Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тұлғасын тозаң тұтпас дара шайыр

Тұлғасын тозаң тұтпас дара шайыр

Белгілі журналист Қараша Қараман – Қазалы ауданының тумасы. Журналистік мамандық алғаннан кейін Жетісу өңірінде қалып, баспасөзде қызмет еткен. Бірнеше кітаптың авторы. Қарасақал Ерімбет шайыр туралы зерттеу мақалаларды, ақынның жыр-толғауларын ел ішінен жинауы, кітаптарын шығаруы оның өмірлік мақсаттарының бірі болып келеді.
Жақында Арал өңіріне табан тіреген журналист Қараша Қараманмен әңгімемізде атақты шайыр төңірегінде қылудың сәті түсті.
– «Ер болсаң елің үшін қызмет қыл» деп жырлаған Сыр өңірінің дарабозы Қарасақал Ерімбетті бір кісідей біледі деп есептейміз. Ұзақ жылдарғы тынымсыз ізденістер арқасында ол туралы бірнеше кітаптарыңыз жарық көрді.
– Ерімбет Көлдейбекұлы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің, оның ішінде жазба әдебиетінің көрнекті өкілі. Сырда туып, Сырда өскендіктен осында білім алып, атақты Балқы Базардың шәкірті болып табылады. Өзінен кейін ізінен ерген Сыр сүлейлері Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Нұртуғандарға ұстаз болып саналады. Бұл дүлдүлдердің қай-қайсысы да өз заманында ол кісіге баға беріп отырған. Балқы Базар «Шырайлы сөздің дүлдүлі» десе, Шораяқтың Омары «Тұсау сөздің кестесі» дейді. Бұлардың бәрі оның ақындық сұңғыла өнеріне берілген бағалары емес пе. Қарасақал Ерімбет 1850 жылы туып, 1911 жылы жазда Балқы Базардың жаназасынан келе жатып қайтыс болған. Айта кетерлігі, бұған дейінгі деректерде атақты шайырды 1844 жылы туып, 1916 жылы қайтыс болған деп энциклопедияда, басқа да кітаптарда жазылып кеткен. Біз бұл қателікті қалпына келтірдік.
Мен 1991 жылдан бері Қарасақал Ерімбет туралы ізденуді қолға алып келемін. Алғашқы мақалам «Сыр бойы» газетіне шықты. Жалпы, 1979 жылы оқу бітіргеннен кейін Талдықорған өңірінде газетте қызметте болдым. Алматыдан шалғай жүргендіктен де «Үш ғасыр жырлайдыға» тек Жекей қызбен айтысы ғана енген. «Бес ғасыр жырлайды» атты белгілі академиялық жинақтарға енбей қалғанын көрдім. Осы шалағайлықтар мені ойландыра бастады, ізденуге жетеледі. Тәуелсіздіктен кейінгі 90-жылдары бұл шайырдың жолдары ашылған еді. Бұған дейін діни бағыттағы, исламды насихаттаған ақын деп кінә жапсырылып, шығармалары көп жарияланбағантын. Ал, оның негізгі өлең-жырларын оқып көрген адам шығармаларының дені адамгершілік, адалдық, әділеттілік туралы боп келетінін көрер еді. Сондай-ақ «Атымтай Жомарт», шығыс әдебиетінің нәзира үлгісінде жазылған «Дариға қыз бен Әзіретәлінің күресі», «Сәдуақас Сахи», «Бап Раушан» сияқты хиссалар жазған.
1996 жылы үлкен академиялық жинақ шығарылды. Оған шайырдың он шақты өлеңі енген. Міне, осыдан кейін сең қозғалды десем болар. Өзім де осы жылдардан бастап Қарасақал Ерімбеттің өмірі мен шығармашылығын іздеуге, зерттеуге біржолата берілдім десем болар. 1994 жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаевқа арнайы кіріп, шайырдың шығармашылығы туралы айттым. Сөйтіп, С.Шаухамановқа, Ж.Шәріповке осы тұрғыдағы хат жазылды. Шәріпов кейін ауысып кетті де, Самұрат Имандосов келгеннен кейін біздің мәселе көтеріп жазған хатымызға назар аударды. Ең алғаш рет сол жылы өңірдің ақсақалдарымен, тиісті мекемелердің басшыларымен келелі кеңес өткізді. Ең басты жұмыс шайырдың жеке кітабын шығару болды. Сонымен қатар Қарасақал Ерімбет атына көше беру, мектеп атауын беру, тағы басқа шаралар қозғалды. Мемлекеттен бөлінетін қаржы жағы жоқ, сондықтан халықтан қаржы жинау керек болды. Бұл жағынан Қазалы ауданының халқы үлкен ұйымшылдық көрсетті. Кітап шығару Әбсаттар Оспанов, Өмірзақ Ахметов және маған тапсырылған. Сөйтіп Ә.Оспановтың құрастыруымен «Ұлағат сөзім ұрпаққа» деген кітабын 1000 данамен шығардық.
