Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақиықтың Аралға алғысы

Ақиықтың Аралға алғысы

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Хәкім Абайдың осы бір өлеңі ғылымға, өнерге деген құштарлығы бар жастардың талабын өрге бастырып, жанбай жатып сөнуге емес, өздері ұстаз тұтатын сол саланың ілгері өкілдеріне еруді насихаттайды. Анығында ұстазға еліктеп мұғалім, батырға еліктеп батыр, ақынға еліктеп ақын болып шыққан жандар қаншама.
Міне, солардың бірі – Мұқағали Мақатаев. Қарасазда туып, қара өлеңімен қара халықтың, қалың қазақтың сүйіктісіне айналған ақынның аты бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін жақсы таныс. Оның шебер өрілген шумақтары мен тапқыр теңеулері, ең бастысы өлеңінен өзгеше иіс аңқып тұратын өмірдегі қарапайымдылығы поэзияға қызыққан қай баланың да қолы да, қиялы да жетпейтін құзар шыңына айналды.
Ал осы шың көшті. Көпшілік біле бермейтін шығар. Сол көш Аралға да келген. КСРО Жазушылар одағының мүшесі, «Құс жолы», «Ар-намыс», «Мазасыз түндер», «Сонар» жыр кітаптары мен «Аяқталмаған ән» атты повестер, әңгімелер, «Айқас» атты поэманың авторы, басқа салада қызмет жасаса да ақындығымен ардақты болған жерлес ақынымыз Мешітбай Құттықовтың шаңырағында болған. Аралдың, ақынның қонақжайлығы жайлы мұзбалақ Мұқаңның мына бір хатынан анық аңғарсақ болады.
"Қадірлі, Мешітбай!
Барлығыңа, көбіне сенің үй ішіңе менен дұғай сәлем! Аттанарда арақтың салдарынан үй ішіңмен, қолынан дәм татқан жақсы жұбайыңмен қош дей алмай кеткеніме қатты өкінудемін, жаным. Саған мың мәрте рақмет! Сенен айырылғасын жағдайым жақсы болмады. Қазалыдан ауырып, Алматыға тарттым. Қызылордаға соқтым, онда да жағдайым өте нашар болып, артынан жақсырып кетті. Рухани да, тұрмыстық мәселем де қирап барып, қайтты. Сенің балығың (шын айтам) қорғап қалды. Кешір, ол дәмді бала-шағам тата алмады, өкінішті-ақ. Түсініп отырсың ғой, менің бір қатынас жасап, бірден таныған Мешітім.
Мені дұрыс түсін. "Мавр" шыққан, мен саған оны да сыйлай алмай отырмын, қолымда жоқ. Егер қолыңа түсірсең, мен берді, өзі берді деп ойла, жаным Мешітім.
Мен сондай сарамыс адаммын, түсін мені. Келісімен ауруханаға жатып шықтым, кеше ғана тағы да сол арадан шықтым, тәуірмін.
Мен сол Союзда Ғафу, Жұмекендермен бірге істеген болып жүрмін, еңбекақы алып тұрам, шүкір. Болмаса саған, сен сықылды азаматтарға тигізер көмегім шамалы. Арбаның бесінші доңғалағымын ғой мен деген, Мешітім, мені дұрыс түсін.
Көріссек, сырласармыз. Алматыда бола қалсаң, мен осында болып, кезіксек, үйде болып, сулы-супанды бірдеңе (дәм) татысып, қонақ боларсың. Не дейін басқа, сау бол!
Мұқағали. Хабарлас.
Ул. Интерноциональная 129, кв 20.
21.VII. 1970 ж." – деп жазылған хатта Мұқағали Мақатаевтың сырқаттың сынағына отыздан асқан шағында-ақ шыдауға тура келгенін көреміз.
Ал бұл хат қайда екенін білесіз бе? Хат Аралда. Ол жайында ақынның келіні Гүлсім Құттықова анамыздан осыдан 1 айдай уақыт бұрын естіген болатынбыз. "Бұл ғасырдан емеспін" деп өз шығармашылығының ғұмырын қатесіз болжаған Мұқаңның 95 жылдығы қарсаңында бізбен осы хатты бөлісті. Құнды дүние, қымбат қазына.
"Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, өлмей тұғын артына сөз қалдырған" деген түсінікті ақиқатқа айналдырып, қос бірдей ақынның мұрасын өлтірмей, жарты ғасырлық тарихты сақтап келе жатқан анамызға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
10 ақпан 2026 ж. 62 0