Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шөмішбай шайыр

Шөмішбай шайыр

Досы Жұмабай Жақыптың ұйымдастыруымен Шөмішбай Саревтің рухына арналған облыстық жазба ақындар  мүшайрасында БАС жүлде еншілеген Жеткерген Әбдірейұлы мен 1-орын иегері Айда Мырзабекованың өлеңдерін ұсынамыз.

ШӨМІШБАЙ ШАЙЫР
Шөл басар Сырдың суын қанып ішіп,
Көрісер сары даламен сағынысып.
Аруана иігендей еміреніп,
Жетеді туған жерге алып-ұшып.
Нәресте орағандай шапанына,
Әзілкеш қосты Пушкин қатарына.
Қысыр сөз қыстырудың керегі не,
“Шөмішбай-шайыр” деген атағына.
Болғасын жөні басқа, жолы бөлек,
Аралдың төбешігін тауға теңеп.
Кім білсін, апатты аймақ адамдарын,
Жатыр ма пайғамбардай желеп-жебеп.
Арадай бал жинаған сірінеден,
Көтеріп рухыңды жырыменен.
Шайырдың шапағаты болар бәлкім,
Аралды айналып жүр ғұмыр-өлең.
Сол күйі ақ шалмаған шашын әлі,
Теңіздей шалқып тасып басылады.
Аралдың айдынына сүңгіп шығып,
Арудай Алматыға асығады.
Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ


АРАЛ ҰЛЫНА
Шырылдайды өлең болып қас-қағым,
Дәуірлердің мүлгігенде көз жасы.
Дұғасынан сәуегейдің асқағым,
Дуасынан жырға айналған әз басы.
Сүйегінде өлең дейтін пірі бар,
Жағалайды тірілердің қабірін.
Табанында мың ғасырдың бүрі бар,
Шөмішбайдың ұға алдық па қадірін.
Бесігінде өлім дейтін жазаның,
Тербелгенде аспан мен жер күрсінді.
Қайысқанда қабырғасы қазаның,
Бейітінде жоқтау айтқан гүл-сынды.
Жағасына жармасқанмен ажал кеп,
Арқасында қасиеті тәңірдің.
Егіл-тегіл жылатындай тажал кеп,
Аршып алып арасынан қабірдің.
Туған жердің ауасында жаны бар,
Ән боп сосын, өлең болып жаралған.
Жер-ананың жүрегінде қаны бар,
Теңіз тарлан толқынынан жаралған.
Айда МЫРЗАБЕКОВА

Дайындаған: Н. БАҚЫРАН
14 сәуір 2026 ж. 75 0