Қаратереңнен бастау алған "Дәстүр дариясы"

– Анам Ұлболсын Бекішқызынан аманаттап, қыз балаға мұра етіп қалдырған 200 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақты аманатқа алып, оны өшірмей, қайта жаңғыртқым келді. Бабадан қалған қазынаны дәріптеу – перзенттік парыз, ұрпақ алдындағы қастерлі міндет деп білемін. Осы жолда ауыл аналары болып қызмет етіп келеміз – дейді елге сыйлы Ғалия Байтөреева.
Осы ізгі ниеттен туған ой бүгінде тұтас ауылдың ортақ ісіне айналып отыр. Қара шаңырақ төрінде күмбірлеген күй, назды ән, әжелердің әуезді жыры естіледі. Кесте тоқып, ою ойып, ине мен жіпті сөйлеткен аналар – ұмыт бола бастаған қолөнердің өрнегін қайта жаңғыртып, кейінгі буынға үлгі көрсетуде.
Ал киіз үйдің сыртында балалардың шат күлкісі естіледі. Бірі асық атып, бірі тоғызқұмалақ ойнап, енді бірі арқан тартысып, ата-баба дәстүріндегі көне ойындардың шырайын шығарып жүр. Қазақылықтың иісі аңқыған бұл көрініс – ұлт рухының қайта оянғанының айғағы.
бастамасымен құрылған «Дәстүр дариясы» тобының мүшелері – елге қадірлі зейнеткер әжелер, ұстаздар, балабақша меңгерушілері және ауыл өмірінің тірегіне айналған еңбекқор аналар. Бұл топта халық әндері шырқалып, көне жыр-термелер айтылып, елдің рухын көтерер әуезді мұралар дәріптелуде.

Бүгінде бұл қара шаңырақ тек отбасының емес, бүтін ауылдың рухани ордасына айналып отыр. Қаратереңнің еңбекқор халқы, ардақты аналары және әкімшіліктің іскер әйелдері бұл игі іске қолдау көрсетіп, бірге атсалысуда.
– Басты мақсатымыз – ата-анамның көзіндей болған осы қара шаңырақты қадірлеп, оны елге пайдасы тиер рухани орталыққа айналдыру. Қара шаңырақ – тек менің үйім емес, бар қазақтың жүрегіндегі жылылықтың, туыстықтың, бірліктің нышаны, – дейді Ғалия Байтөреева.
Шынында да, Қаратереңде жаңғырып жатқан бұл бастама – ұлттың жаны мен рухын тірілтетін асыл іс. Қара шаңырақ отының маздауы – елдің еңсесінің биіктігі.
«Дәстүр дариясы» – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Бұл дарияның бастауы Қаратереңнен ағып, елдің барлық түкпіріне рухани шуақ шашатынына сенім мол.
Құралай ТАСТЫБАЙҚЫЗЫ