Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДЫҢ АТАҚТЫ КЕМЕ КАПИТАНЫ: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

АРАЛДЫҢ АТАҚТЫ КЕМЕ КАПИТАНЫ: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

Азия кіндігіне орналаскан айдынды Арал теңізі осы құрлықтың жауһары десе болғандай еді. Қазақпен қарақалпақ жерінің қақ ортасына орналасқан көгілдір айдын жағалауын жағалай қонған балықшы жұрттың таусылмас қазынасы, құт-берекесі, тіршілігінің тірегі еді. Әсіресе Кеңес заманы орнағаннан кейін балық шаруашылығы қарқынды дамыды. Ал кеме қатынасы, кемеменжүк тасу, балық аулау өткен ғасырдың басында жолға қойылып, шынымен де екі туысқан республиканың, тіпті бүкіл Орта Азияның алтын көпіріне айналды. Қарақалпақстандағы портты кала Мойнақтан Қазақстан беттегі Арал порты арқылы бүкіл осы аймақтың жүк тасымалының негізгі бөлігі өтетін. Өзбекстан, Түркіменстаннан мақта, басқа да бақша дақылдары бермен қарай өтсе, ал Қарақалпақ жеріне қарай бидай, астық, құрылыс материалдары тасымалданып жататын. Арал портының аумағы үнемі қазандай қайнап жататын. Пәлен мың шақырымды құрайтын екі аралықтан кеме қатынасы жақсы жолға қойылып, сол кемелердің капитандары заманында үлкен беделге ие болды. Әуелгі кезде кеме жүргізуді меңгергендер негізінен өзге ұлттардың өкілдері еді. Бірақ бірте-бірте жергілікті өзіміздің қандастарымыз ішінен шыққан алғыр, батыл жігіттер кеме экипаждарына кіріп жұмыс істей бастады. Сондай бозбалалардың бірі – Айнаш Айдәулетов болатын.Ол 1888 жылы дүниеге келген. Тіршілік нәпақасын теңізден айырған. Осы теңізді қойнауда болған үлкен өзгерістердің куәсі болып өсті. Әсіресе 1921 жылы аралдықтардын Еділ бойындағы аштыққа ұшыраған балаларға көмек беру кезінде де өз үлесін косқан. Орыс тілін жақсы білетін Айнаш әртүрлі кеме экипаждарында жүріп, түрлі қызметтер атқарып, кеме капитанының көмекшісі де болып, кейін «Аралдың Титанигі» атанған «Емельян Пугачев» атты бумен жүретін алып кеменің капитандығына көтерілді. Сонау патша заманынан бастап теңізде кеме жүргізудің шебері атанған Айнаш аз уақытта өзінің ерекше білгірлігімен, табиғи түйсігінің мықтылығымен өзгелерден оқ бойы озық көрініп отырды. Олай дейтініміз, ол уақыттарда әлі кеме жүргізудегі бүгін пайдаланатын түрлі аспаптар жоқ-тын. Капитанның тәжірибесі жүзу рейстерінде үлкен рөл атқарды және соларға сенім білдіріліп отырды. Аты аңызға айналған капитан туралы деректер іздеп жүргенімізде, іздегенге сұраған дегендей жақсы хабар келді.
Жақында Қарақұмдық белгілі өлкетанушы, туған жердің тарихын, тұлғаларын түгендеп жүрген ізденімпаз азамат Абай Әбішев сүйіншілеп Ақтөбе облыстық «Актюбинская правда» газетінің 1936 жылдың 17 шілдесіндегі №163 (1280) санында шыққан орыс тіліндегі мақаланы ғайыптан тауып әкеліп берді. Авторы сол кездегі белгілі журналист Николай Кутовых. Бұл журналист уақытында «Аральская ударник» газетінде қызмет еткен кісі. Мақала айдынды Арал теңізіндегі осы біздің аты аңызға айналған даңқты капитанымыз, бүгінгі кейіпкеріміз Айнаш Айдәулетов екен. Табылған құнды деректерге қуанып қалдық. Жерлестерімізбен бөліскенше асықтық. Ұзақ мақаланың ұзын ырғасынақысқаша көз жүгіртіп өтейік: «Бүгінгі бақытты, керемет, қуанышты өмірін бұрынғы бала қойшы болған түнекті, лағнет айтқан кезеңнен отыз жылдай уақыт ажыратып тұрған қазіргі Арал теңізінің капитаны Айнаш Айдәулетов.
Сіңірі шыққан кедейшілік кешкен әкенің үлкен отбасы. Күнкөрістің жалғыз көзі – егін салатын ұлтарақтай жер мен қыста теңіз бен көлден балық аулау еді. Айдәулет қарттың бар тірлігі осы-ақ. Ыза тартқан, қараңғы жеркепеде тұратын.
– Өмір емес, көр сияқты еді тірілей қазып қойған... – деп Айнаш өткен шақты өкінішпен еске алады.
