Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ержеңіс ӘБДІ: Өзгелерден бөлек болайын деген ой жоқ

Ержеңіс ӘБДІ: Өзгелерден бөлек болайын деген ой жоқ

Аралдың Бөгенінде өнердің көгеніндегі жандар аз емес. Әсіресе есімі мен еңсесі таласа биіктеген шығармашылық өкілдері өте көп. Ақпанда туып, өлеңі бұрқасындай болған Зейнолла Шүкіров, теңіз бен теңізді халықтың тағдырын тынбай толғатып келе жатқан эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров, дара болмысты дарынды қаламгер Қуаныш Жиенбай, Аралдан алыстамай Алашқа танылған ақын Толыбай Абылайлардың ауылы кейінгі буын өкілдерінің де өлеңге ұмтылуына себепші болды. Солардың қатарында Ержеңіс Әбдінің есімі ерекше аталады. Жырдың қазаны кеудесінде қайнап, теңіздің толқыны тамырында тулаған сол азамат таяуда елге шығармашылық кеш өткізіп, кітабының тұсаукесері өтетінінен хабардар болып, сұхбаттасуды жөн көрдік. Айтыскер, ақын әрі ұстаз жерлесіміз жақын тілдесіп, жайдары әңгімелесуге қуана келісті.

– Ереке, өнер иесі үшін шығармашылық кеш өткізіп, еңбегін елге насихаттаудан, халықтың құрметіне бөленуден асқан бақыт жоқ. Осындай бақыттың Сізге бұйырғанына шын жүректен қуаныштымыз. Осындай шараның өтуіне не түрткі болғаны жайында айта кетсеңіз.
– Ниетіңізге рақмет! 30 жасқа толғанымда шығармашылық кеш өткізу туралы алғаш рет ой туындағаны рас. Дегенмен бұл идеяны жүзеге асыруға келгенде бейқамдық таныттық па екен, арада жылдар сырғып өте береді. 35 жасқа толғанда да ойға алғаныммен орайы келмеді. «Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын» деп жырлаған Төлеген Айбергеновтың өлеңі маған сәйкес келетін сияқты. Бір той жасасақ деп үнемі айта жүрдік. Қырық жастың да туған күнін өткізіп алып, міне енді сол мерейтой аясында ел алдында шығармашылық кеш өткізуге бел будық.
Алла қаласа, сол шарада екі кітаптың тұсауын кескелі жатырмыз. Осыған дейінгі жазған өлеңдерімді жинақтап «Анаға сағыныш» деген атпен кітап дайындадық. Ол да бұрыннан ойда жүрген туынды еді. Сәті енді түскен болар. Сондай-ақ «Батыр балапан» атты балаларға арналған өлеңдер жинағының үшіншісін жарыққа шығарғалы жатырмыз.

– Бірнеше жыл бұрын «Ержеңістің ерекше есептері» атты туындыңыз жарық көрді. Оқып, өлең есептерді шығарып, жауабын тапқанда өзіміз де балаша қуанып қалатын едік. Бұл кітап өзге де мектептерде оқу процесінде қолданылды ма? Сабақ барысында өлең есептерді жиі пайдаланасыз ба?
– «Ержеңістің ерекше есептері» атты жинақтағы жұмбақтарды барлық мектептегі мұғалімдер қолданады деп айта алмаймын. Бірақ өзге өңірлерден де хабарласып, ашық сабақтарында қолданып жүрген әріптестерімді білемін. Ондағы дүниелер 45 минуттық сабаққа емес, сергіту сәтінде қолданылатын өлең есептер. Бұл – оқу процесіне қосымша дидактикалық материал. Жыл бойына, әр сабақты өлең есеппен жүргізу мүмкін емес. Дегенмен ашық сабақтар мен сергіту сәтінде таптырмас құрал деп есептеймін. Кейінгі 3-4 жылда бірыңғай 10-11 сыныптарға сабақ беріп жүргендіктен бұл есептерді қолданбаймын. Оған дейін орта сыныптарға сабақ берген кезімде математиканы түсіну жеңіл болсын, қызықты өтсін деген ниетпен жинақты жиі пайдаландым. Бұл өлең есептер оқушылардың ой-жүйесін тапқырлықққа баулитынын байқадым. Сондай-ақ, бүгінде бастауыш сынып мұғалімдері де сабақ барысында қолданады.

