Қылқаламның құдіретін сезінген тереңдік

Иә, алайда ол сексен жасына екі айдай уақыт қалғанда қайтпас сапарға аттанып кете барды. Отбасы, ағайындары, жора-жолдастары, тілеулестері 31 желтоқсан күні жер қойнына тапсырды. «Айналайын» деген сөзі адам жанын елжіретіп кететін үлкен жүректі азаматты қимай қоштасқан жанның есебі болмады. Себебі ол бәрімен дос еді, адамның көңіліне қарайтын, жүрек тебірентер сөз айтылса да, әуезді ән қойылса да, көңіл толқытар күй шертілсе де, жанары жасаурап шыға келетін. Періште көңілі ешкімді жамандыққа қимайтын.
Көзі тірі кезінде талай сырластық, талай рет өнер тақырыбында әңгіме қылын шерттік. Сурет дегенде ішкен асын жерге қойып, жұмысқа ынта-шынтасымен кірісіп кететін. Сосын салған суретті тәптіштеп айтып беретін. Соңғы рет Арал қаласында қараша айында көрдім. Ол кезде де әңгімелесіп, өткен шаққа оралып едік. Енді, міне, сағынғаннан ба, ағамның өмір белесін, өнер жолын бір сәт еске түсіріп отырмын.
- Өнер – салыстырмалы түрде абстрактылы дүние. Сондықтан да халық оны терең түсіне бермейді. Ал, оның ішінде сурет әлемі – табиғатында өте тұйық құбылыс. Тіпті суретшілердің өздерінің ішінде де бәрі түсіне береді деуге болмайды. Сурет сала білу басқа да, суретші болу, бейнелеу өнерін жан-тәнімен түсіну басқа. Мәселен, атақты суретші Репиннің өзі академияда оқып жүргенде сурет сала алмаудан қырқыншы орында тұрады екен. Сонда бірінші, екінші орындардағы «салғыштар» қайда? Араларынан жарып, Репин шықты. Осыдан кейін не айтуға болады? Репин – табиғи талант. Оны табиғи таланты биікке шығарды.
Әрине, өнерді түсінбейді екен деп, біреуді кінәлауға болмайды. Қоғамдағы қиыншылық тек суретші емес, барлық адамның басындағы жай. «Суретшінің жауы жоқ, жалғыз жауы – өзінің нашар жұмысы» деген француздың ұлы суретшісі Матисс»,- дейтін Қайрекең.
Қ.Зәкіровтің журналистерге айтар алғысы шексіз. Олардың қойған сұрағынан ешқашан қашқан емес. Содан болар, тілшілер қауымы ағамның жанына үйір. Шағын шеберханасына келген журналистерге әуелі әрбір туындысын таныстырып, сосын шай қойып, әңгімеге кірісетін. Көңілі кең, қолы ашық, әңгімесі терең.
- Негізі өнерді түсінген адамғақызмет жасау керек. Оның үстіне, суретшілер сурет салып, оны халық бірден түсінген емес. Ал, халық пен суретшінің арасын жақындастыратын, суретшінің еңбегін халыққа табыстыратын жазу өнерінің иелері – жазушылар, журналистер. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі орасан зор екенін айта кетуіміз керек.
Рас, ірі қалаларда сурет галереясына адам көп келеді. Ал, бізде оны өткізу мәселесі күрделі. Яғни, 100 адамның 20-30 пайызы қатысатынын ескерсек, ерен еңбекпен дүниеге келген қылқалам шеберлерінің туындылары өгейсіген жетім баланың күйін кешетінін ойлау қиынға соқпас. Өнерге жан-тәнімен терең бойлаған адам ғана оның беймәлім қыр-сырларына қанығып, жақсы әсер алады. Дегенмен әсердің әсері бар. Мәселен, бір күйші Құрманғазының күйін құйқылжыта, нақышына келтіріп тартып отыр делік. Ал, біз одан толық сюжет көруге тырысамыз. Бұл дұрыс емес. Ол – адамның сол кездегі көңіл-күйі. Сол сияқты бейнелеу өнерінің әдеби экваленті жоқ. Атақты суретші Салахитдин Айтбаевтың: «Мен егер жаман суретші болғанда, бәрібір жақсы өнертанушы болар едім»,-дегені бар. Бұдан шығатын қорытынды, айнадағы суретіңді емес, айнаның арғы бетіндегі келбетіңді көре білу керек. Адам табиғат бейнесінің тікелей көшірмесі емес, оның ішкі дүниесі – сурет,- деген еді Қайырбай Қонысбайұлы тереңнен ой қозғап.