Бірақ бұл кітап Арал, Қазалы, Алматыға ғана таратылуымен шектеліп қалып қойды. Одан кейін Қызылорда облысының әкімі Мұхтар Құлмұхамедтің бастамасымен дүниеге келген Сырдария кітапханасымен толықтырылып шығарылды. Иә, осындай кітаптар оқырманның қолына тигенмен де, әлі күнге дейін Қарасақал Ерімбеттің академиялық үлгідегі толық жинағы шықпай отыр.
– Шайырды бүкіл қазақ жұрты жақсы тану үшін әртүрлі деңгейдегі еске алу шаралары өтіп тұру керек қой.
– Дұрыс айтасың, 2006 жылы Қазалы ауданында Қарасақал Ерімбет шайырдың 150 жылдығына орай үлкен шара өткізіліп, Қазалы қаласында ескерткіш-кесенесі тұрғызылды.
2020 жылы шайырдың өлең-жырларын топтастырып, тақырып аясына қарай жинақтап, өз қаражатыммен «Тоғанай» баспасынан «Қарасақал Ерімбет шайыр» деген кітап шығарып тараттық. Кітаптың шығуына түрткі болған Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет институттың директоры, филология ғылымдарының докторы Уалихан Қалижановқа әуелі апарып көрсеткенбіз. Ол кітапқа пікір айтуға, оқуға жерлес ініміз Серікбай Қосановқа тапсырды. Серікбай білімпаз ғалым. Екі ай оқып танысып, салиқалы пікір жазып берді.
2022 жылы мемлекеттік тапсырыспен шайырдың үшінші кітабын шығардым. Бір жақсы жері ол кітап Қазақстанның барлық жеріне тарады. Биыл 2025 жылы Қарасақал Ерімбеттің туғанына 175 жыл толады. Осы мерейлі датаны атау үшін заңдылық жолымен осыдан екі жыл бұрын Ақпарат және спорт министрлігіне өтініш бердік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміз бойынша аталып өтетін мерейтойлық күнтізбеге енгізді. Және Қызылорда облысы әкімдігіне тапсырылды.
Қарасақал Ерімбет сияқты шайыр бүкіл қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дара дарын. Міне, мерейтой деп отырмыз, біздегі мерейтойлар халықты ағайын-туғанын жинап, мал сойып, жаппай қазан көтеріп, ақсақал, қарасақалдарға шапан таратып, ат бәйгесін ұйымдастырумен шектеліп қалады. Менің ойымша ендігі мерейтойды рухани тұрғыда ұйымдастырсақ деймін. Рухани тұрғыда болғанда, кітабын шығару, ғылыми-танымдық конференция ұйымдастыру. Ал ол шаруаны аймағымыздағы ғылыми потенциалы мол білім ұясы – Қорқыт Ата атындағы университеттің базасында өткізген дұрыс болар еді. Осыны басшыларға да, басқаларға да қадап айтып жатырмыз. Сондай-ақ шайырдың шығармаларын айтушылардың конкурсын ұйымдастырған жөн. Жалпы Қарасақал Ерімбеттің өлең-жыр­ларын белгілі жырау Айбек Тәңірбергеновтен бастап, кейінгі буынның жыршы-термешілері көпшілік алдында орындап жүр.
– Шайырдың туған жерін нақтылай кетсек...
– Жалпы Қарасақал Ерімбеттің туған жері – Қазалы уезі Қуаңдарияның бойы, Қызылжар деген жер. Ол діни білім алғаннан кейін 1879-1880 жылдары Қызылжар алқабын жайлаған халыққа арнап мешіт-мектеп салып, ағартушылық жұмыспен айналысқан. Мәңгілік мекені – бейіті де сол жерде.
