Мағыналы ғұмырдың мұзбалағы
Қазақ қашанда «Аға» деген ұғымды қастер тұтқан халық. Сол үшін де «Шеткі үй көшіп кетсе, ортаңғы үй шет болады» дейді біздің ел. Иә, солай болды! 2024 жылдың соңында бейнелеу өнерінің білгірі, абзал аға Қайырбай Зәкіров жасы 80-ге қараған шағында дүниеден озды. Ақжүрек ағамен бірге адалдық академиясы, сұлулық шеберханасы, өнер отауы, аға мен іні арасындағы алтын көпір бірге көшті! Қайран Қайреке осылайша өзімен бірге бір дәуірді алып кете барды...25 ақпан Аралдың қасиетті топырағында дүниеге келіп, қазақ бейнелеу өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қ.Зәкіровтың туған күні.
– Қайырбай аға үшін сурет жай кәсіп емес, жанның жыры, сырлы сезімнің тілі еді. Ол кенепке бояумен ғана емес, жүрекпен сыр төкті. Боямасыз болмысты бояумен бейнелеген бүгінгінің феномені, аға буынның ақжайлау ақылшысына айналған кезінде арамыздан алыстап кеткені өкінішті. Әттең, ажал айтысатын дау, тартысатын жау емес. Сіз бізге керек едіңіз, аға...
Өмірден өтсе де, артында қалған мұрасы, жүректен шыққан бояулы әлемі, туған жерге деген шексіз махаббаты уақытпен бірге өшпек емес. Жылдар өткен сайын Қайырбай әлемі құнын арттырып, сағынышқа айналып, санамызда жаңғыра беретіні сөзсіз. Оның әрбір туындысынан Сырдың сарыны, Аралдың мұңы мен үміті, даланың тынысы сезіліп тұр.
Қайрекең өз шығармаларында қазақ тарихының қат-қабат болмысын бейнелей отырып, адам тағдырын, туған өлкенің өткені мен бүгініне деген алаңдаушылығын жеткізе білді. Оның еңбектері көрген жанның жанын тербеп, ойға жетелейді.
Біз Сізді сағынышпен еске аламыз, аға!
Өзіңіз өмірден өтсеңіз де, салған сара жолыңыз, қалдырған рухани ізіңіз бізбен бірге. Сыр елі, Арал Сізді әрдайым мақтанышпен еске алады.
Жаныңыз жәннатта болсын, – деп аудан әкімі А.Сақыпұлы тебірене еске алды.
Көз ілеспес уақыт көшiнiң бiр белесiнде, күнi кеше дейтiндей мезгiлде жүздесiп, ағалық әңгiмелерiн тыңдап едiм. Сондай жөнi бөлек ағаның арамыздан кеткенi маған да ауыр тидi. Ағалы-iнiдей сөйлесiп, сыйласып, сырласып жүретiн жаны жайсаң тұлғаның бiрi едi Қайрекең. Жүрегіңе жақын тұтқан аяулы жанмен ендi қайтып кездеспейтiнiңдi, жаныңа жалау болар жылы лебiздерiн ендi мүлде естiмейтiнiңдi сезiнгенде кеуде тұсың өзiнен-өзi шым етiп, көңiлiңдi ауыр мұң басады...
Француз философы Г.Мабли «Бiздiң бойымызға бiткен қасиеттердiң iшiндегi ең маңыздысы – парасат» дептi. Шын мәнiнде Қайырбай Зәкірұлы парасатты кiсi едi. Оның мұндай мағыналы ғұмырдың мұзбалағына айналуына мәнді ғұмырнамасы негіз болды. Нақтылай кетсек, ол 1945 жылдың 25 ақпанында Қызылорда облысы, Арал ауданы Аралқұм ауылында дүниеге келген.
Сырлы әлемнің саңлақ суреткері өткен жылдары ауданда өткен Әбеге арналған суретшілер симпозиумында құрметті қонақ болған. Сол мезетте кіндік қаны тамған Аралқұмға келіп, құм басқан төбелерге қимасын іздегендей көз тастап, ой әлемінде қалықтап кеткен еді. Сол төбелердің астында қалған айналасы үш күннің ішінде ажал құрығына ілінген үш бауырын еске алып, бала күндеріне көңіл терезесінен ұзақ қарап тұрған болатын.
– Мен – аралдықпын. Түпкі топырағымыз Қазалы жақ болғанымен, әкем теміржол саласында жұмыс істеп, қызмет бабымен әуелі Бекбауылға келіпті. Менің алдымда тетелес өскен үш ағам бар екен. Сол уақыттарда қызылша індеті асқынып, Бекбауылдың жанындағы Қарақуыс деген жерде үш ағам 3 күнде бірінен кейін бірі қайтыс болады. Ал менің ауылым – Аралқұм. Балалығым сол жерде өтті. Кіндік қаным тамды.