Ол он екіге толған жылы әкесі қайтыс болған. Сол кезден бастап Айнаштың өмірі адам төзгісіз нағыз тозаққа айналған. Балық өнідірісінің иелері Михеев, Лапин мен қайырымы жоқ байлардың қол астында жүрген ол ұзақ жылдар аш-аламан шақты, қиын-қыстау қанаушылықты көрді.
– Болмашы қателігің үшін өлтіре таяққа жығатын, қит етсең айыппұлдар салатын, болмаса жартымсыз жалақыңды қиып тастайтын. Бірде біз кемемізбен қатты дауылға тап болып, теңізде екі күн тұрып қалдық,-дейді Айнаш. – Сол күні осы үшін әбден сазайымызды тарттық. Пристаньға келіп әзер тоқтаған бойымыз еді, қабағы қатулы қожайынымыз кеме палубасына секіріп мініп, бәрімізді шетімізден ұрып-соға бастады. Өзгелерден гөрі мен көп соққы жедім, сояудай ағаш таяқпен есімнен танып қалғанша ұра берді, ұра берді...
Қазан төңкерісі Аралға жаңа тәртіп әкелді, флоттың жаңа иелері қуанышқа толы күндерге жеткізді. Барлық жерлерде жекеменшіктегі кемелер тәркіленіп енді ұлттық, мемлекеттік меншікке айналды.
Үш матчталы «І Петр» шхунасы да жаңа иесін тапты, ол иесі – жұмысшы және шаруалар мемлекеті еді. Майталман матростың қарулы қолы шхуна маңдайына жаңа атауын – «Республиканец» деп жазып шықты. Айнаш енді балық өндіруші Михевке емес, жұмысшылар мемлекетіне еңбек етті. Ол адал да ерікті, қажырлы жұмысқа кірісті. «Респубиканец» шхунасының шкипері Айнаш Айдәулетов өзіне партия мен өкімет тапсырған тасымалға байланысты барлық жоспарды орындап отырды.
1931 жылы «Респубиканец» шхунасы корпусының тозуына байланысты теңізге тұрақты рейске шыға алмайтын болды да, тек флот басында жұмыс істеуге ыңғайластырылды. Ал шкипер Айнаш Айдәулетов «Қызыл Тәжікстан» теплоходының капитаны болып тағайындалды. Байдың бұрынғы малшысы кеңестік үлкен кеменің капитаны болуға мүмкіндік алды. Қазір сол қызметті атқаруда. Өзінің белсенділігімен Айнаш өзгелерді таңқалдырып келеді. Кеңестік теңізшінің жарқын үлгісін көрсетіп жүр. Жыл сайын ол бағалы сыйлықтар алып жүр.
ҚазАССР-інің 15 жылдығына орай социалистік жарысқа белсене қатысқаны және кеме жүргізу техникасын жақсы меңгергені, партия мен өкіметтің тапсырмаларын өте үздік орындағаны, көлік-қаржы жоспарын орындағаны үшін Айдәулетов жолдас «15 жылдық Қазақстан» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.
Қазіргі күнгі жақсы тірлігі туралы Айнаш Айдәулетов: «Мінекей керемет, тамаша өмір басталды. Өміріміз мәнді де сәнді болды. Қазір мен адамға деген жан-жақты қамқорлықты көріп келемін. Жақсы еңбекақым, жарық та кең жайлы шаңырағым бар. Балаларым мектепте білім алуда. Жалпы тірлікке керектінің, мәдени өмір үшін керектінің бәрі бар.
Асқа зар қылған аштық пен жұтаған жетімсіздік, аяусыз қанаушылық менің мектепте оқуымды да ойлатпаған еді. Міне, 45 жасқа келдім. Өмірімнің жартысы қанаушылардың қол астында өткеніне өкінемін. Олар менің жар өмірімді құртты» дейді ашық айтып.
Иә, Аралдың жергілікті қазақ тұрғындары арасынан шыққан тұңғыш кеме капитаны өзінің біліктілігі арқасында жасы жетпіске тақағанша штурвалға ие болып тұрды. Үлкен абыройға бөленді. Қазақстан мен Қарақалпақстан арасындағы жүк тасушы кемелерде атқарған зор еңбегімен елге танылғандығы сондай – ол дүниеден өткен соң туысқан Қарақалпақстан республикасындағы бір кемеге «Айнаш Айдәулетов» есімі берілген екен. Даңқты капитанның атындағы  «Айнаш Айдәулетов» кемесіұзақ жылдар бойы толқыны тулаған Арал теңізінде жүзіп жүрген еді.
