Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айнагүл Әбуова: «Серік ағам сахнаның сәні болды»

Айнагүл Әбуова: «Серік ағам сахнаның сәні болды»

«Айтыс» деген арда өнерге асық болуыма алақандай ғана Аралымның топырағында туған, шынайы талантынан басқа табынары жоқ, кеуде-көмбесі қарапайымдылық пен кішіпейілділіктен тұратын өнерпаздардың өрелі өнері әсер етті. Арамыздан ерте ұзаған Бекұзақ, Сұраған, Рысбек жыршы сынды ағаларымызды ардақ тұттық. Сол кезеңде біз пионер, комсомол ақындар айтыстарында танылып, аудандық ақындар айтысына жолдама алатынбыз.
Айтысқа Шымберген Сүлейменов, Қайрат Құлекешов және мен (Айнагүл Әбуова) үшеуміз қатар келдік. Ағаларымыз томағамызды сыпырып, түрлі деңгейдегі додалараға қосып, қадамымызды бақылап, ақыл-кеңестерін аямайтын, аудан көлемінен шығып, облысқа танылуымызға ықпал етіп отыратын.
1992 жылы мектепті бітірген соң оқуға түсе алмай, Арал аудандық «Ұландар үйінде» жұмыс істеп жүрген кезім. «Қармақшыда облыстық мұғалім ақындар айтысы болады» деген хабар келіп, оған аяқ астынан мені жіберді. Шала-шарпы дайындалып, жолға шықтым. Арал теміржол вокзалында тұрсам Бекұзақ ағам келді. Маған қарап: «Қабағыңды түйіп алыпсың, уайымдап тұрсың ба?» деді. Мен басымды изедім. Сонан соң қолыма бір парақ қағаз беріп: «Мынаны Серік деген ағаңа апарып бер!» деді.
Хатын алып, поезға мініп кеттім. Додаға «мұғалім ақындар ғана қатысады» десе де танылып қалған ақындар келіпті. Қасымдағылардан Серік деген кісіні сұрап қоям. Ағамды сол сапар алғаш көрдім. Мәдениет үйінің директоры екен. Ақжарқын, үлкенмен де, кішімен де әзілдесе білетін, төңірегіне төгіп сөйлеп, күлкіге көміп жіберетін, жайдары жігіт ағасы мені көре сала «Мына қыз ақын болады, көзі жанып тұр екен» деді. Қуанып кеттім. Бекұзақ ағамның хатын беруге оқталып тұрдым да, екі бүктелген қағаздың арасын ашып қалсам, әлгі бір жапырақ қағазда: «Әй, ит! Мына қызға қара!» деп жазыпты. «Масқара… Мынадай кісіге… Қалай берем?» деп ернімді тістеп, орнына салып қойдым…
Сол айтыста Әбілхайырмен, Зухрамен таныстым. Ж.Таспамбетовпен, А.Үсеновпен айтыстым. Менің Серік ағаммен танысуым осылай болды. Кейін білдім, бұл кісі менің Бекұзақ ағаммен ит жылы туған төл құрдасы екен. Араларында қазақы қалжың, әзіл жүре береді екен.
Сыр бойы айтыс өнерінің ақындарының бір шоғырының шұрайлы шумақтарын тыңдап жетілдік. Асқар таудай Махамбетқали Тұрсанов, Заммадин Ибадуллаев көкелеріміздің айтыстары тыңдаған құлақтың айызын қандырып, көрерменін желіктіре желпіндіруші еді…
…Махамбетқали – бір толғау,
Марқасқа Манап – күн төбе.
Заммадин көкем жүргенде
Жаманнан атым үрке ме?
Өтірігінен бал тамған
Шындықты көрем қан тамған
Күрсінгеніңді күлдіріп
Көзіңнің жасын сүрте ме?
Ибадуллаев айтса жыр,
Исі қазақ жаттасын
Мақаңның мәңгі құрдасын
Мақтасын елі, мақтасын
Иткөйлегіндей сәбидің
Сандығында сақтасын…
Арқаланып ел тыңдаушы еді
Ақсақалдардың тартысын