Әкем де, оның әкесі де теміржолшы. Бала кезден пойыздың сартылы, паравоздың арқыраған дауысын естіп өстім. Солар маған керемет әсер ететін. Ес білгеннен пойыздардың суретін сала бастадым. Салған суреттерімді әкем көріп: «Оу, менің балам суретші болады екен» дейтін. Өзімнің ықыласым бар, әкемнің жаңағыдай сөзі мені суретшілікке әкелген болуы керек. Мектепте де сурет салумен айналыстым. Кейіннен көркем сурет училищесіне оқуға түскенде достарым да мықты болды. Амандос Ақанаев, Фатима Тарази, Бәтима Зауірбекова, марқұм, Дәркенбай Шоқпаров бәріміз бір топ болып оқуға түстік. Бұл менің суретшілікке жасаған алғашқы қадамым. Ал одан арғысын халық біліп, көріп жүр, – деген еді Қайрекең. Бұл ағамыздың Арал қаласына келген кезде айтқан соңғы сөздері, сырлы сұхбаты еді.
Философтар «Күштi сөйлей бастағанда, әлсiздiң үнi өшедi» дейді. Бәрiмiз бiлетiн Қайырбай аға да сондай бiлiмдар болатын. Және бiр артықшылығы – бойдағы бiлiмiн қарапайым тiлмен, көкейге қондырып айта бiлетiн. Көсiлiп көп сөйлемейтiн, күлiп қана қоятын. Ал, айта қалса, екi ауыз сөзiнiң iшiнде бар ойы тұнып тұратын. Артық сөз, қыңыр қылық, қисық мiнезден аулақ және өзгелердiң де сондай болғанын қалайтын ағаның көңiлi мен секiлдi iзiнен iлескен талай iнiлерi мен қарындастарына нұсқа болды. Әйтпесе қызмет бабында, жұмыстың барында сүйiнiш те, күйiнiш те ұшыраса бередi емес пе? Мәселе соны қалай өткеруде. Қашан да сабырлы, салқынқанды болмысынан жылдар бойы бiр танбай, жарасып, сырбаз қалпы сақталған. Данышпан Абайдың «Ғылымды, ақылды сақтайтын туған мiнез деген сауыт болады» дегенi, мiне осындайда ерiксiз есiңе түседi. Суретшілік өнердің сырын ұғыну үшін де ағамыздың сауыты – сабыр болғандай көрінеді маған.
Расымен қылқалам ғұмыр Қайрекеңді әлемге танымал етті. Жерлестері мақтанып айтар жетістігі де жетерлік. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші 1976 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Қызылордадағы «Болашақ» университетінің 2008 жылдан құрметті профессоры. 2006 жылдан Көркемөнер академиясының академигі. График. Жұмыстарында графикалық бейнелеудің симультандық әдісін пайдаланады. Техникалық диапазоны – линогравюралар, офорт, акватинта, литография, кескіндеме. Оның «Құс жолы» (офорт сериясы), «Көкжиек» (линогравюралар сериясы), «Айтматовты оқығанда» (литография) секілді туындылары көпке мәлім.
Бейнелеу өнерінің сан түрі бар. Соның ішіндегі ең күрделісі – графика өнері. Бұл бағытқа екінің бірі беттей бермейді. Мехнаты мол жұмыс әрі терең таным мен ой ұшқырлығын талап етеді. Бір сөзбен айтқанда, құр талант жеткіліксіз. Суретшінің жұмыстары АҚШ, Франция, Мағриб, Польша, Португалия, Йемен елдеріндегі жеке коллекциялар мен галереяларда және Қазақстандағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде сақталған. Баку қаласын зерттеу, көркем жобалау және абаттандыру жұмыстары үшін КСРО Суретшілер одағының дипломымен және сыйлығымен, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ Президент стипендиаты, Қызылорда облысы әкімінің стипендиаты болды, республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Алтын адам» номинациясының «Самғау» медалімен марапатталған.
Қайырбай Зәкіров осы ауыр өнер жүгін, жеңіл еңсерген бірден-бір парасат иесі еді. Оның Қызылордадағы шағын шеберханасы шығармашылықтың нағыз ыстық ұясы болды. Сыр перзенті сол аядай жерде қаншама классикалық туындылар өндіре жүріп, талай таланттың томағасын сыпырды. Ондағы мың түрлі бояу тынымсыз тірліктің түрлі арнасына сыр шертетін.
