«Мойынға бұршақ салдырмасын...»

Көген – қозы-лақ көгендеуге, яғни арнаулы түрде жасалатын, ұсақ мал төлін бөлектеуге арналған құрал. Ертеде қазақтар қой-ешкі сауатын болған. Сол үшін төлдер бөлек бағылып, саулық мал келген кезде жамырап кетпес үшін көгенделген.
Ол ұзын арқанға, яғни көгеннің желісіне белгілі бір жиілікте бекітілген жүннен есілген қысқа жіптер. Оның бір ұшы түйіншекті де, екінші ұшы сол түйіншек кигізілетіндей сақиналы болады. Мұны «көгеннің бұршағы» дейді. Сол бұршақтарға бірін бір бетіне, екіншісін екінші бетіне кезектестіре қозы-лақты мойынынан тізеді. Көген желісі екі шетінен және ортасынан бір-үш қазықпен мықтап керіліп бекітіледі. Оның барлығы қой-ешкіні сауу кезінде лақ пен қозыны бытырап кетпей, бағушы шопанның иелігінде болуы үшін керек.
Міне, дәл солай адам баласы да Жаратқанның иелігінде. Осы себепті де басына іс түскен немесе бала сүйе алмай жүрген жандар мойындарына көгеннің бұршағын салып, тілеуін сұраған. Оның бәрі Жаратқанға «сенің иелігіңдеміз, сенің айтқаныңа көндік, тілеуімді бер» деп жалбарыну сенімінен туған.
Бұл ескі наным-сенімге байланысты жасалатын ырымның түрі. Бірақ мұндағы бұршақ деп тұрғаны кәдімгі жіп. Оған ескі жырлардан түрлі мысал табуға болады. Мысалы, «Қыз Жібек» жырында Сансызбай мен қалмақ батыры Қореннің жекпе-жегінде Сансызбайдың мерт болмауын Жібектің Құдайынан тілегені айтылған:
«Көксандалдың шылбырын,
Мойнына орап салады,
Бір құдайға зар етіп
Мінәжат қып тұрады.»
«Қозы Көрпеш» жырында да «Мойнына кісесін сап жалынды енді» деген жолдар келтірілген. Осының бәрі халықтың ырым бойынша қиындық кезінде мойнына көген бұршағын салғанның көрінісі.
«Ұлы Қорамсадан көпке шейін бала болмаған соң Жарқынбай бәйбішесі һәм тоғыз қызымен көгеннің бұршағын мойнына салып, тәңірден немере тілейді» деп келетін Мағжанның шығармасында Ақан Серінің туылуы туралы сөз болатын жер де осы ырымның негізінде жазылған.
Иә, баламен сыналу адамзат үшін, ата-ана болуға лайықты әрбір жан үшін ең ауыр сынақ. Бүгінгідей медицина дамыған, түрлі әдіс-тәсілдері бар заманда бұл ырымды ескіліктің бір пұшпағы деп қарайтындар көп.Әрбір ата-ана перзентіне жақсылық тілейтіні белгілі ғой, ал ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ешқашан жаман болмайтыны айдан анық.
Деген¬¬мен «білгеннің артығы болмас, керегін алсаң» демекші, әжемнен естіген осы бір ырымның жамандығын білген жөн деп білемін.
Г.САҚТАПОВА