Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ АРАЛ ӨЛКЕСІНДЕГІ ТҰЗ КӘСІПШІЛІГІНІҢ ДАМУЫ

ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ АРАЛ ӨЛКЕСІНДЕГІ ТҰЗ КӘСІПШІЛІГІНІҢ ДАМУЫ

ХХ ғасырдың басында Арал теңізі мен Сырдария өзенінің сағасындағы балық шаруашылығы жедел қарқынмен дами бастады. Оған әсер еткен Орынбор-Ташкент теміржолының ашылуы. Осы теміржол арқылы балық пен балық өнімдері Ресейдің Мәскеу, Орынбор, Саратов, Самара, сондай-ақ Түркістан өлкесінің көптеген аймақтарына шығарылды. Теміржолдар салу арқылы патшалық Ресей Орта Азия мен Шығысқа баратын жолын ашып, сыртқы сауданы дамытуға мүмкіндік алды. Теміржол құрылысының салынуы Қазақстанда тауар, айырбас және ақша қатынастарының дамуына ықпалын тигізді. Сонымен бірге, қоныс аудару процесінің күшеюіне де әсер етті. Осыған байланысты Арал теңізінде көптеген балық шаруашылығы кәсіпорындары пайда болып, оған қажетті шикізат өндіретін түрлі кәсіпшіліктер ашылып, олардың дамуы жеделдеді.
Қарастырылып отырған аймақтың ең жоғарғы дәрежеде орын иеленетін минералды қазба байлығы – тұз өндірісі болды. Патша өкіметінің саясаты бойынша халықтың барлық сословиеден шыққан кәсіпкерлеріне минералды қазба байлығын еркін игеру мүмкіндігі берілді.
Тұз кенішін пайда табудың көзіне айналдыруды мақсат тұтқан қалталы көпестер Арал өңіріндегі тұзды көлдерге қашан да көзін тігіп жүргенмен, оны жүзеге асыру оңайға түспеген. Орынбор-Ташкент теміржолы салынып, әрбір он шақырым сайын теміржол бекеттері орнатылғаннан кейін қалталылар тұз өндіру кәсібіне кіріскен. Олардың негізгі мақсаты аймақтағы пайдалы қазба байлықтың мол қоры мен ауыл шаруашылық шикізаттарының арзан көзіне ие болу еді. Ресей капиталы үшін бұл аймақ өте тиімді әрі қолайлы рынокқа айналды: жер қойнауының байлығы, жердің арзандығы, жергілікті халықтан жалға немесе арзан бағаға сатып алу, арзан жұмыс күші т.б. Мысалы, патша әкімшілігі орыс өнеркәсіп иелеріне Арал тұз кенішін бар болғаны 100 сомға сатқан деген деректер бар. Осы кезеңде Арал теңізінде Жақсықылыш көлінде тұз-кен орындары ашылды. Әсіресе ғасыр басында оның маңызы күшейді. Тұз жергілікті мұқтаждық үшін де, сол сияқты шет елге шығару үшін де өндірілді.