Расында, Қайрекең терең адам, жеті өнерді бойына сыйдырған талант еді. Сөйте тұра кішіпейіл, қарапайым болып өтті. Қолына қылқалам алып, қағазға шимайлап жатқан баланы көрсе, көз жанары жарқырап, жанына жетіп барады. Сосын ол баламен бала болып сөйлесіп, аяғында сырласына айналады. Ақыры бір қылқаламын сыйға тартып кетеді.
Міне, Қайырбай Зәкірұлы осындай еді. «Әкеге қарап ұл өседі» деген бекер сөз емес. Екі ұлы бейнелеу өнеріне құмар болды. Қазірде осы саланың нанын жеп жүр.
- Дәрігердің баласы дәрігер, шахтердің баласы шахтер болуы заңды. Менің балаларым шеберханада өсті. Үлкен ұлым Нұрғали Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы театр және өнер академиясының қолданбалы өнер факультетін бітіріп, осы салада қызмет жасайды. Ал, кіші ұлым Аққалиға мұнайшы болуын өтінген едім, ол өз жолын таңдады. Аққали Алматыда суретшілер училищесін бітірді. Белгілі суретші Кенжебай Дүйсенбаевтың тәрбиесін алды,- дейтін.
Ол тек суретші емес, қолына шабыттанып қаламын алса, өлең жазады, домбыра ұстаса, терме тартады. Соның сырын сұрағанда:
- Өнердің құдіреті мықты ғой. Біреулерде бимен, әнмен, сөзбен шығып жатады. Ол өмір танудағы Құдайдың керек еткен нәрсесі деп ойлаймын. Бояуға сыймаған суреттерді жыр дәптеріме түсіруге тырысамын. Өлеңдерім – ұйқысыз түндерде отырған сағаттарым, сезімім. Осылайша жыр жазуымның айғағы іспетті 2001 жылы «Шалқасынан туған ай» атты өлең кітабым дүниеге келді.
«Әу демейтін қазақ болмас» демекші, кей уақытта ақ домбырамды қолға алып, ән салғанды да жаным сүйеді. Бір жылдары Сырбай Мәуленовтің Сыр бойына келген сапарында Аралда бірге дәмдес болудың сәті түскен еді. Жиылғандар қаумалап қоймаған соң сол арада «Тоғжанның гөй-гөйін» орындағаным бар-ды. Оны естіген Сыр-ағаң кейін жүрген жерлерінде: «Қайырбайдың Сырда кешкісін салған әні құмның үстінде нардың өркешіндей шөгіп жатады» деп әңгімелейтін көрінеді. Мені «Қайырбай жырау» атандырған да сол кісі,- деп, рақаттанып күліп алатын.
Бірде: «Менің суретімнің тақырыбы осындай, ұлттық нақышпен бейнеледім» деген әңгімелерді кейбір суретшілердің аузынан естіп қаламыз. Сонда суреттен ұлттық бояуды қалай аңғаруға болады?» деп сұрағанымда, ағам кәдімгідей ашулансын.
- Әр ұлттан шыққан суретші – сол ұлттың адамы. Бейнелеу өнерінде шекара жоқ. Мен суретші болып туынды жасасам, кімге болса да жеткізе алатын менің шығармашылық мүмкіндігім, интелектуалды тереңдігім, соған қолымнан келетін сәйкестігім бағалану керек. Мен арқылы қазағымды таниды. Тереңдік, ұлттық бояу деп соны айтамын. Ал, қызылордалық екенімді білдіру үшін құмды салып, «ұлттық бояуды көрсеттім» деу – надандық.
