Құрметке бөленген ұстаз
Ұстаз жайлы сөз қозғағанда ойыма алғаш осы бір сөз тіркесі орала береді. Расында алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұстаз ұстаз емес өз шәкірті үшін күймесе, шәкірт шәкірт емес өз ұстазын сүймесе» дегені мұғалім мамандығын меңгерген әрбір жанға берілген мінездеме, жүктелген жауапкершілік іспетті көрінеді.Нағыз ұстаз өзінің көркем мінезі мен білімділігін былай қойғанда, киген киімімен, жан-жағына жайдары қалпымен шуағын шашып жүреді. Сол қарапайымдылығы мен ізгілігі арқылы шәкірттерінің де, айналасындағы әріптестерінің де жүрегін жаулап алады. Бүгінгі кейіпкеріміз Жанат Көшкінбаева саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне бағыттап, өзгенің баласын өз перзентінен кем көрмей тәрбиелеп-өсірген жандар қатарынан. Шәкірт зейініне шуақ құйған ұзтаздың орны оқушы үшін әрқашан да ерекше.
Бүгінде Көкшетаудағы Зеренді аудандық «Өнер» мектебінде еңбек етіп жүрген Мақсат Шыңжанов алғашқы ұстазы Жанат Көшкінбаева жайлы тебірене айтып берді.
– Алғашқы ұстаз деген әрқашан ыстық болады. 1997 жылы Аралдағы №71 орта мектеп табалдырығын аттаған сәтте бізді Жанат апай қабылдап алды. Ерекше қасиеті – әрдайым күлімдеп қарсы алатын. Қаламды қалай ұстауды үйретті, зейінімізді ашты. Апайдың негізгі ұстанымдарын бойға сіңіріп өстік. Бәлкім, бұл мектеп қабырғасында бала тәрбиелеп жүрген барша жанның міндеті деп ойларсыз. Алайда баласынан артық көріп, мейірімін төгу, жанашыр бола білу мамандығынан емес, табиғатынан ұстаз болып жаратылған Жанат апайға тән қасиет деп ойлаймын. Әлі есімде, көктем айы болу керек, бастауыш сыныпта оқитын кезім. Көшедегі шалшық суға түсіп кетіп, мектепке малмандай су болып бардым. Сол кезде жетекшім сыныпты басқа мұғалімге тапсырып, мені жетектеп алып шықты. Сондағы барғанымыз Жанат Ізбасханқызының үйі еді. Су болған киімімді ауыстырып, құрғақ киім кигізді. Сонан соң үйге әкеліп, анама табыс етті. Ол кезде баламыз, қазір ойланып қарасам нағыз мейірімнің шуағы осы екен. Алдындағы әр балаға аманаттай қарау екінің бірінің қолынан келмейді. Өзім де ұстаздық жолда жүрмін. «Алғашқы ұстазымдай бола аламын ба?» деген сұрақты іштей жиі қоямын, – дейді ол. Анығында өз шәкірті үшін күюдің көрінісі осы емес пе?
Енді өнегелі жанның өмір жолына тоқталсақ. Жанат Ізбасханқызы қазіргі Әйтеке би (бұрынғы Жаңақазалы станциясы) кентінде 1965 жылы 2 қаңтарда дүниеге келген. 1982 жылы Қ.Сәтбаев №216 атындағы орта мектепті бітірген. 1987 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогика институтын «Бастауыш сыныптар педагогикасы мен методикасы» мамандығы бойынша аяқтап, алғашқы еңбек жолын Арал қаласындағы №71 қазақ орта мектебінен бастайды. Жоғарыда айтқан шәкіртінің естелігі дәл осы уақытта орын алған.
Осыдан 16 жыл бұрын №262 мектеп-гимназиясы жанынан «Айгөлек» шағын орталағы ашылып, Жанат Ізбасқанқызы аталған орталыққа әдіскер болып ауысады. Өзін кейіпкеріміздің шәкірті санайтын Бибінұр Қаныбетова ол кісімен бірге қанаттаса жүріп еңбек етіпті.
– 2011-2024 жылдары осы мектеп-гимназия жанындағы «Айгөлек» шағын орталағында қызмет жасадым. Жанат апай әдіскер болды. Мені жанына алып жүріп, құжатпен жұмыс істеуді, істің көзін үйретіп жүретін. «Кейін өзіңе қажет болады, біліп ал» деп айтатын ақылы болашағыма азық болды. Өзі қызмет ауыстырған кезде орнына мені ұсынды. Бес жыл сонда әдіскер болдым. Ол тек оқушыға емес, ізінен ерген жастарға да тәрбие көрсетіп, білім бере білді. Егер адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – ұстаздың еңбегі деп есептеймін. Қызметте бірге өсіп-жетілдік, өнегесін алдық, онан жаман болмадық. Бүгінде еңбек жолымды Астана қаласында абыроймен жалғап келемін, – дейді әріптесі Бибінұр.
Ол 2019 жылдан бастап №262 мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болды. Өмірін бала тәрбиелеу мен оқыту ісіне арнаған жан педагогика саласында 35 жыл қызмет етіп, еңбек демалысына шықты. Ал оның шәкіртері еліміздің түкпір-түкпірінде ел дамуына өз үлестерін қосып жүр. Апта басында №262 мектеп-гимназиясының ұжымы бастауыш сынып мұғалімі Жанат Көшкінбаеваны зейнетке шығарып салды. Осы мерейлі датаға орай ұйымдастырылған шараға біз де куә болдық. Барша шәкіртері сахна төріне көтеріліп, ыстық ықыласы мен құрметін көрсетті. Мектеп директоры, өзінің әріптестері де қимастық сезімін айтып жатқаны көңіл толқытты.
Жанат Ізбасханқызы отағасымен бірге 3 бала тәрбиелеген аяулы ана, адал жар. Перзенттерінің үшеуі де жоғары білім алып, әр салада қызмет атқарып жүр. Екі қызынан 6 жиен немересі бар.
«Бауыр деген бір асыл» деген. Астана қаласында тұратын сіңілісі Бекзат Көшкінбаева:
– Біз отбасында 7 бала тәрбиелендік. Жанат апам үшінші бала. Анамыз Тұрсын кітапханашы болатын. Апам жас күнінен алғыр, балаға өте жақын болып өсті. Мұғалім болсам деп армандап, айна алдында мектептегі ұстаздарының қимылын қайталайтын. Ізіне ерген бауырларына үй тапсырмасын орындауға көмектесетін. Адал, мейрімді болып бойжетті. Дархан жүректі пейілі қазір де өзгермеген. Ізденіс пен еңбекқорлығының арқасында арманы ақиқатқа айналды. Ұзақ жыл ұрпақ тәрбиелеп, еңбегінің зейнетін көретін жасқа абыроймен жетіп, ұжымында құрметке бөленді. Қазақ «Табалдырықтан биік тау жоқ» демей ме? Ендеше талай марапат төрінен көрінген бауырымызға өзі еңбек еркен ортасының құрметі бәрінен биік болды деп ойлаймын. Жездем екеуі ұрпағынының қызығын тең отырып көре берсін, – деп кішілік ілтипатын, бауырлық тілегін жеткізді.
Бұл тілекке біз де қосылдық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









