Құрылыстың күмбезін тұрғызған 20 жыл
Биыл аудандағы абыройлы, қызметі ауқымды мекеменің бірі «Арал құрылысы» ЖШС-ға – 20 жыл. Жаңа ғасырдың басында құрылып, жаңалықтарымен жұртшылықты сүйсінткен серіктестіктің осынау мерейлі сәтіндегі қуанышын бөліспек болып табан тіредік.Жұмыс қарқыны табалдырығынан-ақ танылып тұрды. Тынымсыз тіршілік. Ондаған қызметкердің қым-қуып жұмысы, мекеме ауласынан аттаған сәттегі тазалық, техникалардың дауысы... Барлығы – осының айқын көрінісі.
Ал кеңсенің көрініс тіпті бөлек. Есіктен енген бойда қабырғасы аппақ салтанаты келіскен ғимараттың алдынан біз қызметкер күтіп алды. Жылы шыраймен сәлемдескеннен кейін мекеме басшысы Мейрамбек Құлмырзаевтың бөлмесін нұсқады. Біздің де бағыт алып келгеніміз осы еді. Ауданның дамуына, қаланың көркіне, халықтың сұранысына мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан ұжымның тыныс-тіршілігімен тереңірек танысып, жұмыс бағытын бағамдау үшін басшының бөлмесіне ендік. «Тілегенге сұраған» деген осы болар. Іргелі ұжымды ұйыта білген қос бірдей азамат бірге табылды.
Иә, олай деуге себеп бар. Сөз басында біз есімін атап өткен Мейрамбек Құлмырзаев 2005 жылы «Арал құрылысы» болып құрылған серіктестіктің басшысы ретінде көпшілікке танылса, тоқырау кезінде қаншама мекеме тамырынан үзілген шақта табандылықпен ұстап қалған басшының еңбегі де орасан. Ол Мейрамбектің әкесі, осы құрылыс мекемесінің іргетасын қалаған – Оразғали Құлмырзаев.
Әңгіменің әлқисассын ақсақалдан бастадық. Келер жылы 80 жастың белесіне сергек қадам басқалы отырған Оразғали аға 1946 жылы 8 шілдеде Октябрь ауылдық округіне қарасты Сазды елдімекенінде дүниеге келген. Кейіпкеріміздің айтуынша еңбекке ерте бейімделуіне алғаш себепші болған оның әкесі Құлмырза Нұрымов болды. 1904 жылы туған Құлмырза атамыз Ұлы Отан соғысының ардагері. 1941-1945 жылдары аралығында фашистік Германияға қарсы шайқасып, майдан даласынан аман оралған соң Арал ауданына қарасты Арал елдімекенінде малшы болды. Міне, дәл осы уақытта «малдың жайын баққан білер» дегендей қандай қиындыққа болса да қарсы тұрып, қаймықпай табысқа жете білген әкенің өнегесі Оразғали ақсақалдың да бойынан табылды. Адал еңбектің арқасында абыройға кенелген Құлмырза ақсақал 1996 жылы 92 жасында өмірден өткен. Ал Құлмырза қартпен қатар отырып 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеген анасы Күміс Үпмағамбетова 1994 жылы туып, 1997 жылы қайтыс болған.
Жиырма жылға дейін
Міне, осындай жандардан тәрбие алып өскен Оразғали ағамыз 1963 жылы мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, 1965-1968 жылдары Отан алдындағы әскери, азаматтық борышын өтеп келді. Әскерден оралған соң 1968-1971 жылдары Ақтөбе Темір жол техникумында білім алып, Батыс Қазақстан темір жолы бастығының бұйрығымен 1971 жылы Қазалы темір жол станциясында еңбек жолын бастаған. 1971-1980 жылдары «Көпір құрылыс-62» мекемесінде құрылыс шебері, құрылыс прорабы, аталған мекеменің Арал қаласындағы бөлім басшысы, 1980-1986 жылдары бас инденері болып абырой төрінен аласармады. Еңбегі өлшеусіз, тәжірибесі толысқан, саланы бес саусағындай білгенімен жоғары білімнің болмауы басшылыққа отыруына кедергі болады.

