Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше атауын иеленген "Толқын" тарландары

Көше атауын иеленген "Толқын" тарландары

Елімізде халқымыздың қалаулы перзенттерінің есімімен көшелерді атау үрдісі қалыптасқан. Бұл да елдің, халықтың елеулілерінің есімін ел жадынан шығармаудың үлгісі, зор құрметтің белгісі.
Қала тұрғыны ретінде әр көшеге түрлі себептермен барғанда, оның кімнің есімімен аталғанына назар аударып, аталу тарихын сұрап отырамыз. Бүгінде кей шаһарлардағы осындай тұлғаларды жеке таныту үшін "Біздің қаланың көшелері" деген кітаптар, энциклопедиялар шығып жатқанынан да хабардармыз. Яғни көше атауларында сол өңірдің тарихи тұлғалары, тарихи оқиғалары қатталып қойған десек қателеспеспіз.
Содан да тіл білімі ғылымында "Годоним" деген атаулы саласы бар. Годонимдер, қысқаша айтқанда, қалалардағы, елді мекендердегі көше, даңғыл, тұйық көше, алаң, бульвар сияқты нысан атауларынан тұрады. Бұл – сол жердің тарихы, сол халықтың ұлттық болмысы жөнінде ақпарат беретін сала. Демек көше атауларының ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор екенін білдіреді.
Арал ауданының айнасы "Толқын" (бұрын "Екпінді балықшы", "Социалистік Арал" деп те аталған) газетінің осы өңірдің қоғамдық, рухани өмірінде алар орны өте зор. "Толқын" газетінің әр беті – ауданның шежіресі. Ал осы бір ғасырға жуық уақыт ішінде осы басылымда жүздеген адамдар, баспашылар, басқа да қызметкерлер істеді. Осы газетте еңбек жолдарын бастап, кейін еліміздің іргелі мекемелерінде, қоғамдық ұйымдарында көшбасшысы болған қайраткерлеріміз қаншама! Олар – біздің әрқашанда айтып жүрер мақтанышымыз, үлгі-өнеге алар, қасиет тұтар тұлғаларымыз.
Бүгінгі Арал қаласын аралап өтсек те, көптеген "Толқынның" тарландарының есімімен аталған көшелерді көреміз. Бұқара үшін өмір –тіршіліктің жолын көрсеткен жүйрік қаламды, жалын жүректі журналистерге бұл туған жерінде жасалған ең бір мәнді шара екендігінде дау жоқ. Соның ішінде "Мың басшыдан бір қосшы" дегендей, өз кезеңінде аудандық басылымды басқарып, өңірдің барша ақпаратын, жаңалықтарын халыққа, қалың бұқараға жеткізуде ерен еңбек еткен редакторлардың басым екендігін көрдік.
"Толқынның" (ол кезде "Екпінді балықшы") алғашқы жауапты редакторларының бірі Тойбазар Елемесов басылымға 1933-1935 жылдары басшылық еткен. Ол газет төңірегіне жер-жерден әр саланың білікті мамандарын автор ретінде тартып, мазмұнын байытқан. Арал қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген ол кейін педагогикалық техникумды тәмамдап, ауданда түрлі қызметтер атқарған. Журналистиканың бір саңлағы болған Тойбазар Елемесов 1939-1946 жылдар аралығында Қызылорда облыстық "Сыр бойы" (бұрын "Ленин жолы")  газетін басқарса, кейін Қазақстанның ең негізгі ресми ақпаратын тарату орталығы Қазақстан телеграф агенттігі (КазТАК) мекемесінде басшы болған. Қолынан қаламы түспеген қаламгер "Аралдағы айқас", "Жанқожа" атты екі роман жазуының өзі ерлік десек болар. Өйткені қым-қуыт партия, кеңес, баспасөз қызметінде жүрсе де қысқа өмірінде осынау тарихи дүниелерді ұрпаққа аманаттап кетті. Айта кетерлігі, аймағымызда сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, облыс орталығы Қызылорда қаласында да оның атына көше атауы берілген.
