Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайын деген балық бар

Жайын деген балық бар

Азияның жаһұтындай Арал теңізінің, айдынды ұшан шалқардың толқыны ұрған жағалауындағы қара судан нәпақасын айырған балықшы елде тудық. Шыр етіп жарық дүниеге келгелі көргеніміз – ақ шулан толқында көк теңіз, майталман балықшы қауым, үлкенді-кішілі балықтар. Портты қала Аралға сұғына кіріп жатқан теңізге көктемде күн жылығаннан күзгі қара суық түскенше бір-екі рет түспеген күніміз болмайтын. Теңіз суының кермек дәмі әлі аузымызда тұрғандай. Теңізім – құт-береке дейтін жағалау жұрты балаларына Сазанбай, Мөңкебай, Еламан, Торта деп ат қоятын. Ал жеңгелері қайныларының есімін айтпай, Жайын, Лақа, Балықбай, Шөмей деп жанама ат жапсыратын.
Аралдың жарым халқы еңбек еткен Трест (кейін комбинат) деген мекемені де көрдік. Еңбектің тай қазаны бұрқ-сарқ етіп қайнап жататын. Азынай айқайлап тар өзекпен тізіліп кемелер таң азанда қала қойнындағы қолтыққа кіретін. Жағалауда жағалай қара қайықтар тұмсығынан шынжырға байланып, ақ құмайтта теңкиіп-теңкиіп төсін күнге қақтап, қарамай шырышы моншақ-моншақ боп ағып жатады. Теңізден де, трестен де, қаладан да балықтың иісі аңқып тұратын. Балық барша тіршіліктің өзегіндей болатын. Қай-қай балықтың да түр-түсін, жасы мен түріне қарай аттарын, әрқайсысының ерекшелігін, сипатын біліп, қанығып өстік. «Шортанның басы-шор кемік», «Тісті-бір қайнаса пісті», «Торта, шабақ-аш-аламанда тамақ», «Жақайымда ұл туса, балықтың басына күн туады», «Балықтың он екі мүшесі  басында», «Қазадағы  балық-қазандағы балық», «Балықшының баласы қарма жейді», «Балық – пейіштің асы» сияқты балық пен балықшыға қатысты мақал-мәтелдің сырын жастайымыздан білдік.
Балықшы елдің балық туралы сан-салалы әңгіме-әпсаналарының, хикаяларының, таным-түсінігінің ең бір қызықтылары жайын туралы боп келеді. Сол ұзын-сонар әңгімелердің қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін кейде ажырата алмай да жатамыз. Арал теңізінде тірлік ететін жайын жайындағы  ертегіге бергісіз хикаялар құлағымызға әбден сіңісті болған. Бірақ жайын ұстадым десе, бірден «Неше келі шықты?» – деп сұрау дағдыға айналған. Балықшылар алқа-қотан отырып, әңгіменің басын жібергенде, ұстаған, көрген жайындарының көлемі мен салмағы бірінен-бірі асып түсіп жататын. Өтірік, шынын өздері білер, біздер аузымызды ашып қалатынбыз... Қалай дегенде де аңыздауға татитын жайын – Арал теңізіндегі ең үлкен балық. Бұл жайының – жыртқыш балық. Мұны білетін жұрт «Балықты балық жесе, балықшы несін жейді?» – деп  шіміркенетіндігі де бар. Жайынның майдасын халық лақа дейді. Жайын – Арал теңізінде ғана емес, оған құятын өзендердің де, маңындағы көлдердің де төл балығы. Аталығы аналығынан біршама үлкендеу болады.  Балықшылардың қолына ұзындығы бес метрдей, салмағы 300 келідей жайын түскен кезі болған. Көз алдыңа елестете бер. Жайын қырық жылдай тіршілік етеді. Ол ұсақ балықтармен, бақалармен қоректенеді екен. Реті келсе үйрек, қаз секілді су құстарына да шабуыл жасайды. Жайындар жалқау, баяу қозғалады. Олжасын құйрығымен соғып, есеңгіретіп те ұстайды. Қыста өзен мен көлдердің, теңіздің суы қатқанда судың түбіндегі жұмсақ құмға, майда қиыршыққа басын тығып, ұйқыға кіріседі.
