Ер мен елдің анасы

Қалампыр апа 1937 жылы Қазалы өңірінде өмірге келген. Кейіннен Аралға қоныс аударады. Он жасынан анасынан айырылып қалған Қалампыр апаны әкесі Тәжімағамбет жалғыз бағып-қағып өсіреді. Әкеден қалған жалғыз тұяқ анамыз бой түзеп өскенде оған құда түсушілер де көп болады. Бірақ әке көңілі жалғыз қызына лайықты жар деп Қожахмет атамызды құп көреді.
– 1956 жылы 18 жасымда Қожахмет екеуміз бас қостық. Үйленген алғашқы жылы туыс апамыздың сарайында тұрдық. Содан жолдасым жер алып, өзіміздің қара шаңырағымызды тіктедік. Жолдасым 40 жылдан артық уақыт жол бойында жұмыс істеді. Өзім тары түйдім, диірмен тарттым, базарға барып сауда жасадым. Әрине балаларды жеткізу оңай емес, жастаймыздан тынбай еңбек еттік. Балаларды да еңбекке баулыдық. Олар әркез біздің қолқанатымыз болды. Қандай жұмыс жасасақ та қасымыздан табылатын. Содан да болар, еңбекке ерте араласып мектеп бітірген соң әрқайсысы жауапкершілікті сезініп, өз алдына еңбек етті, – дейді Қалампыр апа.
Бұл отбасы еңбектен қол үзбеген жандар. Соның арқасында бүгінде берекесі артып ырысы еселеніп отыр. Қызы Ақзия мен ұлдары Бақтыбай, Жақсылық, Ерболат пен Нұрболат кәсіпкерлік саласынан нәпақа тауып жүр. Ал Жақсыбай Алматы қаласында тұрады. Энергетик-инженер болып жұмыс жасайды. Жанболат – өнер адамы. Жұбайы Жазира екеуі халықтың сүйіктісіне айналған әншілер.
– Жанболат кішкене кезінен ән-күйге жақын болып өсті. Оған бұл қасиет әкесінің інісінен дарыған секілді. Ол да жас күнінде оңірге белгілі күйші болған деседі. Жанболат та кішкентай күнінде күйсандықтың алдында отыратын да қоятын. Ыңылдап ән айтып жүретін. Мектеп бітірген соң Алматыға жұмыс істеуге барды да, кейіннен оқуға түсті. Сөйтіп дипломымен қоса қосағы Жазираны келін етіп шаңырағымызға алып келді. Олар Аралда екі жылға жуық тұрды. Ақыры жұмыс болмаған соң, Қазыбек өмірге келгеннен кейін Алматыға кетті, – деген ана баласының өнерге қалай келгенін ризашылықпен жеткізді.
Қалампыр апа ең алғаш 47 жасында ене деген атқа ие болады. Ол өзінің қатал ене болғандығын мойындайды. Мұнысы жақтырмағаннан емес, жас келінді отбасының мызғымас ережесіне тәрбиелегенім дейді.
– Біз үлкен отбасы болдық. Келіндерімнің бәрі әлі күнге дейін таңертең иіліп сәлем салады. Менің алдымда басынан орамалдарын тастамайды. Олар алғаш келін болып шаңыраққа енгеннен-ақ мен жанұяның бұлжымас қағидаларын саналарына сіңірдім. Білмегенін үйреттім. Аллаға шүкір, келіндерім адал. Бәрі құрақ ұшып сыйлап жатады, - дейді әжей.
Әңгіменің сарыны өнер сахнасында ойып тұрып орын алған, отбасылық әдемі жұптардың біріне айналған Жанболат пен Жазираға ойысты. Жазира қандай келін болды деген сұраққа әжеміз:
– Жазира 19 жасында біздің шаңыраққа келін болып түсті. Өзі де көпбалалы отбасында өмірге келген. Сонан да болар, үйдің барлық тірлігін ұршықша үйіріп әкетті. Өзі ақкөңіл, аңқылдақ, мінезі ашық жарқын. Қазір де үйге келсе мен әншімін, жұлдызбын деп отырмайды. Келін болып абысындармен бірге қазан-ошақтың жанында бірге жүреді. Алматыға қыдырып бара қалсақ, шәйін дайындап жағдайымды жасайды, – дейді әжей.
Пенде бақыты деген осы шығар, сірә. Бүгінде 88 жасқа толған Қалампыр ана балаларының ортасында құрметке бөленіп отыр. Ана үшін баласының өмірден өз орнын тауып, тіршілікке біте қайнасып өмір сүруі бақыт.
Н. БАҚЫРАН