Майдангердің мұрагерімін

Бірі мал бағып, бірі егін егіп өз тіршілігімен әдемі күй кешіп отырғанда, тұтқиылдан шапқан жау, еліміздің ұйқы-тұйқысын шығарып жібергенін осы әкелерімізден есітіп, одан қалды мектептегі тарих пәнінен оқып өстік. Әкемнің өткен өмірі жайындағы бар білгенімді баян етуді өзіме үлкен мақсат тұттым. Сол кездегі әкемнің соғыс жолдары жайында көп айтпауының да өзіндік себебі бар шығар деп ойлаймын. Әкеміз сол соғыстың атын көпке дейін ойына алғысы келмей, көп әңгіме де етпейтін. Тек ара-арасында ғана суыртпақтап сұрап алғаным, аз-кем болса да есімде қалыпты. Әкем Шалабаев Жібекәли, Арал ауданына қарасты Қарақұм ауылдық округінде туып-өскен. Бар өмірін күнделікті тіршілік қамымен өткізе жүріп, сол жердегі кеңшардың малын бағып еңбек еткен екен. Соғыс басталғанда қазіргідей бір шаңырақтың жалғыз ұлы демей, әскерге алынып, малдың жайлауындағы үйінен, майданның отты даласына аттанып кете барған. Қып-қызыл соғыста бірі жараланып, бірі өліп жатырған шақта, өмір мен өлімнің арпалысы қыза түскен тұста, әкеміз де иық тұсынан қатты жараланып, қансыраған күйі ес-түссіз қалады. Бір кезде талықсыған күйде көзімді ашсам, еміс-еміс есітілетін, «жив! жив!» деп анталап тұрған адамдарды көрдім. Артынша одан кейін көзімді ашқанда айналам ақ халаттыларға толып кеткен, біреуі аяғым, біреуі басым деп ыңырсып жатырған адамдар екен дейді. Кішкене есімді жиып, тамаққа қарап, жан-жағымды бағдарласам, Ресейдің Челябі облысы, Златауст деген жердегі госпитальға түскен екенмін деп еске алды. Күнбе-күнгі білікті дәрігерлердің қарауында болып, кішкене оңалғандай болыпты. Бірақ қолдарым не мылтық, не автомат ұстауға келмей қарысып қалған екенмін. Аяғымды басқаныммен, қолдарым іске аспай қалды. Мылтықтың шүріппесін баспақ түгілі қарысқан қолым, иығым көтерілсе ше? Сол күйі икемге келместен, ендігі соғысқа жарамайтынына көзі анық жетеді. Сонымен не керек, дәрігерлерлік комиссияның шешімімен елге қайтарылдым дейді.
Елге келгеннен кейін де ауыр жұмысқа жарамсыз болғанына қарамай, тылдағы еңбекке араласады. Көргендерден есітіп білуімше, аз уақыт майданнан ауылға келген хаттарды таситын пошташы болған көрінеді. Содан кейін де кеңшардың малын бағып, соғыстан әбден қалжырап қалған елдің еңсесін көтеруге атсалысады. Кейін зейнеткерлік демалысқа шыққаннан соң, сыртта оқитын балаларының шалғай жерге жетуіне қиын болар деген оймен, Арал қаласының орталығына қоныс аударады. Қалаға келгеннен кейін анамыз ауыр науқастан дүние салғаны әкемізге ауыр соққы болды. Өз балаларымен бірге немерелерін де бағып, бәрінің ауыздарын бір жерде ұйытып отырады. Әкеміздің соғыста ауыр жаралы болып, госпитальда емделіп жатты деген құжаттары сол жерде қалып қоюына байланысты, сол кездердегі Үкіметтен берілетін көмектерді көпке дейін ала алмаған. Тек ғана әкеміздің соғысқа Қарақұм ауылдық округінен алынды деген деректен басқа дерегі болмаған. Бірақ Ұлы Жеңістің 30, 40, 50, 60 жылдық юбилейлік медалдарымен марапатталып отырғанымен, соғыс ардагерлеріне берілетін басқадай көмектер көрсетілмеген. Жан-жағына қараса, өз қатарластары ардагерлерге берілетін жеңілдіктерге ие болып, өзінің бұл жеңілдіктерге ілінбей қалғанына аздап қынжылғанымен, амандығына шүкіршілік еткен. Сөйтіп жүргенде мен де, кәмелеттік жасқа жетіп, мектеп бітірген қағазымды алып, арман жолына қанат қағуыма тура келді. Мектеп бітірген мені, оқу оқимын деген ой мазалағанымен, қайда баратыным белгісіздеу болды. Сол кезде әкемнің жасы біразға келген кезі болатын. Сол себепті мені көзінен таса қылғысы келмейтінін де сезетінмін. Әкем, оқуға барамын дегеніме бір жағынан қуанғанымен, бір жағынан алысқа жіберуге қорыққаны әлі есімде. Себебі, қазір өзім де ата-ана болғаннан кейін ба, сол кездегі әкемнің орнына өзімді қойып та көрдім. Бүгінде соны ойлап отырсам шынымен де қиын екен. Бірақ қалай да жоғарғы білім алуым