Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айнакүл БАЙМАХАНОВА: «GEOPARK ARAL» – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

Айнакүл БАЙМАХАНОВА: «GEOPARK ARAL» – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

Әлемде экологиялық жағдай күрделі мәселенің бірі. Оны шешу жолы барлық ғаламда, соның ішінде біздің елімізде де өткір түрде жолға қойылып отыр. Қанша жерден табиғи қорларды тиімді пайдалануда, қалаларды, елдімекендерді көгалдандыруда, ұлттық парктер, көгалды аймақтар жасауда көптеген шаралар іске асырылса да, табиғи ортаны қорғаудағы жауапсыздық, болашақты ескермеушілік жиі жолығады.
Аралдың жағдайы тек ауданның ғана емес, сонымен бірге әлем халықтарының біріге отырып шешімін табуы тиіс мәселе. Осы бағытта жасалып жатқан жобалардың тиімді тұсын бәріміз көріп келеміз. Соның бірі – жақында ЮНЕСКО ұйымы мен Халықаралық Аралды құтқару қорының бірігуімен ашылған «GEOPARK ARAL» ұлттық геопаркі. Жақында геопарк басшысы Айнакүл Үдербайқызымен сұхбаттасқан едік.
– Соңғы жылдары әлемдік деңгейде экологиялық мәселелер жиі көтеріледі. Соның ішінде Арал теңізі – бүкіл адамзатқа сабақ болған ең ірі экологиялық апат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Арал мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін ортақ қасірет» деп айтқан еді. Осындай жағдайда Geopark Aral жобасы дүниеге келді. Айтыңызшы, бұл бастама қалай пайда болды және сіз оның басты миссиясын қалай түсіндірер едіңіз?
– Арал теңізінің қасіретті тағдыры бүкіл әлемге белгілі. Бір кездері шалқып, аймағына тіршілік нәрін сыйлаған теңіз тартылып, ғасыр экологиялық апатына айналды. Дегенмен, қазақ жерінің төзімі мен адамзаттың үмітін қайта жандырған бір үлкен жетістік бар – ол Солтүстік Аралды сақтап қалу жобасы.
Бұл – бүкіл әлем үшін маңызды тәжірибе. Себебі өзге елдердегі құрғап кеткен су айдыны қайта қалпына келмеген шақта, біз аз да болса теңізді тірілтіп, табиғатпен үйлесім таба білдік. Жетістігіміз халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, шетелдік сарапшылар тарапынан үлкен қызығушылық туғызды.
Солтүстік Арал теңізінің өзін өз көзімен көруге жылына 3-4 мыңға жуық шетелдік турист келеді. Олардың көбі Көкарал бөгетін тамашалап, теңіздің қайта толысқанын, балық шаруашылығының жанданып, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын бақылайды. Аудан экологиялық туризм мен ғылыми зерттеу орталығына айналып келеді.
Бүгінде әлем елдерінде экотуризм мен геологиялық, мәдени мұраларды сақтау мақсатында 177 геопарк жұмыс істейді. Олар ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісіне кірген. Солардың ішінде Орталық Азия аумағынан алғашқылардың бірі болып, «Geopark Aral» жобасы 2024 жылдың мамыр айынан бастап өз жұмысын бастады.
Жоба аясында өңір көлемінде ғылыми конференциялар, халықаралық экспедициялар ұйымдастырылып, геологиялық зерттеу, мәдени мұра мен табиғи нысандарды таныту бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. Геопарктің басты бағыттары – аймақтың экожүйесін зерттеу, табиғи және мәдени мұраларды сақтау, инфрақұрылымды дамыту және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыру.
Негізгі мақсат – ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер тізіміне ену. Бұл бағытта қажетті құжаттар әзірленіп, халықаралық талаптарға сай сараптамалық зерттеулер мен экспедициялар жүргізілуде. Сондай-ақ геопарктің карталық жобасы жасалып, оның даму стратегиясы бекітілді. ЮНЕСКО құрамына енгеннен кейін әр төрт жыл сайын геопарктің бағыттық нүктелері жаңартылып, жаңа туристік және зерттеу аймақтары қосылып отырады.
Солтүстік Арал теңізін сақтау – адам мен табиғаттың үйлесімі. Ол үміттің қайта оянуы.
– Бүгінде геопарктің құрамына қанша геологиялық, тарихи және мәдени нысан енгізілген? Олардың ішінде ерекше көзге түсетін, аймақты әлемге таныта алатын қай жерлерді атар едіңіз?
– Бүгінде геопарк құрамына Жалаңаш, Сарышығанақ, Көкарал, Ақеспе және Қамбаш аймақтары енгізілген. Бұл өңірлердің әрқайсысы табиғаты мен тарихы жағынан ерекше: бірі – геологиялық құрылымы мен шөгінді жыныстарымен, екіншісі – мәдени мұраларымен және Арал тарихын бейнелейтін табиғи көріністерімен құнды.