Әлқисса, жастайымыздан жайын туралы сөз қозғалғанда, ел ішінде көп тараған Асан қайғының баласы Абат батыр туралы аңыз алдымен ойға оралады. Атадан қарғыс алған Абат батыр атын көлге суара барғанда, оны ат-матымен, қару-жарағы, сауыт-сайманымен нәһан жайын жұтқан екен. Сонда улап-шулап қалған жұрт жайынды шауып өлтіріп, қарынын қақ жарғанда, Абат батыр ат үстінде солайымен тұр екен. Осы аңызды естігенде Абаттай нән батырды зол тұлпарымен арандай аузын ашып, бірге жұтқан жайынның үлкендігі қандай болды екен, – деп таңдай қағып таңырқайтынбыз. Мүмкін сол бір замандарда сондай алып жайын болған шығар деген ойға тірелетінбіз.  Өйткені, «Жандыда балық үлкен, жансызда қамыс үлкен» деген сөз бар емес пе?!
         Нән жайын туралы бір әңгімені қызылжарлық шежіреші, әңгімешіл қарт Сайлау Әбабүкіровтен естігенім бар.
Бір балықшының теңізге шығудан қалып, үлкейген кезі екен дейді. Өмір бойы балық жеген кісіге балалары ауға түскен балықтың тәуір жақсысын таңдап апарып ас қылып береді. Бірақ кәнігі балықшының қабағы қату. Түрі бұзылып, менсінкіремей, «Осы да балық па?!» дейді. Тағы бірде «Мына құрт шабақтарыңнан аузым татып бір балық жегендей болмаймын», – деп кідірленеді де отырады. Әкенің бабын таба алмаған балалар самсоз.  Балықшы елдің ішінде ауға түскен ірі-ірі сазанды, дәу-дәу бекіре қаязды да әкеледі. Шал сол жақтырмаған күйінен айнымайды.
         Ыңқыл-сыңқылмен жатқан қарт балықшы бір күні дүр сілкініп, өлімсіреген көзіне нұр жүгіріп:
–Мен сендерге балықтың қандай болатынын көрсетейін, – деп бұрқырап жатқан теңізге оларды бастап шығады. Қайыққа пәшін етіп буған біраз қамысты үйдіре салдырып алады. Сөйтеді де ұшанға қарай беттейді. Балаларының көзі мен құлағы әкесінде. «Нәһан балық құрдымда болады. Сол шұрқыраған құрдымға келген балықтарды жапыра жұтып жата береді. Сендер ғой мына тайыз судан әрі қарай шықпайсыңдар...», – деп қайық басында алысты шолып отырған әке бір уақыттарда:
–Теңіз ортасынан қара үй көрінбей ме? – дейді.
Апалақтаған балалары бір-біріне қарасып, «Су ортасында қара үйі несі?!» – деп күбірлесіп қояды да:
–Жоқ, ештеңе көрінбейді, – деп жауап береді.
Бір уақытта теңіз төрінен бір қап-қара тұманды бұлт па, бірдеңе көрінеді. Зуылдаған қайық сол маңға жетіп те қалады. Қырғи көзімен шүйіле қарап отырған шал:
–Бұл құрдымның оқпаны ғой. Қатты жақындамай жанамалай өт. Әйтпесе құрдым тартып кетеді. Бірақ көз айырмай абайымен қарап отырыңдар, жайын көрінбей ме екен? – дейді.
Әке бұйрығын қалт жібермей отырған балалар бір кезде барып:
–Көрінді, әне көрінді! Ойбай, жатыр бір нәһан! – десіп қалады жамырай.
–Қалай қарап жатыр басы? – дейді қарт.
–Бізге қарай...