Міне, қайсар капитан Айнаш Айдәулетов Арал теңіз сырын бес сау-сағындай білетін. Оның Арал тең ізінің бүкіл қойнауын, қолтық бұғазын, теңіз қайырларын, тіпті суының түр-түсіне дейін жақсы білетіндігі туралы оның көмекшісі болған Мырзалы деген кісі былай деп айтқан-тұғын:
"Кемеге жұмысқа тұрға түрған кезім. Жас жігітпіз. Қарапайым ғана матроспын. Капитанымыз белгілі – Айнаш Айдәулетов. Ол кезде Қарақалпақ жеріндегі Мойнақты «Южный порт» дейді халық. Бір рейсте Мойнақтан шығып келе жаттық. Таң білініп келе жатқан. Дүрбімен қарағанда біздің Көкаралдың маягі көрінген кез, яғни Аралға жақындадық деген сөз ғой. Маяк көрінген соң, көмекшілері Айнаш капитанға "Көкарал көрінді" деп сүйінші сұрағандай болды. Капитан да жайланып: "Ендеше барды қазанға салыңдар" деп бұйырды. Сол тамақты команда болып енді жеп алдық-ау деген бір  мезетте аспанда тоқымдай бұлт шыққан. Оған біз мән бере қойған жоқпыз. Бірақ осы сәтте әншейінде сыр бермей сырбаз күйінде жүретін Айнаш капитан дауысын көтере: "Тез желкенді түсіріңдер, казір қатты дауылболады" деді. Капитанның айтқаны заң. Бірақ өзіміз сенер-сенбесімізді білмейміз. Желкенді түсіріп те үлгердік. Бір уақытта солтүстік шығыс жақтан қатты дауыл тұрды дейсің. Бұл енді сұрапыл дауыл. Кеменің карсы жүруіне еш мүмкіндік бермеді. Ықтырып белгісіз бағытқа ала жөнелді. Таудай-таудай толқындардың арасында қалтылдаған жалғыз кеме кара-қошқыл түн түнегіне еніп кете барды. Бір жарым тәулік деген шамада дауыл да ышқынып-ышқынып бірте-бірте жуасығандай болды. Теңіз беті бірақ әлі де тыныши қоймады. Ығып келеміз. Кешеден бері асау толқынмен арпалысқан жігіттер де шамалы да болса жүректері орнына түсіп "уһ" деп дем алғандай еді. Ал енді капитанның мазасыз күйде жүргенін байқаймыз. Жағалау көрінбейді. Айнаш капитан кешкі апақ сапақта жігіттерді шақырып алып: "Кәнекей, тенізден су алып беріңдерші" деді. Сөйтті де қауғадағы алынған суды алақанымен көсіп алып ішкендей ме, дәмін татқандай ма болды. Сөйтіп тқрды да бір сәтте: "Тез якорды жіберіңдер. Кемені тоқтатындар" деп дереу бұйрық берді. Кеме сол жерде шыр айналып қала берді. Түн қараңғылығы түсті. Ертеңіне таң сібірлеп атып, айнала жарық болған соң қарасақ, кемеміз Әмударияның бір сағасы Қазақдарияның теңізге құяр жері екен. Түнде капитанымыз судың дәмін татып, теңіздің қай жерінде келе жатқанымызды білмегенімізде енді-енді болмағанда кемеміз солжердегі үлкенқайырға кайырлап қалу қаупіне ұшырайды екенбіз. Міне, теңіз тарланы, атақты капитан Айнаштыңшексіз білгірлігі арқасында кеме де, біз де осындай бір сұрапылдан аман калдық".
Теңіз көкжалы атанған капитан Айнаш Айдәулетовтің айдындағы бір сапарының тарихы осындай. Ал ол қаншама сапар-ларды басынан өткерді.
1944 жыл еді. Батыста фашистік Германиямен соғыс жүріп жатыр. Кеңес Армиясы ілгерлей Еуропа жеріне таянған. Ел есін жинай бастаған. Осы кезде Арал теңізінің жағалауындағы қалың сексеуіл, қопа пішендердің арасында әскерден қашқан қашақтарды ұстауға өкімет әскер жіберген. Осы сапарға жоғарыдағылар әрине бүкіл жағалауды, жағалауға жақын аралшықтардың жайын да жақсы білетін капитан Айнаш Айдәулетовке сенім артып тапсырды. Сол кеме бірнеше ай бойы жағалауларды жағалай жүзіп, қашақтар бар-ау деген жерлерге тоқтап, бір баржы әскерден қашқандарды ұстап әкеліп майданға аттандырып жіберген екен.
Капитан Айнаш Айдәулетовтің көк теңіз төріндегі жүздеген сапарларындағы ұланғайыр еңбегі мемлекет тарапынан бағаланбай қалмады. Ол теңіз капитандарының арасында алғашқы болып "Ленин", "Еңбек Қызыл ту" және "Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталды. Мұндай жоғарғы марапаттарды иеленгендер ол жылдары өте сиректін.
Өмір бойы теніз төсінде жүзген, аты аңызға айналған капитан Айнаш Айдәулетов ең соңғы демін де теңіз айдынында алды. 1956 жылы мамыр айының 1-інде алыс сапарға шыққан кемені басқарып жолға аттанған даңқты тенізшінің батыл жүрегі аяқасты ол тоқтап, мәңгіліктің сапарына аттанып кетті. Ол дүниеден өткелі жарты ғасырдан астам уақыт болса да, Арал жағалауындағы жұртшылықтың есінде атақты капитан Айнаш Айдәулетовтің өшпес есіміәлі аңызға арқау боп жүр.

Ерғали БДУЛЛА, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
25 қараша 2025 ж. 55 0