Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Анамнан алған өнеге – өмірімнің шамшырағы

Анамнан алған өнеге – өмірімнің шамшырағы

95 жылдық тарихы бар "Толқын" газеті қашанда оқырмандарымен бай. Өздерін аудан айнасына балған басылымда рухани серігіміз деп білетін жандардың көптігімен біз де марқаямыз. Жуырда редакция табалдырығын ұлағатты ұстаз, ардақты ана Несібелі Ержанова аттады. Жай аттаған жоқ, тәрбиелік мәні зор жазбасын шығармашылық құрамның назарына ұсынды. Қазіргі таңда Арқа төсіндегі Астана қаласында тіршілік кешіп жатқан жанның тұшымды, көпке үлгі болар дүниесін қабыл алып, оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.
«Тәрбие – тал бесіктен» дейді дана халқымыз. Адам баласының бойындағы барлық жақсы қасиет, ізгі ниет, еңбекке, білімге құштарлық ең әуелі анадан дариды. Менің де өмірімде маған бағыт-бағдар берген, жүрегіме шырақ жаққан алғашқы ұстаз – анам.
Ал әкем Оразалы Шырабаев – ел арасында қадірменді, абыройлы жан еді. Ол кісі емшілікпен айналысып, көптің алғысын алған, сонымен қатар дін жолын ұстанған молда болатын. Емшілік қасиетімен ғана емес, рухани кемелдігімен де халыққа жақын болды. Өз ұрпағына, әсіресе анама үнемі: «Балаларды оқыт. Білім – өмірдің шырағы, көзі ашық ұрпақ қана алға басады. Білімі – жолдасы, ақылы – қорғаны болады» – деп айтып отыратын көрінеді.
Бала күнімде анам үнемі: «Қызым, оқы, әкең де жоқ, ағаң да жоқ – тірегің тек білім болады» – деп үмітпен қарайтын. Бұл сөздер менің жадымда мәңгілікке жатталып қалды. Білімнің маңызын сол кездің өзінде түсініп, бар күшімді оқуға арнадым. Анамның «Еңбек ет, ерінбе. Қашанда еңбек адамды биікке жетелейді» деген сөзін де үнемі жүрегіме тоқып өстім. Ол бізді ерте жастан тіршілікке бейімдеп, нан илеуді, мал саууды, үй шаруасына араласуды ерте үйретті. «Қыз бала – қонақ» десе де, бізді қолғабыс  етуге баулыды. Сол тәрбиенің арқасында өзім де ана бола отырып, балаларыма дұрыс бағыт-бағдар беруді міндетім деп санадым.
Мектеп бітірген соң, мұғалімдік жолды таңдадым. Бұл жолда 35 жыл табан аудармай еңбек етіп, қаншама шәкіртке білім беріп, жол сілтедім. Ұстаздық – маған тек мамандық емес, жүрек ісі болды. Әрбір оқушыны баламдай көріп, жақсы мен жаманды айыруға, өмірге бейімделуге үйреттім. Өзім алған тәрбиені, анамның адалдығын шәкірттеріме үлгі етуге тырыстым.
Жолдасым Махмут – көпшіл, елмен етене араласатын, дархан мінезді азамат еді. Үйіміз қонақтан арылмайтын. Ауылдың, қаланың, ағайынның, әріптестің бәрі біздің шаңыраққа келіп, дастарханымыздан дәм татып, риза болатыны, бұл кеңпейілділік – шаңырақтың шырайын кіргізетін қасиет екенін кейін ұқтым. Жолдасымның сол ашық-жарқын мінезі бүгінде ұлым Әділханның бойына дарыған десем де болады. Ол да көпшіл, адамға жақсылық жасауға асығып тұратын азамат.
Қазір ұлым Әділхан мен келінім Гүлзатпен бір шаңырақта тұрамын. Шаңырағымыздың отын өшірмей, керегесін кеңейтіп, 3 немеремізді тәрбиеледік. Немерелерім – менің өмірімнің жалғасы, жүрегімнің қуанышы. Алланың берген бағы – 2 шөберем бар. Солардың бал күлкісін тыңдап, өткен күнге шүкіршілік етемін. Менің 4 қызым бар, екеуі медицина саласында, екеуі ұстаздықты таңдады. Әрқайсысы отбасын құрған, түтінін түтетіп отыр. «Ана көрген – тон пішер» дегендей, олар да өз анасының ізінен адаспай, үйдің берекесі мен тірегіне айналды. Шүкір, қанағат болса жолың да ашық болады. жақсылық та өзі келеді ғой.