Менің үздік туындыларым Франция, Америка, Қытай, Португалия, Румыния, Болгария, Жапония, Йемен – әлемнің түкпір-түкпіріндегі қалалардың мұражайларында орын алған. Ал, кей жағдайда кездесетін өндірістік тапсырысты өнер деп есептемеймін. Өйткені тапсырыс жүрген жерде шынайы өнер болмайды. Нағыз өнер – шығармашылық. Мен үшін шығармашылық – жүрегімнің азығы. Мен өз өнеріммен тыныс аламын. Ол түсінбейді екен деп, сурет салып көрген емеспін. «Түсінбейді-ау, сата алмаймын-ау» деген жерден сорлылық басталады.
Әлбетте, суретші дегенді бөлуге болады: я бар, я жоқ. Бар болса, түрлі-түрлі болу керек. Бейнелеу өнері рингтегі боксшы емес ғой, күшіне сеніп, біреуді ұрып жықтым, жеңдім, бітті дейтін. Сондықтан өнер саласын жете біліп, оған тамырлай алмаған адам бұл іске ешқашан араласпағаны абзал.
Нағыз суретшінің сөзі осындай болса керек. Бейнелеу өнерін бес саусақтай меңгерген Қайрекең соңғы жылдары сексен жылдық мерейтойға дайындалды. Сексен жасында сурет көрмесін өткізіп, есеп беруді жөн көрді. Соған қатты ынтасы ауды. Ешкім мазаламасын деп, Алматыдағы шеберханасының есігін ішінен іліп алып, сурет салды. Бір сәт «Парадарайя сақтарын» бейнелесе, бір сәт Бегім ананың портретін сомдап шықты. Әйтеуір, тыным жоқ.
Алпыс жасқа келгенде «Алпыс –тал түс» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. 60 жасты сіз неге теңер едіңіз?» дегенімде: «Мен алпысты ұзатылғалы жатқан қыз сияқты сезінемін. Белгісіздікке бара жатқандайсың ба, қалай?» деп, әзілдеп алған еді ағам. Міне, содан бері араға жиырма жыл салыпты. Сөз арасында сексен жасты қалай өткізу жөнінде сұрай қалғанымда: «Сексен жылдықта «Туған жерімнен сурет мектебім ашып, балалаларды осы өнерге баулысам» деген арманым бар. Сосын өз суреттерімнің каталогын шығарсам, үлкен жұмыс бітірген болар едім» дейтін. Алайда, бұл арманына жете алмады. Дегенмен артында қабырғалы елі тұрғанда, туып-өскен Қызылорда облысы қазақты шет мемлекеттерге танытқан ұлының арманын орындайды деген үміт те жоқ емес.
Ал, «өзің ағаңа не істедің?» деп, төтеннен сұрақ қоятын адамның табылатыны сөзсіз. Мен ізінен ерген інісі ретінде Қайырбай Зәкіровтің сексен жылдығына орай«Сырдың сырлы бояулары» атты жас суретшілер байқауын ұйымдастырып, дәл туған күнінде, 25 ақпанда, 80 жасында қорытындысын жасауды жоспарладым. Бейнелеу өнеріне құмар оқушылардан байқауға сексен жылдықта сексен сурет келіп түсті. Балалардың арасында Қайрекеңнің портретін салған оқушылар да болды. Өзі болғанда барлық баланың басынан сипап, ақ батасын берер еді. Өзі армандаған сурет мектебі ашылып жатса, осы балалар сол мектепте жарыса сурет салар ма еді?!.
Жақсы адамның ізі ешқашан өшпек емес. Ағамның рухы риза болсын!
Нұрлан КӨБЕГЕНҰЛЫ,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидиты