Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралда бала оқытқан атақты журналист

Аралда бала оқытқан атақты журналист

Кешегі дүбірге толы ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр кезеңдерге толы болды. Ғасыр басында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов "Әлһамдулла, 6 миллион болдық" деп жүрегі жарыла сүйіншілеп қуанса, арада бір 30-40 жыл өткенде қазақтың саны әрі қарай өспек түгілі, 2 миллионға дейін күрт кеміп кетті. Бұдан асқан қандай қасірет бар. Алмағайыпта  тіпті ұлтымыздың жойылып кету қаупі туындағандай да болған. Бірінен соң бірі келген зұлматтар – төңкеріс, азамат соғысы, аштықтар, жаппай ұжымдастыру, қан шеңгелді репрессиялар, қуғын-сүргіндер, ұлт сөзін сөйлеген азаматтардң көзін жою, тұтқындаулар жүріп жатты. Бұлардың халқымыздың рухын түсіруге әдейі ұйымдастырылғанын бүгінде тарихшылар айтып келеді.
Алайда бостандық сүйгіш өршіл халықтың сағы сынбады. Мың өліп, мың тіріліп барып ғасыр соңында еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, әлемдік қауымдастықтан тиісті орнын алды. Енді ес жиып, өткен күндерге әділ баға беретін, ақтаңдақтардан ел тарихын аршитын уақыт келді. Егемендік жылдардан бері өлгеніміз тіріліп, кеткеніміз қайта оралып жатыр.
Қилы-қилы оқиғалар сапырылысқан жылдарға көз жіберіп қарап отырсаң, киелі Арал өңіріне қазақ халқының ұлт тарихында есімдері қалған небір ардақтыларының табаны ерікті-еріксіз түрде тиіп отырғанын көреміз. Қалай болғанда  өлкеміздің шежіресі үшін туған жерімізге алаш арыстарының келуі, ел-жұртымызбен араласуы, мұнда қызмет етуі еске алып тұруға, тіпті мақтаныш етуге болатын жайлар. Мұндай ел ардақтылары туралы мерзімді баспасөз беттерінде өлкетанушыларымыз арагідік қалам тербеп жазып жүр. Қазақ әдбиеттану ғылымында үлкен орны бар профессор Әуелбек Қоңыратбаев, атақты "Бесеудің хатын" жазған қайсар қазақтың бірі Мүташ Дәулетқалиев, қасиетті Түркістаннан бас сауғалап Аралға келіп паналаған, осында мәңгілік жайын тапқан Байзақ датқа, діни негізде ондған дастан-қиссалар жазған шайыр Шәді төре, Алаш қайраткерлері Бекмухамбет Сисекенов, Сәттіғали Құтқожа (қазақ тіл білімінің корифейі, академик Рабиға Сыздықтың әкесі) есімдері алдымен еске түседі. Бүгінде бұлардан да басқа да арыстар бар екендігін біліп отырмыз. Солардың бірі де бірегейі жайында әңгіме етпекпіз. Бұл – қазақ журналистикасының атасы, тұңғыш журналымыз "Айқапты" шығарушы, бүгінде ел газеті атанып отырған "Егемен Қазақстан" (әуелгіде "Еңбекші қазақ") газетін алғаш дүниеге келтіруші, дарынды ақын, ұлт сөзін ұстаған тау тұлға Мұхаметжан Сералин. Бұрын еміс-еміс қана хабардар болсақ, енді міне түрлі-түрлі жағдайлармен, тағдырдың тар соқпағымен оның өзінің, кейін бүкіл отбасының Арал жерінде болғаны айғақталып отыр.
Жақында республикалық балалар газеті "Ұланның" 8 наурыздағы 9-санында жарияланған "Мұқат жайында" атты мақалаға көзіміз түсті. Мұнда автор Анеля Мади Мұқат деп отырғаны атақты баспасөз қайраткері Мұхаметжан Сералин екенін, осы атпен мақалаларына қол қойғанын айта келіп: " Бұл кісі көбіміззе "Айқаптың"редакторы, журналист, жазушы ретінде ғана таныс. Оның жеке тұлға ретіндегі өмір жолы, саясаткерлік ұстанымы, шығармашылыққа әкелген жаңалықтары қандай болған. Бұл жайттар жазыла бермегендіктен, көбімізге беймәлім күйінде қалған секілді. Бүгін Бейсембай Кенжебаевтың мұрағатынан алынған, Мұхаметжан Сералин жайында жазған төл туындысынан алған ақпараттарды бөліссем деймін" деп бір жаңа мағлұматтар табылғанын мегзейді.
