АБЫРОЙЫ АСҚАҚ АСҚАР
«Адал жанды өнеге тұт өзіңе» демекші, биік болмысымен, адамгершілік тұлғасымен, адалдық қасиетімен замандастарының құрметіне бөленіп жүрген бетке ұстар азаматтар жанымызда баршылық. Осындай адамдарды елі төбесіне көтереді, ардақтайды. Сондай ғибратты жан, атпал азаматтың бірі – Асқар Байарыстан дер едім.Халқымызда «Өнегелі қарты жоқ жерде, өнегелі жаста болмайды» деп бекер айтылмаса керек. Әңгімеге арқау еткелі отырған азамат 63 жасты ерттеп мініп, өзінің жастарға айтар өнегелі сөздерімен аға атанып отырған Асқар Ойнарұлықарапайым мұғалімдіктен өзінің адал еңбегімен профессорлыққа дейін жеткен білікті ұстаз, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы, халықтан, ата-аналардан өзінің лайықты бағасын алған азамат деп санаймын.Асекеңнің көкірегі ашық, көмбе кеуде тұлға болып қалыптасуына киелі топырақтың да әсері болған болар деп ойлаймын. Өйткені, дана халқымыз «жер – ырыстың кіндігі, білім – ырыстың тізгіні» деп тегін айтпаған ғой. Осылай ой топшылауымның бір ұшы Асқар Ойнарұлының Арал өңірінде ақ алтын өндіріп жатқан киелі жері саналатын, өзіндік дара тарихы бар Жақсықылыштың тумасы. Бұл өлке тек «ақ алтын» тұз өндірумен мәлім болған өлке болуымен қатар, тарихи ұлағатты ісімен дараланған әйгілі тұлғалар шыққан киелі топырақ Асанқайғы, Абат батыр, Жақсықылыш, Жаманқылыш, Тұрсынбике атты жер тарихымен де байланысты. Қасиет қонған құт мекен. Осындай топырақтан нәр алған Асекең қайдан осал болсын.Әкесі Ойнар ақсақал ауданда кеңес өкіметін құру кезінде колхоз құрылысын құруға ат салысып,ауылдық кеңесте басқарма болып қызмет атқарды, ауыл-аймағына өте беделді, ықпалды адамның бірі болды. Анасы – Сәнім Ерғалиқызы құрсағынан алты бала таратып, тәрбиелеп өсірген қасиетті шаңырағын берекеге, ынтымаққа бөлеген, азаматына кесе-көлденең келмеген қазақтың үлгі тұтар бәйбішесі болған кісі. Сыйлас, аралас-құралас ел арасында ол кісінің «ғалымдар анасы» деген аты тарап кетуінің себебі өзі әлдилеп өсірген үш ұлының екеуі, яғни Рысқұл Ойнарұлы – ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының акадимигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессоры, Асқар да осы салада ғылыми атақтарға ие болуы. Атам қазақ «Бұлақ көрсең көзін аш» деп бекер айтпаған. Баласының жұлдызын жағуға көмек беру – әрбір адамның міндеті.
Асқар Байарыстан 11 қараша 1962 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Жақсықылыш қыстағында шаруа отбасында дүниеге келді. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің «Жоғары математика» кафедрасының профессоры Байарыстан Асқар Ойнарұлы 1986 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ды бітірді. 1992 Қазақ КСР ҒА Математика және механика иститутының аспирантурасын бітіріп, 1998 жылы осы институтта 01.01.01 «Математикалық талдау» мамандығы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертация сәтті қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін, 2006 жылы физика-математика ғылымдарының доцентін, ал 2023 жылы 01.01.00 – «Математика» мамандығының профессор атағын алды.
Асқар Ойнарұлы үздіксіз еңбегінің арқасында 2020 жылы Республика деңгейінде өткізілген «ЖОО үздік оқытушысы – 2020» грантының иегері атанды.
Өзінің еңбек жолын 1986 жылы Целиноград мемлекеттік педагогика институтының математика кафедрасының оқытушысы болып бастады. 1988-1989 жылдары Қазақ ұлттық академиясының механика-математика институтының стажері, 1989-1992 жылдары Қазақ ұлттық академиясының механика-математика институтының аспиранты,1992-1993 жылдары механика-математика институтының математикалық талдау лабораториясының жетекші инженері, 1993-2000 жылдары Қазақ көлік-транспорт академиясының математика кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, 2000-2001 жылдары Ішкі істер академиясының аға оқытушысы, 2001-2004 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жоғары математика және физика кафедрасының доценті, 2004-2011 жылдары осы кафедраның меңгерушісі, 2011-2012 жылдары «Жаратылыстану пәндері және кәсіптік оқыту» кафедрасының доценті, 2012-2014 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жоғары математика және математика әдістемесі» кафедрасының доценті, 2014-2023 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Жоғары математика» кафедрасының профессор міндетін атқарушы, 2023 жылдың ақпанынан осы кафедраның профессоры лауазымында қызмет етіп келеді.