Қазақ халқының таным-түсінігінде «киелі», «қасиетті» ұғымын тек жермен ғана байланыстырмайды, сонымен қатар жалпы кеңістіктегі құбылыстармен өзара бірлікте қарастырған. Оған дәлел көшпелі тұрмыспен байланысты төрт түлік малды, күнделікті қолданыстағы тағамдарды, табиғат құбылыстары, күн, ай, жұлдыз, отты киелі санатына қосып, дәріптейді. Сонымен бірге қазақ халқы көнеден тұзды да киелі санатына қосып ұлықтаған. Тұз бен тұзды көлдер қазақ халқының таным-түсінігінде киелі, қасиетті деп қабылданады. Оның мәні халыққа кеңінен мәлім. Біріншіден, «ас иманы – тұз» деп қарайды; екіншіден, тұзды көлдер мен сорлар ас тұзын өндірудің көзі, кені ретінде киелі; үшіншіден, тұзды көлдер емдік шипалық қасиетімен киелі. Жалпы, тұздың киесі, қасиеттілігі туралы қалыптасқан таным-түсінік, көзқарастар барлық халыққа ортақ құбылыс. Мысалы, мұсылман дінінде ораза тұтқанда аузын тұзбен ашады. Үнді елінде достықты сатқан кісіні «тұз сатқыны» деп бағалайды. Қазақ халқында да «тұз атсын» деген қарғыс барын жақсы білеміз. Халық жадында тұзға қатысты «Астың дәмін келтірер тұз әулие, елдің сәнін келтірер қыз әулие», «Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам», «Тұз астың дәмін келтіреді, мақал сөздің дәмін келтіреді», «Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?», «Ас бұзылса – тұз түзейді» деген мақалдардың сақталып, кең таралуы тұзды кие тұтудан болуы керек. Қазақ халқында тұзбен байланысты қазіргі кезге дейін сақталған ғұрыптардың бірі – тұзбен аластау. Көне түркі әлемінен келе жатқан бұл ғұрып отпен аластау сияқты тұздың тазартушы қасиеті барына сенумен айқындалады. Мысалы, қазақ халқында балаға тіл-көз тисе есіктің тұтқасын тұзды сумен сүртіп, көз тиген баланың бетін, екі алақанын, екі табанын жуып, аластаса тәуір болып кетеді деген ғұрып, сенім сақталған. Жаңа туған нәрестені қырқынан шыққанға дейін тұзды сумен шомылдыру тұздың қасиетін терең білгендіктен болса керек. Тұздың қажеттілігі тек адамзаттың асы, тамағы үшін ғана емес, ол төрт түліктің қорегі үшін де өте маңызды минералды зат. Сондықтан тұзды көлдерді киелі, қасиетті деп дәріптеу ата-бабамыздан келе жатқан дүниетанымдық рухани дәстүр.
Тарихта тұз саудасы саясатта аз емес рөл ойнағанын білеміз. Жүздеген жылдар бұрын кейбір халықтар оны валюта ретінде қолданған, ал қарапайым тайпалар тұз үшін алтынмен есептескен. Көптеген елдерде тұзды сату мемлекеттік монополия болып табылады. Дәл тұзға деген салық Ұлы Француз революциясына да түрткі болған деген деректер де кездеседі. Аналогиялық салық Гандидің Англияға қарсы қозғалысының туындауына (азаматтық бас имеу) түрткі болды, бұл нәтижесінде Үндістанның тәуелсіздік алуына себеп болды. Патшалы Ресей тарихында тұзға айтып жеткізе алмайтын салық орнатумен байланысты «тұзды бас көтерулер» туралы айтсақта жеткілікті болар.