–Иә, сәт! Ендеше жанынан қапталадай өте бере, таяумен бір батыра түртіп кетіңдер де, қос ескекке күш салып тұра қашыңдар... – дейді. Балалар солай етеді. Істікті таяқпен түртеді де, қайықтың басын бұрып алып зыңқиды.
Нәһан жайын іздерінен қуады. Балықшы шал қайықтағы пәшінді алып қарсы лақтырады. Жайын «ап» деп жұта салады. Енді пәшінді бірінен соң бірін лақтырып отырады. Қуып келе жатқан жайын түскенін түскендей жұтып келеді. Бір уақытта нән жайын қарны жоғары қарап аударылып түседі. Өліп қалыпты. Қайыққа сыймайтыны белгілі. Арқанмен байлап, жағаға тартып  әкеледі. Соның етін жеп отырып, шал мұртын таулап қойып:
–Ай, балыққа бір тойдым-ау! – деген екен сол күні...
Жайын туралы тағы бір әңгімені белгілі журналист Кеңес көкем Өмірзақовтан естігенім бар.
–Мұны құландылық Сағынадин Есалин айтқан еді: «Атам Есәлі әкесі Досалыдан естіпті. «Жаздың шыжыған шілдесі. Тоғыз-он жасар бала кезім. Әкем екеуміз қайықпен Құланды жағынан теңіз жиегін жағалай жүзіп келе жаттық. Айнала тып-тыныш, су тұнық. Лүп еткен жел жоқ. Кенет алдымыздан шаңқылдаған шағаланың үлкен шоғырын көрдік. Бірі ұшып, бірі қонып, абыр-жабыр болған көп шағаланың арасынан теңкиген бір қара нәрсе көрінді. Қайықпен жақындап кеп қарасақ, құдай басқа салмасын, болмаған ірі, зопарман жайын екен. Ортан белінен төмені суда, жартысы жоғарыда қырындай жатыр. Қатты соққан бір дауылда күшті толқынмен теңіздің тайыздау жиегіне  келіп қайырлап қалған секілді.  Жайынның ірілігі сондай-жағаға екеулеп тартып шығаруға шамамыз келер емес. Ауылға барып, ақбас атанға тағы бірнеше адамды мінгестіріп ертіп келдік. Жайынды көшкімен атанға тіркеп, жағаға әзер дегенде сүйреп шығардық-ау. Шығарамын деп екі-үш сағат әуреленіппіз. Содан бәріміз білекті түріп, реттеп сойдық. Шылқыған май семіз ет. Бөлшектеген етті қайық пен атанға бөліп тиеп, әкелдік. Бір ауылдың бүкіл үйі бір айғы балығын бір тұздап алып, қарқ болып қалғаны бар...
Жайынның үлкендігі туралы осындай әңгімелер жетеді. Оның түрлі ерекше қасиеттері туралы сөз қозғасақ деймін. Жайынның жанды жері омыртқасы екен. Балықшылар әдетте қай жерде жайын жатқанын біліп, сезіп жүреді. Ірі жайынды күштеп алу мүмкін емес. Кәнігі балықшы бір мақсатты күні жайынның жатқан жеріне барады. Ебін тауып, таяп келіп, ұшты қиратпамен бір шаншиды. Жайын бұл кезде ығысып кете барады. Балықшы қайықпен ізінен ілесіп отырады. Анда-санда қозғалыссыз қалса, түртіп-түртіп қояды. Жайын тағы жылжиды. Сөйтіп бір жерге келгенде, қиратпаның жібін саумалап-саумалап жетіп, қақ омыртқасына екінші қып шанышқыны ұрып шаншиды. Өйткені, әлгінде айтқандай, оның негізгі күш алатын жері–омыртқасы ғой. Омыртқасы кетсе, біткені, былқ-сылық етіп қалады.