Бейсембай Кенжебаев – филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ әдебиетінің дәуірлерін індете зерттеген үлкен ғалым. Ол "ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократ жазушылары" деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Ғасыр басындағы ақын-жазушылардың арасынан әсіресе М.Сералиннің өмірі мен шығармашылығы, жаңашылдығы туралы көп ізденген, талмай зерделеген. Қайсар болмысты ғалым кеңестік идеологиядан көп зардап шеккен, түрткі көрген, алайда сол кезде айтылмайтын жайларды да өзіне тән батылдықпен жазып қалдырып отырған. Әлгі айтылған мақалада автор осы ғалым Б.Кенжебаевтың сондай қалтарыста қалып, жарияланбаған жазбасынан алған деректерді бөліседі. Сол мақаладағы біздің тақырыбымызға қатысты тың дерегіне назар аударайық. "Қаламгер жастайынан оқу-білімге құштар болды. Дегенмен өмір жолындағы соқпақтар көп еді. Әкеден ерте айырылып, кейін оқу жасына келгенде қаржының жетіспеушілігінен жоғары білім ала алмады. Десек те тағдыр сынына шалынбай, алға ұмтылды. Табиғаттан дарыған таланты оны білімнің асқақ шыңына жетеледі. Оқудан қайтып келіп, Аралда мұғалімдік қызмет атқарды. Осы кездерде халықпен етене араласып, әрбірінің жай-күйін ұғынуға тырысты". Міне, біз білген нақты жаңалық осы. Атақты журналистің жас шағында Аралға келіп, ұстаздық етіп, балаларды оқытуы. Жазушы өмірбаянында да, оның Орынбор мұғалімдер дайындайтын училищесіне білімі жетіп, оқуға түсіп тұрса да, қаржыдан тарыққандықтан ел ішіне, нақты айтқанда, Арал теңізі маңына мұғалім болып бірнеше жыл еңбек еткенін айтады. Алайда дәл қай жерлер екенін тап басып айта алмайтынымыз өкінішті-ақ. Дегенмен қазақ тарихында, қоғамында есімі зор тұлғаның Арал топырағында болуы біздер үшін айта жүрерләктей, ескерерліктей-ақ айғақ емес пе. Мүмкін, зерттеушілеріміз өңіріміздің қай ауылдарында ұстаз болғанын тауып алар деген үмітіміз де бар. Жалпы, бала оқытуға ол үлкен мән бергендігін "Біздің ілгері келешек күнімізде бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол – оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек, өнерлі халыққа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық болып оқушы талапкерлерге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды" деген ойынан білуге болады. Осындай ұлағатты, ойлы білімпаздан жағалау жұртшылығының балалары дәріс алғандығын, тәлім көргендігін мақтаныш етсек болады.
Қазақ журналистикасының атасы Мұхаметжан Сералинді оқыған-тоқыған зиялы қауым, руханият саласында жүргендер өте жақсы біледі, ал жалпы көпшілік аса біле де бермеуі мүмкін. Сондықтан өмір жолы, ел-халқына істеген қызметі туралы аз-маз мағлұмат бере кеткеніміз жөн шығар.
Дара тұлға Мұхаметжан Сералин 1872 жылы Қостанай уезі Шұбар болысының №5 ауылында (қазіргі Қарабалық ауданы, Өрнек ауылында) туған. Әкесі Серәлі қожа Еруәліұлы заманында талай ақындармен сөз барымтасына түскен айтыскер ақын болған. Мұхаметжан үш жасқа толғанда Серәлі қайтыс болады да, тұрмыс-тіршілік жағдайы ауыр болған шешесі балаларын алып, Троицкіге туыстарына көшеді. Ол 1880-1887 жылдары осындағы медреседе білім алады. Кейін Қостанайдағы екі кластық мектепке түсіп, 1891 жылы аяқтайды. Содан 1900 жылға дейін әуелі ауылнайдың хатшысы болады да, кейін Орынбордағы мұғалімдер училищесіне түспек ниетпен емтихан тапсырып, алайда күнкөріс қиындап ел ішіне кетеді. Бірнеше жыл Арал теңізі жағына барып орыс, қазақ тілдерінен сабақ беретіні осы кез. Елде жүрген шағында Мұхаметжан қазақтың мақал-мәтелдерін жинап жазып, жарыққа шығарады. Тумысынан халық жағында болып, елінің ауыр тұрмыс-халін, мәдениетінің кенже қалғандығын көріп өскен ол әкесі Серәлі сияқты ақындықты, сөз өнерін мұрат тұтты. Зеректігі арқасында татар, орыс, парсы тілдерін жетік біліп алды. Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұттармен әдеби, рухани байланысты болады. Орыс революционерлерімен пікірлес болды.