Міне, осындай байлықты, Арал теңізінің Солтүстік жағалауындағы адамның денсаулығына пайдалы ас тұзына бай тұзды көлдердің бар екендігін тұңғыш рет 1870 жылы орыс ғалымы тау-кен инженері Р.С.Пальм зерттеген болатын. Оған дейін де жергілікті тұрғындар тұзды ас тұзы ретінде пайдаланып келгені белгілі. Тұз кенішінен алғаш тұз өндіріп, сауда жүргізген орыс көпесі Астахов болған деген де деректер бар. Ол жақын маңдағы қазақ ауылдарынан жігіттерді жалдап, тұзды қолмен қазып, диірменге тартып ұнтақтап, қапқа салып, түйеге артып, атқа теңдеп шойынжолға жеткізген. Кейіннен бұл іске Ташкенттен келген өзбек саудагері Өмірәлі Мыңбаевпен қосылып теміржол бойындағы Сапақ пен Шөміш бекеттерінен сауда базасын ашқан. Алғаш шойынжолға іргелес жатқан Шөміш бекетіндегі тұзды көлді қазу қолға алынған. Кейін бірте-бірте Арал теңізі станциясынан жиырма бір шақырым жердегі Жақсықылыш тауының баурайындағы Арал тұзының мол қорына қол салған көпестер ақшаны күреп табатын болған. Тек қана баюды мақсат тұтқан Астахов пен Мыңбаев аз ғана тиын-тебен беріп, жергілікті қазақтардың түйелерін жалдап, олардың еңбегін аяусыз қанап отырған. Алты ай бойы жаздың аптап ыстық күндері тұзды көлдерге жалаңаш түсіп, еткен еңбектеріне мардымсыз ақы алып күнін өткізген. Кәсіпкер көпестер табиғаттың асыл байлығы ақ алтынды өндіруді пайданың көзі екенін біліп, барынша мол өндіруді көздеді. Ал жергілікті қазақтар осы тұз кәсіпшілігіне жалданған. Бұл тұз өндіру кәсіпшілігінде жалданған жұмысшылардың ақысы төмен төленген. Осы тұз кәсіпшіліктеріне жалданған қазақтар 1000 пұт тұз өндіргені үшін 10-15 сом аралығында еңбек ақы алған. Мұнда өндіріс құралы ретінде олар тек ауыр балға, күректерді ғана қолданған. Түйелерімен келіп, тұз тасыған қазақтардың өзі ондап саналған. Олар тұз өндіру кәсіпшілігінде тәулігіне 12-14 сағат бойы жұмыс істеген. Тіпті, бұл жерге азынаулақ малдарын айдап, жанұяларымен біржолата көшіп келгендер де болған. Жұмыс маусымнан қазанға дейін созылған. Жұмысшылар көлдегі жұмысқа сол қазақтардың өздерінен тағайындалатын мердігерлер арқылы жалданып, келісімшартқа отыратын.
Орыс-өзбек саудагерлері Астахов пен Мыңбаевтардың жеке меншігіндегі кәсіпорын Аралда тұз өндіретін мемлекеттік кәсіпорынның негізін қалады. Осы кәсіпорында алғаш зерттеушілерге жөн-жоба көрсеткен оларға жеке түйесін жалдаған жергілікті тұрғын Бекіш Әлдекешов деген азамат болған.
Архив құжаттарында 1901-1902 жылдары Арал теңізінің Орынбор теміржолына 30-40 шақырым жерден Сазгень алғашқы табиғи тұзы табылғаны жөнінде жазылған. 1915-1916 жылдары Тоқмақ ата, Ургада тұздың 1 пұты 8 тиынды құрады, бұл тұз Мойнаққа Биіктаудан тасылып отырды. Ал Ургаға тұз тасу 1925 жылы мемлекеттік пороход кәсіпшілігі арқылы Николай аралдары мен Аралдан тасып жеткізілді. Ұзынқайырға жақсы тұзды қазақтар Қасқақұланнан сәуір айында пұты 20 тиыннан акцизсіз контордың қажеті есебінен тасыды. Қаратереңге жақын маңда тұз болмағандықтан Шұбар, Сапақ, Шабаққорған, Қылыштан акцизсіз 17-19 тиынннан жеткізді. Қарашалаңда Жамантұз көлінің тұзы әрбір пұты акцизсіз 10-12 тиыннан болды. Аралға тұз Жақсықылыш, Сапақ, Шөміштен акцизсіз пұты 10-12 тиыннан әкелінді.
Онан кейін ХХ ғасырдың басында Аралға келген профессор Л.С.Берг ғылыми түрде зерттеулер жүргізген. Енді осы Қазақстандағы тұз өндірісінің дамуы туралы Арал аудандық архивіндегі Арал мемлекеттік балық тресі қорында сақталған Ленинград Тәжірибелік Агрономия Мемлекеттік институты жанындағы қолданбалы ихтиология және ғылыми кәсіпшілік зерттеу бөлімінің бастығы Л.С.Бергтің 1924-1926 жылдар аралығындағы балық кәсіпшілігін дамыту жөніндегі мәліметері, тұз кәсіпшілігі, балық өнімдерін дайындау, балық транспорты, балық аулау, туралы есептеулері мен зерттеулері мен трест басшыларына жөнелтілген жеделхаттарынан үзінділер оқуға болады.