Кеңес заманында колхоздастыру кезеңінде шайырдың мешіт-мектебін шолақ белсенділер кірпішін алу үшін қиратқан. Бірақ Қарасақал Ерімбеттей әулиенің назасына ұшыраған болуы керек, әлгі бұзуға қатысқан адамдардың бәрі кейін үлкен қиыншылықтарға тап болған. Әлгінде айтқанымыздай шайырдың өмір сүрген жылдары баласының айтуымен қайта қалпына келтірілді.
– Оқырмандарымыз үшін қолына қалам ұстаған шайырдың өлең-жыр туындатудағы сәттері де қызық болар еді.
– Ол кезде қазақ көшпелі өмір сүреді ғой. Сол дәстүрмен Қарасақал Ерімбет те Қуаңдария бойында қыс қыстап, көктемде көктеуге, жазда жайлауға дариядан бері өтіп Қарақұмға шыққан. Одан әрі көшіп Ырғыз бойына дейін барады екен. Кеудесі жырға толы саңлақ шабыт буған шарықтау кезі 40 жастарында болар. Сондай ұзақ көштерде келе жатқанда ақынның шабыт толқыны бойын кернегенде көшті бірнеше күн тоқтатып, киіз үйін тіктіріп, көкейіндегі көп жырды ақ қағаз бетіне түсіретін болған. Сөйтіп ойша басталған дүниелерін кез-келген сәтте осылай аяқтап отырған екен. Соңғы нүктесін қойған соң ғана жігіттеріне «Ал енді жүріңдер, жолымыз болсын» дейді екен.
Жалпы Қарасақал Ерімбеттің руластары осы көш бойындағы жерлерді мекендеп түрлі себептермен қалған. Соның бір айғағы – Арал өңіріндегі Қарақұм өңірі. Кейін осы жерлерде колхоз, кеңшарлар құрылған кезде осы ауылшаруашылық мекемелерінде Нәби, Рамазан, тағы басқа туыстарымыз ел ағалары болып қызмет еткен. Олар Көкаша, Сәрке, Арғымақ төбе деген жерлерді жайлаған. Айта кетерлігі, Қарасақал Ерімбеттің өлең-жырларын, толғауларын, дастандарын өзі есеп қызметкері болса да, көзі ашық, көкірегі ояу Нәби Балапанов ағамыз мұқият жинаған. Сөйтіп көне жазбалардың баспасөзде жариялануына жол ашып отырды. Ол кісі Қарасақал Ерімбеттің «Қырық кеп» деген қырық шумақ өлеңін Аралда «Асыл мұра» деген газет шығарып отырған Мешітбай Құттықовқа беріп, ол газетке жариялап отырған. Мен осы «Қырық кепті» Нәби ағамыздан алып, компьютерге бастырып, 1990 жылдары республикалық «Мәдениет» деген апталық газеттің конкурсына жібергенмін. Ол конкурс көне жазбаларды іздеп, тауып жариялауға байланысты еді. Бағым жанып, осы өлеңдер үшін ынталандыру сыйлығына ие болғаным бар.
Одан кейінгі жылдары шайыр өмірінің әр сәттері мен шығармашылық ерекшеліктері туралы «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», тағы басқа газеттерде мақалаларым шықты.
– Бүгінге дейін Қарасақал Ерімбет шайырдың жарияланбай көзден таса қалыс қалған туындылары бар ма?
– Болуы әбден мүмкін. Бірақ оған өте байыпты көзбен, зерттеушілік санамен қарау керек. Мысалы, филолог ғалым Серікбай Қосановтың: «Қарасақал Ерімбеттің қорда жарияланған «Екі поэмасы  бар» деп айтқаны жадымда жазулы тұр. Бұл жерде әлгі екі поэмаға әрине текстологиялық зерттеу жүргізіп барып қана орнықты шешім айтуға болады. Олардың Қарасақал Ерімбет шығармаларымен үндестігі бар ма, стилі сай келе ма, тілдік бояуы сәйкес пе? Әйтпесе құр әншейін қабылдай салсақ, ертең басқа біреудікі деп тағы біреу шықса ұят емес пе, осындай жағдайлар болып жатыр ғой  кейбір үстірттіктерден соң. Меніңше, онсыз да шайыр бабамыздың мұрасы жетерлік. Енді соларды халыққа кеңінен насихаттап шырайын шығару керек. Қуанатын бір жағдай бар, ол филолог ғалымдардың Қарасақал Ерімбет шығармаларын зерттеу объектісі етіп ала бастауы. Белгілі ғалым Т.Тебегеновтің дарынды шәкірті Дариға Сәтемірова 2006 жылы «Ерімбет шайыр және оның әдебие ортасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Осылайша ақын шығармаларын ғылыми айналымға қосты.
