Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір үзім нан

Бір үзім нан

Шынтуайтында, мен және менің замандастарым өткен ғасырдың 1921-1922 және 1929-1931 жылдардағы аштықты көргеніміз жоқ. Тек ес біле келе, білгеніміз, сол бір жылдары, әсіресе 1929-1931 жылдары байларды, молдаларды, осыған тете адамдардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударды, одан қалды ұжымдастырамыз (колхоздастыру) деп халықтың күн көріп отырған азын-аулақ малын, бір-жар қап астығын (бидай, тары, т.б.) үкімет адамдары тартып алып кеткен соң, талай адамдар тойып тамақ ішпек түгілі, бір үзім нанға зар болып аштан қырылған. Өлмейтін күнкөріс іздеп, беталды жаққа босып кеткендер жолда қалған... Деректер де осылай дейді. Соған қарағанда, халықтың дәстүрлі қоғамын күшпен қиратудан туындаған аса ауыр және қасіретті жылдар болған. Тарихтың ақиқаты еліміз тәуелсіздік алғаннан бері енді айтыла бастады. Бұған да шүкіршілік!
Аштықтың зардабы "Саяси қуғын-сүргін, репрессия (1937-1938 ж.ж.) жылдары" кезінде, екінші дүниежүзілік (1941-1945 ж.ж.) соғыс жылдарында да, тіпті ең аяғы соғыста бүлінген қала, елді мекендерді қалпына келтіру науқаны – 60 жылдарға дейін созылды. Бұл – шындық. Халық бір үзім нан үшін дүкен маңында ертеңгіліктен кешке дейін созылған ұзынсонар кезекке тұрды. Сонда да әр жан басына 250 грамм, әрі кетсе 300 грамм нан талонмен босатылады. Мұны өзім шет жағасын көргендіктен айтып отырмын.
Елу бесінші жылдары Арал теңізі темір жол стансасы жанындағы орыс-қазақ бастауыш мектебінде 2-сынып оқып жүрген кезім. Әкем кешкілік қайын жұртынан келген. Ертеңіне:
– Сәнім апаңмен нағашыңа бар, нан береді, соны алып келіңдер, – деп бізді таң білінер-білінбестен оятып, сонау екі-үш шақырым жердегі балық тресіне (кейін "Аралрыбпром" өндірістік бірлестігі аталып кетті) жұмсағаны әлі есімде. Сәнім апамның менен төрт жас үлкендігі бар. Ал Таңат, Бисен нағашыларым сол балық тресінің жанындағы аралас заттар дүкенінде сатушы болып істейтін. Бұрын ол жерді апам әкеммен бірге барғанда бір-екі рет көрген.
Сонан не керек, ол кезде қалада қазіргідей тығылысқан көше жоқ, жарық екі бастан. Қорқыныш, үрей дегенді білмейміз, баламыз ғой. Айдың сәулесін пір тұтып келеміз. Біз барғанда нан әлгіде ғана түскен екен. Дүкеннің іші-сырты толған адам. Кезек. Мұндайда ішке кіру қайда? Аңысын аңдығаннан басқа қолдан не келеді? Жұлқынып шыққандардың қолдарында бір-екі көмеш нан (осы күні сол есіме түссе, "нанның қадірі-ай" деп қоямын).
Арада қанша уақыт тұрғанымызды білмейміз. Нағашым әр адамға қанша грамм екенін, жан басына шаққанда өлшемі қанша болатынын тізімнен іздеп, біраз уақытын жоғалтады екен. Әйтеуір балық тресінің гудогі, шыңғырған даусы шыққаннан адам аяғы саябырсыды, соны білем.
Дүкен ішіне кіргеніміз сол-ақ екен:
– Ой, ой, сендер де келіп қалдыңдар ма? – деп өздеріне алып қалған екі көмештің бірін қолымыздағы шүберек қалтаға салып берді. Басқа сөз жоқ. Нағашыларым сондай бір сөзді адамдар еді, марқұм.
Сол жолы әкемізден "трестің өз жұмысшылары екен күндік норма нандарын алып жатқан. Бәрі жан басына есептеулі, артық грамм – бір үзім нан жоқ" екенін білдік. – Бекер жіберген екенмін, енді бармайсыңдар",– деді ол.
Мұндай дүкен Арал теңізі темір жол стансасы бойында да болды. Ол "тас дүкен" деп аталатын. Ақирек тауының етегіндегі қайрақ тасынан станса салынғанда бірге қаланған (кейін оны бұзып, орнына теміржолшыға арнап үй салынды) дүкен үйі еді.
Міне, осы "тас дүкеннен" тек қана теміржолшылардың жанұясына ғана нан босатады. Әкем теміржолшы болғандықтан, біз содан аламыз. "Тас дүкенге" нан Сексеуіл локомотив депосы жанындағы наубайханадан вагон-лавка арқылы келеді. Сонымен бірге вагон-лавка Қазалы стансасына дейінгі станса, разъезд тұрғындарына қажетті аралас заттар тауарларын сатады. Қайтарында сол қалпы, Қазалының нанын кейде сағаттап күтетін кездеріміз де болған. Ұмытпасам, Мәскеудегі Орталық Комитеттің Бас хатшысы Н.С.Хрущев Америкадан оралғаннан кейін, халыққа жүгеріден нан жегізген кезі еді. Вагон-лавка стансаға тоқтағанда халық лап қойды. Ұсынған ақшалай тиын-тебендеріне сатушы сарғылт түсті нанды қолдарына ұстатып жатты. Біреулер:
– Әй, мынауың сарғыш қой,– десіп жатты. Бірақ нан көмеш екендігіне еш күмән жоқ.