Профессор Л.Бергтің Арал теңізін зерттеулеріндегі еліміздің өнеркәсібіне қажетті, өңірдегі тұз кәсіпшілігі туралы былай көрсеткен. «...Арал теңізінің жағалауында көптеген тұзды көлдерді кездестіруге болады, оларды балақ аулау кәсіпшілігінде балық тұздауға пайдаланады. Тұзды көлдердің ішінде сапалысы Николай аралындағы (Кеңес өкіметі тұсындағы атауы Возрождение) тұзды көл, сосын Сапақ, Шөміш және Бөгендегі тұзды көлдерді атауға болады. Сараптау нәтижесінде тұзды көлдердегі (Николай аралынан басқасы) тұздың сапасы төмен, нәтиже көрсеткендей Сапақтағы көлдің тұзында 95 пайыз хлорлы натрий, аз мөлшерде магний және ерігіштігі баяу еритіндігін көрсетті. Таблицада көрсеткендей Илецкінің тасты тұздары да кездеседі. Тұз өңдеумен жергілікті қазақтар (қырғыздар) айналысады, түйемен жағалауларға апарып, әрі қарай кемелерге тиейді» деп жазады.
1925 жылдың 15 мамырынан бастап балық кәсіпшілігіне қажетті тұз акцизсіз босатылды, бұл заң Арал теңізінде күнде қолданыла бастады. Тоқмақ ата аралында сапасы төмен тұз өндіріледі, осы тұз Мойнақта (акцизімен 11 тиын) 23 тиынға есептелінеді. 1924 жылы акциз заңы енгізілгенге дейін Мойнақтағы тұздың бағасы 1 батман (21/2) бидайға 21 батман тұз сатылды.
«Арал теңізі портындағы кемелерге тұзды тиеу, түсіру жылы кезеңдерде пұты 1,68 тиыннан, ал салқын уақыттарда 1,95 тиыннан тиелді» деп, Арал теңізі маңындағы тұзды көлдердің сапасы туралы атап көрсеткен. Ал келесі бір құжатта сол кездегі Арал теңіз жағалауларындағы балықшылардың теңізде ауланған балық өнімдерін дайындау технологиясы туралы төмендегіше жазады. «Теңізде көктем мен күзде ауланған табан мен шабақты құдаққа салып кеспей, бұзып жармай сақтайды. Көктемде ауланған балық тұзды көп мөлшерде қажет етсе, күзде аз мөлшерде пайдаланады. Бұл жерде жергілікті қазақтардың ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы балық өнімдерін пайдаланудағы тәжірибесінен мәліметтер алуға болады» деп көрсетеді.
1925 жылы тұз қазатын «Соль» атты артель құрылды, ал 1927 жылы Кеңес өкіметі тұз өндіретін артельді мемлекеттік кәсіпорын «Сольтрест» деп атады. 1925-1926 жылдары Арал балық тресі мен Орта Азия мемлекеттік Пароходствасы арасында екі жақты келісімшарт жасалынды. Шарт бойынша Арал балық тресі тұз өндіруге, ал, Пароходство балық тресінің тапсырысы бойынша тұз тасымалдауға міндеттенді. Аралдан Мойнақ-Ұзынқайыр бағыты бойынша «Свабода» деген кішкентай қайықпен тұз тасымалы ұйымдастырылды.
1925 жылы Халық Шаруашылығы Орталық Атқару Кеңесі Шөміш көлі мен Жақсықылыштың бір бөлігін Арал балық трестіне, көлдің қалған бөлігін «Қосшы» кооперативтік артеліне арендаға берді. Ал Сапақ көлі жеке арендаға берілді. Арал балық тресінің сол жылдары тұз өндіретін, өңдейтін қосымша кәсіпорыны болған. Оған «Жақсықылыш», «Ыстық», «Жуан төбе», «Шөміш» деген жерлерден өндірілген тұз да келіп тұрды. Дайын тұз өнімдері мынадай жоспармен бөлініп отырылған:
Арал балық трестіне – 39 000 пұт тұз;
Жергілікті өндіріске – 50 000;
Мемлекеттік пароходстваға – 10 000;
Сексеуілге – 82 000;
Әр түрлі мекемелерге – 14 000 пұт тұз жөнелтілген. Бұл есеп бойынша 1925-1926 жылдары Аралда 3 120 тонна тұз өндіріліп, сатылып ел игілігіне жаратылған.
1926 жылы КСРО сауда жөніндегі Халық Комиссариаты халық шаруашылығының Жоғарғы Кеңесіне Одақтың орталық тұз тресін ұйымдастыруды ұсынды. Нәтижесінде Мәскеуде «Главсоль» құрылды.