         Аудандық газетте 1936-1938 жылдары редакторлық қызмет еткен қайраткер азамат – Әбдіраман Байтақанов Арал теңізі жағасындағы Бөген ауылында 1906 жылы туып, сол ауылдағы алғашқы мектепте білім алған. Жасөспірім жігіт кезінде 1921 жылы Еділ бойында ашыққан балаларға 14 вагон балық жөнелткен балықшылардың қатарында болған. Талапты жігіт сол кездердегі қысқа курстардарды оқып бітірген соң ауданда түрлі жауапты қызметтер атқарады. Аудан басшылығы көкірегі ояу, көзі ашық азаматты аудандық газетке редактор етіп тағайындаған. Жастайынан еңбек қазанында қайнап өскен азамат газеттің кәсіби қалыптасуына, бұқара үніне айналуына айтарлықтай тер төккен. Белсенді қызметімен көрінген журналисті облыстық "Сыр бойы" газетінің партия бөлімі меңгерушілігіне шақырып, кейін сол газеттің жауапты хатшы қызметін атқарған. Одан кейін де ол облыс көлемінде, ауданда, балық колхоздарында абыройлы жұмыстарын жалғастырған. Ә. Байтақанов – Арал теңізі мен жағалау өмірінің нағыз жылнамашысы болды. Адал да турашыл тұлғаның есімі қазір бұрынғы А.Чехов көшесінің жаңа атауы болып көп тарихтың көзін паш етіп тұр.
         Арал өңірінің ақиық ақындарының, жасампаз журналистерінің бірі – Қалас Сәрсенбаев. Оның қаламынан саяси лирикалық өлеңдер мен шытырман оқиғалы дастандар, қызықты әңгімелер, өрелі очерктер, көкейтесті тақырыптарды толғаған мақалалар туған. Ол 1914 жылы бұрынғы Қазалы уезі, Шыбынды болысының 1-ауылында балықшы отбасында туған. Қазалыда теміржолшылар курсын, Аралда педагогикалық техникумды бітірген соң, әр түрлі қызметттер атқарған. Әуелі аудандық газетте үш жылдай жауапты хатшы болса,  1936-1943, 1944-1947 жылдары редактор болды. Облыстық, республикалық газеттерге үзбей мақалалар жазып тұрған. Кейін балық шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген ол 1962 жылы 49 жасқа қараған шағында өмірден озған. Журналист, ақын Қ. Сәрсенбаев есімі қала орталығындағы бір үлкен көшеге берілген.
         Арал өңірі тарихындағы танымал тұлғалардың бірі Төлепберген Нұржанов аудандық басылымды 1950-1951 жылдары басқарған. Ол 1917 жылы Арал ауданында туған. 1940 жылы Алматы мұғалімдер институтын бітіріп, Ұзынқайыр жеті жылдық мектебінде мұғалім, Бөген мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып ұстаздық еткен. Т. Нұржанов 1942 жылы майданға аттанып, ІІ Дүниежүзілік соғыстың Сталинград шайқасына қатысып, ауыр жарақат алған. Бейбіт өмірге оралған соң, аудандағы бірнеше мектепте директор болған. Аудандық партия комитетіндегі үгіт-насихат бөліміндегі меңгерушілік қызметінен газетке ауыстырылып келген. Сол жылдары газет "Қоғамдық мал шаруашылығының тұрақты мал азығы базасын жасау үшін күресейік", "Астықты шапшаңдатылған стахановтық маршруттар бойынша жасайық", "Еңбек өнімін еселеп арттырып, елімізге балық өнімін көп берейік" деген ұрандармен шығып тұрды. "Аудан еңбеккерлерінің мерекеге тартуы", "Редакцияға хат", "Телеграмма" деген рубрикалармен мақалалар легі беріліп тұрды. Өз естелігінде Т. Нұржанов: "Біз сол жылдары өндірістегі кемшіліктермен бірге ауыл шаруашылығы артелінің уставын бұзғандарды жиі жазып тұрдық. Газетке шыққан сын мақалаларды аудандық партия комитетінің бюросында қарап шара көріп отырды" деп еске алады. Кейінгі жылдары ұстаздық жолын жалғастырған Т.Нұржанов "Халық ағарту ісінің озат қызметкері" атағын алды.
         1993 жылы өмірден өткен қарымды қайраткердің есімін құрметтеп, 2016 жылы Арал ауданы әкімдігінің қаулысымен қаладағы "40 жылдық Қазақстан" көшесі аудандық мәслихат шешімімен Төлепберген Нұржанов есімімен қайта аталды.
         1965 жылы "Толқын" атауымен қайта шыға бастаған аудандық басылымға жалында да дарынды журналист Мәлік Сәрсенов редактор болып тағайындалған. Газеттің жаңа бір деңгейге көтерілуіне, редакцияның талантты қаламгерлермен толысуына орасан зор еңбек еткен тұлға. Ол Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы университеттің журналистика факультетін 1953 жылы тәмамдаған.
