Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойдан сән кетпесін, сөзден мән кетпесін

Тойдан сән кетпесін, сөзден мән кетпесін

Той десе жүрегін қолына алып, аталған мекен-жайға қарай асықпайтын қазақ жоқ. Ертеректе қуанышын бөліскісі келген жандар арнайы суретке түсіп шақыру билет шығаратын. Қазір ол уақыт келмеске кеткен. Ұялы телефондағы ағайынның, дос-жаранның, көрші-көлем, ұжымдастардың чатына шақыруға қатысты бейнероликті жүктеп жібере салуға етіміз үйренген.
Қош. Енді айтпағымызды жазып, негізгі тақырыпты қаузайық. «Елде болса ерінге тиеді» емес пе? Қазіргі таңда аудан орталығында жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған тойханаларды көріп, шүкір дейміз. «Мұнан жаман кезде де тойға барғанымыз» ұмытылғалы қашан? Қазір, заман басқа, адам басқа. Асып-тасып, бәсекемен өмір сүріп жатқандар бөлек әңгіме. Бір жалақымен күн кешіп жүргендер қызығы баласы үшін банк жағалап, кемі үш-төрт жыл несие қамытын киетіні айтпаса да белгілі. Бұл енді қоғамның бүгінгі бейнесі.
Жақында бір тойға бардым. Салтанаты жарасқан тойхана іші ығы-жығы халық. Асабаның аузы-аузына жұқпайды. Байқаймын, ойлы сөзден сылдыр сөз көп. Көмейіндегісің бәрі дерлік жаттанды. Негізінде асаба деген әнші немесе сөздің шебері болмаса қабілеті ерек ұйымдастырушы болуы керек пе еді?! Оның бірі де жоқ. Әшейін шулы әуен залды жаңғыртып жатыр. Микрафон иесінің сөзін тыңдап жатқан қауым аз. Қысқасы тыңдауға да мүмкіншілік жоқ. Тойға жиналғандар әбден шаршаған. Әне-міне дегенше жаңа түскен келіннің беташар рәсімі жасалды. Сол баяғы жаттанды өсиет. Амал қанша, келген соң бәрін де көресің, неге болса да көнесің.
Тойды ойдағыдай өткіземін деп жауапкершілікті мойнына алған асаба сөз тізгінін қолға алды. Артынша әр үстелді жағалап, жайғасып отырған қонақтардан ара-тұра шапалақ сұрағаны тіпті көңілді қынжылтады. Ақ тілектің тиегі ақтарылатын кезде ұзын-сонар кезектегі қонақтар қос жұпқа бақыт тілеу үшін ортаға шығып лебіздерін айтуда. Бірі көп, бірі аз сөйлейді. Біреудің әңгімесін тыңдауға құлықсыз ағайын әрқайсысы өз бетінше отыр. Жалықты ма білмедім, бірсыпырасы ақырындап сыртқа беттеді. Асаба тарапынан орысша сөздер де кетті. Көпті күлкіге қарық қыламын деді ме, аннан-мыннан құрап ойын ұйымдастырды. Секіртті, билетті. Тәлім-тәрбие берерлік сөздер кемшіндеу. Логикалық ұстанымдар, парасатты ойындар жасауға болар еді ғой, алайда ойға қонымды ерекшелікті байқай алмадық. Үстел мен үстелді жарыстырып, кім белсенді соны анықтағысы келді ме асаба жолдас айқай шуды көбейтті.
Жалпы, той қашанда жаңа отау құрған жастардың жадында ұмытылмастай болып, мәңгі қалуы тиіс. Той жүргізіп, талайдың қуанышына ортақтасқан асабалардың құлағына алтын сырға. Әрине, көпке топырақ шаша алмаймыз. Залды өзіне ұйытатын қасиетті домбыраны сөйлетіп, сазсырнайды сайрататын сегіз қырлы, бір сырлы асабаларды да көргенбіз, бағамызды бергенбіз.
Осындайда қазақтың бір туар ақыны Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым бар» деген өміршең өлеңі еріксіз еске түседі. Сөнбес сәулеге айналған ғибратты ғұмыр иесінің сол бір нағыз қазақылықты дәріптейтін өлеңін сөз реті келгенде санада қайта жаңғыртсақ, ешбір жан қарсы тұра қоймайтыны анық.
Той – қазақтың айнасы. Бір қазақ бір қазақты көргенде «тойда қауышайық» деп жиған тергенінің тойға шашылуын Тәңірден сұрайтыны содан. Көрген көзде жазық жоқ. Той иелері көптің уақытын алмаса, балаларының қайталанбас бақытты кешін сағат онға дейін созбаламаса қанекей?! Сосын түскен келіннің беташарын қара шаңырақта қазақы ғұрыппен ақ батасын алып өткізсе, әсерлі көрініс емес пе? Өйткені, тойханалардағы тойдың кеш басталып, сағат түнгі бір-екілерде тәмамдалуы жоғарыда тілге тиек еткен беташармен байланысты екені белгілі. Бұдан бөлек, той егелері ысырапшылдыққа жол бермесе, нұр үстіне нұр болар еді .
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ...бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай;
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай,
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртамын...
Сәбилерге ағаны үлгі етемін,
Жеңгейлердің толтырамын гүлге етегін.
Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,
Ақ көңілмен қуаныш бүртігіндей,
Омырауынан бір тәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша!
Бәйге берем жығылған палуанға да,
Адалдығы сезіліп тұрар болса.
Қыз қуатын жігітке ат беремін,
Жанам деген жүрекке от беремін.
Мен әйтеуір бар жиған –тергенімді
Бір тамаша той қылып өткеремін.
Біздің үйді сол күні бетке ал қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойда тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын,
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін талай күнгі арманым ед,
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.
Иә, ақын өзі айтқандай қазақтың тойы тарқаған жоқ. Лайым, тарқамасын. Бейбітшіліктің бесігіне баланып, тыныштықты ту еткен елімізде тек жағымды жаңалықтар көп болып, қуанышы қойнына сыймай бөркін аспанға атқан ағайын қашанда тойда төбе көрсетсін. Біздің тілек осы, сіздің де қосылатыныңызға күмән жоқ.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: Нұрболат Нұржаубай
05 тамыз 2025 ж. 127 0