Кейін соңғы зерттеулерге байланысты 1927-1932 жылдары Ғылым Академиясының лабороториялық экспедициялық зерттеулеріне байланысты табиғи тұз натрий тұзды басейінін тапты. Жақсықылыш 83 көл, аумағы 150 шақырым құрайды. 1932 жылы тұздың көп бөлігі теміржол бекетіне жақын орналасқан бөлігі әлсіздеу, ал орталық жұмысы табысты. 1936-1937 жылдар арлығында Жақсықылыш көліне аударылады. Ортасының қашықтығы 12-16 шақырымды құрайды.
Осы экспедицияның арқасында 83 көлде тұздың қоры бар екендігі анықталды. Оның саны 4 901 мың тоннаны құрайды. 1932-1937 жылдар аралығында «Аралсульфат» шаруашылық қызметі кеткен шығынды есептегенде 180 тонна пайда әкелген. 83 көлдің максимальді пайдалану уақыты 1937 жылдан 1938 жылға дейін Аралтұз көлі белгілі болды. Қалған көлдер саны бізге белгісіз. Сульфат натрий әйнек зауытына шикізат ретінде қажет болған, бірақ олжа табудың белгілі әдісін құрастыру, көрсетілген қорды толықтай қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр.
1937 жылы 74 зауыттың қажеттілікке сай сұраныстарын «Аралтұз» комбинаты орындалмай отыр. Тұзды алуды қырғышпен, сыпырғышпен жинап алу, ломдар, сыналар арқылы 3,67 пайыз шикізатты дайындау Аралтұздың (180 т) алты жыл ішіндегі жалпы табиғи тұздың қорын құрайды.1
Қойма ғимараты болмағандықтан жұмысты қолмен істеу тәсілі және автотранспортпен жүкті тасымалдау және вагон мен әйнек зауытына 180 мың тоннаның 137 500 тоннасы тапсырылған. Бұл сандардан пайда табудың айырмашылығы осындай. Өндіріске қатысты есеп, еңбек жағдайы осы есепті жыл болған жоқ. Керісінше алты жыл ішінде Аралтұзға жұқалтаң жыл болды. 5 жыл ішінде жиналған максимальді сумма 56 мың рубльді, ал есепті кезеңде тек 29 мың рубль шынайы қаржыландырылған. Көрсетілген жағдай мен жұмыс істеу тәсілі есеп беру кезеңі, бірақ товар шығару көрсеткішітері төмендегі кестедегі сандармен көрсетіледі.
Жылдар
1932ж
1933ж
1934ж
1935ж
1936ж
1937ж
Өндірілген өнім (тонна)
-797,4
-594,7
-928,7
834,8
1232,3
1725,0
Бағасы (рубль)
216,3
291,7
185,7
206,6
140,0
100
Есепті жылға өндірістің жұмыстарын көрсетілген сандардың жағымды жақтарын көруімізге болады.
Тұз алу көне және әлемде кең тараған өндіріс болып табылады. Шөгетін тұз тұзды көлдердің астынан шығарылады. Бұл тұз су түбінде өздігінен табиғи шөгеді. Жақсықылыш көлі – Қазақстанда тұздың ең үлкен кен орны. Мұндай көлдердегі су «шипа су» деп аталады. Тұздың шөгуі жыл он екі ай бойы жүріп тұрады: жазда судың интенсивті булануы мен тұздың концентрациясының өсуінен, қыста төменгі температура жағдайында тұздың еруінің төмендеуінен. Тұздың бұл түрін шығару механикалық әдіспен жүзеге асады. Мұнда түрлі техниканы қолдану мүмкіндігі бар: скрепер, тракторлы жүк тиегіш, бульдозер, тұз сорғыш, фрезерлі комбайндар. Көлді тұзды шипалы сумен жуады, центрифугалайды және кептіреді. Бұл процесте тұзды өзенге қайтып ағып кететін шипа су (қою ерітінді) мен лайдан ажырату маңызды болды.