Тоқыраудағы тіршілік
Осылайша 1986 жылы Алматы теміржол институтын бітірді. 1986-1990 жылдары Арал қаласындағы «Көпір құрылыс-62» мекемесінің бастығы болды.
Міне, бұл нағыз қиын-қыстау кезеңге тура келді. Кеңес үкіметінің қуаты қайтып, көптеген мекемені ұстап тұру өте ауыр болды. Қаншама өндіріс орны жабылып, ықшамдау жұмыстары жүріп жатқан кез еді. Бұл қиындықтың салқыны біз айтып отырған ұжымды да айналып өтпеді. Аумалы-төкпелі тоқырау кезеңіндегі қиындықты Оразғали Құлмырзаев мынай айтып берді.
– Ол уақытты көзбен көргендер ұмытуы мүмкін емес. Өйткені халыққа да, халыққа қызмет көрсетіп тұрған мекемелерге де ауыр соқты. Талай зауыт бірінен кейін бірі жабылып, оны ұстап қалу мүмкін болмады. Алайда сол мүмкін емес дүниені жасау қолымыздан келді.
Жасыратыны жоқ, алғашында үміттен көрі күмән басым болды. Аралда жұмыс жасап тұрған біздің мекеме жабылып, Ақтөбе ауыстырылды. Осы кезеңде маған да ұсыныс келді. Ол – Ақтөбеге барып, қызметті жалғастыру, жинаған тәжірибені тарату еді. Бірақ мен ол уақытта отбасылы болдым. Оның үстіне тұрғын үймен қамтамасыз ету жағы да үлкен сұраққа айналды. Нақты шешімін тапқан мәселе емес. Әке-шешем де қарттықтың ауылында еді. Оларды тастап кете алмадым. Алайда Аралдағы бөлімше етіп сақтап қалудың жолын таптық. 1991 жылы мекеме болып құрылып, бастық болдым.
Бірақ өкініш әлі де бар. Сондай ауқымды мекеменің жұмысы ықшамдалып қалғаны ауыр тиді. Сол кезеңге дейін 300 адам еңбек еткен ұжымды 40-50 адам ғана қалды, – дейді.
Сондай-ақ:
– Бір қуанатыным теміржол саласы өміршеңдігін көрсеткені болды. Бұл жетістікке мен жалғыз жеттім дей алмаймын. Сол санаулы азаматтың қатарында бірыңғай тәжірибелі, білікті мамандар болды. Міне, солардың арқасында бүгінгі күнге жеттік. Жалпы ерінбеген адам ғана ерекше жетістікке жете алады. Бұл қоғам еріншектікті көтермейді – дейді.
Жаңа тыныс
Иә, ағамы айтқан мекеме күн санап жанданды, уақыт өткен сайын ілгері басты. Алға озған ұжымның адымдап келе жатқанын көрген басшылар көрегенділік танытты. Үміт күтті. Осылайша қолдау танытты. Аралдың азаматтарына артылған үміт үзілмеді. Сол қолдаудың нәтижесінде жыл өткен сайын жаңалыққа ұмтылған мекеме 1993 жылы «Нұрбек и К» деп қайта атау алды.
Бірақ тек атауы ғана өзгерді. Ал жұмыстың бағыты бұрынғыша. Беталысы белгілі, бағыты айқын. Алғаш бөлімше болып қалған уақытта тек көріпге қажетті бөлшектер жасаумен айналысқан мекеме бірте-бірте өз алдына жұмыс жасауға қауқарлы болды. Қуаты артты, ауқымы кеңейіп, тек көпір құрылысы ғана емес, түрлі құрылыс бағытында жұмыс жасауға бейімделіп үлгерді.

«Арал құрылысының» қарқыны
Иә, бұл жаңа кезеңнің бастауы. Жаңа тыныстың ашылуы. Тек мекеме үшін ғана емес, Мейрамбек Оразғалиұлының да жаңа қадамы болатын. Бұл тақырыпқа кіріспес бұрын отауын төрге сүйреген азамат ағамыздың отбасы жайында айта кетсек артық болмас. Қазірде 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған Оразғали ақсақал 15 немере сүйген қазыналы қарт, ақ баталы ата.
