Адамдар ілтипаттың барын білсін
Қараша қанат жайдың! Қазан қайтып.
Тіршілік у-шуыңды жазам қайтып?
Көңілдер көшесінен қайтам кейде,
Көз көріп, жан сезгенін санамда айтып.
Сарсаңға салады әкеп, сынақ ғұмыр,
Сынақ ғұмыр жылатты, жұбатты бір.
Адамдар, аңсап жүрем жүздеріңнен,
көргім кеп, күн сәулелі шуақты бір!
Сұр көше, сабылған жұрт, суық қала,
Сүйсінтер, жанға жайлы қылық ғана!
Көңілдің шуағына бөленсін бір,
жаныңнан өткен жанға күліп қара!
Мәртебең биік, бәлкім шамаң тасып,
Ұғамын, мол байлыққа адам асық.
Адамдар ілтипаттың барын білсін,
Жұбаумен қол алысшы амандасып!
Кішілік имене біл, үлкен тұр, деп,
көтермей тұрса дағы, сіркең су боп,
қиыспас дүниені қиыстырып,
Кешірім сұрай білу—үлкен сүннет!
Бейнеті басым болып, бүгілді бел,
Қарт көрсең, көтерісіп жүгін жібер!
Намыссыз, ез екен, деп кетеді жұрт,
отырса әйел бөсіп, күмілжіп Ер!
Қараша қанат жайдың! Қазан қайтып!
Көңіл-ай, кеттім бе екен, назаңды айтып
Ізгілік адасып жүр жүректерден,
Көңілін бұл бейбақтың жазам қайтіп?!
Айгүл ТЕМІРБАЙ,
Арал қаласы