Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Газеттің жүрегі – тілші, тірегі – оқырман

Газеттің жүрегі – тілші, тірегі – оқырман

Қай кезден де тарих, газет – қос ұғым,
Дәлелі боп келе жатыр осының.
Тоқсан бес жыл тарихы бар тереңнен,
Толқытатын «Толқын» дейтін басылым.
Үлесі бар үзіліссіз ақпардан,
Оқырманның көкейінде жатталған.
Көпке мәлім көп жылдық бұл баспаның,
Жұртшылыққа ұсынары көп болған.
Уақыт қалай, тарих қалай көшпеген,
Сөзі ұрпаққа үлгі болар өскелең.
Көп данамыз өткенімен өмірден,
«Толқынымдағы» сөзі ешқашан өшпеген.
Міне, дәл осылай жергілікті талай ақынның жырына арқау болған, ақпарат айдынында өзіндік орны бар, журналистердің талай буынын түлетіп шығарған аудан айнасы – "Толқын" газетінің юиыл 95 жылдық мерейтойы. Осы басылымның тұрақты оқырманы ретінде қалай тербеуді жөн көрдім.
Білім саласында қызмет атқарғандықтан күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарын ақтарып, басылым беттеріндегі жағымды жаңалықтар мен газетте жарық көрген мақалаларды үзбей оқу жас кезімнен әдетке айналды. Әсіресе жергілікті "Толқын" газеті – менің ең сүйікті басылымым.
Әуелі оқырман ретінде ой түйіп, жанымызда жүрген жақсылар жайлы қалам тербеуді де үйрендік. Менің қолыма қалам ұстатып, көп мақала жазуыма бағыт берген де осы газет. Содан бері де 60 жылдан астам уақыт өтіпті.
Ұстазым Амандық Исаев ағамыз бен сол кездері "Толқын" газетінің бөлім меңгерушісі болған белгілі ақын Серік Сейтмағанбетовтің ақылын алып, тырнақалды мақаламды жаза бастадым. Еңбегім бағаланып газеттің штаттан тыс тілшісі болдым. Әлі есімде, алғаш мектеп қабырғасында жүрген кезімде "Бригадирге бір сауал" атты мақала жазып, редакцияға ұсындым. Сол кездегі халық сұрауы болып саналған "Тастүбек" ұжымшарында моншаның жоқтығын бір ауыз өлеңмен:
Жырақтан әдейілеп құм-қыр асып,
Келгенде үйге достар шұрқырасып.
Басында дастарқанның отырамыз,
Кір басқан үстімізді тыр-тыр қасып, – деп өлеңдетіп те қосып жібердім. Мақалам газет бетінде жарық көрді. Бұл мақала маған қанат бітіргендей болды. Серік Сейтмағанбетов "Редакцияға келіп жиі мақала жазып тұр, сенен жақсы тілші шығады" деп арқамнан қақты."
Осы күнге жетуіме себепкер деп тек Серік ағаның сол бір ғана жағдайын айтпаймын. Ол мен жайлы "Ауылдан Жоламан жазып тұрады", "Өзіміздің Жоламан" атты мақалалар жазып тұрды. Осының барлығы менің тілшілікке тартып, талабымды түзеп, қанатымды қомдауыма көмек болды.
Газет беттерінде "Ескі діни салт-сана" жөнінде талқылау жүріп жатты. Осы талқылауға сай газетке "Оңай олжа табудың шегі бар" атты мақала жаздым. Онда кісі қайтыс болып, жаназа-намазасында адамдарға ақша тарату, үйлену тойындағы ысырап жөнінде жазып, тиісті орындар көріп, басшылар бірнеше мәрте жиналыс жасап, асыра ысырапшылдыққа шектеу қойылды. Осы тұста "Дәстүрдің тозығын тастап, озығын алу қажет" деп те жазған болатынмын.
Бірде "Сатушыға лайық па?" тақырыбымен тағы бір сыни мақалам "Толқыннан" орын тапты. Сын жазылса райкомнан, редакциядан адам келіп, тексеру жүргізетін. Бұл жолы солардың қатарында редактордың орынбасары Өмірбек ағамыз болды. Партком секретары мақала негізсіз жазылған деп бірнеше рет жиналыс жасап, маған қарсы пікір айтты.
Оқиға Сарбасат жұмысшылар кооперациясының №2 дүкенінде болатын. Сатушы мен әжей айқаласып жатты. Әжей сатушыдан затының түгел еместігін, толық беруін сұрап, тіпті жылап тұр. Әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Өзіміз де талай әділетсіздіктің куәсі болғанбыз. Соны көріп, шыдамай жазған едім. Мақала төңірегінде дау шыққанымен сол кездегі газеттің бас редакторы Сағынжан Ермағамбетов "Жақсы жазыпсың, Жәке" деп қолдау білдірді. Редакциядан мақтау естігеніммен үй телефонына маза болмады. Сондай қоңыраудың бірі мектеп директоры Әбдіразақ Досмырзаевтан түсті. Мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болатынмын. Телефонның арғы жағынан амандық сұрасқаннан соң Ә.Досмырзаев "Жоламан, фактлерің дұрыс па?" деді. Мен оған болған жағдайды баяндап бердім. Осы екі азамат қиын кезде қолдау беріп, жаладан арашалап қалғандай болды.