Тұңғышы Айнұр Құлмырзаева бүгінде Қызылорда қаласында тұрады. 1975 жылы туған Айнұр да жоғары білімді кадр, білікті маман. Алматы қаласынан Тынышбаев атындағы ҚазАТК университетінің экономика факультетін бітірген ол қазірде банк қызметкері. Ал жолдасы Алпамыс та теміржол саласында қызмет жасайды.
Ал Рауан Құлмырзаева 1979 жылы туған. Рауан да аталған білім ордасынан жоғарғы білім алып, экономика факультетін бітірген. Ал жұбайы Икрам қазірде жеке кәсібін дөңгелетіп отырған азамат.
Бүгінде «Арал құрылыс» ЖШс-ның тұтқасын ұстап, өрге оздырып отырған Мейрамбек 1983 жылы туған. Ол да сол университеттің кедендік ісі мамандығын бітірді.
Ал шаңырақтың кенжесі Нұрбек 1987 жылы туып, Тынышбаев атындағы ҚазАТК-ның экономика мамандығын бітірген. Бүгінде банк саласында жұмыс істейді.
Міне, жоғарыда айтқанымыздай мерейі үстем мекемеге басшылық жасап, жаңалыққа толы жұмыспен танылған Мейрамбек әке жолын жалғады. Оразғали ағамыз жоғары білім алып, әп дегеннен іскерлігімен қалай көзге түссе, Мейрамбек те дәл сол қадамнан таймады. 2005 жылы дипломды қолға алған ол «Арал құрылысы» ЖШС құрылған сәттен іскерлік шеберлігін көрсетті. Көпір құрлысы негізінде құрылған ұжымды жаңа бағаттағы жұмыстарға жұмылдырып, еңбекке араласты. Жұмылдырып қана қоймай істің жүйесін тапты, көзін таныды.
Қазірде бірнеше ондаған азаматқа жұмыс тауып беріп отырған «Арал құрылысы» қызу еңбек кезеңінде жүздеген адамға дейін қамтуға қауқарлы. Солай жасап та келеді.
Көптеген техника мен асфальт зауыттары, құрылысқа қажетті өнімдерді алатын түрлі аймақтармен байланыс соның айқын дәлелі.
20 жылдық белесті бағындырған серіктестіктің басшысы М.Құлмырзаев:
– Құрылыстың бағыты көп қой. Бүгінде қандай тапсырып болса да бел шешіп кіріс кете береміз. Қолымыздағы техника, қарамағымыздағы білікті мамандар, еңбектегі тәжірибеміз осының барлығына мүмкіндік беріп отыр. Арал ауданы көлеміндегі жұмыстарымыз жұршылыққа жақын таныс. Ақпарат көздері арқылы көзі қарақты оқырман оқып біліп отыр. Одан бөлек көршілес қазалы ауданы, Ақтөбе облысы сынды түрлі аймақта сапалы жұмысымыз оң бағасын алып жүр. Тағы атап айтқым келеді, мұның барлығы қажетті техника мен жұмыс күшінің белсенділігінің, жауапкершілігінің арқасында шыққан биігіміз, – дейді.
Иә, алғашында асфальт зауытын Қостанай алып келген. Кейіннен әлеуетін арттыру, кедергісіз жұмыс істеу үшін Атыраудан да асфальт зауыты әкелінді. Кейіннен Ақтөбеден алынған асфальт зауыты еңбектің өнімділігін еселей түсті.
Асфальтқа қажетті шикізаттар сырттан алынады. Мәселен шебін тастары Ақтөбе облысынан алынса, цемент Шиелі, құм Қармақшы аудандарынан жеткізіліп отыр. Осының барлығын үйлестіре білген басшының біліктілігі «Арал құрылысының» қарқынына әлі де қарқын қосып, қанаттандырары сөзсіз.

Түрлі бағыттағы табандылық
Иә, бұл жұмыстар соңғы жылдарда ғана қолға алынған дүние емес. Алғаш рет асфальттау жұмысын жүргізген уақыттарын әлі ұмытпаған. Бірінші рет Аралда асфальттау жұымысы тапсырылғанда бұрын-соңды мұндай құрылыспен айналыспаған олар абдырап қалған. Бірақ аудандағы бұл істен хабары бар мамандардың кеңесі мен көмегі жол құрылысының сәтті аяқталуына септігін тигізген. Сол кісілердің бүгінде көбісі өмірден өтіп кетті. Алайда еңбегін ешқашан ұмытпайды.
