Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сатириктің «деген екендері»

Сатириктің «деген екендері»

Аралдың төл тумасы Құдайберген Сұлтанбаев жайлы көп айтудың қажеті жоқ та шығар. Елді күлдіргенімен өзі арзан күлкіні ұната бермеген әртіс сықақтың сапасын қатты бағалаған. «Сатира, юмор қазақ халқының бітім-болмысына, табиғи психологиясына етене тән дүниелер. Атам заманнан сөзге тоқтаған, әжуа-қалжыңға терең мән берген ұлттың ұрпағымыз...» деген халық әртісінің «деген екендерін» ел арасында өте көп айтылады. Міне, бүгінде өзі өмірден өтсе де сөз қалған Құдайберген Сұлтанбаевтың журналист-жазушы Құлтөлеу Мұқаштың 1995 жылы «Біз білмейтін Құдайберген» кітабынан әзіл әңгімелерін ұсынып отырмыз. Сұқбаты кітап болып басылған сатирик әңгімелесу соңында "керек болып қалар" деп төмендегідей естелік қалдырған.
Бетховен неге келмеген?
– Баяғы Одақтың тұсында елге армянның атақты скрипкашысы Вартанян келіп, жер-жерде концерт береді. Бір сапары түкпірдегі ауылдарға түсіпті. Әртіске атқосшы болып ерген администратор селоға кірген бойда афишаларын көтеріп ауыл басшысына кіреді. – Ағасы, – дейді, – ауылдарыңызға үлкен классикалық шығармаларды орындайтын, Одаққа, қала берді әлемге белгілі музыкант келіп қалды. Көрермен жинауға көмектесіңіз. Сырт адам ғой, ұятқа қалмайық. Жәрдемдесіңіз! Сонда басшы алдында жатқан афишаға қарап:
– Жарайды. Дұрыс қой бәрі. Тек, ауылда қонақ үйіміз жоқ еді, қайда қонады бұ кісі? – дейді.
– Жоқ… Қонбайды ол кісі. Концертін береді де қайтып кетеді.
– Хорошо! Ал, енді не тамақ, не арақ ішеді бұл?
– Ішпейді ештеңе. Сіз тек халық жинап берсеңіз болды.
– Ал, қалғандарын қайтесіңдер?!
– Ойбай-ау, бір-ақ адам ғой, ағасы!..
– Қалай?! Сонда мына жазылған Бетховендер келмей қалған ба, немене?! Сөйте, афишада Вартанянның фамилиясымен қатар скрипкашы шығармаларын орындайтын Бетховен, Глинка, Чайковский, Моцарт, Шопеннің аты-жөндері жазылған екен. Басшы бұлардың бәрін артистер деп ойлапты.
 «Өзің біл, айналайын!»
– Тағы да сапардамыз. Шыжыған шілденің кезі. Астымызда – «Кубань». Адасып келеміз. Бәріміз шаршағанбыз. Маңайға анда-санда ғана самарқау қарап қойып, қалғып-мүлгіп отырмыз. Тек көбірек сөйлейтін бір құрбымыз ғана әр нәрсені айтып қоймайды. Оны тыңдап жатқан да ешкім жоқ, сонда да бес сомның радиосы секілді самбырлай береді. Діттеген аудан орталығы жеткізбеді. Жолдағы ауылға соғып едік, кездескендер:
– Ойбай-ау, мүлдем қиыс кетіпсіздер ғой. Шопыр қай жақтың баласы еді? Іздеген ауылдарыңыз тіптен ана жақта, – деп келген жағымызды нұсқады. Қайта кері бұрылдық. Шопырымыз жас па, әлде жол білмей ме, түнеріп ап, шынында да, әбден әуреге түсіріп келеді. Бұрылыстан қол көтеріп бір шал кездескен. Жөн сілтеймін деген соң отырғызып ала кеттік. Сөйлесетін адам таппай келе жатқан әлгі құрбымызға жақсы болды, енді шалдың қасына жайғасып алып, «Ата!» деп мән-жайын сұрай бастады. Шаңдақ жолдың топырағын бұрқыратып ұзақ жүрдік. Бір тұста кірпік астынан шал мен қыз отырған жаққа көз тастап едім, екеуі де көңілсіздеу екен. Олар да жол соғып шаршаған сыңайлы. Бірақ құрбым қалғып кетіп отырса да әлі сөйлеп қояды. Аузы да кеберсіп кетіпті. Тілі де күрмеле бастағандай. «Тү-у, мынаған дауа жоқ екен!» – дедім де, қалпақты көзге түсіріп, қайта мызғи бастадым. Бір кезде жігіттер әлгі қызға:
– Сұрасайшы ана кісіден, анау осы район ба?! – деп шуласып кетті. Алыстап ағараңдап елді мекен көрінген екен.
– Ата-а, осы райын ба? – деді әбден шаршаған қыз. Шал бұған аң-таң қарады.