Иә, ұрпақ тәрбиесі – үзілмейтін тізбек. Өзім ата-анамнан, ата-енемнен не үйрендім – соны балаларымның бойына сіңіруге тырыстым. Қайын жұртыммен сыйластығым жарасты. Үлкен енем Үрзалипа апамыздың алдында қызметімді адал атқардым. Ол кісі өмірінің соңында маған батасын беріп: «Бақытты бол, қарағым, ниетіңе жет!» – деп батасын берген еді. Бұл сөзі менің жүрегімнің түкпірінде сақтаулы қалды.
Збайда апам да ақылгөй, көреген кісі болды. Сол кісінің тәрбиесінің арқасында қонақжай, кеңпейіл болдық. Қайын жұртыммен қарым-қатынасым жақсыболды. Қайыныларым, қайынсіңілдеріммен сыйластық, сырлас болдық. Атам Жылқайдар мейірімді, парасатты кісі еді, фермада басшылық қызмет атқарған. Ол кісіден көпшіл болуды үйрендік.
Келіндеріммен де тату-тәтті өмір сүрдік. Бір дастарханнан дәм татып, бір-біріміздің балаларымызды бағып, өзара қамқор болдық. Қазір сол балалар – өз балаларына мейіріммен қарайтын, ата-енеге құрмет көрсететін қамқор ұрпақ болып ер жетті.
         Алланың өлшеулі ғұмырын ел қатарлы кешіп келеміз, өз өремізде өз тірлігімізді жасадық, еткен еңбегіміз ескерусіз қалған жоқ. Немере-шөберелерімнің қызығын көріп, ұрпағымның амандығына тәубе етіп отырған жайым бар. Бұл – ата-анам мен ене-атамнан алған тәрбиенің, одан қалды адал еңбегімнің нәтижесі. Әрбір адам өз баласының жақсы өмір сүргенін қалайды. Өмір – өзіңнен кейінгіге жақсы із қалдыру. Олар адал жолды таңдаса, жүрегің  тынышталып, демаласың, абыройың да арта түседі. Берген тәрбиең ізгі өнегеге айналса, ғұмырыңның бос өтпегені.
Қазірде заман өзгерді, уақыт жылжыды. Бұрынғыдай үлкенге ізет, кішіге қамқор, бауырға мейірім төгілетін заман сиреп бара жатқандай. Қазіргі жастар арасында қиындыққа төзімсіздік байқалады. Кішкене кедергіге мойып, отбасылық салмақтан қашып, жауапкершіліктен жалтаратындар көбейіп кетті. Жақсы өмірдің дайын күйін ғана қалайтындар, еңбектің дәмін татпай, жеңілді армандайтындар да жоқ емес.
Сыйластық – отбасының тірегі. Ал бүгінде сол қасиетті ұғым әлсіреп, кей шаңырақтарда үлкенге құрмет, ата-ене мен келін, аға мен іні, әпке мен қарындас арасындағы риясыз қарым-қатынас үзіліп бара жатқандай. «Сыйластық – сабырдың сыны» деп бекер айтылмаған. Ал сабырлы, кеңпейіл, кешірімді болу – атадан балаға өтетін тәрбие еді.
Бауырмалдық та сиреп барады. Бұрынғыдай "ағамның баласы – менің балам", "қарындасымның қуанышы – менің қуанышым" дейтін мейірім азайып бара жатқандай. Әркім өз тіршілігін ғана күйттеп, туғанының мұңын бөлісуге уақыт таппайтын күй кешіп жүргендер қаншама...
Ұрпағым осы ұлы қасиеттерді жоғалтпаса екен, көргенді, тәрбиелі, бауырмал болып өссе екен деп тілеймін. Себебі «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», «Бауыр ет – бала, бірақ бауырынан айырылмасын» – деген сөздер бекер айтылмаған. Жаңалық ашқандай болмайын, мұның бәрі ата бабамыздан қалған қасиетті тәлім. Тек қоғамның бүгінгі келбетіне зер сала жүріп, кейбір өмірдің келеңсіз тұстарын аңғарып қалатынымыз рас. Айтайын дегенім, алдағы уақытта кейінгі буын осындай олқылықтарға жол бермей, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді бірінші кезекке қойып, сыйластыққа сызат түсірмеудің жолында жүрсе деймін.
Несібелі Ержанова,
зейнеткер ұстаз
Тоқабай ауылы

Фото: автордан 
23 тамыз 2025 ж. 130 0