Қарақұм көтерілісінің қаһарманы

«Қарақұм көтерілісі» жайлы жазылған тарихи әдебиеттерде көтеріліс басталған 1930 жылдың бас айларында Сарман қожа (ел арасында Сырман әулие) мекенінде өткізілген рубасы өкілдерінің жиынында көтеріліске басшылық жасау үшін хан кеңесінің құрылғаны, оның құрамына Арал ауданы тұрғындарының атынан Балапан Ақжановтың енгізілгені жайлы дерек айтылады. 1930 жылғы Қарақұм көтерілісі басшыларының бірі болған Балапан Ақжанов (1902-1970 жж.) жайлы айтылатын жария мәліметтер аз болғандықтан көпшілікке беймәлім есім.
Балапан Ақжанов 1902 жылы кең байтақ Қарақұмның Ұябай-Сәрке аталатын өңірінде мыңғыртып мал айдаған Ақжан байдың отбасында дүниеге келген немересі екен. Көкірек көзі ояу, заман ағымын жете түсіне білген Ақжан қарт немересі Балапанның да болашағын тереңнен ойлап, жастайынан ауыл молдасына оқытып, діни сауатын ашқан. Зеректігінің арқасында ол арабша жазылған кітаптарды еркін оқып, аударма жасай алатындай қабілетке ие болған деседі. Ауылдастарының айтуынша, ол ауылда болғанда діни кітаптар мен шығыс шайырларының дастан-жырларын оқып қана қоймай, төте жазумен қазақшаға тәржімалап, немерелеріне үйретіп отырған көрінеді. Балапан қазақтың көне шежіре-тарихын да жақсы білетін адам болған. Немересі Даражаның берген дерегіне қарағанда, Ұлы Отан соғысы аяқталар жылдарда қазақтың көрнекті тарихшысы Ермахан Бекмаханов оны арнайы іздеп, ауылға келген көрінеді. Біраз күн сұхбат құрған ғалым Балапаннан Кенесары ханның 1844 жылы патша әскерлерінен жеңіліп, қырғыз еліне аттанар алдында бір-екі жыл Қарақұмды қыстап шыққаны жайлы деректерді сұрастырып, жазып алғаны жайлы айтады. Кейін тарихшы ол материалдарды өңдеп, өзінің «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиялық еңбегінде пайдаланған. Содан кейінгі оның өмір жолы уездік қаладағы бұратана халықтың балаларына арналған түземдік бастауыш орыс-қазақ мектебіндегі оқуымен жалғасады. Балапан бұл жерде өз ана тілін білуімен қатар, орыс тілін де жетік меңгеріп шығады. Көтеріліс басталған кезде кеңестік биліктің әділетсіздігіне жаны қас Балапанның алғашқылардың бірі болып бұқара халықтың қатарынан табылуы әрі оның қос тілді жетік меңгерген сауаттылығы ескеріліп, хан кеңесі құрамына еніп, хатшылық (писарь) міндетінің жүктелуі оған деген елдің сенім жүгінің зор екендігін айғақтайды. Ол осы міндетті абыроймен атқарады, архивтерде сақталған түрлі хаттамаларда Балапанның қолтаңбасы сақталып қалған.