– Осы райын ба? – деді құрбымыз қайталап. «Осы район ба» дегісі келгені де. Сонда түк түсінбеген ақсақалдың:
– Өзің біл, айналайын! – дегені ғой көзі ежірейіп. Күлкіден қыран-топан болдық. Іздеген ауданымыз сол екен. Күлкі дүр сілкіндіріп, сергітіп жіберді. Ештеңені ұға қоймаған қыз да бізге қарап ыржаң-ыржаң етеді.
Екінші Асанәлі
– Осыдан бірталай жыл бұрын гастрольдік сапармен Түркістанға барып, «Келіндер көтерілісі» комедиясын қойдық. Ел көп жиналды. Қойылым сәтті жүріп жатқан. Жұрт сәт сайын қыран-топан күледі. Зал у-ду. Бір мезетте байқап қалдық, көрермендердің орта тұсы үйме-жүйме болды да кетті. Әлдекімдер әлдебір әйелді сүйемелдеп есікке ұмтылды. Сөйтсе, екіқабат бір келіншек ішегі қатып күле-күле, толғағының қалай келгенін де байқамапты. Содан театр табалдырығында босануына тура келген. Ұл тауыпты. Есте қалар оқиға болды. Тобымыздың жетекшісі Асанәлі Әшімов еді, сондықтан, әлгі балаға Асекеңнің атын қойып, астанаға көңілді аттандық. Екінші Асанәлі қазір қайда екен?..
Қырғыз даласының кеңдігі
Қырғыздың да тілі қыршаңқы. Түгелбай Қазақов досымызға:
— Етті нарын деп езесіңдер де жатасыңдар. Аяғанмен бәрібір рәсуа емес пе? Қазаққа ұқсап шелек-шелегімен неге тастай салмайсыңдар қазанға? Ай, жерлерің сияқты тарсыңдар ғой сендер де, — дедім бірде.
Тосылған жоқ.
– Біздің де даламыз кең болған бір кезде. Бірақ біз қазақ жақтан жел соқпасын деп жердің бәрін жинап әкеліп Алотоо (Алатау) қылып үйіп қойдық, – деді.
Үндемедім. «Сөз тапқанға қолқа жоқ».
Осындай тәтті естеліктерді Құдайберген Сұлтанбаевтың жақын досы, сыныптасы, парталасы Жақсыбай Төребеков сатира саңлағының 75 жасына орай:
– 90 жылдары Құдайберген "Тамашаның" гастрольдік сапарымен Аралға келді. Бірден маған соқты. Мен ол кезде музейдің директорымын. Су жаңа Москвичім бар. "Жәке, өзіммен бірге қасымда отбасым бар, қайтқанша менімен бірге бол" деді. Қасында әйелі, балалары және өздерімен жақсы араласатын Мәдина Ералиева бар екен, бәрі менің машинамда болды. Бірнеше күн бірге жүріп Қазалыға дейін шығарып салдым. Концерттің арасында менімен әке-шешесінің басына барып, құран бағыштады. Зираттары "Электросеть" мекемесінің жанындағы қорымда екен. Оның арасында Жақсықылышта бір ағайыны бар екен, соған барып, сәлем беріп қайтты. Балаларым бір жерден бір сувенир қара күшік әкеліп еді, соны машинаның алдыңғы панеліне бекітіп қойғанмын. Өзі сондай сүйкімді, машина қозғалса ол да бірге қозғалып, басы қалтылдап күлкіңді келтіретін. Құдекең кіреміз де шығамыз дегесін, машинаны құлыптамағанмын. Үйден шығып, машинаға келсек әлгі күшік жоқ, біреу қағып түсіпті. Сонда Құдекең: "Әй, Жақсыбай, басың аман болсын, күшік жоғалса тағы бір күшікті асырап аларсың" деп күледі. Құдайбергеннің мұндай фразалық сөздері көп болатын. Бірде Құдекең бір топ адаммен бір үйде қонақта отырыпты. Әрине шай, шаймен бірге ішімдік. Ет тамақ болатын кезде үй иесі: "Жігіттер, қазір үлкен тамақ болады, біздің жақта үлкен тамақта ішімдік ішілмейді" депті. Сонда Құдекең: "Ә, онда шай ішіп отыра берейік" депті. Парламентте депутат болып жүргенде басқа депутаттардың түрлі хикаяларын көріп: "Парламентте әртіс жалғыз мен бе десем, мұнда менен де асқан әртістер бар екен ғой" депті. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев естіп, рахаттанып күліп, кейінгі сұхбаттарында да айтып жүрді, – деп тапқыр әзілдерінен естелік айтқан еді.

Дайындаған: Онталап Жолдасов
31 наурыз 2026 ж. 53 0