Міне, содан бері мыңдаған шақырым жол салынып, жүздеген ауыл мен қаланың арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етіп үлгерді.
Мұнан бөлек тұрғынүй салу жұмысы да мекемеге жат емес. Оған уақыт дәлел, көз куә. Естіп жүрміз, көріп те келеміз. Алайда алғаш рет баспана салу бағытындағы тапсырманың қалай болғанын Оразғали ағамыз былай еске алады.
– Әлі есімде. Ол кезде басшы Бақытжан Қодаманов болатын. Қоңырау шалып тапсырма барын айтты. Құлақ түріп тыңдасам "Оразғали, 50 үй салуың керек" деді. Осылайша әр аймақтан тұрғындарға арналған 50 үй салуды жүктеді.
Тапсырма берілді. Енді соны орындау керек. «Шешінген судан тайынбас» деген емес пе? Жұмысқа кірістік те кеттік. Осылайша алғашқы тапсырысты тиянақты орындап, жұртшылықтың көңілінен шыға алдық. Одан кейін де талай тұрғынүйдің құрылысында қолтаңбамыз қалды. Аллаға шүкір етемін, абыройсыз болмадық. Тіпті көршілес Қазалы ауданынан 5 қабатты тұрғынүй де салдық. Аудан орталығынан өкпе аурулары ауруханасының құрылысын да жүргіздік, – дейді.
Ал негізін көпір құрылысынан бастаған мекеме жер-жерден көпір салған. Жұмыстың жайын жақсы білетін заматтар халықтың батасын да, сауабын да арқалап келеді.
Расында халқымызда тал егу, құдық қазу және көпір салу сауапты іс саналады. Ата–бабаларымыз ұстанған асыл дінімізде де бұл дүниелер құпталған. Ал құрылыс мекемесі арықтар үстіне салынатын шағын көпірлерден бастап ұзындығы 70 метрлік көпірлерге дейін салып үлгерде. 2014 жылы Кәрібөгетке қайта құру жұмысын істегені соның айқын дәлелі.
Оразғали ақсақал өз сөзінде мына бір оқиғаның естен кетпейтінін айтып қалды.
– Бірде Шыңғырлаудағы көпірде төтенше жағдай орын алғанын естідік. Құрылысын жүргізу бізге жүктелді. Көпірдің ұзындығы 70 метр. Пойыз өтетін көпір екен. Көріп құлап, құлаған аумағына 3 вагон қысылып қалған. Аталған жұмысқа түгелдей құрамда жұмыла кеттік. Тынымсыз жұмыстың әрі жауапкершіліктің нәтижесінде сол көпірді бас-аяғы 3 айда бітірдік, – дейді.
P/S. Темір-бетон цехын қайта жарақтандыру бетон өнімдерін өндіру көрсеткішін арттыруға, мұнай өнімдерін сақтау орнын қайта ыңғайлау, сақталатын тауардың көлемін ұлғайтуға, одан қалды, темір жол тұйығын, құрылыс техникаларын, қойма орындарын жалға беру негізгі қызмет түрлерінің ауқымын кеңейтуге жол ашқан «Арал құрылысы» күрделі құрылыс жүргізу және қайта жөндеу жұмыстарымен қатар, жол салуға қоса автокөлік жолдарын күрделі, орташа жөндеу, қалпына келтірумен қолтаңбасын қалдырып келеді. «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолында «Арал құрылыстың» ауыр құрылыс техникалары жер жұмыстарын атқарып бірнеше адам еңбек етіп, табыс тапса, «Сарыбұлақ-Қазалы» су құбырын жүргізу «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік жолын салуға, «Бозой-Шымкент» газ трубаларын темір жол тұйығына түсіріп, жинап, қайта тиеу барысында үлкен ыждағаттылық танытқан мекеменің еңбегі елеусіз қалған емес. Елене де бермек. 20 жылдағы жетістік бізге соны дәлелдеді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










