Қош келдің, ару көктем!

Жазда жап-жасыл болып жайқалып, күзде жеміс-жидегін шашу етіп шашқаннан кейін барлық өсімдік әлемі адамның қартайған шағындағы шаштарының ағарғанындай жапырақтары солып, сары алтынға боялып, біртіндеп төгіліп, өздері қурай бастайды. Қыс келгенде, бейне бір тыныштыққа ұшырап, аппақ қардың астында қалады. Тіршіліктің тынысы байқалмайды. Міне, өсімдіктердің қыстағы осы үнсіз қалпынан кейін сен оларды көктемде көр. Бейне бір ғажайып күйге еніп, қайта оянып, жайқалады. Бұл көктемнің әсем суретінің анық бояуы.
Баяғыдан ата-бабамыз көктемді ғажапқа балаған. Тіршілікпен үндестік тапқан көктемнің келуін көкек құстың шақырумен байланыстырған. Адамзат пен тіршілік иесі қашанда байланысты. Соның дәлелі қыстан шыққан қалың киімді біз ғана емес, қояндар, тиіндер мен басқа да жануарлар ашық түсті ішіктерін қошқыл түске ауыстырады.
Ал ежелгі көшпелі дәуірде қазақ үшін көктемнің келуі, ұзынсары уақыты, қыстан аман-есен шығуы ерекше маусым болғаны рас. Осыған орай көктемгі той-думан, жосын-жоралғы, ырым-кәде ғұрыптары өз мәнінде аталып өтетін болған. Тұрмысын төрт-түлікпен байланыстырған қазақтар үшін қашанда малдың орны ерекше. Тіпті түрлі ырымдар бойынша көктемгі уақытта оларға басқаша күтім жасайды. Жаппай төлдеу басталатындықтан осы кезеңде төрт түліктің бағым-күтіміне айрықша назар аударуды, көп еңбектенуді талап етеді. Сондықтан көктемнің соңынан бастап мал сауу, ақ тағам дайындау сияқты қам-қарекетті шаруалар басталады.
Көктем мезгілінің орта кезінде күн ұзарған, мал мен адам әлсіз кезін «ұзынсарының уақыты» немесе «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» шағы деп атау қалыптасқан. Көктемде қазақы ортада айтылатын «қан шығаруға», яғни мал союға қатаң тыйым салынады. Себебі мал басы өспей қалады деп түсінген. Соған байланысты «қозы піскен жоқ, бойдақ іскен жоқ» дей отырып, көшпелі қауым көбінесе соғым етінің сүрісі мен жаңа шыққан ақ тағамды қанағат етеді. Яғни қыс бойы жеген ет тағамдарының орнын сүт тағамдары алмастырады. Ол үшін мал сауу мықтап қолға алынады.
Көктем – ең сұлу мезгіл. Олай дейтінімз, бұл кезеңде гүлдер бүршік жарып, шешек атып, айнала түрлі түске боялады. Жер ана да тіршілікке еніп, гүлдердің хош иісі мұрын жарады. Дәл осындай шақта серуендеу ағзаға да өте пайдалы. Таза ауа мен жүзіңе ескен самал жел қарныңды тойдырып тұратындай.
Жыл құсы – қанаттанып ұшқан өлкесіне жазға салым алыс бір қиырдан ұшып келіп, күз ортасына таман жылы жаққа қайта ұшып кететін қанаттылардың атауы. Жыл құсының келуі. Жазғытұрым жыл құсы күнбатыс тұстан ұшып келеді. Жыл құсына халық көкқұтан, аққұтан, дегелек, тырна, қаз, үйрек, дуадақ, ұзақ, шағала тәрізді ірі құстарды, сондай-ақ қарлығаш, қараторғай, шымшық, бозторғай, көкек және т.б. ұсақ құстарды жатқызады.
Қыр адамдары жыл құсының келуін жер-көктің түлеуі, жаңғырып, жаңаруы деп түсінген. Жер-су мен Жыл құсы бір-бірімен қуана қауышып, сағынысып табысқандай көрінеді. Ағаш арасында көкектің шақырғаны, шілікті жерлерде қара құрдың құрқылы, көл маңайында сарыала қаздың қаңқылы, көкала үйректің барылы, аққудың сұңқылы, бозторғайдың діріл қаққан шырылы, т.б. жер-көкті әсем әуенмен тербетіп, қыр адамын ерекше сезім-күйге бөлейді. Тау мен дала, сай-сала айрықша түрге енеді. Сондықтан қыр адамдары жыл құсын жаңарудың, қуанышты жаңалықтың нышанындай көреді.
Жер-ана бусанған шақта ғарышта да ерекше құбылыстар орын алады. Ғалымдар бұл кезеңді «галактика маусымы» деп атайды. Көктемде аспаннан жарқырай көрінетін жұлдыз – Шолпан. Күн мен Айдан кейінгі ең жарық жұлдызды ашық ауа райында, тіпті күндіз де көруіңіз мүмкін. Бәлкім, көктемнің алғашқы күндерінде Ай жанынан аспанға түймедей болып қадалған Шолпанды көре қалсаңыз, міндетті түрде жақсы тілек тілеңіз. Ең жарық жұлдыз өзіне қол созған әр жанның сөзін естиді, жанын түсінеді, үнсіз ғана сырласады деген жақсы баламаларда бар.
Әр тарап пен тіршілік, тіпті адамзатта сезінер көктем мезгілін халқымыз жаңару мен жаңғыру деп бекер айтпаса керекті.
Нұрай ӘМІРХАНОВА
Фото: pixabay.com/ru/