Геопарк аумағындағы ең тартымды аймақтардың бірі – Жалаңаштан Ақеспеге дейінгі алып каньондар тізбегі. Табиғаттың мыңдаған жылдар бойы қашап жасаған бұл ғажайыптары көз тартар көрінісімен, геологиялық және ғылыми тұрғыдан да ерекше. Биік жартастар мен табиғи шатқалдар өңірдің ежелгі тарихынан сыр шертеді, ал олардың арасындағы түрлі түсті қабаттар – жер қойнауының ғаламдық эволюциясын айқындайтын табиғи мұражай іспетті.
Сол аймақтағы Ақеспе мен Ақбасты маңындағы ыстық су көздері де ерекше қызығушылық тудырып отыр. Минералды ыстық бұлақтардың емдік қасиеттері бар: олар тері ауруларына, буын мен жүйке жүйесі сырқаттарына шипа ретінде қолданылады. Шетелдік туристер бұл жерлерге табиғи сауықтыру туризмі бағытында жиі келеді.
Сонымен қатар, келген қонақтар өңірдің бай мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрі мен тұрмысын да ерекше құрметпен қабылдайды. Қазақтың қонақжайлылығы, ұлттық тағамдары, киіз үй мәдениеті, қолөнер бұйымдары мен этношаралар шетелдік саяхатшыларға ұмытылмас әсер қалдырады.
Туристер арасында әсіресе жергілікті салт-дәстүрлерге, ұлттық ойындар мен киім үлгілеріне қызығушылық жоғары. Осыған орай геопарк қызметкерлері мен гидтер арнайы мәдени бағдарламалар әзірлеп, келушілерге халқымыздың бай рухани қазынасын таныстыруда.
Бүгінде туризм саласы тек табиғи экскурсиялармен шектелмей, ақпараттық жүйелермен толық қамтылған кешенді саяхат бағытына айналды.
– Geopark Aral-ды жергілікті халықпен қатар әлемнің әр түкпірінен келетін туристер тамашалай алады деп сенеміз. Осы орайда қандай туристік бағыттар жасалып жатыр?
– Геопарк іске қосылған сәттен бастап, аймақта жаңа серпін байқалды. Туристердің көптеп келуі – табиғатты тамашалауға деген қызығушылықпен қатар жергілікті халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайына оң әсерін тигізді.
Бүгінде Көкарал мен маңайындағы елді мекендерде жаңа қонақүйлер, демалыс орындары мен туристік инфрақұрылымдық нысандар ашу жоспарлануда. Туристер легі артқан сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар қызмет көрсету саласына белсенді түрде тартылуда.
Қонақүйлер мен демалыс орындарының жұмыс істеуі – аймақ экономикасына тікелей үлес қосуда. Сонымен қатар, көлік жалға беру қызметі жолға қойылып, теңізге, тарихи және табиғи нысандарға бағытталған экскурсиялар ұйымдастырылады. Туристерге арналған тамақтану орталықтары ашылып, онда ұлттық тағамдар мен өңірге тән дәм түрлері ұсынылады.
Жергілікті шеберлер өз қолынан шыққан бұйымдарын ұсынатын қолөнер жәрмеңкелері, мәдени-танымдық іс-шаралар, фольклорлық кештер жиі өткізіліп тұрады. Шара – аймақтың мәдени келбетін таныту, халықтың табысын арттырып, дәстүрлі өнерді сақтауға мүмкіндік береді.
Аталған бағыттағы барлық жұмыстар аудан әкімшілігі және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жүзеге асырылуда. Ортақ мақсат – экологиялық және мәдени туризмді дамытып, Солтүстік Арал өңірін халықаралық деңгейдегі танымал геопаркке айналдыру.
– Әрбір үлкен бастаманың өз сынағы болады. Сіздер үшін жобаны жүзеге асыруда ең үлкен қиындықтар қандай болып отыр? Инфрақұрылым, қаржыландыру және ғылыми зерттеу базасының жұмыстары туралы айтып өтсеңіз...
– Әр бастаманың өз сынағы мен қиындығы болатыны рас. Геопарк жобасын жүзеге асыру барысында біз де көптеген кедергілерге тап болдық. Басты қиындықтардың бірі – нысандардың бір-бірінен қашық орналасуы, жолдың сапасыздығы және инфрақұрылымның жеткіліксіздігі еді. Кейде бір табиғи нысанға жету үшін ондаған шақырымды еңсеріп, құмды жолдармен жүруге тура келетін.
Алайда бұл қиындықтар бізді тоқтатқан жоқ. Уақыт өте келе аудан әкімшілігі және облыстық басқармалармен бірлесе отырып, қажетті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарыла бастады. Жолдарды жөндеу, бағыттық белгілер орнату, демалыс нүктелерін жабдықтау, гидтерді даярлау секілді нақты шаралар қолға алынды. Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер көріне бастады – туристер үшін қолайлы жағдай жасалып, сапалы қызмет көрсету деңгейі біртіндеп жақсаруда.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта геопарк толықтай «Аралды құтқару қорының» тарапынан қаржыландырылып отыр. Бұл өңір басшылығының экотуризм мен мәдени мұраны дамытуға деген ерекше ықыласының арқасы. Ал жоба ЮНЕСКО құрамына енгеннен кейін халықаралық ұйым тарапынан арнайы қаржы бөлініп, инфрақұрылымды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік туады. Ол өз кезегінде геопарктің ғылыми, туристік және мәдени әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.