– Әдетте шығармашылық адамдарының мамандықтары осы бағытқа бейім келеді. Ал Сіздің математиканы таңдауыңызға не себеп болды?
– Оқушы кезімде гуманитарлық, жаратылыстану деген бағыттарды ойлай қоймадым. Мен үшін барлық пән бірдей еді. Барлығына қызықтым. Алла осылай сәтін салған шығар, педагогикадан басқа қай саланы таңдасам да, бел шеше кірісіп, соның майталманы болуға ұмтылар едім.
Математиканы таңдауға да себепкер болған әкем деп ойлаймын. Әйтпесе, алғашында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, филолог болғым келді, музыкант немесе футболшы болсам деп те армандадым. Бірақ «математиканы таңда, арасында өлең де шығара аласың» деп ең соңғы шешімді әкем айтты. Ол кісі де математика пәнінің мұғалімі болып ұзақ жылдар мектепте еңбек еткен болатын. Расында, есеп шығару мен өлең шығарудың қызығы мен қиындығы бірдей екен.

– Бөгеннің топырағынан түлеп ұшқан, талай ақындар мен қара сөздің қадірін білетін азаматтарды күллі қазақ таниды. Сол топырақта туған Зейнолла ақынның осы жолға келуіне де себеп көп екенін оқып, біліп, естіп жүрміз. Ал өзіңіздің домбыра ұстап, өлең құрауыңызға, «Айтыскер ақын атанып, елге танылуыма әсер еткен ұстазым» деп кімдерді айтар едіңіз?
– Расында да Арал ауданындағы Бөген ауылында елге белгілі қаламгер Зейнолла Шүкіров атамыз, бірқатар ақын-жазушылар, сөз шеберлері дүниеге келген. Сондықтан ол ауылдан шығып ақын болмау мүмкін емес секілді. Бөгеннің әрбір екі тұрғынының біреуі ақынжанды деп айтсақ та болады.
Иә, кішкентайымнанақ үздік болып, көпшілікке өнерімді көрсетсем деген арманмен ержеттім. Өзім поэзия жанрының бірнеше саласымен айналыстым десем де болады. Ән де айттым, спортқа да құмар болдым, бала кезден өлең жазып, айтысқа да қатыстым. Бірақ сол ұстаздарымның бастауында өзімнің әкем тұрады. Әкем Тастыбай Әбдиев алыс-жақын жұртқа белгілі ақын кісі болды. Мұнан кейін мектепте де пән мұғалімдерін бөліп-жармай, өнегелі істерін ойға түйіп, барынша тәлім алуға тырыстым. Осы кісілердің бастап берген «әліппесінен» бағыт-бағдар алып, талабыммен танылып, үлкен армандарға ұмтылдым деп ойлаймын.

– «Күміс домбыра» иегері, жас та болса елге белгілі айтыскер Бексұлтан Орынбасаров сіздің шәкіртіңіз екен. Одан өзге қандай шәкірттеріңіз бар?
– Математика саласына баулитын оқушыларымнан өзге, айтысқа қызығатын шәкірттерім де бар. Біразы аламанды шаңдатып, айтыстың көрігін қыздырып жүр. Ерасыл, екі Еркебұлан, Зере, Нұржігіт сынды шәкірттерімді тізбектеп айта беруге болады. Арасында мектеп қабырғасында жүргендері бар, дайындық үшін бір-екі күнге келіп кететіндері, үйімде біраз уақыт қонақ болып, толық айтысқа дайындалатындары бар. Олардың бәрін шәкіртім деп есептеймін.

