«Толқын» туралы толғаныс
Шөмішбай Сариевтің ең алғаш еңбек жолы «Толқын» газетінен бастау алғанын бірі білсе, бірі білмес. Фототілші болудан басталған еңбек жолы оны «Халықтың ұлы» атандырды. Ақынның алғашқы тырнақалды туындылары да біздің басылымда жарық көргендігін ол өз естеліктерінде айтады. Шөмішбай Сариевтің «Толқынның толқындарымыз» атты естелік мақаласын сіздерге ұсынамыз.1959 жыл. Алтыншы класс оқушысымын. Қамбаш орта мектебінің партасында отырып өзімнің тұңғыш рет баспасөз бетінде жарық көрген өлеңімді оқыдым. Өз көзіме сенерімді сенбесімді білмеймін. Қолымда «Социалистік Арал» газеті. Үшінші әдебиет бетінде «Анама» деген өлең басылған. Соңын қарасам өз фамилиям, өз атым.
Бір болғаны екі-ақ шумақ. Редакциядағы қызметкерлер менің «Шөмішбай» деген есіміме қарап, ересек адам екен деп ойласа керек. Екінші шумақтың үшінші жолын «Ұлы еңбектің думанында жүрсем де» деп өзгертіпті. Мен болсам әлі еңбекке араласпаған, алтыншы класс оқушысы едім. Әлі күнге жинақтарыма енгізбесем де, осы бір өлеңге жарық берген «Социалистік Аралдың» мен үшін құдіретті әсері болар, әсерлі сезімі болар, қазір алты кітаптың авторымын. «Социалистік Аралдан» алған мұндай қуанышты сезім, 1974 жылы қазақтың аса көрнекті ақын Әбілда Тәжібаевтың алғы сөзімен жарық көрген «Балдәурен» атты тұңғыш кітабымның тұсында ғана қайталанды. Сондықтан да маған кешегі «Социалистік Арал», бүгінгі «Толқын» газеті өте ыстық, аса қадірлі. «Толқын» мені жазушылыққа тәрбиелеген мектебім дер едім.
Сол кездегі «Социалистік Аралдың» редакторы Тәжмағамбет Тәжіковке, «Менің ақыным» деп еркелететін редакция қызметкері Жәкебай Жаңабергеновке, «Толқын» газеті өсірген аса талантты аяулы аға, ақын, ұстазым Зейнолла Шүкіровке, әсіресе, елдің белесіне шығып отырған газетіме өзімді қарыздармын деп санаймын және осы бір торқалы тойдың себебімен ақын жүрегіммен ризалығымды білдіргім келеді.
Мектепті бітірген жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне барып оқуға түсе алмай келдім. Көлсем бірер жыл тоқтап қалған «Социалистік Арал» газеті «Толқын» деген атпен қайта шығатын болыпты. Соған қызметке орналастым. Бір жыл қызмет істеген соң «Толқын» газетінен жолдама алып КазГУ-дің журналистика факультетіне қайта келдім.
Қазір «Жұлдыз» журналындамын. Маған өмірге жолдама берген «Толқын» газеті демекпін. «Толқын» өмір толқынына ұластыратыны үшін де біздің сүйікті де қастерлі газетіміз.
Өзім туралы аз-кем айтсам, өзбек және украйна тілінде кітабым жарық көрді. Ташкентте, Душанбеде, Ереванда болып өткен Бүкілодақтық жас ақындар фестиваліне, Москвада болған жас жазушылар кеңесіне және Қазақ әдебиетінің Ленинградтағы күндеріне қатыстым.
«Толқын» талай-талай тарлан қаламгерлерді, журналист, әдебиетші, ақын-жазушыларды тәрбиелеп шығарары анық. Сол сеніммен елу жылдық юбилейлік тойында «Толқынның» толқындары көбейе берсін деп тілейміз.
Шөмішбай САРИЕВ,
ақын. СССР Жазушылар
одағының мүшесі
1980 жыл.