– Жалпы бейнелеу өнері сан салаға бөлінеді. Мысалы, соның ішінде қолданбалы өнер. Бұған жататын – аталарымыздың келі жасауы, жүзік соғуы, текемет басуы, ши тоқуы т.с.с. Бұлар бізде керемет дамыған. Ал станокқа салып, картина жазу, яғни еуропаша кескіндеме-живопись, графика, мүсін-скульптура, бұлар кейінірек дамыды. Кеңес дәуірінде, тар мезгілдің ішінде әлемдік деңгейге жеттік. Қазақстандық белгілі суретшілердің жұмыстарын әлемнің қай түкпіріне апарып қойсаңыз да, еш қысылмай, бойын тік көтеріп тұрады, өте жоғары бағасын алады. Суретші қандай тақырыпта жұмыс істесе де, ол сол халықтың интеллектуалды тереңдігін көрсете алған жағдайда ғана өнері өнер болады. Көбіне жұрт ұлттық бояуды іздеп жатады. Мен олай ойламаймын. Суретші интеллектуалды деңгейінің тереңдігін әлемге таныта алуы керек. Ұлттың шеңберінде, яғни шектеулі құрсауда қалып қоймауы керек деп ойлаймын, – деп Қ.Зәкірұлы жаһан жұртшылығына жағымды туынды салуды мақсат еткен жүрегі бар жан еді. Оның қаламынан туған талай картина өзі айтқандай әлемнің бірнеше елінде көрмеге қойылып, талғампаз көрерменнің көңілінен шыққан шедевр атанды.
Қайырбай Зәкіров тіршілігінде өлең жазу ең ұлы құбылыстың бірі болды. Солайша ол суретші һәм суреткер атанды. Әділ Ботпановтың ағамызға арналған «Ноктюрн» атты өлеңінде «Жүрегінде жұлдызы бар бір ақын» деп тәнті болуында да үлкен астар жатыр. Оның қаламынан туған жырлар 2002 жылы 2000 тиражбен «Шалқасынан туған ай» деген атпен баспадан шығып, қалың оқырманмен қауышты.
Өліарасы беймәлім,
Жақсыменен жаманның.
Сараласам кепілмін
жетпесіне шамамның.
Умаждалған ойымның
Өтін жарып алам деп.
Уылжыған уайым
Таусылғаны-ай амалдың.
Күйім тая берген соң,
Күйесінен күншілдің.
Тұңғиықта тұншығып,
Шексіздікке құлшындым.
Тереңдерден тергенім,
Кереңдерге жетпей-ақ.
Тілсіз,
Соқыр тылсымның,
Қойынында күрсіндім, – дейді суреткер ақын.
Ол шынында жан-жақты талант иесі еді. Кескіндеме өнерінің бірнеше бағыты бойынша туындылар жазумен бірге, поэзиямен де кәсіби деңгейде шұғылданды, домбыра шертіп, терме төгетіні де бар еді.
Шынында шартарапқа көз тасатсаң, табиғаттың шеберлігіне қайран қаласың. Бір адамның бойына осынша өнерді сіңіре салған жаратушы иенің кеңдігінде кемдік жоқ қой, шіркін! Расымен, Қайырбай Зәкіров – бөлшектеуге келмейтін бүтін болмыс еді. Сыр перзенті суретші, ақын, әнші, мүсінші, тіпті, сөз зергері ретінде танылып, бірнеше өнердің биігіне шықты. Ол бәзбіреулердей әр қияны бір шалған жоқ. Сан салалы талантын бір уыста ұстап, өзін үнемі жетілдіріп отырған толық тұрпатты тұлға болды!
Түйіндесек, қағілез қаламгер суретте – ақын, өлеңде – суретші болды. Ал, елге салсаң, көкірегі көмбе жырау-тын. Бірақ өзін «қарапайым қазақ» деп таныстырғанды құп көрді. Расымен ол терең өзендей тынып ағып, тындырымды тірлігімен талайға үлгі болған парықты перзент.
Жарық жалғанда жeл соққaн шырaқтaй жaлп eтiп сөну оңaй ғой. Теңізбен тамырлас талант иесі арамызда болса 81 жасқа толар еді. Дегенмен, жаратқанның жазмышына шәк келтірмейміз. Бір анығы, Қайырбай Зәкірұлының еселі еңбегі, бекзат болмысы, кіршіксіз күлген дидары өзінің туындылардай тарихқта хатталары кәміл!
Бақұл бол, қайран Қайреке!
А.СЫРЛЫБАЙ