ЖОО-дағы ғылыми-педагогикалық жұмыстың жалпы өтілі 39 жыл. Жыл сайын халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысады. 45-тен аса ғылыми мақаласы, оның ішінде 11 халықаралық ренцензияланған Web of Science және Scopus журналдарында жарық көрді. Сонымен бірге Асқар оқу-әдістемелік жұмыстар бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Осы уақытқа дейін 18 оқулық пен оқу әдістемелік құралдар, оның ішінде 6 оқулық пен оқу құрал РОӘК шешімімен баспадан шығарылды. Еңбектері еліміздің ЖОО оқу үдерісінде кеңінен қолданылып келеді.
Ол студенттердің және магистранттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етеді. Ғылыми және білім беру жобаларына келсек, 2012-2014 жылдары ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша «Качественные характеристики сингулярных интегральных и дифференциальных операторов в классическом и квантовом анализах» атты жобаның аға ғылыми қызметкері, 2014 жыл ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша «Качественные и спектральные характеристики линейных и квазилинейных дифференциальных, разностных уравнений» атты жобаның жетекші ғылыми қызметкері, 2015-2017 жылдары ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша «Точные характеристики интегральных операторов в функциональных пространствах и их приложения» атты жобаның аға ғылыми қызметкері, 2018-2020 жылдары ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша «Весовые функциональные пространства, весовые оценки интегральных операторов и их приложения» атты жобаның аға ғылыми қызметкері,2021-2023 жылдары ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша «Исследования линейных, квазилинейных интегральных и дискретных операторов в весовых пространствах» атты жобаның жетекші ғылыми қызметкері, 2024-2026 жылдары ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша «Исследования одного класса интегральных операторов и их приложения» атты жобаның жетекші ғылыми қызметкері болып келеді
А.Байарыстанның 2 Хирша Индекс бар. Факултеттің және университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене арласады, 2013 жылдан бастап өзі сабақ беретін топтармен жыл сайын 16 желтоқсан «Тәуелсіздік күніне» және 14 наурыз «Көрісу амал мерекесі» күндеріне арнап мәдени іс шара өткізіп отырады. Өзі жұмыс жасайтын ұжымда мақсаткерлігімен, кәсібилігімен, өзіне және айналасындағыларға талапшылдығымен, еңбексүйгіштігімен, орындаушылығымен және адал адамгершілігімен ерекшеленеді. Әріптестері мен студенттері арасында лайықты құрмет пен беделге ие. Өмірдегі сара жолы қаншалықты мағыналы болса, қарапайымдылық қалыбынан аңқылдаған бала көңілі де табиғатымен астасып жататындығы көңілге қуаныш ұялатады. Құдай берген несібесін ақ адал еңбегімен теріп жүрген Асекеңнің өзіндік ірілігі, бет-бейнесі, келбеті бар. Досқа, әріптестеріне, көрші-қолаңға, ағайын-бауырға, үлкен-кішіге деген тура жолдан таймаған адалдығын көргенде сүйсінетінің тағы бар. Өн бойынан кеңдіктің, кемелдіктің иісі аңқып тұрады. Даладай дархан десек те жарасады.
Қалай десекте, Асқар – үлкен парасатты, адамгершілігі мол, жүрегі жұмсақ, қарапайым адам, ұлағатты жанұя басшысы. Ол өте мінезге бай, үлкенге іні бола білетін, кішілерге ақылшы аға бола алатын азамат. Қазіргі күні Асекең қарашаңырақтың ақылшысы, арқа сүйер, қамқоршы болар отағасы. Жұбайы Света Камарадинқызы темір жол бойының ардагері. Екеуі бақытты ғұмыр кешіп, дүниеге екі ұл, бір қыз әкеліп, айрандай ұйыған, тату-тәтті бірлікте өмір сүріп жатқан үлгілі қазақ отбасыларының бірі. Балалары Дархан мен Дарын, қызы Гүлжанарға жақсы тәрбие бере білді, жоғары білімді мамандар.
Саналы ғұмырын еліне, халқына және қоғамына айрықша қызмет етуімен жұрттың ықыласына бөленіп, назарына іліккен замандасым Асқар асқарлы алпыс үш жасқа толып отыр. Асекеңнің бұл алпыстан асқан асуында қаншама із жатыр десеңізші? Оның әр асуында, әр белесінде өмірге деген құштарлығы, іңкәрлігі, жастық жалыны мен адами құндылығының, бұла талантының іздерін көруге болады. Әлі де тұғырдан түсіп тұрған жоқ.
Дана халқымызда «Ардақтыларын мезгілінде қадірлей білуде ұлылықтың белгісі» деген сыйлы сөз бар. Олай болса кезінде бірге қатар жүрген досым, бір-бірімізбен пікірлес болған замандасымды, кезінде мадақтап, олардың отанымызға, елімізге сіңірген еңбектерін, адамгершілік қасиеттерін, айтқан өнегелі аталық сөздерін еліміздің болашақ жастарына үлгі етуге тұрарлық.
Сапарбек ҚУАТОВ,
Қазалы ауданы