         Өмір жолын республикалық "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетінде әдеби қызметкер болып бастап, одан кейін сол газеттің Қызылорда, Шымкент облыстарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған. 1955-1962 жылдары туған жеріне оралып, "Социалистік Арал" газетінде жауапты хатшы болды. Екі-үш жылдық үзілістен соң "Толқын" газеті қайта ашылғанша облыстық "Ленин жолы" газетінде бөлім меңгерушісі, аз уақыттан кейін жауапты хатшы қызметіне тағайындалған еді.
Мәлік Сәрсенов редакторлық қызмет еткен кездері республикалық газеттердің байқауында 1970-1971 жылдары екі рет қатарынан жеңімпаз болып, І дәрежелі дипломмен марапатталған "Толқын" бүкілодақтық байқауда жүлделі болған-тын. Жаңа газет көтерген тегеурінді тақырыптарымен, жан-жақтылығымен, тартымдылығымен оқырмандары көп басылымға айналды. М.Сәрсенов ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласып, аудандық кеңестің депутаттығына сайланды, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі де болды. Ол 1972 жылы 12 қарашада 42 жасында қайтыс болды. Өзі тұрған Южный көшесіне 2014 жылы Мәлік Сәрсеновтің есімі берілді.
"Толқын" газетінің таралымының 10 мыңға дейін жетуіне, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа технологиялармен жұмыс жасауға көшіруге басылымда 25 жыл редакторлық қызмет атқарған Сағынжан Ермағанбетовтің еңбегі айрықша мол. Сол тұста жыл сайын газет редакциясына аудан көлемінен 4 мыңнан астап хат түсіп тұратын, 300-ге жуық ауыл, село тілшілерімен байланыс жасап, басылымның бұқаралық сипатын нығайтты. Газет бетіндегі "Самал", "Жалын", "Ақжелкен", "Қармақ" рубрикалармен шығатын мақалаларды, сыни жазбаларды оқырмандар қызыға оқып, жылы қабылдайтын.
         Қазір С.Ермағанбетовтің есімі қала көшелерінің біріне беріліп, журналистің өңірге, баспасөзге сіңірген еңбегінің өтеуіндей болып тұр.  Көрікті қаламыздан көше атауларын иемденген "Толқынның" тарландарының қатарында Омар Әбдуәлиев, Қуатжан Досжанов, Сағындық Тұрдалиевтер бар. Омар ағаның аты облысымызға жақсы таныс. "Толқыннан" қанаттанып ұшқан ол ұзақ уақыт бойы – 1974 жылдан 2001 жылға дейін Қызылорда облыстық "Кызылординские вести" газетінің аймақтық меншікті тілшісі болды. Бірнеше деректі кітаптың авторы. Ал Қуатжан Досжанов "Толқын" газетінде жауапты хатшы қызметін атқарса, кейін ол Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары секілді жауапты қызметтер атқарған. Ол – Арал балықшыларының қилы тағдырын өзек еткен "Теңіз тақсыреті" романын жазған қаламгер. Балалар жазушысы Сағындық Тұрдалиев – қазақ әдебиетінде орны бар талант. Кішкентай балдырғандарға арналған "Пионер құдығы", Мың қаламұш" кітаптары – балалар классикасына енген шығармалар.
Сондай-ақ Арал қаласында "Толқын" газетінің баспаханасын ұзақ жылдар басқарған, Ұлы Отан соғысының ардагері Еңсеп Ізбасқановтың есіміне көше атауы берілген. Басылымның бір мерейтойына орай туған жерімізде "Толқын" газеті" атты көше де пайда болды.
Міне, осылайша Арал шаһарының әр түрлі мөлтек аудандарында өмірден өткен дарабоз журналистер, "Толқын" газетінің танымал тарландары өткен тарихтан хабар беріп тұр.
Әңгіменің реті келгенде айта кеткеніміз жөн, осылардың қатарына "Толқын" газетінің ең алғашқы редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев, арқалы ақын, шымшыма тілді сатирик Серік Сейтмағанбетұлы, қазақтың біртуар ақыны Шөмішбай Сариев, қарымды қаламгер Кеңес Өмірзақов, белгілі баспагер Атабай Қылышбаевтардың да есімі қосылса құба-құп болар еді.
Қалай болғанда да туған жерінде қолына қалам ұстап, жылдар бойы айдынды өңірдің жарқын жаңалықтарын оқырман жұртшылыққа қуана жеткізіп отырған дара жампоздарын ел есіне сақтап отырғаны дұрыс. Өйткені, "газет – бір күндік, сөзі – мың күндік" дегендей, олардың қаламынан туған дүниелер жаңа буындарға, жаңа ғасырларға аманат болып жете бермек.
Ерғали Абдулла,
журналист      
03 қараша 2025 ж. 101 0