жатақхана, стипендия, жол ақысы және жұмыс орнын дайындап береді. Диплом алғаннан кейін 2 жыл жұмыс өтілін атқаруға міндеттеледі. Алайда, студенттер қандай грант түрінде оқыса да, өтеуі бар екенін естен шығармауы керек. Мысалы, мемлекеттік гранттың жұмыс өтілінің мерзімі 3 жыл болса, «Серпін» бағдарламасы бойынша 2 жыл. Бұрын талапта 3 жыл жұмыс өтілі болса, қазір мерзімі 2 жылға дейін қысқарды. Тағы бір ескеретін жайт, бағдарлама түлегі тек өзінің білім алған өңірінде ғана емес, сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы қамтитын 8 өңірде де жұмыс өтілі бойынша қызмет жасай алады.
Сонымен қатар, бағдарламаны іске асырушы өкіл ретінде М.Қозыбаев университетінің атынан министрлікке «Серпін» бағдарламасын тек ауылдың талапкерлері үшін ғана емес, 5 облыстың қала статусындағы талапкерлерге де қолжетімді ету ұсынылды. Бұл орынды ұсыныс ретінде қаралып, қазіргі уақытта Ережеге өзгеріс енгізуге бойынша талқылауда.
– Аудан бойынша "Серпін" бағдарламасымен білім алған жастар нешеу? Олардың белсенділік деңгейі қандай?
– Арал ауданы бойынша ғана алсақ, көрсеткіш жоғары емес. Ал, Қызылорда облысы бойынша қарасақ, 2014 жылдан бері 632 адам бағдарлама мүмкіндіктері арқылы диплом алған. Қазіргі уақытта облыс бойынша 74 студент білім алуда. «Серпін» бойынша білім алушылардың жоғары көрсеткіші әзірге Түркістан облысына тиесілі. Ол жақта халық саны Қызылорда облысына қарағанда әлдеқайда жоғары.
Студенттердің белсенділігі өте жоғары. Сыр елінен болғандықтары да бұған себеп. Оңтүстікке қарасты қай өңірдің адамдарын алсақ та барлық жағдайда белсенді. Мейлі ол студент болса, мейлі қоныс аударушы болсын...
– Ел арасында "солтүстік аймақтарда жұмыс жасауға қолайлы жағдайлар қарастырылмаған. Сол себепті елге қайтып келіп жатыр" деген әңгімелер естіп жатамыз. Ол жайында не айтасыз?
– Ондай жағдайлар бары рас. Оңтүстік өңір газбен қамтылып, от жақпайтын, көмір түсірмейтін дағдыға үйренген. Ал Солтүстікте газ мәселесі енді қолға алынуда. Тұрақтап ақлмауға бұл ғана себеп емес. Жалақы коэфициентінің аздығы, жолдың сапасы және логистика мәселелері де бар. Бұл мәселелер бойынша әрине солтүстік әкімшіліктері қол қусырып қарап отырған жоқ. Мемлекетке тиісті деңгейде ұсыныстар мен шешу жолдарына қатысты шараларды жолдайды. Мәселенің күрделігіне қарай, өз уақытында оң шешімін табады деп сенеміз.
Сұхбаттасқан О.БӨРІ
08 наурыз 2025 ж. 82 0