Geopark Aral жергілікті халық тұрмысын дамытуды көздейді. Аралдықтардың осы іске қосып жатқан үлесі қандай? Этнотуризм, қолөнер, жергілікті кәсіпкерлік бағытында нақты қандай жұмыстар байқалады? Және жоба аймаққа жаңа тыныс беріп, экономиканы көтереді деген үміт бар. Мысалы, қонақүй, сапар-орталық, туристік инфрақұрылым саласында қандай өзгерістер болады?
Бүгінде «Geopark Aral» жобасы Арал өңірі экономикасын көтерудің басты тетігіне айналып отыр. Себебі геопарк тек табиғи ескерткіштерді қорғау немесе ғылыми зерттеу алаңы ғана емес, ол – экотуризмді дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыратын маңызды құрал. Туризм саласы дамыған сайын жергілікті кәсіпкерлік те өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасына серпін береді.
Экологиялық туризмнің табысты дамуы үшін ең әуелі қызмет көрсету сапасы жоғары болуы шарт. Қонақүйлердің жайлылығы, тамақтану орталықтарының қызметі, көлік және байланыс жүйелерінің қолжетімділігі – туристер үшін шешуші фактор. Келушілердің сұранысын ескеріп, олардың ыңғайына қарай жағдай жасау – өңірдің беделін арттырып, келушілер санын көбейтудің басты жолы.
Қазіргі таңда аудан орталығындағы «Аралтұз» қонақүйі – аймақтағы ең ірі және жайлы нысандардың бірі. Мұнда туристерге барлық жағдай қарастырылған. Дегенмен, осындай сапалы қызмет көрсететін нысандардың басқа аймақтарда да көбеюі қажет. Себебі геопарк аумағы үлкен, ал туристік бағыттар кеңейген сайын сапалы инфрақұрылымға деген сұраныс та арта түспек.
Қазірге дейін бізде арнайы сапар-орталық ашылмаған. Уақытша «Аралды құтқару қорының» ғимаратында орналасып, туристерді қабылдап, ақпараттық жұмыстарды сол жерден жүргізіп келеміз. Бұл орталықта геопарктің картасы, бағыттық деректер, көрме материалдары және таныстырылымдар ұйымдастырылған. Дегенмен, болашақта арнайы жеке сапар-орталықтың ашылуы – жобаның дамуына үлкен серпін бермек. Ол заманауи форматта туристерге қызмет көрсетіп, ғылыми-зерттеу мен мәдени шаралардың тұрақты орталығына айналмақ.
– Geopark Aral-ды бес-он жылдан кейін қалай елестетесіз? Мүмкін, бұл жоба тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлемдік экологиялық қозғалыстың үлгісіне айналатын шығар? Жеке өзіңіз үшін осы істің ең үлкен құндылығы неде?
– Арал теңізінің құрғаған табаны бүгінде үлкен экологиялық мәселенің ғана емес, жаңа бастамалардың алаңы. 2026 жылға жоспарланған «Аралды сақтау жобасының ІІ фазасы» аясында 5 бағытта жұмыс істеледі. Оларға балық шаруашылығын, туризм саласын ауыл шаруашылығы мен көгалдандыру жүйесін дамыту жатады. Сонымен бірге теңіз табанын қайта жандандыру бағытында бірқатар арнайы жұмыстар атқарылмақ.
Жоба барысында көгалдандыру жұмыстары кезінде заманауи экологиялық құрылғыларды пайдалану жоспарда бар. Бұл технологиялар табиғи энергия ресурстарын тиімді жұмсап, топырақтың ылғалдылығын сақтау мен өсімдіктердің бейімделуін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдер әлемнің дамыған елдерінде кеңінен қолданылады және бүгінде Арал өңірінде сынақ түрінде енгізіле бастады.
Геопарк жұмысы басталғалы бері Арал өңіріне шетелдік туристердің келу қарқыны айтарлықтай артты. Әрбір нысан – табиғи, тарихи, мәдени маңызы бар ерекше орын. Бұл қызығушылықтың артуы Қазақстандық геопарктің атқарған қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі жетістіктер – ертеңгі үлкен мүмкіндіктердің бастауы. Сондықтан бұл жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, ауқымын кеңейту – басты міндет.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азия елдері ішіндегі ең ірі және үлгілі геопаркке айналу. Бұл бағытта халықаралық серіктестік орнату, ғылыми байланыстарды нығайту және тәжірибе алмасу жұмыстары жалғасуда. Соның айқын дәлелі – жуырда өңірге Қарақалпақстаннан арнайы делегацияның келуі. Олар біздің тәжірибемізбен танысып, өз елдерінде де геопарк ашу жоспарларын талқылады. Бұл өзара ынтымақтастық – аймақтық деңгейде экотуризм мен табиғатты сақтау ісінің жаңа белесін айқындайды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлмарал САҚТАПОВА

18 қазан 2025 ж. 141 0