Әйелім көп деп айқайлап
Қарсы алды Мақаң алпысын,
Тереңөзек тойлауда
Зәкеңнің жеткен талтүсін
Сахнада жүріп жасаңдар
Алпыстың тағы жартысын.
Десеңіз қандай өрен бар
Зәкеңнің бізге сөзі анық
Әбілқайыр деген бар
Сөзі семіз, өзі арық
Кенжебай кербез сөйлесе
Кетеді дүние тазарып
Лена жазар лағыл жыр
Сыбызғы үннен саз алып, – деппін бір айтыста.
Осындай ақсақалдардың ізін ала Сыр айтысының серісі Серік ағам сахнаның сәні болды.
Республикалық, аймақтық айтыстарға бірге қатысып, бірқатар өнер сапарларында бірге жүріп, тілектес болды.
…1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында Серік ағаммен айтысудың сәті түсті. Сол айтыста:
Қазақпыз ардақтаған Мұхтар атын,
Ұлт едік ұлылардан ұққан ақыл.
Армысың, ардың мініп арғымағын
Жүрегін жолбарыстың жұтқан ақын…
…Қалсыншы көсем сөзің көзайым боп
Ат аунаған жерінде түк қалатын.
…Ешкімге айтылмаған сырым еді
Пердесі паң өлеңнің түріледі
Баласы болар елдің батыл келіп,
Ауызы ақынының бірігеді…
…Сұлулар өңіріне гүл іледі.
Сөйлесе аға тұрып, қарындас сүрінеді.. деген секілді үзік ойларыммен қатар:
…Тағдырым таразыға тартылғанда
Пір сөздің пайымдайтын парқын нарға
Хан барда, қара барда, халқым барда
Ақыннан әсте құрмет артылған ба?
Сыңсыған қос ішекте сырың жатыр
Ұшардың ұлуындай үнің жатыр
Болса да хан қаһарлы, би үлгілі
Ел десе көзің – көсем, тілің – батыр…
…Күнінде қарашаның ызғар жаман
Ызғарда да айтамыз қызғалдақ ән
Көңіліңнің көк сандығын ашып көрші
Бар шығар жыр-базарың қызға арнаған… сияқты жыр шумақтарым есімде қалыпты.
Серік Ыдырысов – төкпе ақын. Табанда тапқан тақпағын айтып, тыңдағанға теберік таратқандай таңырқатады да жүреді. Айтыс ақынының ең басты құндылығы да сол ғой. Қазір жоғарғы мектепте Серік ағаммен бір кафедрада қызмет жасаймын. «Мен сендер сияқты мөлдіретіп, сәндеп отырмаймын ғой, тек төге берем» дейтін шынайылығы мен кішіпейілділігін қайда қоярсың?
Ең алғаш рет «Шоу» айтыс дегенді Серік ағамнан көрдім. Әртүрлі әнге салып, ойланып отырмастан, көңілді ән-әзілдерін кішігірім отырыстарда, жол үстінде ешбір шабыт шақырып, күй талғамай-ақ шығара салғанынының талай куәсі болғам.
Шабытының шаңқай түсін жыр-желкенін жығып алмай, қарсы алып отырған отты ақынға арнар тілегім ақ, ниетім абзал. Қазірде облыс көлемінде ізіне ерген іні-қарындастарының сойылын соғып, ағалық қамқорлығын, үлкендік үлгі-өнегесін көрсетіп жүрген сері ағамның әлі де айтары ақиқат, жырлары жасампаз. Алла денсаулығын зор қып, ұзақ ғұмыр бергей!
P.S. Бұл мақала ақын С.Ыдырысовтың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында, 2018 жылы «Ағаның көрдік алқасын…» жазылды. Бүгін 5 мамыр — арда ақынның туған күні! Көзі тірі болғанда 68 жасқа толар еді. Сырдың сырлы Серігі 2025 жылдың 1 тамызы күні бақиға бет түзеген болатын…
Айнагүл ӘБУОВА,
шәкірті,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы.

https://kiltmedia.kz/?p=5168​​​
07 мамыр 2026 ж. 28 0