Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ішімдікке әуестік – қоғам ішін іріткен індет

Ішімдікке әуестік – қоғам ішін іріткен індет

Қоғам дамуының басты өлшемі – адам капиталы. Ал адам денсаулығы мен санасының тұтастығы елдің ертеңін айқындайды. Сол себепті ұлт саулығына кері әсер ететін әрбір дерт тек медициналық емес, әлеуметтік, рухани мәселе. Соның бірі – ішімдікке әуестік, яғни алкоголизм.
Бүгінгі таңда алкогольге тәуелділік әлем бойынша кең таралған індеттердің бірі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, алкоголь жыл сайын миллиондаған адамның өліміне себеп болады. Өкінішке қарай, бұл дерт біздің қоғамды да айналып өткен жоқ. Қазақ халқы ежелден “мас адамнан пайда жоқ” деп, ішімдіктің зиянын терең түсінген. Бірақ нарықтық кезең, өмір қарқынының өзгеруі, әлеуметтік қысым мен күйзеліс кейбір адамдарды ішімдікке бой алдыруға итермелеуде. Ал мұндай әдеттің соңы отбасының күйреуі, денсаулықтың жоғалуы, қоғамнан оқшаулану секілді ауыр салдарларға әкеліп соғары анық.
– Арал аудандық наркология бөлімінде бүгінде барлығы 455 адам тіркелген. Олардың 29 адам нашаға әуестігі бойынша анықталды. Ал қалғандары ішімдікке әуес ем алушы есебінде. Бұл мәселе бойынша 10 әйел адам тіркелді. Сонымен бірге сауығуына байланысты 40 адам есептен шықты, – деді "Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы" ШЖҚ КМК-ның бөлімшесінің фельдшер-наркологы Күлшат Оңғарбайқызы.
Ішімдікке тәуелді адам ең алдымен өз денсаулығына зиян келтіреді. Дәрігерлердің мәліметінше, алкоголизм бауыр циррозы, жүрек аурулары, есте сақтау қабілетінің әлсіреуі және жүйке жүйесінің бұзылуына алып келеді. Бірақ ең ауыр соққы отбасына тиеді. Маскүнемдік салдарынан шаңырақтар шайқалып, балалар қамқорлықсыз қалады. Көптеген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері дәл осы ішімдіктің кесірінен орын алады. Қоғамдық деңгейде алғанда, ішімдікке әуестік еңбек өнімділігін төмендетеді, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне және қылмыстың артуына себеп болады.
 – Бүгінде жастар мен ересектер арасында алкоголь мен нашаны қолдану кең тараған мәселеге айналып отыр. Бұл заттар адам ағзасына, психикасына және қоғамға үлкен зиян келтірері сөзсіз. Жастардың мұндай зиянды әрекетке баруының алғашқы себептерінің бірі – еліктеушілік, қызығушылық. Бастапқыда “аздап қана ішемін” деген ниет уақыт өте келе тұрақты әдетке айналады. Ал жүйелі түрде алкоголь қолдану – мидың, бауыр мен жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын бұзып, адамды физикалық әрі психологиялық тәуелділікке ұрындырады. Сонымен бірге нашақорлықты алко-тест арқылы тексеруге болады. Д есепте тұратын науқастарды Қызылорда облыстық наркологияда соттың шешімімен 6 ай емге мәжбүрлі түрде емдеуге жібереміз, – деді Күлшат Оңғарбайқызы.
Психологтар мен нарколог мамандарының айтуынша, ішімдікке әуестенудің түрлі себептері болады. Яғни, әлеуметтік факторлар – жұмыссыздық, тұрмыстық қиындық деген секілді. Сонымен бірге психологиялық себептер – күйзеліс, жалғыздық, өмірлік мақсаттың болмауы, қоғамдық орта – достардың ықпалы, ішімдікке "демалыс құралы" деп қарау.
