Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи оқиғалар ізімен

Тарихи оқиғалар ізімен

Осыдан қырық бес жыл бұрын біз елуге жуық түтіні бар, шағын ғана Шөмішкөл ауылында тұрдық. Ауылдың екі қапталын алып жатқан екі көл айнадай жарқырап, елді мекенге ерекше көрік беретін. Табиғаты қандай көркем болса, адамдары да сондай бір-біріне жақын, бауырмал еді.
Әкем – Сері, сол ауылда қырық жыл бойы ұстаздық қызмет атқарып, елге сыйлы, партия мүшесі болды. Ал анам – Базаркүл бар ғұмырын отбасы мен бала тәрбиесіне арнады. Жеті баланы өсіріп, жеткізумен қатар, үй шаруасын да, мал-жанды да дөңгелентіп алып жүрді. От жағу, қора-қопсы тазалау, пішен шабу, жыңғыл шауып, тары қайнату – бәрі анамның күнделікті еңбегі еді. Бұған қоса, көрші-көлемнің киіз басуына көмектесіп, ақыл-кеңесін айтып, ауылдың береке-бірлігін сақтауға үлес қосатын.
Әкем де елге сыйлы, бала жанының бағбаны, адамгершіліктің тұтқасы бола білген жан еді. Оның әр ісі, әр сөзі өзгеге үлгі болатын.
Бір күні таң ата ауыл у-шу болып кетті.
– Рамберді жоқ болып кетіпті.
– Баласы ұрып жіберген шығар.
– Ойбуй, не болды екен, өліп қалмаса игі еді… – деген сөздер ел арасына тез тарап кетті.
Жоғалған қарт кішкентай бойлы, ешкімге зияны жоқ, ауыл шетінде ескі, жан-жағы жыңғылмен қоршалған үйде үлкендеу, үйленбеген баласымен бірге тұратын жуас адам еді. Сондықтан оның аяқ астынан жоғалып кетуі барша жұртты алаңдатты.
Жетек ағай бастаған, әкем қостаған мұғалімдер, жоғары сынып оқушылары түгел жұмылып, ауыл ішін, үйлерге жапсарлас салынған ескі бейіттердің маңын, су айналымдарын, басқа ауылға апаратын жолдарды, бәрін-бәрін түгел тінтіп шықты. Бірақ еш нәтиже болмады. Іздеу бір аптаға созылды.
Ақыры, марқұмның ертеректе қоныс тепкен туған жері – Шабан ауылының жолынан табылды. Бетін өз ауылы Шөмішкөл жаққа қаратып, сол жерде жан тапсырған екен. Сол сәтте «Ер туған жеріне» деген қанатты сөз еріксіз ойға оралды.
Бұл оқиға менің жадымда арада отыз бес-қырық жыл өтсе де өшпестей болып сақталып қалыпты. Сол кездегі адамдардың ауызбіршілігі, бір адам үшін бәрі жұмылып іздеуге шыққаны бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық үлкен өнеге деп ойлаймын.
Мен әкем Сері мен анам Базаркүлдің адамгершілікке толы тәрбиесін көріп өскеніме әрдайым мақтанамын. Қазір әкем ортамызда жоқ, мәңгілік мекеніне аттанды. Егер тірі болғанда, биыл жүз жасқа толар еді. Бірақ артында қалған жақсы істері, елге жасаған қызметі, шәкірттерінің алғысы ешқашан ұмытылмайды.
Адам өмірден өткенмен, артында қалдырған ізгі ісі мен адал еңбегі мәңгі жасайды. Мен соған кәміл сенемін.
Ана мейірімі – адамға пана
Біздің шағын ауылда басқарманың жалғыз қызы, сұлу да ерке Жәмила өмір сүрді. Елдің еркесіне айналған ол бала күнінен айтылған әр сөзге шүбәсіз сенетін. «Сүтке шомылсаң, айдай аппақ боласың» деген сөзге иланған Жәмила бір күні расымен де сүтке шомылады. Сол оқиғадан кейін оның ақыл-есі ауытқып, ел ішінде «Жынды Жәмила» деген атқа ие болады.
Уақыт өте келе ауыл адамдары одан үрке бастады. Ешкім үйіне жолатпай, тіпті аналар балаларын «Жәмила келе жатыр» деп қорқытатын күйге жетті. Қоғамнан шеттетілген, жалғыз қалған жанға жанашыр болған жалғыз адам – менің анам Базаркүл еді.
Анам Жәмиланы жатсынбай, үйдің кіреберіс бөлмесінен орын берді. Киімін жуып, тамағын беріп, жуындырды, бар мейірімін төкті. Тағдыр тәлкегіне түскен бейбаққа аналық қамқорлығын аямай көрсетті.
Бұл оқиға бізге үлкен өмірлік сабақ қалдырды. Біріншіден, қазақ халқы ежелден ақты қасиет тұтып, оны төкпей, қорламай қадірлеген. Екіншіден, шынайы ниетпен жасалған жақсылық ешқашан жауапсыз қалмайды.
Анам Базаркүл тоқсаннан асып, бұл дүниемен қоштасты. Бірақ оның жүрегінен төгілген мейірімі мен адамгершілігі – бізге қалған ең қымбат мұра. Осындай ананың тәрбиесін көріп өскенімізді әрдайым мақтан тұтамыз.
Нұргүл Махашева,
Ақтөбе қаласы
27 қаңтар 2026 ж. 127 0