– Жүгерінің наны,– дегесін барып, шу басылды.
Екі көмеш нанды қолтығына қыстырып алып, үйге келген соң стол үстіне қойғанымда, шешем таңғалған жоқ. Қайта: "мынау жүгерінің наны ғой", – деді де қойды. Сірә, аштық жылдарында мұндай нанды жеген болса керек.
Ертеңіне дастарқанға нанды турап жегенімізде аңғарғаным, бидай ұнындай емес, дәмсіз, ішкі жағы сарғылтым әрі үгітіліп, басы бірікпейді екен. Сонда да болса дастарқанға шашылған нан қиқымын сыпырып алып, аузымызға саламыз. Бұл "нанның кепиеті ұрмасын" деп бізді нанды қадірлеуге үйреткен әке-шешеміздің арқасы десе де болады. Қазіргі жастар мұны білмейді. Білсе де елемейді. Ол – ол ма, нанды бір қолымен сындырып жейді, не болмаса бір тістеп, орнынан тұрып кететініне не дейсің?! Оны айтып отыратын адам болмаған соң...
Кейде вагон-лавка келмей қалған күндері өзім қатарлы жолдастарыммен нан алуға қаланың орталығындағы наубайханаға (ол қазіргі қазынашылық банкінің орны) барамыз. Наубайхана дарбазалы, ауласына кіргеннен-ақ оттың табы бетіңе ұрады ма, әлде нанның иісі мұрныңды жарады ма, айыра алмайсың. Өйткені шыны зауыт та осында. Көгілдір түсті қалың әйнек шығарады екен. Оған мән бермейміз. Шыны сынықтарына толы ауласынан аяғымызды еппен басып, нанымызды алып шығып кетеміз. Сөйтіп шыны зауыттың от табына піскен көмеш нанды да жегенбіз.
Шешеміз Зиба Серекешқызы үйдің тіршілігімен жүріп, кейбір күндері көрші үйлерден қол диірменін сұрап алып, бидай тартады. Онда да бір таба нанға жетерлік ұн алады. Оны кейде қамыр илеп, етке салады, болмаса кеспелеп үзбен жасайды. Шындап келгенде, әке-шешеміздің арқасында наннан зәрулік көргеніміз жоқ. Өсіп ержеттік, ақыл айтатын жасқа келдік...
Ақыл демекші, осы арада ойымда жүрген бір түйсікті айтайын. Сонау жетпісінші жылдары Алматыдағы КазГУ-де (қазіргі Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университет) оқып жүргенімде бірер жыл астанаға жақын Талғар ауданына қарасты "Қызыл Қайрат" деген жерде тұратын курстасым Нұрдәулет Қожахметовтің үйінде жатып оқыдым. Сонда көргенім, тандыр ошаққа нан жабады екен. Бір жапқанда 10-12 тандыр нан алады. Күнделікті жегеннен ауысқан тандыр нан екі күнге жетпей қатып қалады. Сондайда курстасымның әкесі: "Аманжан, ауылыңа барғанда қатты нан берді деп сөге жамандама. Нанның кепиеті болады, тастамаймыз,. Сорпаға салып, болмаса майға шылап жібітіп жеп тауысуымыз керек", – дегені әлі есімде. Міне, нағыз нанның қадірін білетін ақсақалдың сөзі. Неге жамандайын, қайта ризалық сезімімді білдіріп қоямын.
Көшеде келе жатқанда жерде жатқан нанды алып, адам аяғы баспайтын биіктеу орынға қойып, бар мен жоқтың бағасын білмейтін тоғышар жандар үшін Алла тағаладан кешірім сұрап жүремін.
Жасыратыны жоқ, кешегі Л.И.Брежнев билеген заманнан бері тоқшылыққа кенеле бастадық. Асыра айтсам, құдайдың өзі кешірсін. Неше түрлі тойлар мен марқұмдардың құдайы жолындағы асында жайылған ақ дастарқанға құстың сүтінен басқа алуан түрлі тағамдар қойылады. Соның ішінде жаңа пісірілген бауырсақтар мол төгіледі. Ал осы бауырсаққа қол салып жеп жатқан адамдарды көрмейсің. Арагідік бірен-сараны болмаса. Міне, ысырапшылдықтың көкесі қайда жатыр?! Бауырсақты көбірек төкпесең, "дастарқаны жұпыны екен" деп сөге жамандайтындарға не ақыл айтасың?
Адам болған соң, бәрін де көресің. Ірі қалаларда нанның қиқымы емес, қатқан нандарды қоқыс жәшігіне түнемелік төгіп кететіндердің кезегі біздің қалаға жеткен сияқты. Оларды нағыз фактілермен айтып ұялтпайын. Түсінер деп ойлаймын.
Қазақ: "алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен" деп неге айтқан? Заманында бір үзім нанға зәру болғандықтан айтқан болар, еріккеннен айтпаған шығар?! Ойланайық, ағайын!
Ас атасы – нан. Демек, бір үзім нанның қадірін ұмытпайық дегім келеді, оқырман.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
27 наурыз 2021 ж. 1 023 0