Жайын әтетте дарияда жар түбінде жатады. «Жар құласа, жайын өледі» деген сөз содан қалған. Мұны балықшылар жақсы біледі. Дарияның бір қайырылысында ағынды су үңги-үңги апан пайда болады. Сол жерде ағыспен ағып келген қорегін қылғытып қозғалмай жата береді екен. Кейде жар қабақ опырылып құлағанда жайынды жаншып өлтіреді. Сол жайын жағаға шығып қалғанда, жұрттың тегін келген олжаға мелдектеп қалатынын білеміз.
Ертеде теңіздің бар кезінде көпті көрген үлкендерден құтырған жайын туралы еститін едік. Күзге таман шемая деген балық семірген кезде топ болып жүретін. Соны жеп, әбден тойған жайын құтыратын көрінеді. Су жағасында жарлауытта жүрген ит-күшіктерді, тіпті, ойнап жүрген кішкентай балаларды құйрығымен қағып, суға құлатып, жұтып қойған кездері болған. Ондай құтырған жайыннан ел-жұрт қорқып, оның көзін жоюға қам қылады. Ол үшін не амал істейді дейсің ғой. Күрішті мол қылып шала пісіріп, қалтаға салып, жар басына салбыратып іліп қояды екен. Құтырған жайын оны құйрығымен қағып түсіріп, біра-ақ қылғытады. Әлгі шала піскен күріш ішіне барған соң ұзамай баднап, асқазанын қақ айырады дейді. Құтырған жайын солай ажал құшады. Бұл пәледен құтылып, ел сосын барып тыншиды.
Жайынның үлкені де кезінде Ақбасты-Құланды жағында болған. Көргендердің сөзіне сенсек, төрт жүз келі шығатын жайын ұстаған бір уақыттар болған.
Жайынның адам сенгісіз бір оқиғасын қарт теңізші Әбекен  Төлепов айтқан. «Жайын балық өз құйрығын өзі тістеп, қара жермен допша домалап бара жатқанын талай көрдім. Сөйтсек, суы азайған көлден келесі көлге осылай жетеді екен ғой. Жайын – қасиетті балық, егер оны шамдандырсаң, ызасына тисең аяқ-қолыңды тістеп, жұлып алған кездері де болған, балықшылардың қайығына соғып, аударып та жіберген» дейтін.
Жайынның еті майлы болып келетіні белігілі. Оны көбінесе тұздап барып жейді. Етінің каллориялы, құнарлы болатынын білген балықшылар «Жайынның жаясын жеген жатпас» деген сөз қалдырған.
Біздің Арал теңізі жағалауындағы жұрттың «Жайын жесең, сүт ішпе» деген тыйым сөзі бар. Үлкен аналарымыз жағы жайын жеген күні балалардың ағарған ішпеуін қатты қадағалайтын. «Жаман ауруға ұшырайсың» деп қорқытатын. Олай дейтіні өткен ғасырдың ортасында теңіз жағасындағы халық арасында жергілікті халық «жаман ауру» дейтін лепро дерті көп тараған еді. Соны жайын жегенннен кейін, сүт ішкен соң болады дейді. Алайда бүгінгі ғылым, зерттеулер оны жоққа шығарып отыр. Біздің өңірге бұл аурудың Ресейден келген орыс-казактар әкелгені бүгінде егжей-тегжейлі дәлелденген.
Соңғы кезде жайынды жеуге бола ма, болмай ма, ол ит-күшікті де жейтін жыртқыш балық деушілер де бар. Алайда, жайын балық тектес теңіз жануары болғандықтан, Ханафи мәзһабында халал деп негізделген. Кейде кездесетін өлексені жеуі үкімді өзгертпейді деп пәтуалайды.
Біз білетін жайын балығы туралы ақиқат пен аңыз сыры осындай!
Ал «нән жігіт нәһан жайынға кез болады» дегендей, сыралғы балықшының  қай замандағы бір арманы – алып, бір үлкен жайын ұстау...
Ерғали АБДУЛЛА,
журналист
15 мамыр 2021 ж. 2 497 0