Мұхаметжан Сералиннің қоғамдық қызметі 1911 жылы Троицкіде демократиялық бағытта өзі шығарған "Айқап" журналымен тығыз байланысты. "Айқап" журналы – Мұқаңның басты еңбегі, оның атын қазақ даласында даңққа бөлеген, қайраткерлік дәрежеге көтерген, қаламгердің көркем шығармасы іспетті бірегей туынды. Журнал 1911-1915 жылдары шығып тұрды, таралымы бір мың дана болды. Бір өзі әрі ұйымдастырушы, әрі баспагер, әрі бас редактор болды. Осы жылда ол асқан табандылығын, төзімділігін, ерекше іскерлігін, икемділігін көрсетті. Байлардан ақша жинап, журнал арқылы қазақтың тұңғыш романын жазуға конкурс жариялаған. "Айқап" нағыз халықтық журнал болды. Басылымда сол замандағы маңызды, іргелі мәселелер талқыланды, яғни қазақ қоғамында үлкен рөл атқарды.
Кеңес өкіметі құрылған соң да, М.Сералин "Ұшқын" (қазіргі "Қостанай тағы") газеттерінің редакторы болды. Оның тағы бір үлкен, елеулі еңбегі, әрине, қазіргі "Егемен Қазақстан" республикалық газетінің негізін қалауы. Сонымен қатар ол Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы, Қостанай губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып, елге еңбек сіңірді.
1926-1928 жылдары М.Сералин сал аурына ұшырап, өз ауылында болады. Ақсор деген жерде сәулетті село орнаттырып, онда мектеп, клуб, монша салдырады. Су қоймасын жасатып, ағаш, жеміс, өсірді. Жаңашыл ауыл мәдениетінің үлгісін көрсетеді. 1928 жылы қайтадан Қостанайға келгенінде, денсаулығы күрт нашарлап кетіп, төсек тартып жатып қалады. Осы ауру алып тұлғаны 1929 жылы мамыр айында жер қойнына мәңгілікке алып тынады.
Үлкен күш-қайраттың иесі М.Сералиннің артында мол шығармашылық әдеби мұрасы қалды. "Топжарған", "Гүлкашима" поэмаларын жазған. Шығыстың ұлы шайыры Фирдоусидің "Шахнама" дастанының "Рүстем-Зораб" бөлімін, орыс жазушысы А.Сорокиннің "Жусан" повесін қазақ тіліне аударған, көптеген мақалалары, өлеңдері жарық көрген.
Ал енді Мұхаметжан Сералин қайтыс болып кеткен соң, 30-жылдардағы қанқұйлы сталиндік репрессия, қуғын-сүргін жылдары оның бүкіл отбасының, әулетінің біздің өңірге айдалып келуінің өзі жатқан бір қасіретнама.
Бұл жай туралы "Егемен қазақстан" газетінің 2021 жылғы 18 ақпанында жары көрген "Білім әлеміне ашылған бір терезе" атты мақаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал журналист Есенгелді Сүйінов былай деп жазады: "Адамзат тарихына үңілсек, халық үшін күрескендердің қайсысы да ауыр азап кешіп, қайғылы өмір сүреді екен. Мұхаметжан Сералин де ондайды басынан кешкен. Талай қудаланды. Бірақ ол 1929 жылы зұлматқа жетпей өмірден озды. Ахаңдар сияқты ол да осы жылдың қуғын-сүргініне ілігетін еді. Алайда ол жолғы тартпаған азабын артында қалған отбасы, туған-туысқандары тартты. Әйел, бала-шағасы түгелімен айдауға кетіп, Арал теңізінің Барсакелмесіне жіберілді".
Міне, М.Сералинді айтқан кезде оның Аралға қатысты екінші дерек осындай. Оның үлкен отбасының 30-жылдары қуғынға ұшырап, жер аударылып, қияндағы Арал теңізі стансасынан шұбырып түскені, қыстыгүнгі қақаған аязда, көк долы боранда неше күн жүріп теңіздің батысындағы Көкрал жеріндегі лагерьге жеткендері, жолай бастарынан өткен адам төзгісіз ақырет-азапты ауыртпалықтары, аш-жалаңаш күйлері туралы өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында республикалық "Қазақстан әйелдері" журналының бірнеше санында үлкен мақала жарияланғанын білеміз. Бір айтарымыз, Арал маңындағы кеңестік-сталиндік лагерьлердің барша қиындығына шыдас беріп, жергілікті халықтың мейірім-шуағы арқасында аман қалып, туған жерлеріне оралған жазушы әулеті бүгінде өсіп-өніп, бір қауым ел болып отыр.
Иә, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауды өмірінің мақсат-мұраты етіп алып, халқы үшін ұланғайыр еңбек еткен, қазақ баспасөзінің қалыптасуына, дамуына орасан зор үлес қосқан ұлт зиялысы, қоғам қайраткері, журналист, ақын, аудармашы Мұхаметжан Сералиннің уақыт өшіре алмас іздері айдынды Арал жерінде осылайша таңбаланып қалған.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі   
17 мамыр 2022 ж. 1 018 0