Соловки саяси тұтқындар лагерінің тар қапас казарма барактарында өткізген қапалы күндер оның жанына аяусыз жара салады. Ел аузында Соловки жер бетіндегі тірінің тозағы деп әйгіленген тамұқ мекені аталған екен. Ондай сұмдық қиямет күндердің аяқталар күндері болмай, азапқа шыдайды. Тек неміс фашистеріне шешуші соққы берер алдында, 1943 жылдың қақаған қыс айында саяси тұтқындарды Сталинград түбіндегі ұрысқа әкеліп салады. Бұл да болса көңілге медет болады, штрафбат қатарында болсаң да әйтеуір қолыңа мылтық ұстап, қас дұшпанмен ашық шайқасқа шығып жүресің ғой. Алайда кескілескен бір ұрыста ауыр жараланып, ұзақ уақыт госпитальда жатып ем алады. Содан емделіп шыққаннан кейін ғана 1944 жылы еліне қайтудың сәті келеді. Қазалыға келгесін бірнеше жыл тұрақтап, «Ондтрахоз» мекемесінің өндірістік жұмыстарын басқарады. Алайда бұл жерде де «сенімсіз адам» деген атағы қыр соңынан қалмай, басқан ізі аңдуда болады. Ақыры «аңдысқан жау алмай қоймады», соңына түскен «қызылкөздердің» жалған жаласымен 1948 жылы тағы да істі болды. Кінә қояр айғақты дәлелдері болмаса да оның «халық жауы» екендігі мән жайды ауырлатып, сот үкімімен тағы да мал-мүліктерін тәркілеуімен қоса он сегіз жылды арқалап кете барды. Бұл жолғы жазасын Сібір тайгасындағы колонияда өтейді. «Басқа түссе баспақшыл», қайда жүрсе де басына түскен ауыртпашылықты ол еш мойымай көтеріп, адамгершілік арына қылау келтірмейді. Қолынан келгенше тағдыр тәлкегіне ұшырып, кіріптар жандарға көмек қолын созудан тартынбады. Жылы сөзімен жігерлендіріп жұбатады. «Топалаң» деген індет шыққан кезде өзінің өмірде түйген тәжірибелерін пайдаланып халықтық ем жасап, талай міскіндерді аурудан арашалап, аман алып қалады. Тар қапастарда азапты күндерді өзімен бірге өткізген Ибрагим Санаев деген кісі Балапанның биік тұлғалы адами қасиеттері жайлы ұзақ жыр арнаған екен. Оның бір үзіндісі төмендегідей:
«Бірінші ағам – Балапан,
Қазалы туған қаласы.
Елуге жасы таянған,
Бір елдің болған ағасы.
Ескілерден үлгі алған,
Ақылдың бұл бір данасы.
Сөйлетсең, шығар көркем сөз,
Аталы сөздің сарасы...».
Сталин өлгеннен кейінгі елдің саяси ахуалына байланысты жазықсыз жазаланғандар ісі қайта қаралып, түрмеден шығып жатады. Сол тізімге ілінген Балапан Ақжанов та мерзімінен бұрын ақталып, 1959 жылы ғана өзінің туған ауылына қайтып, бала-шағасымен аман-есен қауышады. Осылайша алпыс жеті жыл ғұмырының жиырма екі жылын халқының тәуелсіздігі үшін күреске арнаған Қарақұм көтерілісінің қаһарманы 1970 жылы ел-жұртының ортасында бақилық болып өмірден өтеді. Бейіті өзі арыстандай алысып, халқының тәуелсіздігі үшін күрескен киелі мекені Қарақұмда. «Ақтың отын ақымақ өшіре алмайды» деген шындықтың түбінде бір салтанат құратыны рас екен. Қызылорда облыстық Соты Президиумының 1962 жылғы 18 сәуірдегі қаулысымен «Қазақстан ОГПУ-ы Алқасының 1932 жылғы 23 қазандағы Балапан Ақжановқа байланысты шығарылған үкімнің күші қылмыс құрамының болмауына байланысты жойылды» деп танылды.
Төл тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерін анықтау, әсіресе, кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін толық ақтап жариялау – қазіргі ұрпақ бойындағы үлкен міндет. Қазақтың қаймақтарын қырып кеткен зұлматты кезеңдердің түнегіне шындықтың шырағы жағылса дейміз. Олардың сол кезде ғана рухы нұрланып, өскелең ұрпақтың санасында өткен тарихымызға деген құрмет сезімі қалыптасатыны анық.
Үргенішбай ҚУАТОВ,
Арал ауданының құрметті азаматы