Кейін партком "Жоламан Жолдасовтың мақаласы дұрыс жазылған, сатушының кінәсі анықталып, қызметтен босатылды" деген мақаласы жарық көрді. Осылайша дүкенші жұмысынан босады.
Сексеуіл кенті әкімінің орынбасары Мырзагүл маған "Сіздей болу қайда?..." деген өлең жазды. Сексеуіл тұрғыны, журналист, қаламгер ағайға арнау деп жазылған:
Әркімнің қолынан келе бермес,
Құдай да кез келгенге бере бермес.
Қиуын қиыстырып әр сөзінің,
Көрінгеннің етегіне ере бермес.
Ұстазым ұсынғанда кітабыңды,
Сөзбен айтып жеткізе алмай көңілімді.
Қуана қабылдадым сыйыңызды,
Сіздей болу қайда деп ойда қалдым.
Біздерге мұндай болу қайда дедім,
Бақ па екен, дарын ба екен, еңбек пе екен,
Сізге осынша қабілет қайдан келген?
Жүрек соғып тұрғанда қыл қаламмен,
Жаза бергін, ағажан, жаза бергін, – деген өлеңмен ықыласын білдіріпті.
Бұл жазылған мақалалардың барлығы кейінгі буын тілшілерге сабақ болса деймін. Қандай болса да қоғамдағы келеңсіздікті, шындықты сөзге арқау ету арқылы ғана жемісті еңбек етуге болады. Шындық қашан да жеңіске жеткізеді. Осы мақаланың арқасында болар, қазірде сексеуілдіктер мені белсенді баспасөз жанашыры ретінде таниды. Қазір де аудандағы, облыстағы қаламгерлермен тығыз байланыста отырмын. Әркез "Толқын" газетінен бөлек "Сыр мектебі", "Арал әлемі" газеттерінен оқырман қауым менің мақалаларымды оқып отырады.
Басылымның редакторлары Сағынжан Ермағамбетов, Жұмабай Жақып, Еркін Әбілов, Ш.Жылмағамбетов, А.Елештердің кезінде қалай қалам тербесем, қазіргі бас редактор, газетке жаңа тыныс алып келген А.Сайлауовтың уақытында да қаламымды қолымнан тастаған емеспін. Ал танымал журналистер Ө.Төлепов, К.Өмірзақов, О.Бектұрғанов, Қ.Мұқашев, Ж.Кемал, А.Өткелбаев, С.Сейтмағанбетов, Т.Абылаев, Ж.Есенжолов, Е.Абдуллалармен қалай тығыз байланыста болсам, бүгінгі жас буын О.Жолдасов та ағасындай құрметтеп келеді.
Мерейтой тұсында елдің мәселесін көтеріп, әркез қаламды жанына серік еткен қоғамдық авторлар А.Құлманов, С.Ботабаев, Ж.Жасанов, Д.Алдамжаров, Ә.Есендіков, С.Баймағанбетов, А.Жолмағанбетов, Н.Жүсіп, А.Халықұлов, Ү.Қуатов, Ж.Мусаев, Х.Суханбердин, Д.Омаровтардың да еңбегі өлшеусіз екенін тілге тиек еткім келеді. Газеттің жүрегі – тілші, тірегі – оқырман десек, қоғамдық авторлар түрлі тақырыптарда ой толғау арқылы басылымның бетіне сән кіргізе түсері анық нәрсе.
Мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры, әдіскер, клуб директоры болып ұзақ жыл қызмет атқардым. 80 жастың төріне шықсам да қоғамдық жұмыстардан тыс қалған емеспін. "Мәңгілік сағынышым", "Ұстазым, менің ұстазым", "Жалған дүние-ай" кітаптарының авторымын. Еңбегім еленді. Құрметке бқлендім. Қазіргі таңда Қазақстан Журналистер одағының, халықаралық Жазушылар одағының мүшесімін. Облыстық "Арал әлемі" газетінің меншікті тілшісімін. Еңбектің бағы жанар деген осы болар. Қызметімнің бағасы шығар, қазіргі таңда "Теміржолшы" қабырға газетінің редакторымын.
Иә, "алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді" дегендей біздің бастап берген баспалдағымыз кейінгі жастарға даңғыл жол болмақ. Биыл 95 жылдығын атап өткелі жатқан газеттің үнін ғасырдан ұзақ жалғайтын жастарға сәттілік тілеп, басылымның барша оқырманын шын жүректен құттықтаймын!
Жоламан ЖОЛДАСОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Арал ауданының қайраткер-ардагері
20 қыркүйек 2025 ж. 58 0