– Өмір жолына, шығармашылық жолдарына қарасақ, Қарасақал Ерімбеттің туысқан Қарақалпақ елімен де байланысы барлығы көрініп тұрады.
– Рас айтасың, Қарақалпақстаннан келіп, ортамызға сіңіп кеткен білімпаз жігіттер бар. Соның бірі Бегамат Ұзақов деген жігіт. Өзі Жазушылар одағының мүшесі, ақын. Қазір Астана қаласында тұрады. Өткен жылы Ахмет Өмірзақов деген жігіт те Қарақалпақстаннан біздің елімізге қоныс аударды. Қазір халықаралық «Түркістан» газетінің Алматы қаласы бойынша меншікті тілшісі. Осы екеуі бірлесіп «Түркістан» газетінде көлемді мақала жазды. Ал Әлсейіт Мақсатов деген ұстаз ақын, Жазушылар одағының мүшесі, Тақтакөпірден келген, шайырдың ұрпағы десек болады. Ол «Ана тілі» газетінде «Ерімбет шайырдың ақыретті жырлауы» деп мақала жазды. Бұдан бөлек Қарасақал Ерімбеттің бізге мәлімсіз болып келген көп дүниелерін Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданының «К.Маркс» деген кеншарында мектепте ұстаздық еткен Әбдімәлік Мәнсейітов деген ағамыз бізге жеткізді. Ол бір жағынан ақынның ұрпағы. Мамандығы математик болса да, сөз өнеріне құлай беріліп, шайырдың өлең-жырларын, дастандарын дәптерге ұқыптап жазып жүреді екен. Содан 1994 жылы Қазалыдан С.Имандосов бастаған делегация барған кезде зерттеуші Ә.Оспановтың қолына бір кітаптай болатын туындыларын ұстатқан екен. Ұстатқанда Әбдімәлік өз қолжазбаларын емес, бір түннің ішінде ондаған мұғалімді алып отырып, әрқайсысына бөліп-бөліп қолмен көшіртіп берген.
Міне, қарап отырсақ, шайыр шығармалары, ұрпақтары туысқан Қарақалпақ жерінде кеңінен тарағаны көрініп тұр.
– Дарынды адамдар, соның ішінде діни адамдардың елден ерек қасиеті болады емес пе.
– Қарасақал Ерімбет жастайынан Хиуаға барып, өз күшімен оқыған екен. Әкесі ақша төлей алмаса да, еңбектеніп жүріп оқуын бітірген. Оның бір ерекше қасиеті шешендігі десек болар. «Құтты қонақ келсе, сол үйдің түйесі өледі. Құтсыз қонақ келсе, сол үйдің адамы өледі» деген тәмсіл сөзі бар. Оның мәнісі мынандай.
Бірде шайыр сапарлап келіп бір ауылға түседі. Таңертең қараса сол үйдің түйесі өліп жатыр екен. Үй иесі тыржиып, «мыналар құтсыз қонақ болды ғой» деп жүргенін байқап қалған Қарасақал Ерімбет «Әй, құтты қонақ келсе, сол үйдің түйесі өледі. Ал құтсыз қонақ келсе үй иесі өледі» дейді. Сонда ғана үй иесі тобасына келіпі.
Ауыздан ауызға тараған осындай әңімелер баршылық. Ел ішінде жүріп дау-шарды да шешкен. Алдағыны болжайтын көріпкелдігі де бар екен. Қазалыда жүргенде патша үкіметі оған қызмет те берген екен. Сонда қазақтар отарба дейтін поезды да көрген. Содан болашақта машина шығатынын өз жырларында айтады. Және алдағы уақытта бір үлкен қантөгіс болатынын айтып, Ұлы Отан соғысын да білген екен дейді.
– Аға, бүгінгі сәті келген сұхбатыңыз үшін рақмет!
СұхбаттасқанЕрғали АБДУЛЛА 

Фото: автордан
05 тамыз 2025 ж. 192 0