– Қазір 42 жастамын. Бір кездері ішімдікке әуестігім мені өмірдің түбіне дейін жеткізді десем де болады. Алғашында бәрі қарапайым басталды. Достармен мерекеде, туған күнде, жұмыстан кейін “демалайық” деген сылтаумен ішетінбіз. “Бір рюмкадан ештеңе болмайды” дейтінмін өзіме. Бірақ сол бір рюмка ақыры менің тағдырымды өзгертті. Біртіндеп ішімдіксіз күн өте алмайтын жағдайға жеттім. Таңертең тұра сала “жүз грамм ішпесем, басым ауырады” дейтін халге түстім. Сол кезде жұмысымнан айырылдым, отбасыммен араздастым. Әйелім балаларымды алып, кетіп қалды. Ол кезде бәрін кінәлап, өзімнің әлсіздігімді мойындамадым. Бірақ, шын мәнінде, кінәлі мен едім.
Күндердің бір күнінде аурухана төсегінде ояндым. Дәрігер бауырымның ауыр зақымданғанын, жалғаса берсе өмірім қысқаратынын ашық айтты. Сол кезде ғана мен ояндым. Өмірдің мәнін жоғалтқанымды, балаларыма әке, ата-анама перзент бола алмай қалғанымды түсіндім. Сол күннен бастап мен өз еркіммен наркологқа барып, емделуге шешім қабылдадым. Алғашқы айлар өте қиын болды. Бірақ дәрігерлер мен психологтардың көмегі, ең бастысы өзімнің ниетім мен сенімімнің арқасында бұл дертті жеңдім.
Қазір ішімдікке жоламаймын. Отбасым қайта оралды, жұмысқа орналастым. Өмірімнің жаңа парағын аштым. Бір ғана өкінішім осының бәрін ертерек түсінбегенім еді. Менің айтарым, ішімдік ешқашан шешім емес. Ол тек уақытша алдамшы жеңілдік. Ал оның құны – денсаулық, отбасы, ар-ұят. Егер кімде-кім сол жолға түсе бастағанын байқаса, тоқтауға тырыссын. Кеш болмай тұрғанда көмек сұраудан ұялмасын. Ең бастысы – өзіңді жеңу, – деді есімін жария етпеуді өтінген азамат.
Алкоголизм – тек “еріксіз әдет” емес, бұл – ауру. Сондықтан оны емдеуді мамандардың қатысуымен жүргізу қажет. Наркологиялық орталықтарда детоксикация, психотерапия, кодтау сияқты емдеу әдістері қолданылады. Бірақ ең тиімді жол – алдын алу. Бұл бағытта қоғамның барлық мүшесі – отбасы, мектеп, еңбек ұжымы, БАҚ, дін өкілдері бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Балаларды жастайынан зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық және мәдени іс-шараларды жиі ұйымдастыру – ішімдікке жол бермейтін негізгі тетіктердің бірі. Ішімдікке әуестікті жеңу жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Егер әрбір азамат өзінен бастаса – яғни, ішімдікке салынған адамға жеккөрінішпен емес, жанашырлықпен қарап, көмек қолын созса қоғамда оң өзгеріс болады. Мемлекеттік деңгейде де бұл бағытта нақты шаралар қажет. Яғни, алкоголь өнімдерінің жарнамасын шектеу, сатылу уақытын реттеу, жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмысты күшейту.
Ішімдік – бір мезеттік рахат сыйлағанымен, адам өмірінің мәнін ұрлайды. Ол отбасын ажыратады, денсаулықты жояды, ар-намысты әлсіретеді. Біздің халқымызда “Есің барда еліңді тап” деген даналық бар. Ендеше, ұлт болып ұйысу, ұрпақ саулығын сақтау үшін ішімдікке әуестіктен аулақ болу – әрбір азаматтың борышы. Таза сана мен сергек өмір салты елдің ертеңін айқындайтын басты құндылық.
А.НҰРЛАНОВА

Фото: azattyq-ruhy.kz
        
14 қазан 2025 ж. 73 0