керек деген оймен, Ресейдің Челябі қаласына, қатарлас оқыған бір құрбыммен тартып отырдым. Барғаннан кейін қандай оқу бар екен деп, жан-жағымызға қарадық. Менің алдымда не мұғалім, не дәрігер боламын деген таңдау тұрды. Аталған оқу орындарының екеуінің де есігін қағып, құжат тапсыруға ыңғайландық. Жат жердегі жоғарғы оқу орнының біріне түсемін бе, түспеймін бе ол жағы беймәлім. Мектептен алған білімімізді алға тартып, маған бұйырғаны осы болар деп, сол жылдары Челябінің Агроинженерлік университетінің «Инженер-педагогтер» дайындайтын мамандығына түсіп кеттім. Сол жерде оқып жүріп, үймен хабарласып, курстан курсқа өткен демалыс кездерінде ауылға келіп тұрдық. Менің ауылға каникулға келген күнім әкем үшін үлкен мереке болатын. Демалысқа келе, әкеме батырлар жырын, ертегілер мен аңыздарды оқып беретінмін. Сөйте отырып, сөздің арасында қайта-қайта, қай жердегі майданда болдыңыз деп те сұрап қоятынмын. Ондағы ойым, сол жерлерге бір табан жақын жүрмін ғой, қай жерде соғысқанын білсем, мүмкін сол жерлерге хат жазып сұрастырсам, әкемнің госпитальда жатып емделген құжаттарын тауып қалармын деген ой болатын. Соғысқа түскеннен кейін, әкеміз ауылдан барған, орысшаға шорқақтау, қай жерге келгенін, жараланғанда қай жерде емделіп жатырғандығын есіне түсіре алмаған. Тек мен, қайта-қайта сұрап қоймағаннан кейін ғана «Шлапын», «Златогорск» деп айта берді. Сөйтсем, Шлапыны, Челябинск, Златогорскісі, Златоуст екен. Бастапқы курстарымның бір болуы керек, жазғы каникулдан кейін оқуыма бара, әкемнің соғыс кезіндегі емделген жері осы болар деп, Златауст госпиталіне хат жолдадым. Сөйтіп, жатқан жатақханамнан деректерді сұрастыру хаты жіберіліп, оның жауабы да тез келе қалды. Содан ішін ашуға жүрексініп біраз тұрдым, ара-арасында жүрегім бірдеңе сезгендей дүс-дүрс етеді. Хатты ашсам, машинамен терілген мынадай жолдарға көзім түсті. «Дорогая Шолпан, Ваш отец Шалабаев Жибекали во время войны действительно лежал в Златоустовском госпитале, но документы вашего отца находятся в Ленинградском военно-медицинском музее» деп жазылған жазуға көзім түсіп, қатты қуандым. Ол кездегі хабар айтудың қазіргідей жылдамдығы жоқ. Дегенмен, келген хатты алып, жақын маңдағы поштаға қарай құстай ұша жөнеліп, келген хатпен қоса өз хатымды да үйге салып жібердім. Сөйтіп көп ұзамай Аралдағы әскери комиссариат арқылы Ленинградқа хабарласып, әкемнің ауыр жараланып, Златауст қаласындағы госпитальда жатқандығы жөнінде анықтамасын да алдық. Сол кездегі соғыс ардагерлеріне берілетін бүкіл жеңілдіктеріне қол жеткізген әкем, балаша қуанып, маған ақ батасын жаудырғанын қалай ұмытарсың?!
Ия, жақын күндері еліміздегі Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесінің тойлануы қарсаңындамыз. Осы ретте Жібекәли әкемнің соғыс ардагері екендігін айғақтайтын құжатқа қол жеткізгендегі сол кездегі қуанышымды, тағы бір мәрте айтып өтуді жөн санадым. Бұдан былай еліміздің басына қара бұлт төніп, күніміз сөнбесін. Ендігі жерде еліміз бейбіт күндердегі берекесін бірге көрсін. Сөз соңында тақырыбыма тұздық етіп алған, «Майдангердің қызымын» атты өлең жолдарының үзіндісін тағы бір рет келтіре кетуді артық емес шығар деп ойладым.
Шолпан БАЛМАНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Ия, жақын күндері еліміздегі Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесінің тойлануы қарсаңындамыз. Осы ретте Жібекәли әкемнің соғыс ардагері екендігін айғақтайтын құжатқа қол жеткізгендегі сол кездегі қуанышымды, тағы бір мәрте айтып өтуді жөн санадым. Бұдан былай еліміздің басына қара бұлт төніп, күніміз сөнбесін. Ендігі жерде еліміз бейбіт күндердегі берекесін бірге көрсін. Сөз соңында тақырыбыма тұздық етіп алған, «Майдангердің қызымын» атты өлең жолдарының үзіндісін тағы бір рет келтіре кетуді артық емес шығар деп ойладым.
Шолпан БАЛМАНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі