Серік САЯНОВ: Отанды қорғау – парыз бен мақтаныш

–Қарулы күштер – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі құрылымның бірі. Президенттің жолдауында қорғаныс қабілетін нығайтуға басымдық берілетіні айтылды. Осы орайда, қазіргі әскерге шақыру жүйесінің негізгі талаптары қандай?
–Отанды қорғау – Ер адам үшін парыз бен мақтаныш. Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 13 ақпандағы №782 Жарлығына және Арал ауданы әкімінің биылғы жылғы №48 қаулысына сәйкес, ауданда 2025 жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды.
Бұл науқан аясында 18 бен 27 жас аралығындағы, мерзімді әскери қызметтен заңды түрде кейінге қалдыруға жатпайтын азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады. Қала, кент және ауылдық округ әкімдері әскерге шақырылушыларға тиісті шақыру қағаздарын тапсырып, оларды Арал ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде медициналық комиссиядан өтуге бағыттайды.
Мерзімді әскери қызметке шақырылушыларға қойылатын негізгі талаптар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-IV Заңының 35-бабында айқындалған. Егер аталған заңда көрсетілген кейінге қалдыру негіздері болмаса, азаматтар әскерге баруға міндетті.
Медициналық тексерістен өткеннен кейін, жарамдылық деңгейіне сәйкес, сарбаздар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдеріне, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына, Мемлекеттік күзет қызметіне және Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдеріне жіберіледі.
Бұл – әрбір жас азамат үшін елге қызмет етудің, патриоттық рухын нығайтып, шыңдалудың үлкен мүмкіндігі. Қарулы Күштердің сапында болу – абыройлы міндет, ал әскери қызмет – нағыз ер азаматтың шынығу мектебі.
–Әскерге барудан жалтару – қоғамда жиі талқыланатын мәселе. Кейбір жастар денсаулық жағдайына, ал кейбірі басқа себептерге байланысты әскерден бас тартуға тырысады. Соңғы жылдардағы қайғылы жағдайлар да ел есінде. Осы мәселені шешу үшін Арал ауданында қандай шаралар қабылданып жатыр?
Бүгінгі таңда жастар арасында әскери қызметтен жалтару мәселесі жиі кездесіп жүр. Кейбір азаматтар медициналық комиссиядан өту кезінде денсаулық жағдайына байланысты түрлі шағымдар айтып, мерзімді әскери қызметке барудан бас тартуға тырысады. Тіпті ата-аналар ұлдарының ауылда жоқтығын, сырт қалада жұмыс істеп жүргенін алға тартып, оларды шақыруға кедергі келтіретін жайттар да орын алуда.
Әскер – тәртіп пен төзімділікке, жауапкершілік пен қайсарлыққа үйрететін қасиетті міндет. Отан алдындағы борышты өтеу – тек заңды талап қана емес, азаматтың ел алдындағы парызы. Осыны жас буынға түсіндіру мақсатында Арал ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі жергілікті атқарушы органдармен және аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып, әскерге шақырылушылардың мекенжайларын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы басты мақсат – жастарға әскери қызметтің маңыздылығын жеткізіп, олардың бойында патриоттық рухты ояту. Сонымен қатар, қала, кент және ауылдық округтерде әскердің беделін арттыру мақсатында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, көрнекі жерлерге үгіт-насихат баннерлері ілінуде.
Әскери қызмет – ер жігіттің өмірінде өзін жаңа қырынан танып, қайраттылығын, жауапкершілігін шыңдайтын маңызды кезең. Бүгінгі таңда ел тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздар – мемлекетіміздің айбыны, ал олардың қатарына қосылу – әрбір жастың абыройлы міндеті. Елін сүйген азамат туған жерінің қорғаны болудан бас тартпайды деп ойлаймын.
–Ауданда бітіруші колледж және мектеп түлектері мен жұмыссыз жастарға әскери қызметтің маңыздылығы түсіндіріліп, түрлі кездесулер ұйымдастырылып жүр. Осы іс-шаралардың нәтижесінде жастардың әскерге баруға деген ынтасы мен көзқарасы қалай өзгеруде? Және болашақта осындай ақпараттық жұмыстарды жетілдіру ойда бар ма?
–Бүгінгі таңда жастар арасында әскерге баруға деген құлшыныс әртүрлі деңгейде байқалады. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары мен насихаттық шаралардың нәтижесінде патриоттық сезімі оянып, әскерге баруға ынтасы артқан жастар бар, бірақ олардың саны әлі де құрметпен қабылдаса, енді біреулері әртүрлі себептермен әскерден жалтаруға тырысады.
Осы орайда, отбасы жағдайы да маңызды рөл атқарады. Көптеген жас жігіттер әке-шешесіне материалдық көмек көрсету мақсатында басқа қалаларға жұмысқа кетіп жатады. Кейбір ата-аналар ұлдарының еңбек етуіне басымдық беріп, әскерге барудан кейінге қалдыруға немесе мүлдем бас тартуға тырысады. Бұл жағдай, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасыларда жиі кездеседі. Дегенмен, ұлттың қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығы – әрбір азаматтың жауапкершілігінде. Елін сүйген ер азамат туған жерін қорғауды да маңызды міндет деп білуі тиіс.
Жастардың патриоттық рухын көтеру және әскери қызметтің маңыздылығын түсіндіру мақсатында аудан көлемінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда қоғамдық даму бөлімі, аудандық білім бөлімі және аудандық жастар орталығы бірлесе отырып, жүйелі жоспар құрып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Бұл шаралардың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық рухты нығайту.
Аудан мектептері мен оқу орындарында әскери-патриоттық сабақтар болып, Отан қорғау тақырыбында түрлі кездесулер мен пікірталастар өткізілуде. Әскерге барған сарбаздар мен әскери сала қызметкерлері жастармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Бұл шаралар, әрине, болашақта да жалғасын таба бермек.
–Жыл сайынғы көрсеткіш бойынша шақырылушылар саны артып келеді. Бұл істе Арал қаласында қандай негізгі қиындықтар кездеседі? Олардың саны осы ұлттық тенденцияға сәйкес келе ме? Және шақырылушылардың денсаулық көрсеткіштері қандай деңгейде?
Жыл сайын әскер қатарын жас буынмен толтыру артуының себебі – NEET санатындағы жастардың санын барынша азайтып, жастарды мерзімді әскери қызметке шақыртып, одан қалды келісімшарт негізіндегі әскерде қалдыру. Аудан қөлемінде 18 бен 27 жас аралығындағы 4000 мыңға жуық жас бар. Олардың ішінде 700-дейі әскер қатарынан кейінге қалдыруға заңды құқығы жоқ жастар. Осы орайда, аудан көлеміндегі жастардың әскерге деген құлшынысының аздығынан медициналық комиссияға келгендер денсаулық жағдайларына шағым айтады. Сонымен қатар алдында айтылғандай жастардың сыртқы қалаларда тұрақты жұмыс істемеулері әскер қатарына шақыруға қиындық тудыруда. Денсаулықтарына шағымдары көп, тері аурулары, бас және бел омыртқа аурулары, көз және құлақ ауруларына қосымша тексеруге жолданып жатыр.
–Президенттің соңғы жолдауында жастардың тәрбиесіне, патриотизмге және әскери дайындыққа ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытта әскерге шақыру жүйесінде қандай жаңа бастамалар мен реформалар енгізілуде?
Жергілікті әскери басқару органдарында цифрландыру жұмыстары қолға алынды. Соның бір дәлелі оқуда жүрген студенттерге оқу орындарынан анықтама ұсынбай-ақ оқуын бітіргенге дейін кейінге қалдырылып жатыр. 1414 смс жүйесі арқылы әскерге шақырылушыларға электронды шақырту қағаздары жіберілуде.
–Қазақстанда әскери қызмет туралы заңнамалар уақыт өте келе өзгерістерге ұшырап жатыр. Жастардың құқықтары мен міндеттері қандай және соңғы заңнамалық өзгерістер бұл процеске қалай әсер етті?