1927 жылы Аралсольтрест өндірісі ашылып жыл сайын 100 мың пұтқа жуық өнім шығарылып, елімізді қажетті тұзбен қамтамасыз етіп отырған. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен Сольтрест еңбекшілері бірінші күннен бастап майданға қажетті материалдық игілікті өндірді. Олардың алдына қойған мақсаты – соғысқа кеткен әрбір ер адамның орнын толтыру, жаңа кадрлармен толтыру мәселесі тұрды. Қысқа мерзім ішінде тәжірибелі мамандарға жасөспірімдер мен қыз-келіншектер үйретіліп, олардың орнын басты. 1942 жылдың қыркүйегіне дейін Аралсольтрест өндірісі бойынша 10 цехтың ішінде 25 маман даярланып, 31 адам жоғары дәрежелі маман иесі болды. Осы жылдары өндіріс орындарында социалистік жарыс кеңінен өріс алды. 1943 жылы өндіріс орнында тұз өндіретін цехты басқарған Әлібеков, өзінің жылдық жоспарын 2 ай бұрын бітірген. Бригада мүшелері сульфатты жинауда Алдыкешов өз нормасын 250 пайызға, Ерғазиева 205 пайызға, жүкшілер бригадасындағы Крекотина өз нормасын 132 пайызға, Найда 225 пайызға орындаған. 1945-1946 жылдары аралығында Аральсольтрест өндірісінде 450 адам жарысқа қатысқан.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Аралсольтрест өндірісінде алдыңғы қатарлы жұмысшылар арасында рационализаторлық ұсыныстар түсе бастады. 1945 жылы тұз қорын көбейту мақсатында тұз диірменінде ленталық транспортты қолдану нәтижесінде 10-нан астам жүк тиеуші, отыз мыңдай адам қысқартылып 30 мыңдай ақша үнемделді. Осындай жаңашылдық ұсыныс ұсталар цехында желдеткішті қондырудың нәтижесінде темір балқытатын 2 от орнынан бір мезгілде жел беріліп, ұсталар цехының еңбек өнімділігі 150 пайызға дейін жеткен. Өндіріс орны өзінің ғасырлық ғұмырлы өмірінде бірнеше рет өзгертілді. 1927 жылы – Сольтрест, 1933 жылы – «Аралсоль», 1945 жылы – Сольартель, 1994 жылдан «Аралтұз» АҚ мемлекет меншігінен алынып жекешелендірілді.
Еңбекшілердің соғыс жылдарында көрсеткен еңбек ерліктері қазіргі күнге дейін жалғасын табуда. Мәселен, белгілі еңбек майталманы Социалистік Еңбек Ері Әбжали Сарымсақов тек облыс қана емес, Қазақ елінің мақтанышына айналды. Еліміз егемендігін алған уақыт ішінде «Аралтұз» АҚ зор табыстарға ие болып келе жатыр.
ХХ ғасырдың басынан бері тұз кәсіпшілігімен айналысып келе жатқан «Аралтұз» комбинатының мұрагері «Аралтұз» АҚ кәсіпорны 2014 жылдан бері жаңа технология бойынша пайдалануға беріліп, өндіріс цехтары арқылы еңбек етсе, екінші өндіріс цехын іске қосу арқылы өндіріс қуатының артатындығы сөзсіз. Сәйкесінше, өнім көлемін арттыру, бұл – жаңадан жұмыс орындарының ашылуына сеп болмақ. Аудандағы алғашқы осындай алып кен өндірісі мекемесінің бір ғасырлық тойы қарсаңында кәсіпорын басшылығы  тұз өндірушілерге арнап саябақ, естелік белгі, монумент, музей жасап орнатса, тұзшы қауымға құрмет болар еді. Осы жылдар ішінде тұз өндірушілердің бірнеше ұрпағы бір миллион тұз өндірді, сондықтан біз оларға естелікпен құрмет көрсетуге міндеттіміз.
Ақ алтынға бағаланған жер байлығын өндіріп отырған қазіргі өндіріс орнының басшылары Жақсықылыш тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мұң-мұқтажын қаперіне алады деген ойдамыз.
Болатбек ҚУАТОВ
ҚР Журналистер одағының мүшесі
01 наурыз 2025 ж. 35 0