Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақтану жолдары

Адамға ауру кене шағу арқылы, кенені жалаң қолмен алып тастап, езгенде, қой-ешкіні жалаң қолмен қырыққанда, қанында вирустар бар малдарды сойғанда, ауырған адамдарға туыстары, медицина қызметкерлері көмек көрсетіп, ауру адамға күтім жасағанда жұғады.
Аурудың алғашқы клиникалық белгілері ауру тасымалдаушы кене шаққаннан кейін 2-7 күннен кейін біліне бастайды, яғни адамның дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі, қалтырайды, басы қатты ауырып, белі, буындары, тұла бойы сырқырайды, әлсіздік пайда болады, іштің ауруы, құсу белгілері болады. Беті, денесі, көзі қызарып, 2-5 күннен соң мұрыннан, қызыл иектің айналасынан, ішкі ағзалардан қан кетеді, тамырлары көгеріп, денесі «көкала» түске өзгереді, яғни халық арасында бұл аурудың «көкала» деп аталу себебі сол. Кене шаққанда және жоғарыда аталған клиникалық белгілер байқалғанда дереу дәрігерге көріну қажет.
Арал ауданы әкімінің 14.03.2025жылғы №56-қ «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық профилактикалық іс-шараларды үйымдастыру және жүргізу жөніндегі жоспарды бекіту туралы» Қаулысы шығарылып, ауданда қолайсыз 19 елді мекенге кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 04.08.2025 жылдан бастап, 27.08.2025 жылы аралығында жүргізілуде. Осы жұмыстарды «Ақтөбе сервис-Дезо» мердігер мекемесінің субподрядчигі ТС «Дезинфекция и К» мекемесімен (елді мекендегі мал бастары мен мал қораларға кенеге қарсы дезинсекциялық шаралар) жүргізді, Ал елді мекеннің маңайына (санитарлық қорғаныс аймағына) «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының зоологиялық тобымен жүргізілуде. Жұмыс барысын бақылау мақсатында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және аудандық ветеринариялық станциясының мамандарымен жұмыс тобы құрылып, залалсыздандыру сапасына бақылау жасалуда.
Ауданда жыл басынан бері 22 адамды кене шағып медициналық көмекке жүгінген, барлығы 14 күн үй жағдайында медициналық бақылауда болды. Кенеден сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап кененің кіріп кетпеуін қадағалау қажет.
Малдарды қырыққанда арнайы жұмыс киімін, қолғап киіп жұмыс жасау керек. Егер Өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі сұйықтық тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені арнайы қысқашпен немесе жіп орап қозғай отырып, суырып алу керек, орнына йод жағып, міндетті түрде дәрігерге көріну керек.
Өрістен келген малдардың үстін мұқият қарап, кене жабысса қысқашпен абайлап суырып алу керек,алынған кенелерді міндетті түрде өртеп жіберу қажет.
А.Балшамбаева,Арал аудандық СЭБ
басқармасы басшысының м.а
Фото: Нұрболат Нұржаубай