– Білім саласында көп жылдан бері еңбек етіп келесіз. Баланың қабілетін ашу кімге байланысты? Бүгінде айтыс өнеріне қызығатын балалар көп пе?
– Бірінші кезекте ата-анасынан қолдау болуы қажет. Әрине, одан кейін баланың жарқырай көрінуі ортасына, ұстаздарына, өлеңге, айтысқа қызықтыратын әдебиет пәнінің мұғалімдеріне байланысты деп айтар едім. Әдебиет пәнінің мұғалімі көп баланың ішінен жауһарды бірден танып, жігерін жани алса, мұндай мектептерден дарынды жастар шығады. Немесе айтыс, жыр үйірмелеріне жетекшілік ететін өнер иелері мұндай мектептермен байланыс орнатса, жас ақындарды тауып, айтысқа дайындауға болады.
Осы орайда мына бір мысалды айта кету керек секілді. Қазалы ауданына қарасты Майдакөл деген ауылда Ағыраев Ермекбай есімді ағамыз болды. Қазір Қызылорда қаласына көшіп келді. Ермекбай ағамыз мұғалім болған кезде сол ауылдағы мектептің бір сыныбының өзінен бірнеше айтыскер бала шығып, көптеген оқушы жыр додаларында таныла түсті. Мұның өзі кездейсоқтық емес. Бұған мектептің оқушыларымен тікелей жұмыс істейтін айтыскер ұстаздың қолдауы себеп деп ойлаймын. Айтыскер ұстаздар барлық мектепке жетпейді ғой, бірақ әдебиет пәнінің мұғалімдері талантты жасты дер кезінде танып, көзіндегі отты байқай алса, кез келген білім ордаларынан мықты айтыскерлер шығады.

– Журналист ағамыз Дүйсенбек Аяшұлы "Ержеңіс Әбді – болмысы ерекше жігіт. Жиын болған жердің бәріне бара беруге ынталы емес. Көбіне өзіміз шақырып келтіреміз. Мұқтар құрдасы мен Мамыр ағасы екіжақтап жүреді. Кейде Ерекеңнің есіктен кіріп-шыққанын байқамай қалуың да мүмкін. Өкпесінен шыққан ауа дыбысқа айналғанда құлағыңа кібіртектей кіріп, жүрегіңе жаңғырып жетеді. Сөзге ұсталығын айтамын" деп жазыпты. Жалпы өмірлік ұстанымыңыз қандай? Рухани тұрғыда даму үшін қандай кітаптарды оқисыз?
– Көтермелеп жатқаныңызға рақмет! Елден ерекше кішіпейіл, өзгелерден бөлек болайын деген ой жоқ. Керісінше қажет жерде ғана сөйлеп, қажетсіз кезде көзге көріне қоюды қаламайтындығымнан шығар, бәлкім. Егер менің сөзім бір жерге пайдалы болатын болса, сол жерде сөйлеуім керек, ал егер басқаларға айтқан кезде намысына тиетін жағдай болса, үндемей-ақ қоюым керек деген ұстанымым бар. Осы мінезім мені қарапайым қылып көрсететін шығар. Жалпы кез келген жағдайды бағдарлап, ханмен де қарамен де бірдей деңгейде сөйлесуге тырысамын.
Арнайы «мына кітаптарды оқысам рухани дамимын» деген оймен кітап таңдаған емеспін. Бірақ өмірде өз орнын қалыптастырған тұлғалар туралы білуге тырысып, солар туралы еңбектерге назар аударамын. Осы жақында ғана Ұларбек Дәлейұлы деген замандасымыздың «Жошы хан» аталатын кітабын бітіріп жатырмын. Бұған дейін білетін тарихымыз. Бірақ сонда да көркем түрде жазылған шығарманы арнайы оқығым келді.

– Сізді айтыстардан жиі байқай бермейміз. Алдағы уақытта айтыстарға қатысуыңыз мүмкін бе?
– Иә, дұрыс айтасыз. Кейінгі кездері айтыстарға жиі қатысып жүрген жоқпын. Оны ойлап кейбір кісілер айтысты мүлде қойып кетіпті деп те айтып жатыр. Мектепте жүргеннен кейін оқушылардың, атааналардың маңызды өтініштері, оқу орнының мәселелері болады. Сондықтан ұзақ жол жүретін, алыстағы айтыстарға бара алмай жатырмын. Облыстың маңайындағы айтыстарға өзімнің бабымды жоғалтып алмайын деп қатысып жүрмін. Алла қаласа, сәті болса әлі де айтысқа қатысамын деген ойдамын.

– Сұхбат үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
09 қыркүйек 2025 ж. 165 0