Қазақстан Республикасының Конституциясының 36-бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады» деп атап көрсетілген. Сондықтан жастардың құқықтары мен міндеттері – Отан алдындағы борышын өтеуден қашпау, 1 жыл ішінде болашақта елдің қорғаны болу үшін тәжірибе жинақтап қайту. Әскерде болу деген, ол қолға тағы бір диплом алу деген. Соның арқасында болашақта келісімшарт негізінде әскерде қалып қызмет атқаруына болады.
–Соңғы жылдары геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты ұлттық қауіпсіздікке деген сұраныс арта түсті. Қазақстан армиясының қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі жөнінде не айтасыз?
–Бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы Күштері жаһандық әскери рейтингте 58-орында тұр. Бұл рейтинг 60 түрлі көрсеткіш негізінде анықталады, оның ішінде қаржыландыру, логистика, географиялық ерекшеліктер және басқа да маңызды факторлар бар.Қарулы Күштеріміз үш негізгі құрылымнан тұрады: Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Әрбір құрылым ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзіне жүктелген міндеттерді атқарады. Құрлық әскерлері – мемлекеттің қорғаныс қабілетінің негізгі тірегі болып табылады. Әуе қорғанысы күштері әуе кеңістігін қорғау мен бақылау функциясын атқарады, ал Әскери-теңіз күштері еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, стратегиялық тұрғыдан маңызды дағдарыстық жағдайларда жедел шешім қабылдау және кез келген қауіп-қатерге қарсы әрекет ету мақсатында бірқатар арнайы құрылымдар жасақталды.
Қазақстан армиясы заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби әскери кадрлармен толықтырылып келеді. Ел қауіпсіздігін сақтау үшін қорғаныс саласын дамыту, әскери даярлықты жетілдіру және заманауи технологияларды енгізу маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек.
–Көптеген елдерде келісімшарттық әскери қызмет кең таралған. Қазақстанда бұл бағытта қандай өзгерістер бар? Келісімшарт негізінде қызмет ету әскерге шақырудың дәстүрлі жүйесіне балама бола ала ма?
–Келісімшарт бойынша әскери қызмет – бұл мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ғана емес, кәсіби өсу келешегін беретін, әскери ықзметкерлердің өзінің, оның отбасының әлеуметтік қорғауын қамтамасыз ететін абыройлы жұмыс. Келісімшарт негізінде қызмет атқару – ол белгілі бір әскери бөліммен емес Отаныңмен келісімшарт жасасу дегенді білдіреді. Келісімшарт ол – лайықты айлық ақының кепілдігін және уақытылы төленуі, мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әскери-медициналық мекемелерде мемлекет есебінен медициналық қамтамасыз ету, берілген нормалар бойынша заттай мүліктермен мемлекет есебінен қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалатын шығындардың бюджет қаражаты есебінен оқыту құнының елу пайызы мөлшерінде өтеуге құқығы, әскери қызметшілердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезектен тыс орындар беру.
–Жастардың әскери қызметке деген көзқарасы көбінесе қызмет жағдайына байланысты. Қазіргі таңда әскердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар қандай деңгейде және оларды жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
–Әр елдің Қарулы Күштері оның қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Маңызды бастамалардың бірі – әскери қызметкерлермен олардың отбасы мүшелеріне түрлі жеңілдіктер беру. Қызмет атқару кезеңінде «кредиттік демалыстар» және коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер әскери қызметшілердің отбасыларының қаржылық жүгін жеңілдетіп, білім беру жеңілдіктерін беру әскери қызметті жастар үшін тартымды етеді. Қазақстандық әскери қызметкерлердің халықаралық міндеттер мен операцияларға қатысуы да олардың беделін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде Қазақстан әскері БҰҰ аясындағы бітімгершілік миссияларына қатысуы артып келеді және екі мыңнан астам бітімгершілік офицерлері осы іс-шараларды қолдау үшін дайындалды. Қазақстандағы әскери қызмет саласындағы қолға алынған өзгерістер мен бастамалар әскерилердің беделін көтеру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
–Сұқбатыңызға рақмет! Қызметіңізде абырой биігін тілеймін!
Әңгімелескен Гүлмарал САҚТАПОВА